Біршама ұзақ өмірімнен көңілге түйгенім, адамның кісілік пайымын, болмысын қадірлеп-қастерлеуде бұрынғы түсініктен өзгеше көзқараспен қарайтын сияқтымыз. Сол көзқарас кейде жақсы, ізгі атаулының парқын елемеуге әкелгені жасырын емес. Сондықтан ізгіліктің шарапатын айтуда ұстаз болған майдангер Асқарбай Байбазаров ағамыздың өнегелі өмірінен қысқаша үзінді келтіріп, сыр шертуді парызым деп санадым.
Асқарбай Байбазаров 1922 жылы Жалағаш ауданындағы Ақсу ауылында дүниеге келген. 1940 жылы аудандағы Ленин атындағы орталау мектепті бітірген, 1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында жасақталған 101-атқыштар бригадасында командирдің көмекшісі болып қызмет атқарған. Екі жыл кескілескен ауыр шайқастарға қатысып, 1943 жылдың маусым айында ауыр жарақат алып, елге мүгедек болып оралған.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Елге оралғаннан кейін Ақсу ауылында әртүрлі жұмыс атқарып, 1944-1946 жылдары Алматы заң мектебін бітірген, 1946-1950 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шаян аудандық прокурорының көмекшісі, одан 1951-1954 жылдар аралығында Павлодар облысының Май, Цюрупа аудандарының прокуроры, 1954-1958 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданының прокуроры, 1958-1960 жылдары Талдықорған облысы Сарқанд аудандық прокуратурасының тергеушісі қызметтерін атқарып, туған жері Қызылорда облысына оралған.
Әуелі Тереңөзек аудандық прокурорының көмекшісі, облыстық прокуратурасының тергеу бөлімінің прокуроры, әрі қарай облыстық прокурордың аға көмекшілігіне тағайындалған.
А.Байбазаров 1966-1971 жылдары Жаңақорған аудандық прокуроры, 1971-1980 жылдары (екі мерзім) Қазалы аудандық прокуроры, 1980-1985 жылдары облыстық прокуратураның тергеу бөлімінің прокуроры қызметтерін атқарып, сол жылы зейнет демалысына шыққан.
Асқарбай ағамыз қызмет атқарған аймақтарда жергілікті прокуратура органдары беделінің жоғарылауына үлесін қосты. Прокуратура тек жазалаушы орган ғана емес, сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, заңның өз дәрежесінде орындалуына жоғары қадағалау жүргізетін орган екенін халық арасында кеңінен насихаттауға белсене қатысқан.
Прокуратурадағы еңбек жолында адам тағдырына байланысты қүрмеуін шешкен істер аз болмаған. Бұрынғылар Алладан «қызметімді, байлығымды алсаң да абыройымды алма» деп тілейді екен. Бұл кісі де қасықтап жиған абыройының қадірін білді. Қызметтес болған және Ұлы Отан соғысына қатысқан С.Қараманов, П.Әбдірахманов, Ж.Өтемұратов және А.Сапарбековпен сыйласты, бірін-бірі құрметтеді.
Жас мамандарға прокурорлық қызметтің мәртебесін, оған лайықты болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз екенін, заңдылықты қорғаушының өзі ең бірінші білімі терең, біліктілігі жоғары, мінезіне әдебі сай, оқығаны мен тоқығаны мол маман болу керегін ерінбей-жалықпай қайталап отыратын.
Әдетте жұртшылық прокуратура органына сенім арта отырып, сын көзбен қарайтыны белгілі және түсінікті де. Отбасындағы, тұрмыстағы мінез-құлқымен, теріс әрекеттерімен қоғамда өзі туралы жағымсыз пікір тудыратын болса, оның қабылдаған шешімдерінің заңдылығына қарамастан, халық арасында сенімсіздік тудыратыны туралы да жас қызметкерлерге ескертпе жасауды естен шығармайтын.
Талап қойғыштығы, турашылдығы мен қайсарлығы, заңдылық пен құқық тәртібін бұзушылармен күрестегі табандылығы өзімен қатар қызмет атқарған әріптестеріне үлгі-өнеге болды.
Қазалы ауданының прокуроры болып қызмет атқарған он жылдағы заңдылықты қадағалаудағы көрсеткіштеріне үңілсек, аталған мерзімде аудан көлемінде ауыр қылмыстардың біршама азайып, қылмыстың алдын алу шарттарының ұлғайғаны байқалады.
Заңдылықты қорғаудағы игілікті істері КСРО, ҚР және облыстық прокуратура басшылығы тарапынан мадақталғаны ағамыздың адал еңбегінің әділ бағаланғанының айғағы деп айтуға болады.
Ұлы Отан соғысының және прокуратура органының ардагері Асқарбай Байбазаров 1992 жылы 70 жасында дүниеден озды.
Оның қанды шайқаста ауыр жарақат алып Мәскеу госпиталінде емделіп жатып, елге, туған жеріне сағынышын өлеңмен жолдаған хатын қалың оқырманға таныстыруды жөн көрдім.
