Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен VII шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті.
Сессияны ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекетті басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес мәслихат депутаттығының өкілеттілігі оны аумақтық сайлау комиссиясы депутат ретінде тіркеген сәттен басталатынын атап өтті. Мұнан соң «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлау комиссиясы мәслихат депутаты ретінде тіркеуді жүргізетінін хабарлады.
Сайлау және халық қалаулылары
Осыған байланысты «VII шақырылған облыстық мәслихат депутаттарын тіркеу туралы» қаулы қабылданған. Қаулыға сәйкес облыстық мәслихаттың 33 депутаты тіркелді. Оның ішінде «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша – 27, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 3, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан 3 депутат тіркелген. Жаңа құрамдағы 8 депутат – әйелдер. Депутаттардың орташа жасы – 52. Ең жас депутат 27-де болса, ең үлкені 64 жаста.
Кәсіби біліктілігі бойынша 1 дәрігер, 7 инженер, 2 мұғалім, 7 экономист, 6 заңгер, 1 ауыл шаруашылығы саласының маманы, 8-і өзге де мамандық иелері. Қызмет саласы бойынша 3 мемлекеттік қызметші, 2 бюджет саласының қызметкері, 26 коммерциялық ұйым жұмыскері, 2 саяси партия мен қоғамдық ұйым өкілі. Халық қалаулыларының арасында 12 адам немесе 39,4%-ы өткен шақырылымдардың депутаты.
Осындай мәліметтерді келтірген сайлау комиссиясының төрағасы тіркелген депутаттарға куәліктер мен омырауға тағатын белгілерді табыс етті.
Мұнан кейін облыс әкімі халық қалаулыларын сайлау нәтижесімен облыстық мәлихаттың депутаты болып сайлануымен құттықтады.
– Осы жыл еліміз үшін үлкен саяси маңызды шара – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлау науқанымен басталды. Саяси науқан ерекше жүйеде өтіп, парламенттік тәжірибеге сәйкес саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді.
Партиялық тізімдер бойынша сайлау жүйесін енгізу арқылы елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға үлкен жол ашылды. Саяси науқанға «Қазақстан халық партиясы», «Nur Оtan», «Ауыл», «Ақ жол», «Адал» саяси партиялары қатысты. 10 қаңтарда дауыс беру қорытындысымен Қызылорда облысы республика бойынша екінші көрсеткішті иеленіп, сайлаушылардың 73,9%-ы белсенді қатысты, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, осы ретте аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау қорытындысымен Сыр жұртшылығына Үкіметтік жеделхат жолдағанын, онда саяси науқанға заңнамаға сәйкес жоғары деңгейде жауапкершілікпен үлес қосқаны үшін алғыс білдіргенін атап өтті.
– Бұл – Сыр халқының еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қосқан айрықша үлесіне берілген жоғары баға, – деген облыс әкімі «Nur Otan» партиясы ұсынған тізімге 5 жерлесіміз еніп, Мәжіліс депутаты болып сайланғанын жеткізді. Олардың арасынан Б.Кесебаева ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, М.Құсайынов қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып сайланды. Олардың атына құттықтау сөзін арнаған аймақ басшысы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденцияның қалыптасуы мәслихаттың жұмысымен де тікелей байланысты екеніне ерекше назар аударды.
Н.Байқадамов – облыстық мәслихат хатшысы
Жаңа шақырылымның алғашқы сессиясының төрағасы ретінде депутат Қылышбай Бисенов күн тәртібін хабарлады. Мұнда алдымен VII шақырылған облыстық мәслихаттың хатшысы сайланды. Депутат Ләйлә Төрешова «Nur Оtan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросы мен жаңа шақырылым депутаттары фракциясы отырысының қаулысына сәйкес депутат Наурызбай Байқадамовтың кандидатурасы ұсынылатынын жеткізді. Басқа ұсынылған кандидаттар болмағандықтан, депутаттар ашық дауыс беру арқылы Н.Байқадамовты облыстық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады. Жаңадан сайланған облыстық мәслихат хатшысы сенім білдіргені үшін әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша 4 тұрақты комиссияны құру және әр комиссияның сандық құрамын 8 депутаттан етіп белгілеу жөнінде шешім қабылданды. Атап айтсақ, экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Талғат Жақыпбаев, әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Гүлнәр Есқалиева, өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Бағдаулет Мақашов және кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Мақсұт Нәлібаев сайланды.
Алдағы міндет ауқымды
Сессияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысын дамыту бағдарламасы» туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай хабарлама жасады. Бағдарламаға тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелер енгізіліп, оларды шешу жолдары айқындалған.
Облыс басшысы аталған бағдарламаның маңыздылығы жөнінде сессияға қатысушыларға кеңінен түсінік беріп өтті.
Бағдарламада алдағы 5 жылдықта өңірде бірінші кезекте шешуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, халық тарапынан көтерілген өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл бағытта облыс бойынша ірі 15-тен астам инвестициялық жоба іске асырылады.
Екіншіден, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу, 12 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Үшіншіден, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін алдағы 5 жылда 3 млн 782 мың шаршы метр тұрғын үй салу (шамамен 6458 пәтер және 27 856 жеке тұрғын үй), құрылыс салу аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар тарту міндеті тұр.
Төртіншіден, ауылдық елді мекендерді газбен толық қамтамасыз етілуі үшін облыстың 17 елді мекенін газдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Соның ішінде, 2021-2022 жылдары 11 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Бесіншіден, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 87 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Аймақ басшысы бұдан бөлек, өткен жылы облыстың 2023 жылға дейінгі «Экономикалық картасын» әзірленіп бекітілгенін еске салып өтті. Ол бойынша экономиканың түрлі салаларында 271 млрд теңгеге 265 жобаны іске асыру (4610 тұрақты жұмыс орны құрылады) көзделген.
– Алдағы уақытта сіздермен өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени көрсеткішін дамытуда бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, – деді облыс әкімі. Депутаттарды сайлаудағы жеңісімен тағы да құттықтап, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда мемлекеттік саясатты сәтті жүзеге асырады деп сенім білдірді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<