Суретшілер симпозиумы

1412

0

Кеше С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атауымен суретшілердің халықаралық симпозиумы ашылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы бастамашы болған салтанатты шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов қатысып, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.

– Көркемсурет – өнер атаулының ішіндегі көркем де бейнелі руханият қазынасы. Суретші – қоршаған әлем мен шексіз тарихты дәлдікпен бейнелейтін шебер.  Әрбір суретшінің, әрбір картинаның өзіндік тарихи мәні, құндылығы бар. Сыр өңірі – қаламына сыр мен сұлулық тұнған талай талантты тұлғаларды дүниеге әкелді. Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрының сахна көркемдеушісі Ләтипа Қожықова, ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтар, Сахи Романов, Салихитдин Айтбаев қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосып, қайталанбас өнер өрнегімен айрықша із қалдырды. Биыл аймақ басшысының бастамасымен «Руханият жылы» деп жарияланды. Мерейлі жыл аясында тың жобалар жүзеге асырылуда. Аз уақыттың ішінде еліміздің мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ететін «Өнер орталығы», «Жыраулар үйі», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» сынды мәдени ошақтар бой көтеріп, халыққа мәдени-рухани қызмет көрсетуде. Суретшілер симпозиумы араға бес жыл салып, қайта қолға алынып отыр. Сырдың бас қаласының сәні мен сәулетіне суретшілердің де үлесі зор. Өнер керуені сіздерге тың идея мен шығармашылық шабыт сыйлайтынына сенім білдіремін, – деді аппарат басшысы. 

Симпозиумға Өзбекстан, Қырғызстан және республиканың басқа да аймақтарынан барлығы 23 қылқалам шебері қатысты. Қонақтар шара аясында облыс орталығындағы көрнекті жерлерге экскурсия жасап, қала келбетін қылқалам туындыларына арқау етпек.

– Биылғы симпозиумның бағыты өзгеше. Сондықтан суретшілер сапары жемісті болады деп есептеймін. Бүгінгі жобаның негізгі мақсаты – Сыр елінің тарихын, өзіндік ерекшелігін туындысына арқау ету. Бұл өнер қорын байытады. Көркемсурет өнері кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ал мұндай қолдаудың болғаны бізді қанаттандырады. Жақында ғана Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдығын атап өттік, 10 мемлекеттен суретшілер қатысты. Жалпы Қазақстан Суретшілер одағы – үлкен ұйым. Қатарымызда мыңнан аса суретші тіркелген. Он бес филиалымыз жұмыс жасайды және жеті жеке ұйыммен меморандум бар. Жас суретшілер талабын жетілдіру жұмысы жүйелі жүргізілуде. Мұндай шара дәстүрлі сипат алса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

Симпозиумның қорытынды көрмесі 21 мамыр – мәдениет қызметкерлері күні «Өнер орталығында» ұйымдастырылады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<