Уақыт керуені тоқтаусыз ілгері жылжып, тарих парақтары алмасса да, ата мен бала арасындағы рухани сабақтастық ұлт болмысының алтын діңгегі болып қала бермек.
Биыл асқар таудай әкеміз Асқар Басығараұлының бақилық болғанына жарты ғасыр – тұп-тура елу жыл толыпты. Аяулы Қатира анамыздың дидарын көрмегенімізге де жиырма жылдың жүзі болды. Жарты ғасыр мен жиырма жыл… Бұл уақыт бізді ата-ананың ыстық алақанынан жырақтатып әкеткенімен, олардың жүрегіміздегі өшпес бейнесі мен ғибратты сөздерін жақындата түскендей. Өйткені ұрпақ сабақтастығы – уақытқа бағынбайтын рухани алтын арқау.
Тарихтың талайлы өткелдерінен өтсе де, имандылық пен адамгершілікті ту еткен жандар ел есінде мәңгі сақталатынының куәсі болып жүрміз. Сондай тұлғаның бірі, өмірін рухани тазалыққа, имандылыққа арнаған әкемнің тағдыр жолы – кейінгі ұрпаққа нағыз ғибрат.
Асқар Басығараұлы 1882 жылы Сыр өңірінің Сұлутөбе ауылында дүние есігін ашты. Жасынан зейіні зерек, көкірегі ояу өскен ол 1905 жылы Түркістан топырағындағы атақты Қарнақ медресесін үздік тәмамдады. Діни сауатқа ілтипатпен қарайтын заманда ең іргелі білім ордаларының бірінен сусындап, елге оралып, туған өлкесінде қызметке кірісті. Елдің діни сауатын ашып, халықты имандылық пен парасаттылыққа үндеді.
Әкем Сыр елінің азаттығы үшін Қоқан хандығының озбырлығына қарсы күрескен асқан мергендігімен тарихта қалған батыр Кеңбайдың немересі, яғни Кеңбайдан Басығара, Басығарадан Оспан (1878-1918), Өмірзақ (1880-1962), Асқар (1882-1976) деген ұлдары тарайды.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси оқиғалар әкемнің басына үлкен сынақ әкелді. Революция дауылы тұрып, дін өкілдері мен ауқатты жандар қудалауға түскенде, ол көрегендік пен сабырлылық танытты. 1928 жылғы кәмпеске кезінде аман қалудың емес, елдің тыныштығының жолын іздеп, мал-мүлкін өз еркімен үкіметке өткізіп, колхозға мүше болып кірді. Бұл қара басының емес, айналасындағы ағайынның амандығын ойлаған тектілігінің белгісі еді.
Алайда тағдыр тауқыметі мұнымен тоқтамады. 1933-1934 жылдары қайта басталған қуғын-сүргін оны туған жерден жыраққа, Тәжікстан асып кетуге мәжбүрледі. Соған қарамастан, туған елге деген сағыныш пен адалдық оны Ұлы Отан соғысының алдында қайтадан Сыр бойына алып келді.
Елге оралған соң да қарапайым еңбектен қашқан жоқ. 1960 жылдарға дейін колхоз жұмысына белсене араласып, еңбектің үлгісін көрсетті. Содан зейнет жасына жеткенге дейін бес уақыт намазын, ұстаған оразасын қаза қылмаған. Өмірінің соңына дейін дін исламды уағыздап, ағайынның қуанышы мен қайғысында ақылшы бола білді. Көзкөргендер әлі күнге дейін біледі емшілік қасиеті бар, кішкентай балаларды емдеген, көріпкелдігі де бар болатын.Ал зейнет жасына шыққан соң, өзінің негізгі миссиясы рухани қызметке қайта оралады.
Ол өз заманында аты аңызға айналған Еділ молда мен Оққас молда секілді білімді, терең де парасатты тұлғалардың қатарында болды. Сыр елі оны тек молда деп емес, көкірек көзі ояу, көне тарихтың шежірешісі, әділдіктің жақтаушысы ретінде құрметтегенін мақтан тұтамыз.
Ал 15 баланы дүниеге әкелген анам Қатира 1925-2006 жылдары өмір сүріп, 81 жасында дүниеден озды. Тоғыз перзентінің өмірдидарын көргеніне шүкіршілік еткен анамыз да өте көреген адам болатын. Текемет басу, жүн сабау, алаша, кілем тоқу, көрпеше тігу сияқты өнерді жетік меңгерген және оны келіндеріне де үйретті. Перзенттерінің білімді болғанын қалап, ұлдарының жоғары білім алып, өз саласында абыроймен қызмет атқаруына ықпал етіп, тәлім-тәрбиесін беріп отыратын.
Басығараұлы Асқар 1976 жылы 94 жасында мәңгілік мекеніне аттанды. Бүгінде Сұлутөбе топырағында оның есімі құрметпен аталады, ал оның жүріп өткен жолы – қиындыққа мойымайтын рухтың айқын бейнесі.
Ташкенбай АСҚАРҰЛЫ,
көлік бақылау инспекциясының ардагері





