Балалық шақ – адам дамуының ең қарқынды уақыты. Осы кезеңде патронаждық қызметтің маңызы ерекше. Балалар мейірбикесі баланы үй жағдайында бақылап, ата-аналарға дұрыс күтім мен тәрбиелеу бойынша кеңес береді. Сонымен қатар баланың салмағы мен бойының өсу динамикасын қадағалап, жас ерекшелігіне сай даму көрсеткіштерін бағалайды. Патронаж барысында мейірбике инфекциялық аурулардың алдын алу, екпе күнтізбесін сақтау, дұрыс тамақтану және жеке гигиена ережелерін түсіндіреді. Ерте жастағы баланың денсаулығына әсер ететін қауіп факторларын анықтап, қажет болған жағдайда дәрігерге уақытылы жолдама береді.
Алты айдан бастап баланың жас ерекшелігіне сай қосымша тағамдарды енгізу – бала денсаулығын нығайтудың негізгі факторы. Қосымша тамақ біртіндеп, баланың ас қорыту жүйесінің дайындығына сәйкес енгізілуі тиіс. Бұл кезеңде табиғи, құнарлы және қауіпсіз өнімдерді таңдау маңызды. Қайнаған су, асылған күріш, балғын жеміс-жидек пен тазарған көкөністерден бастауға болады. Сонымен қатар, тағамның сапасы мен тазалығына ерекше көңіл бөлінуі қажет, себебі ерте жастағы балалардың ағзасы сыртқы әсерлерге өте сезімтал болады.
Дұрыс күтім тек тамақтанумен шектелмейді. Баланың ұйқы режимі, күнделікті серуендеуі, дене белсенділігі және эмоционалдық жайлылығы да оның толыққанды дамуына әсер етеді. Ата-ананың мейірімі мен қамқорлығы бала психикасының тұрақты қалыптасуына ықпал етеді. Дұрыс тамақтану мен күтім – баланың дені сау болып өсуінің негізгі кепілі.
Ерте жастағы балалардың қозғалыс белсенділігі жоғары, бірақ қауіп-қатерді бағалау қабілеті жеткіліксіз. Сондықтан тұрмыстық жарақаттар жиі кездеседі. Осы себепті ата-аналардың қауіпсіз орта қалыптастыруы қажет. Біз ата-аналарға үй жағдайында қауіпсіздікті ұйымдастыру жолдарын үйретеміз. Бұл – өткір және қауіпті заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қою, электр розеткаларын жабу, баспалдақтар мен терезелерді қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету сияқты қарапайым, бірақ тиімді шараларды қамтиды. Сонымен қатар, уытты заттар мен дәрі-дәрмектердің дұрыс сақталуына бақылау жасау да маңызды профилактикалық әрекет болып саналады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, тұрмыстық жарақаттардың алдын алу баланың физикалық денсаулығын сақтап қана қоймай, оның жүйке-психикалық дамуына да оң әсер етеді. Қоғамда орын алған түрлі қолайсыз жағдайларды ескеріп, ата-аналарға балаларын барынша қадағалауды ұсынамыз.
Баланың ерте жастан сөйлеуіне, тілдік дамуының қалыптасуына айрықша мән берілуі керек. Себебі тілдік даму баланың ойлау, есте сақтау қабілетімен және қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуымен тікелей байланысты. Патронаждық қызмет барысында аймақтық мейірбике баланың жас ерекшелігіне сай сөйлеу дамуын бақылап, ата-аналарға практикалық кеңестер береді. Атап айтқанда, баламен жиі сөйлесу, қарапайым сөздерді қайталау, ертегі оқу, заттарды атау арқылы сөздік қорын кеңейту ұсынылады. Сонымен қатар, баланың сөйлеу белсенділігін арттыру үшін оған сұрақ қою, жауап беруге ынталандыру және оның алғашқы сөздеріне дұрыс реакция көрсету маңызды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу – қазіргі медициналық және әлеуметтік жүйедегі маңызды бағыттардың бірі. Мұндай балаларға тең мүмкіндік беру, олардың құқықтарын қорғау және сапалы медициналық-әлеуметтік қолдау көрсету инклюзивті қоғам қалыптастырудың негізгі қағидаларына жатады. Патронаждық қызмет барысында мейірбике ерекше қажеттіліктері бар балалардың даму жағдайын жүйелі түрде бағалап, ата-аналарға күтім мен оңалту шаралары бойынша кеңес береді. Инклюзия қағидаты бойынша әрбір бала білім беру, медициналық көмек және әлеуметтік ортаға бейімделу мүмкіндігіне тең қол жеткізуі тиіс. Бұл бағытта медицина қызметкерлері, педагогтер және ата-аналардың бірлескен жұмысы шешуші рөл атқарады.
Баланың өсуі мен дамуын жүйелі түрде бақылау – оның денсаулық жағдайындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін маңызды профилактикалық шара. Бұл процесс баланың физикалық, психомоторлық және психоәлеуметтік дамуын кешенді бағалауға негізделеді. Патронаждық қызмет аясында мейірбике баланың бойының өсуін, салмақ қосуын, жүйке-психикалық даму көрсеткіштерін тұрақты түрде қадағалап отырады. Сонымен қатар, жас ерекшелігіне сәйкес даму нормаларымен салыстырып, кез келген ауытқуды дер кезінде анықтауға назар аударады. Мейірбикенің кәсіби біліктілігі бұл процесте ерекше рөл атқарады. Ол тек бақылау жүргізіп қана қоймай, алынған мәліметтерді дұрыс интерпретациялап, қажет болған жағдайда дәрігерге бағыттайды. Ерте диагностика көптеген аурулардың асқынуын болдырмауға және тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, баланың дамуын мониторингтеу – балалар денсаулығын қорғаудағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады және оның сапалы жүзеге асуы мейірбике қызметінің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты.
Ақкеніш ӘБУОВА,
Қызылорда қалалық №6 емханаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округі Абай ауылдық амбулаториясының мейірбикесі





