Қарызсыз өмір сүре аласыз ба?

553

0

Сурет ашық дереккөзден

Бұл сұрақты тікесінен қоюымыздың себебі бар. Өйткені, өкінішке қарай көп адам қарызсыз күн кеше алмайтындай жағдайға жетті. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» демекші, несиенің шырмауына іліккендер саны азаймай тұр. Ең қынжылтатыны – микрокредиттік ұйымдар мен банктерден ақшаны мақсатсыз түрде үсті-үстіне ала беруі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артқан. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рәсімделген. Бас-аяғы 2 млн отандасымыздың мойнында 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бұл шамамен халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың азды-көпті 20%-ын құрайды. Сонымен бірге, елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның 47 мыңы – проблемалық несие. Агенттіктің мәліметінше, бұл тізім де көбейіп келеді.

Өткен жылы несие алғандардың басым бөлігі той шығындарын өтеуге жұмсаса, жастардың 85 пайызы техникалық құралдар алған. Айталық, IPhone сатып алушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Көпбалалы отбасылар қысқы отын-су мен мектепке қажетті киім-кешекке жаратқан. Тек 5 пайызы ғана денсаулық пен білімге жұмсап, кәсіп ашуға жұмсаған. Банктен қарыз алушылардың 59 пайызының тұрақты табысы жоқ екені анықталған. Сондай-ақ 70 мың теңге айлығы бар адамның басында бірнеше несиесі бар. Тағы бір жүректі ауыртатын дерек, жастардың несие алуы былтыр 30 пайызға көбейген.

Бұл батпаннан қалай шығамыз? Қоғамды қалай қарызсыз өмір сүруге үйретеміз? Қаржылық сауатымызды қайтіп дамытамыз? Өзекті мәселеге орай өткен жылдың сәуір айында «AMANAT» партиясы бастама көтеріп, «Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны Halyk Bank (жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), Jusan Bank, Bank RBK, Nurbank, Еуразиялық банк, Altyn bank, Банк ЦентрКредит, Freedom bank және Bereke bank қолдады. Партияның орталық аппараты Үкіметпен бірлесіп меморандумды қайта жасады. Оның аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы және микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы бірлесе жүзеге асырмақ.

Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 800 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді. Жобаға қатысушылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн платформа әзірленді. Бірінші кезекте 90 күннен асып кеткен берешегі бар адамдарға басымдық беріледі.

Барлық өңірде жобалық топтар мен кеңселер құрылған. Біздің өңірде қандай жұмыстар жасалуда? Бұл туралы партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасыновтан сұраған едік.

– Өкінішке қарай, елімізде банктер мен түрлі қаржы ұйымдары алдында қарызы мол азаматтардың үлесі өте көп. Нақты айтсақ, 2 млн шамасында және бұл топта жастардан бастап зейнеткерлерге дейін бар. Осы ретте өткен жылдың сәуір айында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank меморандумға отырып, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Аталған құжат негізінде биыл  ақпанның 5-нен партияның аталған жобасы еліміздің барлық аймағында бастау алып, азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлерде жобалық кеңселер құрылды. Жалпы биыл «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курстарымен еліміздің барлық өңірінде 800 мыңнан астам адамды оқыту жоспарлануда.  Жобаға қатысатын 800 мың адамның 150 мыңы тұрғындар болса, 100 мыңы – студенттер және 550 мыңы – мектеп оқушылары. Жаз айларында мектептердегі «Жаһандық құзыреттілік», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» пәндері мұғалімдерінің арнайы оқудан өтуі жоспарлануда, – деді атқарушы хатшының орынбасары.

Жоба бойынша облыста 8  мың адамның қаржылық сауатын арттыру көзделуде. Ақпан-наурыз айларында мың жарымға жуық адам оқудан өткен.

Тесік шелекке су құйғанмен тең

Сарапшылардың пікірінше, несиені тек құрал ретінде пайдаланып үйрену керек. Аса қажет кезде ғана алуға кеңес береді. Бірақ айлығы шайлығынан артылмағандықтан, амал жоқ несиені несиемен жабуға мәжбүр адамдар бар. Алайда оның қамытына өмір бойы шырмалып жүру де дұрыс емес. Шығатын бірден-бір жол – өзіңіздің қаржылық жағдайыңызға баға беріп үйрену. Ол үшін не істейсіз? «Кіріс пен шығысты есептеп, күн сайын не алдыңыз, қанша теңге жұмсадыңыз, барлығын арнайы дәптерге тізіп жазуды әдетке айналдыру керек», – дейді қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен.

– Бастапқы кезде кіріс-шығысыңызды есептегенде ауыр тиетіні рас. Мойындағыңыз келмейді. Жасыратыны жоқ, айлық түскенде оның банк картасында жататын мерзімі 15-20 минут, әрі кетсе 30 сағат. Одан кейін бір күнге жетпей айлықтың барлығын жаратып тастадыңыз. Ал қалған 29 күнде қалай өмір сүресіз? Бірақ соған қарамастан әрі қарай күнделікті жұмысыңызды істеп, сол айды соңына дейін өткізесіз? Қандай ақшаға өмір сүріп жатырсыз? Егер қарызға өмір сүріп жатсаңыз, оны мойындағыңыз келмейді. Көп жағдайда кіріс пен шығысты не үшін жазбаймыз? Өміріміздің шынайы картинасын көргіміз келмейді. Сол кезеңнен өтсеңіз, әрі қарай келесі кезеңге қадам басып, ойлана бастайсыз. Қаржылық тренинг сабақтарымызда кіріс пен шығысты есептетеміз. Адамдар  табысы жетпесе бірден микроқаржы ұйымнан қарыз алады. Оны келер айда жауап тастаймын деп ойлайды. Бірақ ол қарыз үстіне қарызды жамап жатқанын түсінгісі келмейді. Біз әр өңірді, әр ауылды аралап жүргенімізде басында жабылмаған 17 несиесі бар адамды кездестірдік. Кей азаматтар 3-4 несием бар деп жасырып айтпайды. Ал несие тарихын қарағанымызда 10-12-сі бары анықталуда. Мұндай жағдайда азаматтарға қалай көмектесеміз? Ең алдымен  қосымша табыс табудың қандай мүмкіндігі барын сұрастырамыз. Қолынан не келеді? Мүмкін ол адам үйден түрлі тәттілер пісіріп сатуға бейім шығар? Сондай қосымша кіріс кіргізуге болатынын түсіндіреміз. Қиын ситуациядан қалай шығудың сызбасын сызып береміз, – дейді ол.

Кейбір адамдар қанша қаржы тапса да, оның қайда және не үшін жұмсағанын білмей бас қатырады екен. Бұл тесік шелекке су құйғанмен тең. Қаржыны ұқыпты әрі жоспарлап жұмсамау да тесік шелекті елестетеді. Қарапайым мысал, қаржы сарапшылары дүкенге кіргенде әр адам қажеттілігіне емес, қалауы үшін күніне 1830 теңге жұмсайтынын есептеп шығарыпты. Қалауы деген – газдалған сусын, тәттілер, балмұздақ секілді аса қажет емес дүниелер. Қажетсіз шығынға жұмсалатын қаржы жылына 500 мың теңгені құраған. Сондықтан дүкенге тек нақты тізім жазып барған жөн.

Иә, халқымыз мұндайда «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар» деген емес пе? Қалауыңызды екінші орынға қойып, қаржы жинауды үйренсеңіз, жылына жарты миллион қаржы жинауға мүмкіндігіңіз бар.

«50-30-20»

«50-30-20» дегеніміз не? Бұл ешқандай да мемлекеттік бағдарлама емес. Ақшалай қор жинаудың, бюджетті жоспарлаудың жолы. «Қаржылық сауат» телеграмм каналынан осындай пайдалы ақпаратты кездестірдік.

Бұл жердегі 50 – 50%. Ол – бюджетімізді жоспарлағанда ең-ең қажет деген дүниелерге жұмсайтын ақша. Табысымыздың    30% жағдайға қарай, уақытша қажеттіліктерге кететін шығынға жатады. Ал 20 пайызын жинап және белгілі бір инвестиция көзіне бөлген дұрыс. Бұның бәрі – бюджетті жоспарлау үшін ұстанатын әдіс.

Сарапшы мамандар «Қарызды жауып болған соң, ақша жинауды бастаймын» деген түсініктен арылу керегін айтады. Қарызға белшесінен батқан адам қалай қор жинайды деп ойламыз. Бірақ ақша жинау күнделікті дағдыға айналу керек. Егер банкке берешек болсаңыз, депозит ашудың пайдасы жоқ. Бәрібір оны сізден алып қояды. Мамандар бұл ретте, ешқандай банк қол сұға алмайтын «AQIL» депозитіне ақша жинауға кеңес береді. Қанша жерден банкке қарыз болсаңыз да, еліміздегі бірден-бір мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, бұл есепшоттағы ақшаңызды ала алмайды.

Алаяқтарға 21 миллиард теңге аударған

Қарызға батқан адамдардың көбеюіне алаяқтар да себеп болуда. Әртүрлі әдіс-айла арқылы жеке дерегіне қол сұғып, өзге біреудің атынан онлайн несие рәсімдеудің шегі болмай тұр. Нақты деректерге жүгінсек, ҚР ІІМ-нің мәліметінше, 2022 жылы қазақстандықтар интернет алаяқтарға 16 млрд теңге, былтыр 21 млрд теңге аударған. Бұл нені білдіреді? Расымен елімізде қалталы әрі аңғал, қаржылық сауаты аз адамдардың көп екенін байқаймыз.

Жалпы жасанды интеллект дамыған сайын интернетте алаяқтардың да түрі көбейді. Тіпті қарапайым адам түгілі, көзі ашық сауатты қызметкерлердің өзі сан соғып қалуда. Мәселен, ақтөбелік дәрігер алаяқтарға бір күнде 14 рет ақша аударғанын білмеген. Бұл оқиға 5 сәуір күні болған. WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалған әккілер өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық банктің қызметкерлеріміз деп таныстырып, белгісіз біреулер атына несие рәсімдеп жатқанын айтқан. Ал олардың ісін тоқтатып, қолға түсіру үшін уақытша өз атына несие рәсімдеу керегіне сендірген. Дәрігер олардың сөзіне сеніп, барлық шартын орындап, бір күнде 7 млн теңге несие рәсімдеген. Ол ақшаны алаяқтар көрсеткен шоттарға терминал арқылы аударып, 14 рет операция жүргізген. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, әйел алаяқтарға алданғанын 3 күннен кейін ғана білген.

Мұндай алаяқтарға сеніп қалатын жандардың бірі – зейнеткерлер. Үлкен кісілер бала секілді сенгіш болады. Нақты өз жақынымның басынан өткен мына оқиға есіме түсіп тұр. Зейнеткер апама бөгде біреу өзінің қызы болып,  WhatsApp арқылы: «Анашым, менің телефоным істемей қалды, сізге немереңіздің нөмірінен жазып отырмын. Қазір сізге құпия сан жіберемін. Соны маған қайтадан жазып жібересіз бе?» деп түннің бір уағында хабарлама жазады. Расымен қызы екен деп ойлаған апамыз құпия санды жіберген уақытта, ол алаяқ WhatsApp-қа кіріп, жеке деректерге қол жеткізеді. Апамның атынан барлық танысына хабарласып, кемі 50 мың теңгеден ақша сұраған. Таңертең өзінің қызы хабарласып, ешқандай құпия сан сұрамағанын айтады. Сол күні зейнетақының банкке түсетін уақыты-тұғын. Абырой болғанда барлық танысына қайтадан қоңырау шалып, банкке барып есепшоттарын жапқызуды ескертіп үлгерді. Мұндай оқиғалар күн сайын болып жатыр. Өкініштісі, онлайн несие рәсімдеуші әккілерге ешқандай тосқауыл қоюдың жолы жоқ. Тек қана өз-өзіңізге сауысқандай сақтық танытып, халқымыздың «Екі көзіңнің біріне сенбе» деген нақылын есте ұстасаңыз болғаны.

Қазір бір ғана ұялы телефонның қызметі арқылы кез келген санаттағы адамды оңай орға жығуды меңгеріп алған алаяқтар отандастарымызға 44 миллион рет қоңырау шалыпты. Бұл – ҚР ІІМ-нің ресми тіркегені ғана.

Сонымен, қарызсыз қоғамды қалай құрамыз? Әрине, ең алдымен өзіңіз қаржылық жағынан мықты болып, жақындарыңызды әрдайым алаяқтардан сақтандырып жүріңіз. Бұл ретте жоба жетекшілерінің ауыл-ауылды аралап өткізген бір апталық тренинг сабақтарының игілігін жұртшылық көре бастады. Соның нәтижесінде бірнеше адам, қарызын жаба алатын мүмкіндігі барына көз жеткізіп, ақша жинауды қолға алған. Мәселен, Сырдария ауданынан оқуға қатысқан 339 адам қаржылық сауатын арттырса, оның 49-ы түрлі мақсатта депозит ашқан.

Биыл облыс бойынша 8 мың адамның ақшаға деген көзқарасы өзгеріп, қарызын жабуды үйреніп, сауаты артса, оның соңында қаншама отбасының басқа да мүшелері тұр. Бұл бір қадам болса да алға жылжудың барын көрсетеді. Демек, жобаның жемісті тұсы да осы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<