Ауыл әңгімелері

783

0

Обал ғой…

– Әй бері кел, – деді состиып тұрған маған Рамаш. – Іннен шыққан балпақтай зып беріп қашуға дайынсың-ау. Ұста анау құманды.

– Түһ! Қабағым кіртиіп үнім осылай шықты.

– Осыдан бұқтырма пісірсе, алды-артыңа қарамастан жапырар едің. О, несі-ай?! Жалғыз өзім аршымайтын шығармын бұны. Су құйып тұр…

Рамаш – біздің ет жақын ағамыздың әйелі. Жеңгем ғой. Туыстар арасында той-құдайыжолы болса, оның бәсі тым жоғары. Етжеңді болғанымен қимылы шалт. Қазан асатын үйдің күрішін келістіріп басатын да осы кісі. Тиянақты келіннің тіпті осы пысықтығының арқасында, қаладан келген абысын-ажынға да сөзі өтімді. Ақсаусақ келіндерін де шыны-аяқтай қағыстырып, сілкіп-сілкіп алатыны бар. Біздей мұрты енді тебіндеген бозбала қайныларына әзірге ысқырық айбары жетіп тұр.

Әлгінде ғана қайнысы Сейілханның Ерсұлтанын ауылдағы молда сүндеттеді. Бұлтақтаған кішкентай сарыны үлкендер қаумалап, әрі-бері алдағанға көнбеген соң күшпен «отырғызғанға» ұқсайды. Солай болғаны анық. Өйткені, киіз үйді басына көтере, ұлы ойбайды салған Ерсұлтанның даусын арықтың арғы бетіндегі ауыл да естіді ғой. «Айналайын» деген кемпір-шалдың еркесі Ерекеңе әсер етпесе керек-ті. Әжесі аяп-ақ тұр. Бірақ болмайды. Дәстүрден озған кім бар? Ақыры, молдекең дегеніне жетті. Кесіп тынды. Сақалына онша ақ араласа қоймаған қалың қабақты бұл молдаң «кісі баласын аяпты» дегенді естімеппін өз басым. Ерсұлтан да сол сәтті басынан өткізіп жатыр. Лақша бақ еткен даусы шыққан. Содан кейін «әжелеп» өксіген үнін естідік. Сәлден соң «міне, азамат болды деген осы» деп шал-кемпірлер киіз үйге кіріп, Ерекеңе атағандарын тастап жатқан.

Рамаш жеңгемнің қармағына түспей тұрып, кішкентай ініме мен де кіріп шыққанмын. Манағы жылау жоқ, көзі жылтырап, келген-кеткенге қарайды. Жанында Сүйінбайдың суреті бар үш, Құрманғазы бейнеленген бес теңгелік қағаз ақшалар шашылып жатыр. Арасында жап-жасыл Шоқан Уәлихановтың суреті басылған он теңге де көрінеді.

– Қане, інішек, жігіт болдың ба, көрейік. Қасына жетіп барғанымда қолыма қарады інім. Сірә, мені де бірдеңе әкелер деп күтсе керек. Одан түк шықпасын білген соң, қабағын кіржите көзімен төменгі жақты көрсетті.

– Мәләдес, жігітсің! – дедім мен төңкерілген кесені жайлап ұстап. – Өй, мынаның бәрін кесіп алған ба?! Қыз болып қалатын болдың-ау.

Өп-өтірік аңқаусып, дым білмегендей жау шақыра салдым.

– Ааа, әжееееее!

Ерекең аңырай жөнелді. «Қыз болып қалдың» дегенге өзінің намысшылын. Оның жылаған даусын естіген әжесі шыдай ма?

– Әй, көбейгір, Ежөк! Жатқан балада нең бар еді?

Даусы қандай ащы еді? Киіз үйден атып шыққан бойы бауырсақ пісіріп жатқан жеңгейлерге жылыстай бергенмін.

Осылай ішім толып, ерігіп жүргенде ғой Рамашқа ұсталғаным. Енді міне, екеуміз жаңа сойған қойдың ішек-қарнын аршудамыз. Дұрысы, ол аршиды, мен су құямын.

