Елімізде жемқорлықпен күрес мақсатында бірқатар жоба жүзеге асты. Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі соның қатарында. Ол аз уақытта сан салада ауқымды тексеріс жүргізіп, қажетті шараларды қолға алуға септесіп келеді.
Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында жобалық кеңсе қызметінің қорытынды отырысы ұйымдастырылды. Онлайн режимде өткен жиынға аймақтар да қосылды. Отырыста ведомство басшысы Алик Шпекбаев жобалық кеңсенің қызметіне тоқталып, тиімді тұсын тарқатып айтты.
– «Адалдық алаңы» жобасы – мемлекет пен қоғам арасындағы көпір. Мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты жою және оның алдын алу. Бүгінде ол еліміздің барлық өңірлерінде және орталық мемлекеттік органдар деңгейінде жүзеге асырылуда. Жақын арада министрліктер мен ведомстволарда да кеңселердің ашылуы күтілуде, – деді А.Шпекбаев.
Ведомство басшысы осы уақытқа дейін жобалық кеңселерге 3 мыңнан астам азамат жүгініп, мәселесін оң шешкенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру үшін ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылғанын, 686 мемлекеттік орган кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына ауысқанын хабарлады.
– Қоғамдағы сенім атмосферасы – жемқорлықты түбегейлі жоюдың тетігі. Ол үшін алғашқы қадамдар жасалды. Мәселен, еліміз бойынша 4344 сатушысыз дүкен ашылды. Бюджет қаражатынан шашау шығармау да күн тәртібінде. Мемлекеттік органдарды, медициналық, білім беру мекемелерін әкімшілік шығындарды азайту жолымен трансформациялау жалғасын табуда, – деді А.Шпекбаев.
Отырыста жобалық кеңсе қызметінің жаңа бағыты және оны одан әрі дамыту перспективалары қаралды. Бұл ретте өңірімізде де «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі табысты жұмыс жүргізіп отырғанын айту керек. Жоба аясында азаматтардың күнделікті тыныс- тіршілігімен тығыз байланыста болатын 10 салалық бағыт айқындап алынған. Бұған дейін бірқатар мекеменің қызметіне мониторинг жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық жемқорлыққа себеп болуы мүмкін мәселелер зерделенді. Студенттер арасында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жасырын сауалнамалар жүргізілді. Қорытындысында емтихан кезінде заңсыз сыйақы алу фактілері анықталды. Мұндай кемшілік аз емес, бірақ тиісті шаралардың қолға алынуы нәтижесінде олқылықтардың орны толуда. Осыған қарап, жобалық кеңсенің алдағы уақытта да тиімділігін көрсететінін байқауға болады.
Мөлдір Қалымбет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<