Құрылтай

Келісті келбет келтірген жемісті еңбек

5

0

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде ерекше бір серпіліс болғаны барша­мызға аян. Бұл – еңбектің, елшіл азаматтардың маңдай терінің жемісі. Әсіресе, кейінгі төрт жылдағы өзгеріс өңірге өзгеше өң берді.

Бұл жылдары нақтылық, сөз бен іс бірлігі алға шықты, қала бейнесі күн сайын жасарды.
Аймаққа инвестиция тарту, нәти­желі жобалар, жұмыс орындарын ашу секілді ірі істер келім-кетім адамға анық көрініп тұрмайды. Бірақ Қызылордаға мейлі ауылдан, мейлі басқа аймақтан келген адам алдымен қаланың тазалығын, кескін-келбетін, айнадай жолдарын бірден байқайды.

Біз Сырдағы серпілісті нақты мысалдармен баян етейік.

Кейінгі төрт жыл төңірегінде тұрақты өсім көрсеткен сала – инвестиция.
Өткен жылдың өзінде 631 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көз­деліп, осы цифр көрсеткіші 774,5 млрд теңгеге жеткен.

«Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалына Болат Өтемұратов қоры 16,6 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Бұл қарқын ой мен қырды түгел шолған облыс басшылығының іскер­лігінің дәлелі.

Осындай еңбектердің нәтижесінде Қызылорда облысы инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында бірінші орынға тұрақтады.
Жеке инвестицияның үлесі өз ал­дына, негізгі жобаларды айтсақ, төрт жылда 401 млрд теңгенің 72 инвес­тициялық жобасы жүзеге асыпты.

Келісті келбет келтірген жемісті еңбек

Ешкім ақшасын тегін әкеліп құй­майды. Өндірістің болашағына бол­жам жасайды, сол жердің бас­шысының тегеурінді талап қойып, сол жұмысты орындайтынына сеніп келеді.

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, Сыр елінде түркиялық Aksa Energy компаниясының жаңа жылу-электр орталығы салынды. Жал­пы 215 миллиард теңге инвестиция жұм­салған, 240 мегаватт электр және 277 гигакалория жылу өндіруге есеп­тел­ген. Заманауи құрылыс мер­зі­мінен бұрын аяқ­та­лып, іске қосылды.

Осы жылдары аймағымызда білім саласына бірегей көзқарас қалыптасты. 2022-2025 жылдары 42 білім нысаны пайдалануға берілген.
Дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орын­дық физика-математика мектеп-интер­наты қызылордалықтар үшін ерекше бір сый болды. Оның үздік олим­пиа­далық және мамандандырылған білім ордасы болатыны хақ.
Осыған дейін дарынды бала­ла­рымыз Алматыдағы Жәутіков атын­дағы мектепке баруға мәжбүр еді, енді білімдегі талантты балаларымыз алыс­қа ат шалмайды. Бұл мектеп олардың жарқырап шығып, топ жаруына, елге қызмет етуіне баспалдақ болмақ.

Аудандарда, Қызылорда қала­сында бой көтерген «Оқушылар сарайы», «Оқушылар үйі», «Өнер мек­тебі» өз алдына сөз, қала көркін кел­тірген «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шы­ғармашылық-инновациялық акаде­миясы, Сол жағалауда пайдалануға берілген Қазанғап атындағы Қы­зыл­орда музыкалық кол­леджі ғи­мараты – көз тартатын сәулетті архитектуралық нысандар.

Келісті келбет келтірген жемісті еңбек

Мемлекет бас­шысы Қы­зыл­ор­даға келген са­па­рында за­манауи талаптарға сай қызмет көр­сететін осы шығар­ма­шылық акаде­миясында бол­ды. Жас ұрпақтың жар­қын бола­шағына бағыт­талған байыпты жұ­мыстарға оң бағасын берді.

Кейінгі төрт жылда Сыр меди­цинасы да тың серпінмен дамыды. 2023-2025 жылдар аралығында 29 млрд 512 млн теңгеге 42 медициналық нысан салынып, ел игілігіне берілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асты. Елді мекен­дерде отызға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Өңіріміздің денсаулық сақтау ұйым­дарын материалдық-техникалық жарақтандыруға да баса назар ау­дарылды.

Біздің облыста осыған дейін «Жедел жәрдем» медициналық көлігін көрмеген ауылдар бар екен. Соңғы төрт жылда жергілікті бюджет есебінен барлық елді мекендегі денсаулық сақ­тау ұйымдарына 225 санитарлық авто­көлік алынып, медицина ұйым­дары­ның автопаркі толығымен жаңар­тылды.

Аймақтағы басты сұраныстың бірі – жол-көлік саласындағы мәселелер болатын.
Жолдың құрылыс қарқыны аз уақыт ішінде облысқа оң өзгеріс әкелді.
2022 жылдан бүгінге дейін жол инфра­құрылымын дамытуға 185,8 млрд теңге бөлінді.

Осы уақытта 1700 ша­қырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу жұмысы жүрді. Бұл жұмыс әлі де тоқтаған жоқ. Осы істің нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті.

Қызылорданың ішін алайық, Бей­барыс сұлтан көшесінен Б.Бай­маханов көшесіне дейінгі аралықтағы Тараз көшесі мен Бейбарыс сұлтан көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қы­зылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі жол 4, Н.Назарбаев даңғылынан Тәу­ел­­­­сіздіктің 25 жылдығы даңғылына де­йінгі бөлік 6 жолақты жолға ай­налды. «Тәуелсіздікке 25 жыл» даң­ғылы 4 жолаққа кеңейді. Даңғыл бо­йын­дағы Әбілқайыр хан кө­шесінен Саламатов көше­сіне дейін жаңа жол са­лынды. Ұзын­дығы 23,5 ша­қырым­дық әуежайға кіре­беріс жол 4 жолақ болып түсті.

Сөздің шыны керек, Қызылорда бүгінде ай­надай тегіс жолымен мақ­тана ала­тын деңгейге жет­ті. Қала­ның қара асфальты алдыңа түсіп жүйткиді, ауыл ара­сындағы айдау жол­дардың бәрі жаңаша түр тапты.

Бүгінде Қызыл­орда­ның Сол жаға­лаудағы жаңа бейнесін арнайы келіп көріп кететіндер бар. Себебі, ұлттық нақышпен әдіп­телген әдемі келбет күннен-күнге құлаш жазып бара жатыр.

Сондай нысандардың бірі – жаңа авто­вокзал. Әрине, әрбір ны­сан қызме­тімен сұлу. Бұл автовокзал елді мекен­дерді ау­дан және облыс орта­лығымен бай­ланыс­тыратын автобус маршрут­тарынан бөлек, халық­ара­лық мар­шрутпен Ташкент қала­сына, облыс­­­­ара­лық Астана, Алматы, Шым­кент, Жез­қазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қала­ларына 18 автобус қатынайды.

Сондай-ақ халыққа қыз­мет ететін қоғамдық кө­лік­тер толық жаңарды. 300 авто­бус қалалық 32 мар­шрут­ты 100 пайыз қамтыды. Сонымен бірге, қалада «Эко­такси» қызметін құру жо­­басымен 100 электро­мо­биль алы­нып, қазір қала­іші­лік қызмет көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысының тап­сырма­сымен Қызылорда қаласынан Ақ­төбе облы­сының шека­ра­сына де­йінгі 566 ша­қырым жолды 1-санатқа ауыс­ты­ру жобасы Н.Нәлі­баев облыс әкімі қыз­метінде тұрғанда қолға алынды.

Бұл жұмыс бүгінде екі кезеңмен жүргізіліп жатыр. Көп жыл мәселе болған республикалық «Қы­зыл­орда-Жез­қазған» автомобиль жо­лының Қызылордаға қа­расты бө­лігі бітіп, ар­­найы ашылу салта­натын жа­сады.

Алдағы кезеңде Пре­зидент Жол­дауында айтылған «Сексеуіл-Бей­неу» жолының құ­ры­лысы арқылы Арал ау­данының ең шеткі ел­ді мекен­деріндегі қа­ты­нас жақсаратын бо­лады.

«Газ келмей, жаз кел­мейді» де­гендей, өмір сапасын арттыру­дағы негізгі басымдық­тардың бірі – газдан­дыру екені анық.

Нақты деректерді ал­дымызға жайсақ, елді мекендерді газ­­дан­дыру және сапалы ауызсумен қам­та­масыз ету жұмыстарының облыс­­та тым қарқынмен жүргені көрі­неді. Төрт жыл ішінде елді мекендерді газдан­дыруға 70 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 39 елді мекен және Қазалы қаласы газбен толық қамтылған.

Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз­сумен қамту жөніндегі тапсырмасы Қызылордада толықтай орындалған. 2022 жылдан бері бұл салада 77 жоба іске асырылып, облыстағы елді мекендер 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылған.

Руханият – өмірдің өзегі. Кейінгі жылдары Сыр өңірінің руха­нияты жаңа деңгейге көтерілді.
2024 жыл облыста «Руханият жылы» деп жарияланды. «Жалпақ әлем­­ге қысылмай, қымтырылмай қа­рау үшін рухани байлық керек» деген екен, дана Әбіш Кекілбайұлы. Біздің аймақ осы үдеден шықты.

Қызылордада 1000 орындық зама­науи «Өнер орталығы» пайда­лануға берілді. «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары пай­далануға берілді.
Облыс орталығындағы 1953 жылы салынған бұрынғы қонақүй ғима­ра­тында орналасқан музей заман тала­бына жауап бере алмайтын.

Бүгінгі Сол жағалаудағы жаңа музей қорында 67 мың 613 экспонат сақталған. Оның 25 мың 120-сы жәдігер түпнұсқада.

Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этно­графия, Қызылорда облысының эко­номикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетілген.

Жалпы, мұны жүз рет айтқаннан бір рет барып көрген абзал.

Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы­ның шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени ай­мағы» номинациясы берілді.

Қорыта айтқанда, аймағымызда кейінгі жылдары 34 білім беру, 45 мә­дениет және спорт нысаны са­лынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Алдағы кезеңде 300 орынға арналған көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана, жаңа үлгідегі драма театры және еліміздегі үшінші Прези­денттік кітапхана бой көтеріп, халық игілігіне айналады.
Бұл игіліктер ұрппаққа, ұлт тіліне, мәдениетіне қызмет етпек.

Осы жыл басында Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың 5-отырысы өтті. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақ тілі биз­нестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкен­дерінде қазақ тіліндегі туын­дылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде бас­па­герлердің жаңа буыны әлем­дік бест­селлерге айналған шы­ғар­маларды ау­дарып жүр» деген еді.

Міне, жасалып жат­қан жар­қын істер мен оның мәні туралы осы сөз­ден ой түюге болады.
Жалпы, біздің айтпағымыз Сыр өңірі бүгінде барлық сала бойынша алдыңғы лекте келе жатыр.

Төрт жылдың ішінде аймағымызға үш рет ат басын бұрған Президентіміз өз сапарларының барысын: «Қызыл­орда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың бел­сенді, табанды жұмысының нәтижесі» деп бағалаған болатын.

Біз айтып отырған қарқын бір күнге де бәсеңдеген жоқ. Осыдан үш айға жуық уақыт бұрын облыс басшылығына Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың келуі бұған дейінгі жобалар мен жұ­мыстардың нәтижесі тағы бір сенімді қолға өткенін сездірді.

Кейінгі уақыттың өзінде бірнеше әлеуметтік, мәдени, спорттық ны­сан­дар пайдалануға беріліп, ірі жоба­лардың ілгерілей беруіне табанды түрде еңбек жасалып жатыр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»