Бірлік дәріптелетін күн

286

0

фото: Ассамблея Қызылорда

1 Мамыр әлемнің алпыстан астам мемлекетінде әртүрлі мазмұнда тойланады. Ал 1996 жылы елімізде Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланғаны белгілі. Содан бері ол бейбітшілік пен келісім, бірлік пен достық секілді құндылықтар дәріптелетін маңызды мерекелердің біріне айналды.

Бүгінде ашық ас­пан, бейбіт өмір құ­ша­ғында жүз отыздан астам этнос өкіл­дері береке мен ты­ныштықта, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жа­тыр. Жалпыұлттық бір­лік пен татулықты нығайту жо­лында адал қызмет етіп жүр­ген қуатты құ­рылым – Қазақстан хал­қы Ассамблеясы. Өзі­­нің отыз жылдығында ол қо­ғамдық ке­­лісімнің бірегей инфра­құ­ры­лымын қалып­тастыр­ған, қуатты тар­мақтары бар институтқа ай­налды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жерінде тұрып жат­қан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жан-жақты дамыта алатынын, оған қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

– Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматқа бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкіл­дері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік. Отан­шылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан хал­қы­ның жалпыұлттық бірегей болмысын айқын­дайтын құндылықтар, – деді Президент.

Сыр өңірінде 30-дан астам этнос өкілдері тұрады. Олар облыстың экономика, мәдениет, спорт, білім, ғылым салаларының дамуына атсалысып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Ал биыл Қызылордада жаңа «Достық үйі» салынып, жыл соңына дейін ел игілігіне табысталмақ. Бұл Ассамблеяның мерейлі жылына арналған Сыр өңірінің тартуы болмақ.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»