Жол мүддесі – ел мүддесі

361

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы қазан айындағы Сыр еліне келген сапарында облыс үшін аса маңызды шешімдер қабылдады. Оның біріншісі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі аумағын 1-санатты төрт жолақты жолға ауыстыру. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы мәселені тез арада шешуді Үкіметке жүктеді. Екінші, өзекті мәселенің бірі Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы еді. Президент қолдауымен бұл түйткіл де алдағы жылы шешімін табады деп күтілуде.

Үшінші мәселе – Президенттің тікелей қолдауымен басталған «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту ісін сапалы аяқтау.  

Облыс әкімі Н.Нәлібаев: «Осы жолды жаңарту аяқталғанда Астанаға жету уақыты 11 сағатқа дейін қысқарады. Сонда тек қызылордалықтар ғана емес, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, ақтөбеліктер де Астана мен солтүстік өңірлерге осы жолмен қатынайтын болады. Бұл өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына үлкен септігін тигізеді және жүргізіліп жатқан жұмыс барысы біздің қатаң бақылауымызда», – деген еді өткен жылы Елордадағы баспасөз мәслихатында.

 Бүгінгі таңда аймақ басшысының тікелей қолдауымен «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Республикалық маңызы бар бұл жол өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатыны аян.  

Бейсенбі күні біз осы жол құрылысымен танысу үшін жолға шықтық.

«Қызылорда-Павлодар-Успенка РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» бөлігі осы бағыттағы жолдың 12-шақырымынан басталады. Негізі бұл жол сонау 1984 жылы салынған. Әрине, діттеген жеріне бармаған. Алайда, қырық жыл жатқан асфальт бүгінде айдау жолға айналған. Осы кезге дейін Жезқазғанға жеткенше жол азабынан қиналған жұрттың зар-мұңын тыңдап келдік. Енді қуанышты сөз еститін күн жақын.

Біз қаладан ұзай бере қосымша жолға шығып, 26-шақырымдағы қара жердің ақ шаңын аспанға атқан техникалар тобына тоқтадық. Қайта жаңарту жұмыстарымен қытайлық «Лунцзянь» мекемесінің филиалы айналысып жатыр екен. Осы тұста «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзаффармен жолығыстық.

Жүзін шаң басқан жас азамат ат үстіндегі шаршаңқылығын байқатпай байыпты сөйледі.

– «Қызылорда-Жезқазған» жолының жалпы ұзындығы 424 шақырым, соның 216 шақырымы біздің облыс көлеміне кіреді. Осы бөлікті қайта жаңалау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Бізге жүктелген міндет бар. «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы (директоры Ерұлан Жүнісов) автожол құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етуді, жұмыс сапасын Жол активтері Ұлттық сапа орталығымен бірлесіп қадағалауды іске асырып отыр.

Бұл аумақта жүріп жатқан – жер жұмыстары. Мұнан соң қосымша қабат, тас, құм қоспасымен жабу жүргізіледі. Сосын негіздеменің төменгі бөлігі аталатын малтатасты құм қоспасы салынады. Одан кейін негіздеменің жоғарғы бөлігі асфальт жабындысы төселеді. Жол қарама-қарсы бағытта, яғни екі жолақты болады. 2026 жылы пайдалануға беріледі. Осы жұмыстарды бірнеше жол құрылысын жүргізетін компанияның 400-ден астам техникасы мен 600-ден аса маманы атқарып жатыр.

Негізгі жолдың 84, 119, 154, 198-шақырымдарында қызмет көрсету нысандары болады. Осы мақсатта қазір жол жиегінен алаңқайлар қалдырып кетеміз. Кейін оларды сол істі жүргізетін жеке кәсіпкерлерге белгілеп береміз. Ол нысандарда тамақтанатын, қонатын, демалатын және көліктерге техникалық қызмет жасайтын орындар болады. Қазірдің өзінде 154-шақырымда қызылордалық кәсіпкер осындай нысанды салып, дайындап қойды. Жол біткен соң қатынас қарқындылығы артады, сол кезде мұндай орындар жолаушылар үшін аса қажет.

