Желіде алаяқтардан сақтану жолдары қандай?

791

0

Әлемде интернет қолданушылар саны 4,5 миллиардқа жуық, ал әлеуметтік желі мен мессенджерлерді қолданушылар саны 3 миллиардқа жуық. Қолданушылардың саны бекерден бекер асып отырған жоқ. Сол желілерде жарнама жасау арқылы табыс тауып отырған жұрт қаншама. Барлығы бірдей адал деп те айта алмаймыз. Себебі, осы арқылы «ауадан ақша жасап» халықты сан соқтырғандары қаншама.

Әлеуметтік желі ішінде Facebook пен Instagram-ды қолданушылар өте көп. Көш бастап тұрған – Facebook. Жастар көп отырмағанымен, қызықты ақпарат пен ел жаңалықтарын білуге құштар азаматтар осы желіні тұтынуда. Қарапайым халық пен жоғары шенді шенеунікке дейін өз Facebook парақшаларын ашып, жасаған жұмыстарымен бөлісуде. Бұл әрине дұрыс. Бірақ, шын парақшамен алаяқтарды қалай ажыратамыз?

Алаяқтар парақшалары Instagram желісінде белдеп кетті. Оған дәлел алданып қалған қалың жұрт. Жаңалықтарды қарасақ, «пәленше адам осындай бір сумманы алаяқтарға беріп, онан кейін таппай қалған» деген хабарлар көп. Неліктен көп адам ақшаға алданып қалып жатыр?

Мәселен, бір адам жалған парақша ашады. Түрлі блогерлерден ақпараттар алады, әлеуметтік желіден әдемі суреттер алып өзі секілді жария етеді, жазылушылар жинайды, бір күні жарнама жасайды. «Интернет арқылы үйде отырып ақша тапқыңыз келсе маған жазыңыз» деген секілді жазбаларымен бөліседі. Оңай ақшаға кім де болса қызығатыны рас, бірақ тегін ірімшік тек тышқанның қақпанында болатынын да ұмытпау керек. Манипулятор жалған парақшаның егелері сізге өз пайдасы үшін барлық жасалу керек нәрселерді түсіндіреді.

«Маған екі мың теңге салсаңыз он минут үшінде екі жүз мың теңге қылып аласыз» деп сізді өз қақпанына түсіреді. Ірі көлемдегі қаражат салдырғаннан кейін ол жалған парақшаның егесі сізді әлеуеттік желіде бұғаттап тастайды. Осылайша, ақшаңыздан айырылып, еш пайда таппай алданып қаласыз.

Жақында Instagram желісінен осындай жалған парақшаларға шолу жасап, зерттейтін парақшаны таптым. Бір-екі күнде мен жақсы көріп қарап жүрген блогер-сымақтардың шын бет бейнесін көрсетті. Онша сенгім келмеді, бірақ көз алдыңда дәлел тұрғаннан кейін сенбеске амалың болмайды. Мен бұл нәрсені неліктен айтып отырмын, әлеуметтік желіні қолданушылар саны күн санап артып барады. Еңбектеген баладан, кәріге дейін әлеуметтік желіні қолданады. Осы секілді жалған парақшаларға алданбауын қалаймын, барлығын құлаққағыс еткім келді.

Аружан САРУАРБЕК,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<