Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын…

228

0

Фото: автордан

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз

А.Құнанбаев

Қайда жүрсең де, ойың­нан шық­пай көңіліңді нұрлан­ды­ра­­тын, жаныңа шабыт бе­ре­тін, қия­­лыңды қиялға жете­лей­тін, жү­­регіңді шаттандыратын, ме­ре­йіңді тасытатын, оқып білім алған мектебің, ұстаз­дарың кім-кімге де ыстық қой, шіркін!

Туған жерге, білім алған мек­тебіңе жетер не бар, сірә? Атың­нан айналайын, ұшқан ұям мек­те­бім, білім берген, ой берген, ақыл берген ұстаздарым!

Өткен тарихты болашаққа жеткізу парыз десек, өзім білім алған Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мек­­тептің кешегісі мен бүгіні ес­ке түседі. Жыл сайын сан мың­да­ған шәкірттер түлеп ұша­­тын жал­­пыға ортақ білім ор­да­сы бол­ға­нымен, «менің мек­те­бім» деп мақтанамын.

Осы қасиетті, құтты мекенде білім берген ұстаздарым өмір­дің парасатын үйретіп, кә­сіпке бау­лыды, тұлға ретінде қалып­тас­тырды. Бүгінде иір-иір жол­дардан өтіп, биік белестерді бағын­ды­рып, қаншама жылды артқа тас­тап­пыз.

Ғибратты ғұмырымен, өне­гелі істерімен үлгі бола білген ұс­таз­дарым туралы естелік айту­ды шәкірттік сана мен азаматтық арыма ла­йық парызым деп бі­ле­мін.

Ұстаздарымды еске алған са­йын бойымды ерекше сезім билеп, санамда әлдебір жар­қын сәуле жалт еткендей әсер­­де боламын.

Ұлтымыз­дың тілі мен әдебиетін сүю, дү­­ние­таны­мымның қалып­та­­суы ұстаз­дарым: М.Киік­баев, М.Бай­қа­сы­н­ова, Б.Айтман­бетова, А.Қо­жа­­мұратова, Б.Жар­қын­­бае­ва сияқты аса қадірлі, қас­терлі есімдермен байла­нысты. Білім алу­ға құш­тарлық, маман­дық таң­дау, алға ұмтылу, ғы­лымға қа­дам жасау – бәрі-бәрі жүрегіме қа­дір тұтып, құр­мет­тейтін ұстазда­рым­ның еңбе­гінің жемісі болар.

Ұлы ойшыл Жүсіп Баласа­ғұн:
«Көңіл аудар даналардың
сөзіне,
Адал жанды өнеге тұт
өзіңе»
дегендей бүгінде қандай же­тіс­тікке жетсем де, арманыма тұлғасын ұқсатқан, өнеге тұт­қан сол ұстаздар қалдырған із екеніне сөз жоқ. Ол үшін шә­кірттік қарызым мен парызым көп…

Осы тұста менің өмірімде ерек­ше із қалдырған, көңіл тө­рі­нен орын алатын «Респуб­ли­­каға еңбегі сіңген мектеп мұ­ға­лімі» – марқұм ұста­зым Жар­қынбаева Балқия Қыстау­бай­қызын ай­рық­ша шәкірттік ілти­пат­пен, зор са­ғынышпен еске аламын. Об­лысқа белгілі маман, шәкірт­терінің сый­лы ұстазы бұл күнде 100 жасқа ке­ліп отыр. Ұстаз ұлағаты ұрпақ үшін мол өнеге, тағылымға толы.

Балқия Қыстаубайқызы өзі жайында жазған өмірбаяндық ес­телігінде: «Әкем – Қыстаубай сұлутөбелік, қыпшақ руының тұяқтысы. Ауылдың қара шаруа­сы, жасынан қол еңбегімен біте қайнасып өскен. Менің бес жа­сымда Қызылорда қаласына қо­ныс аударады. Анам Айша қалада бір балабақшаның тәр­биешісі, әкем теміржол ма­ңа­йында жұ­мыс­­шы болды. Ше­шем қырық то­­ғыз жасында дүние салды, әкем де көп ұза­май алпыс бес жасында өмірден озды».

Жарқынбаева Балқия апай естелігінде 1925 жылы бесін­ші мамырда дүниеге келге­нін, 1955-1978 жылдарда Қызыл­орда қа­ла­сындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебінде қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі болғанын, 1965 жылы «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұ­ғалім» деген атақ берілгенін, жұбайы Сыр еліне танымал тұлға – Зейнулла Жарқынбаев екеуі сегіз перзент тәрбиелеп, немере, шөбере сүйген жандар болғанын баяндаған. Ата-анадан үлгі алған ұрпақтары бүгінде өркен жайып, жалғасып жатыр.

Адамның өмірі қанша жас жасағанымен емес, өмірде жаса­ған ізгілікті ісімен өлшенеді де­сек, Балқия апайдың өмірі мен өнегесі шәкірттеріне үлгі, көңіл түкпірінде жатады. Апай мен үшін аса қа­дірлі жан. Өте сыпайы, ерекше мінез-қылығымен, адамгершілік қасиетімен, біліктілігімен, жан-жақтылығы есімде сақталды.

