Құрылтай

Вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатыр

11

0

Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде суармалы егіншілікті әртараптандыру жалғасуда. Биыл күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Кейінгі төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21 пайызға азайды. Қысқартылған күріш алқаптарының орнындағы 10 мың гектар жерге суды аз қажет ететін дәндік жүгері егілді.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. Кездесуде өңірдің су шаруа­шылығы саласының қазіргі ахуалы, вегетациялық кезеңнің өту барысы, су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымды жаң­ғырту мәсе­лелері қаралды.

Аймақ басшысы министрліктің көрші мемлекеттермен жүргізген келіс­­сөздерінің нәтижесінде биыл веге­­тациялық кезең тұрақты өтіп жатқанын айтты.

Бұқара қаласында өткен Мемлекет­аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында «Шар­дара» су қоймасына 2,8 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге қол жетті. Шілденің 10-на дейін жос­пар­ланған 2 млрд текше метрдің орнына 2,8 млрд текше метр су келіп, жоспар 40 пайыз артығымен орындалды.

Басқосуда өңірдің тыныс-тір­ші­лігіндегі маңызды су жобаларын қол­дау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын іске асыруды бастау. Жоба бойынша «Көк­арал» бөгетін 44 метрге дейін кө­теріп, Солтүстік Арал теңізінің сы­йым­дылығын 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту қарастырылған. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазалы ауданындағы 31 мың гектар егістікті, 120 мың гектар шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз ететін «Қараөзек» су қоймасының құрылысын бастау мәселесі де талқыланды. Жоба Ислам даму банкі қаржысы есебінен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ су шығынын азайту үшін 66 каналды бетондау мәселесі қаралды. Бүгінде сараптамадан өткен 17 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген.