Жаңа жыл

626

0

Жыл сайын, турасын айтқанда, Григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жыл жақындаған сайын, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде, сан түрлі ақпарат құралдарында мерекеге байланысты толып жатқан ала-шұбар ой-пікірлер, ұсыныстар, болжамдар желтоқсандағы үскірік желдей есіп, айтылып-айтылып қаңтарға жетіп жығылып барып басылады. Сондағы айтылып жүргені – біздің, яғни ежелден түркі тектес, кейін ислам дінін ұстанған ұлтымыздың, қазағымыздың жыл қайыру үрдісі 22 наурыздан бастау алады дегенге көбірек саяды.

Мұндай пікірлер Тәуелсіздік алғалы бері айтылып келеді, бірақ әзірше мемлекет тарапынан да, көпшілік тұрғысынан да дәл осыған тоқтам жасау керек деген бірізділік болған емес. Егер қоғамды алып ғимарат десек, онда сол қоғамның әр мүшесі, яғни әр адам, деңгейіне қарай сол ғимараттың бір-бір құрамдас бөлігі, кірпіші, шегесі, тақтайы, тағысын-тағылары деген сияқты және пікірін айтуға толық құқы бар. Мен де сол құқымды пайдаланып кеңестік кезеңнен санамызға дәл осылай болуы керек деп шегеленіп қалған Жаңа жылды Григориан күнтізбесі бойынша қарсы алған дұрыс па, жоқ па деген  ұғымға байланысты бірер пікір білдіргім келеді.

Бірден айтайын, кеңестік кезеңде бұл мерекені жандырып тұрып, шыршамен шырайын шығарып қарсы алған  қоғамның өкілімін, бірақ қазір дәл сол кездегідей қарбаласпен қарсы алудан айнып қалдым. Себебі, бастау алған тарихымен таныстым, түрлі ақпарат құралдарынан естідім, анығын білетін, сол дінді ұстанатын адамдармен кездесудің реті келгенде пікірлестім және біз тойлап келе жатқан Жаңа жыл тарихы туралы ішінара біле бастағаныма да ширек ғасырдай болды.

Қазалыдағы техшкол, немесе тепловоз машинистерінің көмекшілерін даярлайтын оқу орнының айналасында соғыстан бұрын да, кейін де салынған екі қабатты қазыналық үйлер көп болатын және ол үйлерде көбіне орыс ұлтының өкілдері тұрды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында теміржолға жарық беретін мекемеде жұмыс істедім. Түскі асқа бару үшін және жұмыстан қайтқанда әлгі үйлердің арасымен өтуші едім. Ол уақыт қоғам енді ғана  өзгеріп, үкімет ауысқан, елдегі жағдай ес жиюға мұрша бермей жатқан қарбалас та өлара уақыт еді. Сол үйлердің ескі болса да, жыпырлай тізіліп, тәртіппен салынған тұрмыстық заттарын сақтайтын сарайлары болды. Бір бөлме қазыналық үйі бар және әлгі сарайлардың бірін иемденген Федор атты қабасақал орыс шал сол сарайлардың алдында күздің, көктемнің шуағында үнемі ұсақ тірліктерімен айналысып отырар еді. Бір жолы сол тұспен өтіп бара жатып сарайының есігінің топсасын жөндеуге көмек бергенмін, содан ара-тұра әңгімелесіп тұратынбыз, ақсақал орысша қалай сөйлесе, қазақшаға да сондай жатық. 1921 жылы дүниеге келген, соғысқа қатысқан, тұтқында болған. Біраз жыл теміржол мекемесінде жүргізуші болып, сексенінші жылдары зейнетке  шыққан. Сөзінен дінге біртабан жақын екенін байқағанмын және болжамым расқа шықты. Сәл арқамызды кеңге салып әңгімелескенбіз.

