Әйтеке би кентіндегі 37 көше жөнделеді

577

0

Бүгін Қазалы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауданда өткен жылы жүзеге асқан оң өзгерістерді баяндап, алдағы атқарылар ауқымды бастамаларға тоқталды.
Өткен жылы Әйтеке би кентінде 10 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолы, 4 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды.
Кент пен қала аралығындағы 600 гектар жерге ауыз су, электр, жол жүргізу үшін жоба құжаттары әзірленді. Сонымен қатар, Аймақаш мөлтек ауданындағы жаңа кварталдарды жолмен қамтамасыз ету жұмыстары басталды.
Жанқожа батыр мен Әйтеке би көшелері қайта жаңғыртылмақ. Ол үшін жобасы дайындалып, мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландыруға ұсынылды.
Кент аумағынан 4 спорт алаңы ашылды. Алда «Жеңіс» саябағынан спорт кешенін салу жоспарлануда.
Биыл Әйтеке би кенті бойынша 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көп қабатты 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Өткен жылы басталған 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары биыл толық аяқталмақ.
Кездесу соңында аудан басшысы кент тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде тұрғындар өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағаларын беріп, жаяу жүргіншілер жолын салу, жол кедергілерін орнату, түнгі жарықтандыру, қоғамдық көлік туралы өтініш-тілектерін жеткізді. Мұхтар Әуесұлы айтылған мәселелердің алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, кент әкімі мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<