Қазақ әдебиетінен сусындаған Елена

4

0

Елена Пак – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы. Жыл басында Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды.

Елена Шиелі ауданы Ақмая ауылында дүниеге келген. Атасы Виталий Пак күрішші болса, әжесі Светлана Лян есепші қызметін атқарды. Әкесі Владимир мен анасы Татьяна кәсіппен айналысады. Үлгілі отбасы ауылға да сыйлы. Бала күнінен зерек әрі қағылез Елена ауылдағы №49 орта мектепті бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алды.

– Тарихқа көз жүгіртсек, 1937 жылы  Қиыр Шығыстан Қазақстанға 98000 корей депортацияланған екен.  Оның 50 мыңы Қызылорда облысына қоныстанған. Қазір бұл өңірде сол кезде келгендердің төртінші ұрпағы өмір сүріп жатыр. Менің ата-бабам Шиеліні мекен еткен. Біздің осы күнге аман-есен жеткенімізге қазақтың дарқан пейілі дәнекер. Ішерге ас, киерге киім қат уақытта  қазақтар бір үзім нанын теңдей бөліп, бауырына басты. Бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрді. Туған жерінен жырақтап қалған ұлтты жатсынбай қамқорлық көрсету кеңпейілділік деп білемін. Атам Виталий Пак ауылда механизатор, күрішші болған, қарапайым шаруа адамы. Ал, әкем болса, ауыл  ветеринары, мал шаруашылығын дамытуға үлесін қосты. Айтпақшы, әжем Светлана Лян ауылдық кеңесте бас есепші қызметін атқарды. Осылайша менің отбасым жергілікті тұрғындармен араласып-құраласып, екінші Отанына тез сіңісіп кеткен, – дейді ол. 

 Бүгінде Елена қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттауда елеулі еңбек етіп келеді. «Абай қазынасына саяхат» және «Мәміле» клубтарының жетекшісі. Қазақ көркем әдебиетін ерекше жақсы көреді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын, Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасын қызыға оқып, мазмұнын жатқа біледі. Абайдың 200-ге жуық өлеңін, Мұқағали Мақатаев пен Тұманбай Молдағалиевтің де туындыларын сүйіп оқиды. Жалындаған жастың еңбекқорлығы өзгелерге үлгі.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл ұйымның басты мақсат-міндеті – жастар бастамаларын дамыту, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту. Облыстағы бірлестікке Елена жетекшілік етті. Үш жыл мерзімде ұйым облыстық деңгейде 80-ге жуық шара, 5 ірі жобаны іске асырды. «Social assembly», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Жастар медиа» атты 6 бағытта өз жұмысын жандандырып, рөлін күшейтті. Сыр өңірінде этнос жастары арасында мәдениетті байыту, патриоттық бағытта шаралар мен жобаларды іске асыруына себепші болды.

– Қазақ тілін кішкентай кезімнен үйрендім. Көршіміздің бәрі қазақ болғандықтан, бір-біріміздің үйімізге барып араласып, бір үйдің баласындай өстік. Есімде, бірінші сыныпты аяқтаған соң әліппемен қоштасу кешін жүргіздім. Кішкентай корей қызының қазақша сайрағаны көпшілікті қызықтырды. Менің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім одан сайын арта түсті.  Жоғары сыныпқа өткенде тілді тереңірек меңгеріп, толық игердім. Сыныптастарым маған әрдайым достық пейіл танытып, қолдау білдірді. Осылайша білімге және қазақ тіліне деген қызығушылығым мені ұлттың бай тарихына жетеледі. Қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, мәдениеті мен өнерін бойыма сіңіріп өстім. Отбасында Наурыз мерекесін ерекше тойлаймыз. Ұлттық дәм дайындап, туған-туыспен, көрші-қолаңмен мерекені атап өтеміз. Бір-бірімізге сый-құрмет көрсетіп, қонаққа шақырамыз, – дейді ол.

Былтыр облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында еліміздің барлық өңірінен келген 100-ден астам жасты біріктіретін республикалық форум өтті. Форумның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, техникалық білім беруді дамыту, қазіргі заманғы білім беру жүйесіне жаңашылдық енгізу. Онда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тал егу акциясы өтті. Бұл жастар тарапынан табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам болды. Форум жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің болашақ дамуына үлкен әсер етті. Осы шарада Елена белсенділік танытып, жастардың ұйытқысы бола білді. Өзіне жүктелген жауапкершілікті тиянақты атқарып келеді.

– Біз бүгінде егемен елімізде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бұрын да әртүрлі этнос өкілдері өзара түсіністікте, бірлікте өмір сүрген. Сондықтан өзің тұрған елдің тілін білу – әр азаматтың парызы. Бұл – адамдар арасындағы байланыстың басты кепілі. Қазақ тілін үйренемін деген жастарға Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқуға кеңес беремін. Абайдың шығармалары – ұлттық тәрбиенің, рухани дамудың негізі. Жастарды адамгершілік қасиеттер негізінде тәрбиелеудің маңыздылығы да осы тұста арта түседі. Менің арманым өте көп. Қазақ тілін насихаттау жұмыстарын одан әрі дамытып, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу жолында еңбек етемін. Этнос жастары арасында мәдениетті байытуға, патриоттық жобаларды іске асыруға атсалысуды жалғастыра беремін, – дейді Елена Пак.

Қазақ жері ~ қаншама этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан қасиетті қоныс. Кейінгі уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдері айтарлықтай көбейген. Оның ішінде жастардың үлесі жоғары. Елена – қазақ тілін жетік біліп ғана қоймай,  өзгелерге үйретіп, мемлекеттік тілге деген құрметін көрсетіп келеді.  Сондай-ақ ол еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлесімді қосу азаматтық парызым деп санайды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»