Осы бір жан бізге адалдық пен әділдіктің символындай кө­рі­нетін.

Жүзі мейірімге толы, ажарлы, киімі де өзіне жарасым­ды, байсалды ұстазды алғаш 5-сы­ныпта оқып жүргенде бар-жоғы он бір жасымда көрдім. Әдебиет пәнінен сабақ өтуге сыныпқа кіріп келгендегі бекзат болмысы, құлаққа жағымды қоңыр үнімен сабақ бастағаны бәрі кешегідей.

Бастауыш сыныпты бітіріп кел­ген біздер ұстазға ұқсауға ұмты­лып, қызыға қарайтынбыз. Бал­қия апаймен алғаш осылай та­ныс­тық. Арманшыл балаларды өзі­не баурап алған Балқия апайға шә­кірт­тері сөйлеуіне, жүріс-тұры­сына ұқсауды армандадық.

Пәнге деген қызығушылық, ұстаз болмысына сүйсіне қарау, әртүрлі оқиғалар мен өмірлік құ­былыстарды ой елегінен өт­кі­зе алуға ұмтылдық. Қазақ ха­лық ауыз әдебиетінің үлгілері ер­те­гі­лер, аңыздар, мақал-мәтел­дер­ді өт­кенде Балқия апай ха­лық­тың төл мәдениетін ұлтжан­ды­лықпен меңгертті. Образды ой­лау, қайта елестете алу сияқты өзіндік көз­қарас қалыптастыру, көре­гендігі, жеке тұлғасы, бәрі – бізге үлгі бол­ды.

Ұстаздық әлеуеті мен кісілік келбеті данышпан Абай айтқан Толық адамның қасиеттері: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек» иесі екендігін айғақтай тү­седі.

Шәкірттерін туған елдің тілі мен әдебиетін сүюге баулып, кәсіптік бағдар берді. Келешекті ойлап, батыл көсілген ол өзіне үлгі болар шәкірт өсірді.

Жоғары оқу орнын бітіріп кел­генде мені «сүйікті шәкіртім» деп өзінің кабинетінің кілті, өзі пайдаланған кітаптарын, қалам­сабын эстафета ретінде тапсырып, сенім артып зейнет демалысына шықты.

Салтанатты жиында ұла­ғатты ұстаздан эстафета қабылдау мен үшін үлкен бақыт болғанмен, жауапкершілік алу, әрине, оңай болған жоқ. Кісілік пен парасат өнегесін үлгі тұтып, сенімін ақ­тауға тырыстым. Бүгінде сол се­нім ақталды ма, жоқ па, барын­ша орындауға ұмтылып келемін.

Ұстазым Балқия апай менің барлық қуаныштарымды бөлісе білді. Тұрмысқа шыққанда, ақ ба­тасын берді. 50, 60 жасқа толған мерейтойларымда келіп, ақ тілегін айтып, мені біраз көтеріп тастады.

Балқия апайдың айтқан мы­на бір ғибратты сөзі әр кез ойы­ма оралады: «Ұлжан, қандай биік­тікке шықсаң да, адамдық – ардың ісі, ұстаздық жолда адал бол!» дейтін.

Бұл менің әділ, адал болуымды меңзегені болар. Соң­ғы жылдары Балқия апай нау­­қастанып жатқанын естіп, ұс­таздар күнінде халін біліп, құт­тықтап қайтуға ұлым Бақыт­жанды ертіп бардым.

Апайдың қасында Ақмарал деген қызы бар екен, біздің келгенімізді естіп, қуанып қалды. Орнынан тұрып, қасымызға жақын отырып, біраз әңгімелесті. Сол кездің өзінде бізге ақыл-кеңесін айтып отырды. Менің ұлым Бақытжанға: «Сен, мамаңды күт, қазақ қызына үй­лен. Өзің көрікті екенсің, ақылды, сабырлы, парасатты бол, адами қасиетті жоғары ұста» деп ұшқыр ойлы сөздермен бата берді.

Ыбырай Алтынсарин: «Ұстаз­ды алтын діңгекке балар едім» дегендей білім мен өнерді, адам­гершілік пен адамдықты, сы­па­йылық пен сабырлылықты, руха­ни байлық пен ұлттық қасиеттерді бойына сіңірген Балқия апайымды алтын діңгекке балар едім. Сізге рақмет, ұлағатты Ұстаз!

Сыр еліне өнегелі өмірін, жа­сампаз азаматтығын, үлгілі ізін қалдырған Жарқынбаева Бал­қия Қыстаубайқызының тұлға­сы­на ұқсауды армандап: Тұлғаң­ды ар­­маныма ұқсатыппын, Үл­гің­ді көңіліме қыстатыппын, – зер­дем­ді ашқан алтын діңгегім деп ұс­таздың ізгі істерін кейінгі ұр­паққа жеткізуді шәкірттік пары­зым санаймын.

Ұлжан ЖАНБЕРШИЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты