Тәуелсіздік жылдарынан бері тойланып келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні ел тұрғындарының татулығы пен бірлігінің нығая түсуіне игі ықпал етіп отырғанын айтып өткеніміз жөн. Өйткені осы жылдар тұсында да халқымыз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өте қиын кезеңді бастан өткерді. Бүгінгі күнгі экономикалық жағдаймен, яғни бюджет қаражатының өсімімен салыстырсақ, айырмасы жер мен көктей деуге болады. Қазіргідей қарқынды құрылыс, әлеуметтік нысандар, оның ішінде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй санының артуы өңіріміздегі халық өсімінің көрінісі екенін байқауға болады.
Қазақстан халқының саны ресми ақпарат бойынша (stat.gov.kz/r) 2026 жылдың 1 наурызына 20532240 адам, ал Қызылорда облысында 846507 адам, оның 31241-і – түрлі этностар. Жалпы мемлекет тұрғындарының 30 пайызы – өзге этнос өкілдері.
ХХ ғасырдың басындағы кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық, Қазақстан жеріне өзге мемлекеттерден миллиондаған азаматтардың күштеп қоныс аударылуы еліміздегі тұрғылықты халық санын едәуір азайтып, қалыптасқан тіршілік арнасын бұзып жібергенін архив деректері айғақтайды.
Тағы бір дәйек, 1950 жылдары тың игеру бастамасымен бүкіл КСРО-дан қоныс аударушылар қазақ жеріне ағылғаны бар. Зерттеушілердің кей деректері бойынша осы кезеңде ел аумағында қазақ халқының саны 30 пайыздың о жақ бұ жағында болған екен.
Информбюро сайтынан алынған деректерге сүйенсек, 1939 жылы қазақ ұлты 2327625 адам, (1926 жылы – 3627612), осы арада ашаршылық кезінде 1,5 млн-дай адамның құрбан болғанын білеміз. Академик М.Қозыбаевтың мәліметінше, 1930-1933 жылдары қазақ жерінде халықтың 52 пайызы аштық құрбаны болған.
Иә, Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай ғана елімізде халық санының өсе бастағанын көреміз. Жоғарыда айтып өттік, биылғы дерек бойынша еліміздегі жалпы халық саны 20 млн-нан асыпты. Бір қарағанда жай сан болып көрінер, бірақ мұның ар жағында халқымыздың талайлы тағдыры тұр.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов кеңес билігінің алғашқы ширегіндегі Сыр өңірінің этнодемографиялық ахуалына қатысты нақты деректерді алға тартады.
Ғалымның зерттеулеріне назар аударсақ, 1926 жылы яғни осыдан тура бір ғасыр бұрын санақ жүргізілгенде 1,6 млн адам Қазақстанға сырттан көшіп келгенін көрсеткен. Оның ішінде 800 мыңы 1916-1926 жылдары көшіп келгені белгілі болған. Демек бұл жылдары орта есеппен жылына 80 мың адам Қазақстанға көшіп келіп отырған. Бұл кезеңде елімізде жалпы халық саны шамамен 6 млн-нан астам болды. Көріп отырғанымыздай, 20-жылдары Қазақстанға сырттан көшіп келуші көп болғанымен, екінші жағынан, 1920-1921 жылғы ашаршылық салдарынан азайып та отырған.
«ХХ ғасырдың 20-жылдары Кеңес үкіметі Қазақстан жеріне басқа ұлт өкілдерін қоныс аудару саясатын қайта қолға алды. 1928 жылдың 18 қаңтарында КСРО Орталық атқару комитеті Бүкілодақтық қоныс аудару комитетіне Қазақстан Республикасындағы қоныс аударуға жататын жерлерді анықтап, құрылысы жүріп жатқан «Түркістан-Сібір» теміржолының бойындағы егін егуге жарамды жерлерге адамдарды қоныс аударуды қарастыруды тапсырса, 1928 жылдың 21 ақпанында 1928-1931 жылдарға есептелінген Солтүстік Қазақстанға 400 мың адамды көшіру туралы жоспарды бесжылдық жоспарына қосты» – деп жазыпты А.Оразбақов.
Архив деректері айғақтайды, 1937 жылы қазақ жеріне 90 эшелонмен жүз мыңға жуық (98454) корей ұлтының өкілі көшіріліп әкелінген. Қызылорда облысына, оның ішінде Қазалы қаласына жеткізілген 6000 корей азаматы алғашқы уақытта бос қалған мешіттерді, түрмелер мен қоймаларды мекен еткені айтылған.
Жалпы олар Қызылорда қаласына, сондай-ақ облыстың бар ауданына қоныстанып, жергілікті халықпен жақын араласа келіп, дәлірек айтсақ, тұрғылықты қазақ халқының мейірімділігі мен қамқорлығының арқасында тіршілік етіп, күнкөріске бейімделген. Уақыт өте келе корейлердің жерді игеріп, егін егуге икемділігін байқаған байырғы тұрғындар бірлесе еңбек етіп, егін шаруашылығына көңіл бөле бастайды. Шындығында, бұрын-соңды атакәсібі – мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғындар енді егінге бет бұрып, тіршіліктің жаңаша тынысын ашқандай болады. Алайда 1938 жылдың көктемінен корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталып, бұл жолы оларды Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне көшіру саясаты жүзеге асырылған.
Сол ХХ ғасырдың ортасына қарай, аграрлық реформа бойынша тың игеру жоспарының тұсында Қазақстандағы халық саны сырттан келушілер (мигранттар) есебінен өзгеріп отырған. Бұған азамат соғысының да әсері болғаны айтылады.
Ғалым А.Оразбақовтың дерегінде айтылғандай, 20-жылдардың соңы, 30-жылдардың басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру барысында Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар Қазақстанға әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясатымен жұмысқа тартылды. Дәлірек айтқанда, 1928-1930 жылдары Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әр түкпірінен 65 мың отбасы көшіп келген.
«1932 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда барлығы 180708 адам кулак есебінде тіркеуде тұрған. Осы кезеңдегі қазақтардын сыртқа ағылған ірі көшіп-қонуына ұжымдастыру саясаты, ашаршылықтың зардабы себеп болды. 1929-1931 жылдары Қазақстандағы кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсылық есебінде 80 мың адам қатысқан 372 көтеріліс қазақтардың республикадан тыс жерлерге көшуімен жалғасты.
Тарихшылар мен демографтардың пайымдауынша, ашаршылық жылдары Қазақстанның 35-42 пайыз халқы қайтыс болды деп санайды. Екіншіден, 1130 мың адам Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп кетіп, олардың біразы оралмады.
Сол 30-жылдардың басындағы аштық қырғыны Қазақстан халқына ауыр зардабын тигізді. Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары да қазақ халқының демографиялық жағдайына кері әсер еткені белгілі. Ресми деректер бойынша бұл соғыста КСРО-дан 26 млн адам, оның ішінде 600 мыңнан аса қазақстандық қаза тапқаны айтылады.
Иә, біз жоғарыдағы деректерді не үшін келтіріп отырмыз? Халқымыз осындай қилы-қилы кезеңді, қияметті оқиғаларды басынан өткерді. Бір айта кетерлігі, қай заманда болсын, қарапайым тұрғындар үшін бейбіт өмірдің құны қымбат.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында: «Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» деген болатын.
Расында, қазір де әлемдегі геосаяси жағдай тұрақты емес. Күн сайын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Бұл болашағын ойлайтын әрбір адамды алаңдатары анық. Жыл санап жасанып келе жатқан өлкеміз халықтың игілігі үшін десек, жаңа Қазақстан орнатуға жұмылған жұртымыз тек бейбіт өмірді, елдің бірлігін қолдайды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





