Өңірге тән тағы бір жоба талқыланды

154

0

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Co., Ltd. (Geo-Jade Petroleum) компаниясының президенті Ван Вэньтаомен кездесіп, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық және күрделі жолмен алынатын газды өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Аталған жоба Қызылорда облысындағы «Созақ» кен орнында жүргізілуде.

Жиын соңында Олжас Абайұлы жобаны жан-жақты талдап, оны іске асыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Geo-Jade Petroleum – Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері қызмет ететін ірі қытайлық мұнай-газ компаниясы. Елімізге 3 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, шамамен 1000 тұрақты жұмыс орнын ашқан.

Аймақта көмірсутек ресурстарын өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Соңғы 10 жылда мұнай өндірісі 68%-ға төмендеп, 2024 жылы 3,3 млн тонна болды, ал 2025 жылға 3,2 млн тонна жоспарланған. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде.

Сондықтан мұнай-газ саласын, оның ішінде «Созақ Ойл энд Газ» компаниясының аумағын дамыту маңызды.

Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында осы жылдың ақпанында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бастаған Қызылорда облысы­ның делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сол сапарда Geo-Jade Petroleum компаниясының басшы­лы­ғымен кездесіп, өңірдің мұнай-газ саласын да­мыту перспективаларын талқылаған болатын.

«Созақ Ойл энд Газ» компаниясы 2007 жылы көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша келісімшартқа қол қойды. 2011-2024 жылдар аралығында «Созақ» кен орнын барлауға 33,8 млрд теңге жеке инвестиция тартылған.

«Созақ Ойл энд Газ» аумағында «Оппақ», «Инкай», «Оңтүстік таулы техникалық ком­пания», «Қазатомпром Сауран» сияқты уран өндіруші кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұл учаскеде «Маңғышлақ мұнай» компаниясына газ өндіруге рұқсат берілген.