Биыл облыста 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 89,7 мың, майлы дақылдар 6,1 мың, малазықтық дақылдар 73,2 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 16,8 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқарды, бүгінде 70 мың гектар күріш суға толық бастырылған.
Бұл туралы облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Мамандардың мәліметінше, күріштің 53,4 мың гектары үстеп қоректендіріліп, 61,2 мың гектары арамшөптерге қарсы өңделген. Осының негізінде 16,7 мың гектары (23,9%) түтікке шығу, 44,8 мың гектары (64%) масақтану, ал 8,5 мың гектары (12,1%) гүлдеу кезеңіне өткен.
Күздік бидай, сұлы толық жиналып бітті. Шаруашылықтар күтімге алған 49 мың гектар ескі жоңышқаның 2380 гектарын тұқымға қалдырып, 46,6 мың гектардан екі орымнан жалпы 142,7 мың тонна жоңышқа дайындады. Мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда.
23 шілдедегі мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 113,4 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 3,3 млрд текше метр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 550 текше метр су жіберілуде.
«Көксарай» су реттегішінде 23 млн текше метр су бар. Былтырғыдан 2,76 млн текше метр артық. Биыл гидротехникалық құрылыстарға, ішкі шаруашылық каналдарға жөндеу жүргізілді.
Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма берді.
«СБ» ақпарат