– Бөліп, бөліп құй. Не жау қуып келе ме, қайда асығасың?

Рамаш жеңгей тәртібін беріп тұрып, ащы ішекті шетінен үзеді. Іш майын бөлек табаққа салып тұрып, мені суға қайта жұмсайды. Шелектеп тасыған суымды құманға толтыра салысымен ішек ішіне сарылдата құямын. Оны әрі-бері шайқап, ішіндегі суын жақын жердегі шұңқырға аударып әлек.

– Ұста, мына қарынның шетін. Пышақ қайда жатыр еді? Әлгінде екеуміз қиын аударған қарынды сумен шайып болған соң, бүртігін қыруға кірістік.

– Қараң қалғыр-ай, кемпір болғанша қарын тазалап кетпесек болғаны. Осылай деп күңк етеді де, қарынды аударып, қыра береді.

…Кейінірек қой. Рамаш жеңгей біліп айтыпты-ау сол кезде. Елуге таяған оның әлі келіндік саптан түспегенін көріп келемін. Әлі де ішек-қарын тазалайды.

– Жас келіндер қайда?

– Қой, ыздиған ұшыншақ кілең, әдірем қалсын, аллергиясы қозып кетіп, байларынан басымыз бәлеге қалар, – деп күледі зор денелі жеңгем.

– Өй, аршымаса, нең бар, өзіңе жұмыс қылып? – деймін ғой қарап тұрмай.

– Обал ғой, – дейді ол күрсініп.            

Обалды білетін ауылдағы жеңгелерімнің соңы сен болмасаң екен, Рамашжан!

Саусағыңды шошайтпа

Ауыл әңгімелері

– Қайыр алдын, – дедім ышқына.

– Неге? – деді Юха-Ерқанат.

– Қайыр деген соң қайыр тездетіп. Аналар қорым ішіне кіреді қазір.

– Бұрыннан кіреді емес пе?

– Біз кіргізбейміз.

– Өйй, – деді мұрнын тыржитып. Көнген сыңай танытқанмен, аяғын санап басып барады.

– Молада өлгендер жатыр, әйй, саған түсіндіргенше ана ешкілер…

Амал жоқ, өзім жүгірдім. Ауылдағы қой кезек. Бұрын мұндай шаруаға жегілмеген кенже ұл Ерқанатты сол күні ерте кеткенмін. «Үш айдынның» жиегіне жайылған ұсақ жандықтың «Үйрекмолаға» жақындап қалғанын дер кезінде аңғардық. Неге екені белгісіз, онда жатқан марқұмдардың мазасын ешкім алмау керек. Балалықтан қалған ұғым ғой. Мен етегіне оралып өскен Сары кемпірдің «аруақтан ұялу керек» деген сөзі бойға әбден сіңісті болғандыкі шығар. Әлде Ұлекеңнің  «Әуелі   Алла,  қалды ата-баба аруағы қолдасын» дейтін жатар алдындағы күбірі құлаққа жатталды ма?

Қорымнан қорқамын. Онда бәлкім жүз, бәлкім одан көп адам жатыр. Бәрі ұйқыда. Мәңгілік. Енді олар тұрмайды. Тыныш жату керек қой. Соны Ерқанатқа түсіндіргім келді. Бірінші сыныпты енді аяқтаған кенже ұлдың мұны әзірге ұғуы екіталай еді. Өңмеңдей берген ешкілердің алдын қайырып үлгердік. Ерқанат та ырсылдай жетті бұл кезде.

– Мәә, ауылдағы «Ақшабайдың» үстіндегі моланың ішіне барлық қой-ешкі кіріп жүр ғой. Кірсе не болыпты?

– Кірсе кіре берсін. Сен кіргізбе.

– Бұзау айдап жүргенде көне ауылдың бар ешкісі сонда жүргесін айтқаным ғой.

– Жарайды, өскесін білесің ондайды. Осылай дегеніммен өзім оған ештеңе ашып түсіндіре алмағаныма қынжылдым. Інім де себебін біле алмаған күйі түсініксіз көзқараспен басын сипай берген…

Есімде әлі. Сары апам аталары жатқан қорым басында үнсіз Құран оқитын. Ел «Базарқожа» деп айтатын жерге ара-тұра келіп, қол жаятыны бар. Батасын жасайды бұрынғыдай. Ізіне бастауыш сыныптағы мені ертетін. Жаяу келетінбіз. Жаяу қайтатынбыз.

Сары апам қорым басына кейде қонып қалады. Мұндайда үйден ала келген қойдың құйрық майын отқа жағатын. Дұрысы, кеулеп жана бастаған қураған жыңғылдың үстіне майды тастай салатын. Майдың күйген иісі біліне бастасымен өзіне қарай жақын тартады.

– Келе ғой, айналайын, алдыма отыр. Етегі даладай апамның алдына жалпия кетемін бұрынғыдай.

– Біссіміллә рахман рахим… Күбірлей сөйлей, әбден жарылған қолдарын отқа тосады. Одан алып менің бетімді сипайды. Жарылған алақан қыздыратын. Басым мен арқам, одан қалды кеудемді. Кезек-кезек сипап әлек.

– Біссіміллә… Құлыныма жар бола гөр, Аллам. Қасиетті бабалар, өзің қолда…

Орта бойлы Сары  кемпірдің құшағына тығыла түсемін.

– Қорықпа, мұнда жатқанның бәрі өз аталарың, балам.

Кей-кейде ауыл жақ беттен дарылдақ «ИЖ» мотоциклдің дауысы естіледі. Сірә, мына көрші тұрған «Шөмішкөлге» бара жатқандар шығар. Дарылдақ дауыс тура қорым жанынан өте шығады.

– Тексіз-ай. Қырындай мені құшақтай жатқан апам осылай дейді.

– Неге? – деймін ғой мен баяғы көп сұрақ қояр әдетіме басып.

– Шырағым-ай, қорым жанынан өткенде бет сипа. Әлгілер құсап зу етіп өтпей. Мұндағылар тыныш жату керек. Тым болмаса ен далада көлігін әрірек айдаса қайтер екен?

Апамның әлдекімге сыбырлай ұрысқаны әлі құлақта. «Олар тыныш жату керек». Елегізіп жатып ұйықтап кетемін…

Бұл қызық па, бәлкім, білмеймін. Әңгімені жазуыма түрткі болған басқа жайт еді.

Демалыста өзгелер секілді өгейсімей, туған елге тартып кеттік. Алакөл мен Бурабай не Каспийге шолпылдатып жүзуге жылда жоспар құрғанмен, ауылға деген аңсарды жеңе алмай келемін. Жә, оны қойшы, елдеміз дедік қой. Қасымда тете інім, туыс Айсерік бар. Ауылдың дәл сыртындағы жол үстінде келеміз. Бала күнгі қызықтар таусыла ма? Бірін айтып, біріне жөнелеміз.

– «Қотанкөлге» барып суға түссе қайтер екен? – дедім мен.

– Болады, – деді ол да.

– Көлік болса, мына «Жетім Толыбай» жақпен барсақ. Солай дедім де қолымды шошайттым айтқан жағыма.

– Молаға қолыңды шошайтпа! – деді жұлып алғандай Айсерік.

– Қап! Дереу шошайтқан қолдың бір саусағын үш рет тістедім. Тістеп қана қойған жоқпын, әлгі саусақты өкшеме салып үш рет аямай бастым. Солай жазаладым өзімді. Айсерік күліп жіберді.

– Ұмытпапсың.

– Қайдан ұмытайын?

Иә, бұл шынымен бір қарағанға күлкілі. Саусақ шошайтып, белгілі жайды көрсеткенде не тұр? Ол жақта мола не қорым тұрса не болыпты? Солай деріңіз анық қой.

Жо-жоқ. Саусақ тістеп, оны мыжғылағанды ақымақтық демеңіз. Ауылдағы осындай қарекеттің астарында кейбір сіз түсінбейтін тәрбие жатыр. Ол – аруақты сыйлауға үйрету. Бұл шын мәнісінде өмірден өткендерге құрметтің бір парасы еді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<