Жол жұмыстарының бәрі осы аумақтағыдай емес, мысалы 3-лоттағы мердігер осы кезде асфальт жабындысын төсеп жатыр.

Қорыта айтқанда, бұл маңызды жоба облыс басшысының тікелей бақылауында тұр. Сондықтан «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалы жол  жұмыстарының мерзімінде және сапалы аяқталуы үшін еңбек ырғағының бір минутқа да бұзылмауын қадағалайды, – деді маман.

Біз мұнан әрі жолдың 76-127 шақырым аралығында жұмыс атқарып жатқан «Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясы» жолшыларына келіп жеттік. Бұл құрылыс мекемесінің қысқаша атауы «ССЕСС» екенін жолшылардың арнаулы сырт киіміндегі таңбадан білдік.

Жолға асфальт жабындысын төсеп жатыр екен.

Күн ыстық, асфальт ыстық, ұрттап көріп едік, су да ысып кетіпті. Бет-ауыздарын шалмалап алған механизаторлар мен мамандардың жанкешті еңбегін батырлыққа тән десек те болар. «Хоба» дейтін ауыр жүк көлігі асфальтты төгіп жатыр, «Асфальтоукладчик» деп аталатын алып трактор жұтып жатыр. Артында айнадай жол қалып барады. Ақ күріш алқабындағы комбайн көзге келеді.  

Газет фототілшісі Нұрболат Нұржаубай осы көріністі суретке түсіру үшін желмен жағаласып квадрокоптер ұшырды. «Бұл жолшылардың еңбегін қанша аспандатсаң да жарасады», – дедім мен.

Учаске басшысы қытайлық азамат Сян Синмен аудармашы Ғасыр Қадірхан арқылы тілдестік. Өз жұмысының қыр-сырын жақсы білетін маман екен. «Техника сайлы, асфальтты алыстан тасымаймыз, зауытымыз бар. Кейін жол біткесін оны көшіріп алып кетеміз. Бұл жерде жолшылардың тамақтануына, демалысына жақсы жағдай жасалған», – деп сөзі де қысқа-қысқа естілетін «ССЕСС» өкілі өзі де қысқа қайырды. 

«Қызылорда-Жезқазған» жол құрылысында бұлардан басқа «Қыран» ЖШС, «Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы», «Стекол Корпарейшн» секілді ірі компаниялар бар. Олар құс ұшпас дала төсінің қан тамырына айналатын заманауи қатынас жолын аяқтауға жақын.

Біз қаланы бетке алғанда ескі жолды қуырып келе жатқан тіркемелі жүк көліктерімен жиі ұшырастық. Олар сонау Жаңақорғаннан тас алып келе жатқан көліктер болып шықты. Темір жүргізіп, тас тасу оңай ма?

Жол нобайында жер топырағын көтеру, арнайы су өткелдерін жасау, қиыршық құм қоспасы, кәуекті асфальтбетон қоспасы қабаттарын қалыптастыру, аптаппен айқасып жүріп ескіні бұзу, жаңаны түзу! Маңдай тер ме, майдан тер ме?!

Нағыз еңбекті танығыңыз келсе, «Қызылорда-Жезқазған» жол құрылысын көріңіз. 

Бүгінгі бейнеті бел көтертпейтін жол мүддесі – ертеңгі ел мүддесінің шешімі болмақ. Бұл жол сол уақытта сауда-көлік байланысын күшейтеді, жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді, демек, халықтың әлеуетін көтере түседі. «Арқан бойы соқпақтың тұсау бойы төтелігі» демекші, Қызылордадан Астанаға баратындар енді жарты күнін үнемдейтін болады. Ол кезең де алыс емес.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<