Жастардың рухани дүниетанымы

1267

0

Жастардың  рухани  дүниетанымы Жастар қай заманда болмасын елдің болашағы саналады. Өйткені олар келешекте қоғамның басқару билігін алады, мақсаттарға сүйенген басымдығы мол шешімдерді қабылдау арқылы өз ойларын жүзеге асырады. Осы тұста теледидардағы ток-шоулар мен сериалдар көріп өскен, заманауи бұқаралық мәдениеттің элементтерін тиімсіз қолданатын, интернет пен әлеуметтік желілерде уақытын босқа өткізетін жастар мемлекеттің, аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалына ықпал ете ала ма деген сұрақтың туындауы заңды.

Бүгінгі жастардың рухани-адамгер­шілік жағдайы бүкіл қоғамды алаңдатуы қажет. Тек жастар ғана емес, кейбір қоғам мүшелерінің рухани жұтаңдауы, құлазушылығы байқалып отыр. Отбасы, орта мектеп пен жоғары мектеп, қоғам, мемлекет және оның институттары, азаматтық қоғам институттары рухани және адамгершілік құндылықтарға ерекше мән беруі тиіс. Нарықтық заманда өмірге материалистік қатынас қажет, бірақ, материалдық құндылықтар ізінде рухани-адамгершілік ұстанымдарды ұмы­­тып бара жатырмыз.

Б.э.д. V ғасырдың өзінде Сократ былай деп айтқан екен: «Бүгінгі жас­тар молшылыққа үйренген. Олар жаман өнегемен көзге түседі, беделділерді жақ­тырмайды. Балалар ата-аналарымен дауласады, асты қомағайлана жұтады және мұғалімдерді титықтады». Немесе Еуропалық діни уағызшы Пётр Амьен­с­кийдің мына пікірі әлі де өзекті: «Дүние аласапыран кезеңді бастан кешіруде. Қазіргі жастар өздерін ғана ойлайды. Жастарда ата-аналарға немесе кәрілікке деген құрмет жоқ. Олар барлығына шы­дамсыздық танытады. Олар бәрін біле­тіндей сөйлейді және даналық – олар үшін ақымақтық».    

Егер бұл пікірлердің авторлары көр­се­тілмесе, кеше ғана жазылған деп ойлауы­мызға болады. Бұл ұрпақтар арасындағы қатынастың өзгермеген­дігінің көр­сет­кіші секілді. Ата-аналар өз балаларын түсі­нуге талпынса да, кейбір жастар ата-аналарының заманауи болғанын қалайды. Дегенмен, осы жылдар арасында жастар мәдениетінде зор өзгерістер орын алғаны жасырын емес. Бізге осы өзгерістерге байып­пен қарап, терең ойлы әрі динамикалық жауап беру қажет.

Белгілі ғалым, этнограф А.Сейдім­бектің әлемнің екінші ұстазы әл Фара­би баба­мыздың тапқыр сөзінен құрас­тырған еңбектерінің біріндегі мына оқи­ғаның да тағылымы жоғары: «Шығыс әмірлерінің бірі әл Фарабиді сарайына арнайы ша­қырып, мынадай сауал қояды:

– Уа, екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Бол­жамыңды естігім келеді, − дейді.

Сонда әл-Фараби:

– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, содан соң айтып берейін, − деген екен».

Ф.Достоевскийдің 1866 жылы жа­рық көрген «Қылмыс пен жаза» әлеу­меттік-психологиялық, әлеуметтік-фило­софиялық романындағы кейіпкер Аркадий Свидригайловтың Петербургтегі жайсыз ахуалды мына сөзінен байқауымызға болады: «Халық маскүнемдікке салынды, білімді жастар әрекетсіздігінен орындалмайтын түстер мен қиялдарға берілді, тео­риялар да ажарсызданды, қайдан екені белгісіз ақшаны тығатын, ал қалғанын азғындыққа жұмсайтын жидтер қаптап кетті».       

Ұлы Абайдың мына сөзі де назарымызды қажет етеді: «Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады  екен».

Барлық елдің зиялы қауымы жас­тардың қалыптасуы мен болашағына алаң­дады. Сондықтан ойшылдар айтқан осындай көптеген тұжырымдарды кел­тіруі­мізге болады. Дегенмен, негізгі мәселеге көшсек. Жастардың мәдени құн­дылықтарды таңдауы, ең алдымен, жаһан­дану беріп отырған мәдениетпен, оның ішінде субмәдениеттермен байла­нысты. Бұл құндылықтарды таңдауға олардың жас ерекшеліктері, дүние­танымы, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы, оқу үлгерімі, отбасы және жеке ықыласы ықпал жасайды. Уақыт өте келе құндылықтар биологиялық қартаю, танымдық өзгерістер, әлеуметтік әлеуе­тінің деңгейі және рухани құнды­лықтардың ауысуы барысында өзгеріс­терге ұшырап отырады. Десек те, қазіргі заман жастары мен аға ұрпақ  арасында құндылықтар айырмашылығы болатынын ұмытпауымыз қажет. Қазіргі жаңа технологиялық тәртіп шарттарында өмір сүріп жатқан жастарға бұрынғы өмір-салтын түсіндіру қиынға соғады.

