Анашым

319

0

Анашым,

Уақытты ұрлап жатыр күн жемір,

Шуағымен күлімдейді нұрлы өмір.

Сіз туған күн қарашаның аяғы

Қасыңызда бола алмаппын бірде-бір.

Құрметтім,

Тербемеппін әсем әнмен жаныңды,

Сырласумен атырмаппын таңымды.

Өз қолымнан ас мәзірін ұсынып,

Саусағыңа кигізбеппін лағылды.

Қадірлім,

Аңсасаңда қабағыңды бақпаппын,

Сағыныштың шаттық шамын жақпаппын.

Пенделіктің құрығынан босамай,

Өз қолыммен ақ орамал тақпаппын!

Ақылшым,

Сынық санам себептерін теруде,

Ар-ұятым намысымды сөгуде.

Жарамаппын ақ тілекті ақтарып,

Әжім басқан маңдайыңнан өбуге.

Бағалым,

Жанымды жеп жадау ойлар қаптаған,

Сан сауалдың табанына тапталам.

Қу тірліктің шылауына шырмалып,

Амалсыздан сылтау айтып ақталам.

Төзімдім,

Жылдар жылжып, айлар сырғып, күн өтті,

Сәттерің кей жалғыздықтан жүдетті.

Жаның жаурап әкеміздің жоғына,

Біздер үшін табаныңнан сыз өтті.

Асылым,

Жеті жұлдыз жарқыраттың көгіңе,

Ер жеткіздің маңдай терің төгіле.

Жетімдіктің кермек дәмі таңдайда,

Бейнетіңнің арбасына жегіле.

Аяулым,

Міне, бүгін сіз туған күн жұмамыз,

Қолын бұлғап қалып барат құла күз.

Жеті ғұмыр, жеті жүрек лүпілі,

Қабыл болсын, перзенттік дұғамыз!

Сабырлым,

Күттің мүмкін осы күнді төзіммен,

Шаттық  нұры төгіледі көзіңнен.

Бүгінгі күн сіз аңсаған ақ таңды,

Кірпік ілмей атырамын өзіңмен.

Берекем,

Ақ түйенің қарнын жарар шақ бүгін

Ұрпағыңмен өрлей берсін шаттығың.

Ортамызда желбіретіп, жүз жаса,

Әкешімнің әулетінің ақ туын!

Ардақты ҚАМАҚ,

Жаңақорған ауданы