Хат жаздым, қалам алып жаным,
анам,
Әртүрлі қиындықта болған панам.
Айтайын, естіртуге оқиғаны,
Жарақат қан майданда алған балаң.
Қызыл тіл, қаусырма жақ енді
сайра,
Қанықсын бұл жақтағы біздің
жайға.
Бәрі алға ұмтылды,
Танкілерін жіберіп
Зұлым жау тағы құтырды.
«Танкі» деген бір дауыс,
Құлаққа оқыс шақ етті.
Қарасам, қара аждаһа
Сықырлап таяп, кеп қапты
Он метрдей шамасы,
Ойлануға уақыт жоқ,
Өте жақын арасы,
Өлді деген ой келді,
Байбазардың баласы.
Оң жағыма қарасам,
Мидай жазық дала екен.
Сол жағыма қарасам,
Бір қарағай пана екен.
Не де болса тәуекел,
Солай қарай бұрылдым.
Қарағайды паналап,
Әрі өтуге ұрындым.
Әр жағына өте алмай,
Қара басып сүріндім.
Қайран анам, қош бол деп
Сол жерде жаннан түңілдім.
Жия алмадым аяқты,
Келмей қалды күшім де.
Қас-қағым сәт өткен жоқ
Танкі кеп тұрды үстімде.
Осылай жаралы боп жатып қалдым,
Күн суық, қарлы аязда қатып
қалдым.
Қиналып жан шығар деп
қармаланып,
Қамығып сіздерді енді ойға алдым.
Көре алмай көздеріңді
кеттім-ау деп,
Қасірет-қайғы шегіп қапаландым.
Қиналып әл үстінде жатқанымда,
Азабын ауыр халдің тартқанымда,
Қанқожа, Тәжібай және
Қазыбектер,
Себепкер өлмей дәм-тұз татпағыма.
Тәжібай тәшкендік еді бұлаңдаған,
Қазыбек – Қазалыдан бір арнадан.
Қанқожа Сарыағаштың жігіті еді,
Сымбатты сұлу мүсін сылаңдаған.
Бәрі де өз елінің өрендері,
От кешіп, Отан үшін ұрандаған,
Азаппен азды-көпті жолда жүріп,
Шыдамай жарақаттан зорға жүріп,
Мәскеулік госпитальға келісімен,
Докторың жетіп келді ол да кіріп.
Көрем деп аяғымды созып қалды,
Деп едім сол бір сәтте шығар
жанды,
Қарасам одан әрі қауқылдасып,
Жатқын деп қимылдамай
гипс салды.
Жатырмын госпитальда
көзім жайнап,
Жүруге шама келмей тілім сайрап.
Бұрынғы өткен күндер ойға оралып,
Жүрегім ішке сыймай кетер қайнап.
Ағайдан тоғыз ай болды
хат келмейді,
Санамен сарғаямын оны да ойлап.
Күпті боп көңіл шіркін алаңдайды,
Күшпенен тоқтатамын
қойшы-қойлап,
Осылай өтіп жатыр өмір шіркін,
Сағыныш өзекті өртеп
дүркін-дүркін.
Жазылып еліме есен барармын ба,
Жарқырап туған айдай болып
бір күн.
Қызығын бұл дүниенің
көргенім жоқ,
Көксейді әлденені көңіл шіркін.
Досың көп қалтаңызда пұл
болғанда,
Жалғыздық қиын екен бұл
жалғанда.
Ойыңа жай уақытта түк келмейді,
Бәрі де еске түсер қиналғанда
Кеш болып, күн уақыт бесін еді,
Аяқтың емін доктор кесу деді.
Кесуге аяғымды келіспедім,
Мұнысын ойға салып теріс дедім.
Деп едім қиналғанда өлер ме екем,
Елім-ай сені аман көрер ме екем.
Соғысты залым Гитлер бастамаса,
Мұнша ауыр азап шегер ме екем.
Қайран ел қауышам ба есен-аман,
Жарылқап күн туғызып
хақ тағалам.
Шама жоқ әрі-бері қимылдауға,
Қасыма қиналсам да келмейді адам.
Таусылмас қанша зорлап
егілсем де,
Ішқұса болып жатқан мендегі
арман.
Жан апа, нағашылар өкпелеме,
Хатымды осыменен еттім тәмам.
Асқарбай Байбазаров
1943 жыл, Мәскеу госпиталі.
Майдангердің қарапайым сөздерден тізілген өлең жолдарын оқығанда, қаншама ауыр жағдайда болса да, өмірге құштарлығын, жауға деген өшпенділігін, ағайын-туыстарына деген сағынышын терең сезіммен жеткізуге талаптанғанын байқауға болады.
Соғыстан аман оралып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауда адал еңбек етіп, артына өшпес мұра қалдырған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өнегелі істерін насихаттап, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті болып саналады, өйткені бұл – ағалар алдындағы біздің парызымыз және борышымыз.
Қ.ЖӘНИҰЛЫ,
ҚР Прокуратурасының құрметті қызметкері,
еңбек ардагері





