Қиындықты еңсерудің тіке жолын көрсетті

367

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, т.б. он аймағының табиғи су апаты зардабын тартып жатқаны жанымызға батып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі үндеуі осы көңіл алаңдаушылығына демеу болды.


«Жағдай өте күрделі болса да біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы», – деді Президент.

Осыған орай Үкіметке материалдық резервтерді броннан шығаруды бұйырды.
Сонымен бірге зардап шеккендердің матералдық шығындарын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты.

«Мемлекет бірде бір адамды ескерусіз қалдырмайды», – деді.


Президенттің Үндеудегі осындай сөздері қарайым халықтың сенімін нықтап, жақсылыққа бастағаны анық.


Бұл жағдайда әрқайсымыз да жерін су басқан халқымыздың көңілін су алдырмай, жігерлендіре білуіміз маңызды.
Қазақ халқы қашаннан да күйреуік емес, күрескер.

«Уайым түбі – терең су, батасың да кетесің, тәуекел түбі – желқайық, мінесің де өтесің» деп әр іске нақты әрекетпен жауап беруді жақтаған.


Дегенмен, әртүрлі ақпарат таратып, алаңдаушылыққа уайым қосатындар да бар. Ауызбірлікті аздыратындарға тоқтам керек.


Президенттің өзі де БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мен блогерлерді тек ресми ақпарат таратуға шақырды.


Мұндай ауықымды су тасқыны сексен жылдан бері болмаған екен. Әрине, әрбір төтенше жағдайдың алдын алуға тиісті саланың тастүйін дайындығы болуы маңызды. Президент бұған қатты мән беріп, атқарушы орган басшыларына қатаң ескерту жасағаны мәлім.


«Ордан да аттап, оттан да шыққанбыз» деп ақындар айтқандай, бұл қиындықтан да шығатынымыз анық. Ел Президенті өз Үндеуінде осы жайтты жан-жақты баян етіп, барша халықтың басына түскен қиындықты еңсерудің тіке жолы атап көрсетті.


«Бір басшыға мың қосшы» дегендей, Үкімет адамдары да, аймақ басшылары да тыным таппай етікпен су кешкен ел ішінде жүр.


Осының бәрін көріп-біліп отырған біз елге сабырлық тілеп, жадыраған жақсы күндеріміз көп болсын деген тілек айтамыз.

Әріп ҚОЖБАНОВ,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<