Жоспар ауқымды, жауапкершілік зор

407

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында баяндады. Байқағанымыздай, ауыл шаруашылығы саласында уақыт талабына сай жаңа бастамалар қолға алынса, шағын кәсіпкерліктің айналасында жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар да аудан халқының тұрмыс әлеуетінің жақсаруына септігін тигізіп отыр.

Бүгінгі нарықтық экономиканың қарқынды үдерісі ауыл шаруашылығы саласына көбірек көңіл бөлу қажеттігін алға тартып отыр. Демек сала жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, жердің жайын, судың мүмкіндігін қаперге алып, егісті әртараптандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондықтан биыл ауданда жылдағы жоспардан бөлек, 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы секілді дақылдар егілді. Ал, негізгі дақыл – күріш егісінің көлемі 18501 гектарды құрайды. Жалпы аудан бойынша 35486 гектар жерге егіс орналастырылды.

Аймақ басшысының өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты берген тапсырмасы бойынша әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс-бақша егіп, өнім алуы үшін бос жатқан жер 800-ден астам тұрғынға беріліп, 250 гектар жерге бақша дақылдары егілді. Айталық, Мақпалкөл ауылындағы «Ерәлі» шаруа қожалығы соңғы технологияны пайдаланып, тамшылатып суару әдісімен 31 гектардан астам жерге картоп, сәбіз, қызылша егіп, күтімге алды. Ал, бұрыннан алма өсіруге ден қойған «Құрманбай ата» шаруа қожалығында қазір алманың 5 түрлі сорты бар. Өнім облыстан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларына сатылып жатыр. Айта кетейік, қазіргі күні ең өткір қойылып отырған мәселе – аяқсуды үнемдеу, баяғыдай ас та төк ысырапшылдықты көтермейді. Сондықтан жаңа жағдайға бейімделіп, аяқсуды барынша үнемдеуді үйренуге тура келеді. Алдағы уақытта әрбір аудан тұрғыны көкөніс, бақша өнімдерін осы әдіспен егіп, өзін-өзі қамтамасыз етсе, бұл халыққа да, мемлекетке де пайда екені сөзсіз. 

Аудан әкімі ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамып келе жатқанын айтады. Бүгінде жайылымдық жер тапшылығы туындап отырғанының бір себебі де осы. Расында, ауданда ірі қара 4,1%, жылқы 33,9%, түйе 2,5% көбейіп, ет өндірісі 0,7%, сүт өндірісі 1,3% артқан.

Ел экономикасына серпін беретін саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл тұрғыда ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2571 болса, оның ішінде, 2379-ы немесе 92,5 проценті нақты жұмыс істейді. Ал, жыл басынан 290 кәсіпкерлік субъектісі ашылған.

Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында, жеке қаражат есебінен 2 млрд 518 млн теңгеге 92 жоба қаржыландырылып, 168  жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, 1 млрд 79 млн теңгені құрайтын 51 жобаны қаржыландыру үшін микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің қарауына ұсынылған.

Кәсіпкерлік саласы бойынша көңіл қуантарлық жаңалық – 2018 жылдан бастап тоқтап тұрған мия тамырын өңдеу зауытының жұмысы қайта жанданып, заманауи, толық автоматтандырылған технологиямен жабдықталды. Зауыт осы жылдың қыркүйек айында толық іске қосылып, 190 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатта қазір 300 тонна мия тамыры қоры жасақталды.

Жалағаш кенті тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселенің бірі – теміржолдың үстінен өтетін жаяу жүргіншілер жолын салу болатын. Оның себебі, бүгінде 400-ге жуық бала теміржол арқылы өтіп, кент орталығындағы мектептерге қатынайды. Бұл әрине, балалар өмірі үшін қауіпті. Осы мәселе облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, көпірдің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды.

Ауданда қолға алынып отырған тағы бір жаңа бастама әлеуметтік бағыттағы бірқатар мәселелердің шешімін табуына септігін тигізері даусыз. Айталық, ауданнан шыққан білікті, дәулетті азаматтар бар, олар еліміздің әр қиырында, қоғамның әр саласында еңбек етіп жатыр. Бұл азаматтар қайда жүрсе де туған жердің өсіп-өркендеуіне тілекші, елдегі игі істерге үлес қосуға ынталы. Бастысы, ауыл әкімдері олармен байланыса отырып, қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға көңіл бөлгені жөн. Аудан әкімінің айтуынша, осы жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастырған ауылдық округтерге бонус белгіленген. Нақтырақ айтсақ, аудан бюджетінен берілетін 20-30 миллион теңге көлеміндегі бұл сыйақы ауыл тұрғындарының  әлеуметтік ахуалын көтеруге жұмсалады.

Баяндамада айтылғандай, жалпы аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді шешу мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық перспективалық іс-қимыл жоспары әзірленген. Жоспарға алдағы уақытта іске асырылатын 9 млрд 142 млн теңгені құрайтын 137 жоба енгізілді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің жанындағы кеңес қарауына 61 жоба  ұсынылып, 53-і мақұлданған. Сонымен қатар, 2023 жылға іске асыруға жалпы құны 6 млрд 492 млн теңгені құрайтын 25 жоба дайын. Ал, 29 жобаның ЖСҚ әзірленуде, бұл жобалар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, газбен қамту, жолдарды жөндеу, сондай-ақ, мәдениет, білім, спорт саласын қамтиды.

Есепті кезеңде Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденциялар қалыптасқан. Атап айтқанда: өнеркәсіп өнімінің көлемі 84,4%, өңдеу өнеркәсібі 72,3%, инвестициялар тарту 17,3%, сауда 2,1%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,8%, құрылыс жұмыстары 2,7 процентті құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2 есеге артқан.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<