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құрал­дарының өнімдері жастардың ба­ғыт-бағдары мен ұмтылысын қалыптас­тыруда маңызды рөл атқарады. Ол жастардың құндылық бағдарына ықпал ету арқылы өмір мәнін құрайтын қара­пайым тұрмыстық мәдениет қалып­тастырады. Адам рухының өмірді түсі­нуге бағытталған жаратылыстық ұмты­лысы ақылсыздық, мағынасыздық, зорлық-зомбылық пен өлімді насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдарының саясаты арқылы жойылады. Теледидар жас бүлдіршіндеріміздің мінез-құлқын өзгертіп, экран әлемі заңдарымен өмір сүруге үйретеді.

Бос уақытты тиімді өткізу – жастардың өзекті мәселесі. Таза ауада серуендеу теледидар алдында, ұялы телефон арқылы әлеуметтік желілерде отыруға, компьютер клубтарында виртуалды ойындарға баруға алмасты. Сағаттар бойы осы әрекеттерге уақытын жұмсайтын жастардың дене бітімін шынықтыру, өз қайрат-жігерін бекітуге мүмкіндігі болмайтындығы анық. Бұл әрекеттерге зор күш-қуаттың да қажеті жоқ. Бірақ, таза ауада бос уақытын өткізу жастардың қарым-қатынас жасауына ықпал етіп, басқаның пайдасына көну, ренішке төзу, тілдесу қабілетін үйретеді.

Заман талабына сай ақпаратпен алмасу үшін әлеуметтік желілерде отырған дұрыс. Бірақ бұл әрекеттің тиімді жағын да ойластырған маңызды. Жастар арасында әлеуметтік желі мәдениеті толықтай қалыптаспаған. Көпшілік жастар хайп қуып, хейтерлік тірліктер жасауға әуес болып кетті. Желіде қойылған бейнероликтер, оларға жазылған пікірлер арасынан былапыт сөздерді көре-көре  көзіміз де үйренді. Көшеде жастардың былапыт сөздерді қолдануы рухани дүниетанымның төмендігінен  деп ойлаймыз.

Рухани дүниетаным толықтай қалып­тас­пағандықтан, кей жастарымыз діни теріс ағымдар жетегінде кетіп жатыр. Бұл қатердің алдын алу үшін отбасында, білім беру мекемелерінде үне­мі про­­филактикалық жұмыстар жасау қа­­жет секілді. Жастардың діни сау­ат­­­­ты­лығын қалыптастыру жолында ді­ни қызметкерлермен бірлесе отырып бір­шама жұмыстар жасау міндеті тағы бар. Саяси сауатын жетілдірмей, өзінен үлкен адамдарға ақыл айтқан белсенділерді көзіміз көріп жүр.

Жастарды даттаудан аулақпыз. Олар­дың рухани дүниетанымын қалып­тас­тыру мәселесін қарастыру барысында позитивті жағына қарағанда, не­гативті жағын қарастыруымыздың се­бебі – мә­се­ленің маңыздылығында. Рухани дүние­­танымды қалыптастырудың бірік­ті­руші құндылықтары ретінде еңбек, сүйіспеншілік пен таным саналады. Еңбек – ол адам шығармашылығының өнімі, қоғамның адамды тұлға ретінде мойындауының өзегі, өзін-өзі жетілдіру мен өмір сүру, күнкөрістің тәсілі. Сүйіс­пеншілік – қарама-қайшылықтарды бірік­тіретін, кемелділікке тамсануды үйрететін, өзін-өзі жетілдіруге шабыт беретін адам табиғатының жоғары көрсеткіші. Таным – ақиқатқа шексіз ұмтылыспен адамның табиғатты, қоғамды және өз ішкі дүниесі шекарасын кеңейтудің жолы. Адам, табиғат пен қоғам жүйелерінің өзара байланыстарының осы құндылықтары жастарға түсінікті болғанын қалаймыз.

Қорыта айтқанда, жастық шақ – бұл өмірде өз орнын табу ізденісінің және өз ішкі дүниесін қалыптастырудың кезеңі. Бұл кезеңде олардың рухани дүние­танымын дұрыс қалыптастыру қоғамның дамуына әсер етеді. Жастардың руха­ни дүниетанымының даму деңгейі қоғам­ның табысты дамуының кепілі. Бұл заң­ды процесс болғандықтан, қоғам мүше­лері қарама-қайшы түсінік­тер­мен, сенімдермен күресу тетіктерін қалып­тастыруы тиіс. Жастарды рухани-адам­гершілік тұрғыда тәрбиелеу үшін олардың заманауи мәдениетті дұрыс түсіну мен қабылдауға үйреткен абзал. Ақын, ағар­тушы Сұлтанмах­мұт Торайғыровтың жас­тарды жігерленді­ретін жырлары өте көп екендігін баршамыз білеміз. Оның «Оқып жүрген жастарға» өлеңінің «Ойыңды енді азат қыл, Қалсын былай балалық» деген жолдарымен жастарға табыс тілейміз.

Ботагөз ПАРИДИНОВА, 

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ докторанты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<