Құжаттарға қаржы бөлінді

386

0

Жақында Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің Сенатында еліміздегі су қауіпсіздігі мәселелері мен ұсынымдар та­қырыбында тыңдау өтті. Әрине, бүгінде түйіні шешілмеген көптеген мәселе кездеседі. Су мәселесінің арнайы талқылануы жайдан жай емес. Талқылау барысында әлемге әйгілі ғалымдар баяндама жасап, Қазақстан аумағында ауыз су, аяқ судың мәселесі күннен күнге күрделеніп келе жатқанын жеткізді.

Елімізде тұщы су қоры 2,5 процентті құрайды, ол да біркелкі орналаспаған. Егер жердің әрбір тұрғынына орта есеппен 7,5 мың текше метрден су келсе, Еуропада 4,7, Азияда барлығы 3,4 мың текше метрді шамалайды. Жыл сайын 6 млн гектарға жуық жер беті шөлейттенеді. Су тапшылығынан туындаған адам төзбес гигиеналық жағ­дай­лардан әлемде күн сайын 6 мың­ға жуық адам қайтыс болады.

Көбінесе су екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағында орналасқан өзен бассейндерінен беріледі. Кей жағдайларда көршілерді су тапшылығына айыптауға дайынбыз. Бұл жағ­дайда оның қорын бақы­лауды орнатуға байланысты халықаралық кикілжің орын алуы мүмкін. Әсіресе, көршілес елдердің бірі су ағысын шектей алатын болса, сонда келеңсіз оқиға көрініс беруі ықтимал. Қызылорда облысы Арал-Сырдария өзендерінің бассейнінде орналасқан. Аймақтағы жерден несібе терген ағайынның өмір өзегіне айналған дария Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен бастау алады. Тыңдау барысында еліміз тәуелсіздік алғалы су шаруашылығы саласында аудит жүргізілмегені, су нысандарын тіркеу сөз болды. Есеп комитетінің басшысы Н.Годунова Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен жүр­­гізілген тексерістің нәти­­жесін ортаға салып, су құбыр­ларының істен шығуы, ескіруі, дұрыс жобалық смета жасалмауы жөнінде деректер келтірді. Соның салдарынан 2018 жылы 218 млн текше метр су зая кетіп, мемлекетке 16 млрд теңге  көлемінде шығын әкелген.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың су конвенциясы мүшелерінің 8-ші сессиясында  «Су – адамзаттың шектеулі қоры және судың жетіспеушілігі еліміздің тұрақты дамуына кедергі» деген болатын.  «Қазақстан-2050» стратегиясында да су көздеріне ие болу геосаясаттың маңызды факторы ретінде белгіленген.

Елімізде ауыз су, аяқ су мәселесі өткір екенін су ресур­с­­­­­тарын басқару мен оның жұмысы бірнеше министр­лік­ке жүктелгенінен-ақ байқау­ға болады. Мысалы, ауыл шаруа­шылығы министрлігі  су шаруашылығы нысандары мен техникаларын қолданылуын бақы­лайды. Ал Энергетика ми­нистрлігі су сапасына жауапты, ауыз су мен жерасты су қоры Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігіне міндеттелген. Сон­дай-ақ, ауыз су сапасын бақылау, нысандардың санитарлық жағ­дайы Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің құзыретінде. Эко­­логия, геология және та­биғи ресурстар министрлігі бол­са суды қолдану, су қорын қорғау, сумен қамтамасыз етуді бақылайды. Негізінен 1995 жылға дейін су комитеті өз алдына дербес мекеме болатын. Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров су шаруашылығы құрылымының 8 рет қайта құрылып, әртүрлі министрліктің қол астына өткенін айтты. Сонымен қатар,  ұйымның міндеттері, стратегиясы, тіпті, мамандары да өзгеріске түсуге мәжбүр болған. 2003 жылы 9 шілдеде Су кодексі қабылданған. Бұл құжатта да су шаруашылығы құрылымдары, мемлекеттік мониторинг пен бақылау ережелері сияқты қосымша 6 акт ескерілмеген. Су шығынының халықаралық статистикасы жөнінен  жағдай қуантарлық емес. Қазақстан 40 процент көрсеткішпен АҚШ (11%), Ресей (21%,) Ұлыбританиядан (23%) кейін тұр. Судың зая кетуі – бір мәселе болса, еліміздің су қоры – екінші мәселе.

1960 жылдары су қоры 120 текше шақырым болса, қазір оның көлемі небәрі 101 текше шақырымды шамалайды. Су қорының 56 проценті ғана Қазақстанда орналасып, қалған 44 процент трансшекаралық өзендер арқылы келетіні мәлім. Дүниежүзілік банк судың жетіспеушілігінен 2050 жылы ІЖӨ көрсеткіші 6 процентке төмендейтінін хабарлады. «Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Келешекте суды тиімді пайдалану, бөлінген қаржының өз дәрежесінде су шаруашылығының нысандарына дұрыс жетуі, басқару сала­сындағы кемшіліктерді бол­­дыр­мау мақсатында арнайы меке­ме ашу жөнінде Парламент Сенаты Үкіметке ұсыныс жолдады.

Сенат отырысында Сыр өңіріндегі су шаруашылығының өзекті мәселелері жөнінде Сенат депутаты Бекмырза Еламанов сауал жолдады. Әсіресе, «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру» жобасы жайында ой қозғады. Соның бірі – апаттық жағдайда тұрған «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарын жөндеуді іске асыру. Сонымен бірге облыстың Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттерге су тәуелділігін төмендету және вегетациялық кезеңде Сыр өңірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тұрақты суармалы сумен қамтамасыз ету үшін көлемі 600 млн текше метр болатын «Күміскеткен» және 1,5 млрд текше метр су жинайтын «Қараөзек» су қоймаларын салу мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжаттарға қаржы бөлу жөнінде Үкіметке ұсыныс жасалды. Сенат депутатының сұранысы бүгінгі күні өз нәтижесін бере бастады. Үкімет қаулысымен «Көкарал» бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру жобасының жобалық-сметалық құжатын дайындауға 100,5 млн теңге, «Қызылорда» су торабының жобалық-сметалық құжатын дайындауға 98,5 млн теңге, «Қараөзек» су қойма­сының жобалық-сметалық құ­жатын дайындауға 62,4 млн теңге, «Әйтек» су торабының жо­балық-сметалық құжатын дайындауға 48 млн теңге, «Күміскеткен» су қоймасының жоба­­лық-сметалық құжатын дайындауға 50 млн теңге бөлінді.

Ж.НҰРЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихат депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<