«Ұлы дала» жас ақын-жазушылар байқауы

154

0

Республикалық «Ұлы дала» шығармашылық байқауы аясында жас ақын-жазушылардың аймақтық байқауы өткелі отыр.

Байқаудың мақсаты – қазіргі заманғы отандық әдебиетті дамыту және кітап оқу мәдениетін насихаттай отырып, өңірлердегі талантты жас қаламгерлердің еңбегіне лайықты баға беру.

Нақтырақ айтсақ, өткен жылы бастау алған шығармашылық байқау биыл да жалғасады. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырып, баспасөз алаңында байқаудың шарты мен ережелері жан-жақты түсіндірілді.

– «AMANAT» партиясы мәдениет пен өнерге әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Атап айтсақ, партияның тікелей қолдауымен жылда барлық деңгейдегі ақындар айтысы, «Ұлы дала» шығар­машылық байқауы ұйым­дастырылып, БАҚ өкілдері арасында да «AMANAT» медиа сыйлығы табысталуда. Партия төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылы өткен «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында сөйлеген сөзінде бұл байқауды өңірлік деңгейде ұйымдастырып, жергілікті қалам­герлердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өткен жылы атал­ған шығармашылық байқау Сыр өңірінде алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылып, жеңімпаздар рес­пуб­ликалық кезеңде бақ сынады. Жас ақындар мен жазушыларға шабыт сый­лайтын «Ұлы дала» байқауы биыл екінші рет аймақтық кезеңде ұйым­дастырылғалы отыр.

Жергілікті қаламгерлердің қаты­суымен өтетін «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауы «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша өткізіледі.

Құжаттар ереже бойынша 16 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Аймақтық ұйымдастыру комитеті әрбір номинацияға үш орыннан қарастырып отыр. Жеңім­паздар қаржылай және бағалы сыйлық­тармен марапатталатын болады, – деді партияның облыстық филиал төрағасы Алмасбек Есмаханов.

Тақырыптық ұсыныстар: Өз шығармасына ұлттық болмысты арқау ете отырып, қазіргі заман мен келе­шекке сай тың ой, жаңа образ жасау, адамзаттық құндылықтар, әділет, ар-ұят, адам құқығы сынды тақырыптарды көтеру, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қарапайым еңбек адамының болмысын ашу және еңбек құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақты білім мен ғылымға, ана тіліне, ел тарихын қадірлеуге үндеу болып табылады.

Ережеге сай байқауға 18-ден 45 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бір автор тек бір номинацияға қатысады. Байқауға қазақ тіліндегі жұмыстар ғана қабылданады және бұрын-соңды жарияланған шығарма қабылданбайды.

Байқауға келіп түскен жұмыстар алдын ала жасақталған комиссияның қатысуымен 10-20 тамыз аралығында сарапталады.

Жеңімпаздарды мара­паттау рәсімі 31 тамызға дейін өт­кізілмек және әр номинация бойынша жеңімпаздар «Ұлы дала» респуб­ли­калық шығармашылық байқауына қатысуға жолдама алады. Ескерту: байқауға қатысу үшін «Проза» номи­нациясына 25, «Поэзия» номина­циясына 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданады.

Байқаудың толық ережесімен пар­тияның облыстық филиалының Amanat Қызылорда облысы, amanatkyzylorda атты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан танысуға болады.

«СБ» ақпарат