Қызылорда – тарихи шешімдер қабылданған шежірелі мекен

131

0

Фото: Облыс әкімдігі

Ұлттық құрылтайдың ендігі 5-ші отырысы Қызылордада өтеді. Бұл туралы Бурабайда болған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ұсынысы Сыр елінің мерейін өсіріп, рухын көтеріп отыр. Әрине, ұлы жиынның ұлт өмірінде орны бөлек. Ондағы әрбір бастама, талқыға түсетін әрбір өзекті мәселе елдің тыныс-тіршілігінде маңызды саналады. Содан да бұл алқалы жиынды өткізудің мәні зор әрі жауапкершілігі де үлкен. 

Бейсенбі күні «Өнер орталығында» «Ұлттық құрылтай: алдағы мақсаттар мен міндеттер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиынға ҚР Прези­дентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, өңірдің зиялы қауымы, ғалымдар, академиктер және азаматтық қоғам өкілдері арнайы қатысып отырғанын жеткізді.

Аймақ басшысы алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бары­сына тоқталып, Ұлттық құрыл­тайдың кезекті отырысын 2026 жылы Сыр өңірінде өткізудің маңыздылығын атап өтті.

– Сыр елі – ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі, ас­таналар мекені, адамзаттың ға­рышқа ұшу арманын орындаған қасиетті жер.

Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мем­лекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.

Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшы­лығының мерейін асқақтатты.

Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайта­рыл­ған, тарихи әділдік орнаған Қы­зыл­ордадағы маңыз­ды оқиғалар ел жадында сақ­талуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Пре­зидентіміздің өңіріміздегі ат­қары­­лып жатқан жұмыстарға бер­ген оң бағасы деп білеміз, – деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы атап өткендей, Сыр өңірі Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Байыпты бастамалар, жасампаз жобалардың ордасына айналу – соның айғағы.  Өңір барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарда. Осыдан үш жыл бұрын 364 млрд теңге болған облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Өсім 206 пайызды құрады. Бұл ауқымды қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру са­пасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Мемлекет бас­шысының тікелей қолдауымен Қызыл­орда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бү­гінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 137 млрд теңгеден астам инвестиция құ­йып, жұмыстың 70 пайыздан аста­мын аяқтады.  Қыркүйек айында аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игі­лігіне беріледі. Президент тапсыр­ма­сына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын бол­дырмау мақсатында Катарда өткен үкі­метаралық келісім шеңберінде қуат­­тылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Мегажоба 2028 жылы толы­­ғымен іске қосылады деген жоспар бар.

Жиында облыс әкімі білім, денсаулық, құрылыс, инвестиция және басқа да салалардағы бастамалар мен нәтижелі көрсеткіштер туралы дәйекті мысал келтірді. Сондай-ақ рухани әлеуетті көтерудің нақты қадамдары сөз болды.

– Сыр бойында мемлекеттіліктің мыңжылдық дәстүрі қалыптасып, дамыған. Ежелгі Сақ заманындағы Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің ас­танасы Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы соның айғағы.

Ұлттық құрылтайдың кезекті оты­рысын, 2026 жылы Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізу­дің символдық әрі тарихи үндестік тұрғыдан мазмұны зор деп білеміз. Ұлттық құрылтайды өңірде жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін дайындық шаралары басталып кетті. Бүгінде елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, зиялы қауым мен азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, ұйымдастыру жөнінде жұмыс тобының құрамы жасақталуда, – деп толықтырды Нұрлыбек Машбекұлы.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келелі жиындағы сөзінде алдымен «Мемлекет басшысының Сыр еліне деген сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер» деді.

– Бұл Қы­зыл­ор­даға алғаш келуіміз емес. Президент тап­сырмасымен бірнеше мәрте келдік. Елмен жүздесіп, облыс­тың барлық ауданын аралап шықтық де­сем, қателеспеймін. Қанша ақпараттық технология дамыса да, мұндай кез­десу­лердің маңызы зор. Құрыл­тайдағы не­гізгі мәселелерді талқылау мақ­­сатын­дағы бүгінгі жиын да мәнді әрі жауапты деп білеміз деді, – Мәлік Нұржанұлы.

Президент кеңесшісі сондай-ақ, қазір әлемдегі геосаяси жағдай күрде­леніп тұрғанын, алпауыт мемле­кеттердің экономикалық тұрғыдан қысым көрсетуге ықпалдылығы арта түскенін атап өтті. Десе де, қайсыбір жағдайда еңсені түсірмей алып шыға­тын күш – елдің бірлігі мен ынтымағы.

– Қызылорда – біздің еліміздің, мем­лекетіміздің саяси тыныс-тір­шілігіне ықпал еткен өңір. Осы өңірден талай зиялылар түлеп шықты, талай шешімдер қабылданды. Соның ішінде ең маңызды шешімнің бірі – «қазақ» атауының қайта оралуы. Бүгінде біз сол «қазақ» деген атауға сай лайықты өмір сүруіміз керек. Ауылдың аты озса да әуелі қазақтың аты озсын деген тілеулестік болуы керек. Ел Президенті алдымызға қойған мақсат та, міндет те – осы.

Екі жыл болды, Жаңа Қазақстан дейтін жаңа кезеңді бастадық. Қызыл­орда облысының ажарланып, гүлденіп, өркендеп өзгеруінің өзі Жаңа Қазақ­станның келбетін көрсетеді. Барлық жұмыс өз ретімен, өз сәтімен ат­қарылып келеді, – деді Президент кеңесшісі.

Шын мәнінде, Президент пен Үкіметтің қолдауы өңірдің дамуына тың серпін берді. Қызылорда облы­сындағы барлық өзгерістер – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформа­лардың жүзеге асуына күш біріктіре білудің жемісі.

Қазақстан томаға-тұйық өмір сүріп жатқан ел емес. Барыс-келіс, басқа елдермен алыс-беріс бар. Мұндай жағдайда ел экономикасына әлемдік ахуал әсер етпей қоймайды. Ең бастысы, ішкі саяси тұрақтылық пен ынтымақ, бірлік сақталуы тиіс. Ал ол бір ғана қағидаттың арқасында жүзеге асады. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайда осыған баса назар аударды деп келтірді Мәлік Нұржанұлы.

Сондай-ақ ол Қызылорда – Пре­зиденттің ерекше қолдауындағы аймақ екенін, былтыр өңір ең жоғары көрсеткіштерді иеленгенін айтты. Қайбір саяси науқан болмасын, Қы­зылорда алдыңғы орында. Өткен жылы АЭС құрылысына байланысты таңдау болғанда да Қызылорда көшбасынан көрінді.

– Біз мұның бәрін байқап отырамыз. Қызылорда астана болды, ал мұндағы халық тамыры тереңнен нәр алатын барлық құндылықтарды бойына сіңірген. Қызылорданың дамуы осы­лай жалғасып отырса, еліміздің өркендеуіне де өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін Президент кеңесшісі.

Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, көпбейінді қалалық ауру­хананың бас дәрігері Нуридин Амитов, «Анаға тағзым» орталығының дирек­торы Алтынай Молжанова, Қызылорда облысының құрметті аза­маты, меди­цина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<