– Сен мына тұрған теміржол клубтарыңның Совет үкіметінен бұрын православ шіркеуі болғанын білетін бе едің? – деді маған Федор ақсақал жауабымды күтпестен сол тұсқа жақын теміржол клубын нұсқап. – Сол шіркеуде менің ата-анам революцияға дейін дін қызметкерлері болыпты. Екеуі де өздерін Құдай жолына арнаған адамдар еді, жалғыз бала едім, маған да олардың ықпалы болды. Православ шіркеуінің төбесіндегі крест құлатылып клубқа айналдырылғанда ата-анам қатты күйзеліп жүрді. Мен советтік қоғамда білім алып, біте қайнасып жүргеніммен, үйдегі әке-шеше тәрбиесі әлі күнге өмірімнің ұстанымы болып келеді. Екеуі де соғысқа дейін-ақ қайтыс болды.

Соғысқа қатыстым, тұтқында болдым, аман-есен Қазалыға қайтып оралғаныммен, тұтқында болғаным үшін он жылға сотталып, Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Печора аймағында сегіз жыл жазамды өтеп қайттым. Әйелім сол жақтыкі болатын, елге келгесін екі балалы болдым. Менің тым діндарлығым, өмірлік ұстанымым әйеліме де, балаларыма да ұнамады. Балалар ержеткесін екеуін ертіп әйелім еліне қайтты. Қазір жалғыз тұрып жатқаныма он жылдай болды.

Мен сенімімді, бұл ұстанымымды енді өзгерте алмаймын, осылай Құдай алдына барамын. Жалпы айтайын дегенім, адам баласы ерікті ғой, Құдайға сенуге, сенбеуге, дінді ұстануға, ұстанбауға. Өте көп адамдар тек шариғат жолдарының әртүрлі екені болмаса, барша адамзаттың Жаратушысы біреу екенін түсіне бермейді. Оны сендер Алла, Құдай десеңдер, біздер, христиандар да Құдай, Тәңірі дейміз, Иуда дінін ұстанатындар да Құдай, Тәңірі дейді. Сендердің құлшылық жасайтын мешіттерің, бізде шіркеулер, иудаларда синагогалар бар. Иудалардың пайғамбары Мойсейге Таурат кітабы, біздің Иисус пайғамбарға Библия, сендердің пайғамбарларың Мұхаммедке Құран түскен және бұл кітаптар бір-бірінің жалғасы және Таурат пен Библиядағы Мойсей сендердің Құрандарыңда Мұса пайғамбар, Авраам Ибраһим, Давид Дәуіт, Соломон Сүлеймен пайғамбар, осылай кете береді.

Біздер христиандар католик, православ болып бөлінсек, сендер мұсылмандар да суннит, шиит болып бөлінесіңдер. Әр діннің қасиетті күндері, мерекелері бар, сендерде аптаның қасиетті күні жұма болса, иудаларда сенбі, бізде христиандарда жексенбі. Сендер пайғамбарларың Мұхаммедтің туған  күні – мәулітті тойласаңдар, біз Құранда Иса пайғамбар деп атайтын Библиядағы Иисус Христостың туған күнін мерекелейміз. «Рождество Христово» деп аталатын бұл мерекені католиктер ескі күнтізбемен 27 желтоқсанда атап өтсе, біз православтар 7 қаңтарда тойлаймыз.

Ал қазіргі сендердің шыршалатып, думандатып, түн ұйқыларыңды төрт бөліп қарсы алатын Жаңа жылдарың, осыдан үш жүз жылдай бұрын І Петр патшаның Еуропа мемлекеттеріне еліктеп, 31 декабрьден 1 январьға қараған түнді Жаңа жылды қарсы алу ретінде заңдастырғанынан басталады, яғни айналып келгенде, біздің тұтынып жүрген жыл санауымыз осыдан екі мың жыл бұрын дүниеге келген Иисус Христостың туғанынан бастау алады. Біз православтар, Иисустың туған күні 6 январьдан 7 январьға қараған түн деп есептейміз.

Өз ұстанымын маған егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысқан Федор ақсақалдың айтқандары әрине, мен үшін пәтуә бола қоймас, бірақ мен содан бергі отыз жылға жуық уақыттың ішінде Жаңа жыл тарихының анық-қанығына, діндар шалдың айтқан сөзінің жаны бар екендігіне әбден көз жеткіздім. Бұл – әрине, менің жеке пікірім.

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<