Қызылордадағы «Панабек» ЖШС заманауи жиһаз фабрикасының бұл саладағы тәжірибесіне 20 жылдан асып кетті. Өңірдегі мектеп, балабақша, жаңадан ашылған нысандарды жиһазбен толық қамтиды. Сапасы жоғары болғандықтан сұраныс көп. Фабрика жұмысын көру үшін ұйымдастырылған пресс-турда жылына 20 мың жиһаз жасайтын кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстық.
Зауытқа заманауи автоматтандыру және цифрлық басқару жүйелері толық енгізілген. Атап айтқанда, Hyundai маркалы роботтар ағаш кесу және лазерлік дәнекерлеу жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар, өндіріс процесінде ЛДСП кесу орталықтары, ПВХ жабыстыруға арналған автоматтар, MDF өңдеу желілері, ЧПУ станоктары, металл өңдейтін лазер және құбыр кесетін құрылғылар кеңінен қолданылады.
Күнделікті тұрмысқа қажетті жиһаз қалай жасалады, оған қандай материал қолданады, қайда саудаланып жатыр деген сұрақтарға фабрика басшысының орынбасары Альбина Жеткерген жауап берді.
– Цех 2000 жылы ашылды, нарықта 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқы кезде шағын аумақтан бастау алған кәсіп қазір фабрикаға айналды. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Облыс әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да көмегі көп. Игі бастаманың арқасында былтыр жаңа нысанға орналасты. Заманауи автоматтандырылған құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Робот станоктар алдырып, жұмыстың өнімділігі артты. Ең бірінші кезекте сапаға мән береміз. Қазір жиһаз жасауға бұрынғыдай көп уақыт кетпейді. Жылдам әрі сапалы жасауға мүмкіндік бар.
Фабрика үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте тұтынушы үшін жиһаз түрлері, материалы мен түсін таңдауға мүмкіндік бар. Арнайы каталог бойынша жұмыс істейміз. Дизайнердің тегін көмегіне жүгіне алады.
Ал цех екі бөлікке бөлінеді. Бірінде ағаш, екіншісінде темір бұйымдары жасалады. Үй, кеңсе жиһазынан бөлек, әлеуметтік нысандарға, мектеп, балабақша мен емханаларға да түрлі жабдықтар жасаймыз. Биыл үш мектепті жиһазбен толық қамтыдық. Алда әлі жоспар көп. Сондай-ақ жылдан жылға тапсырыс аясы кеңейіп келеді.Өзге қалалардан да сұраныс жоғары, – дейді ол.
Кәсіпорында 3D жобалау технологиялары енгізіліп, әрбір тапсырыс цифрлық форматта әзірленеді. Өндірістің барлық кезеңін қамтитын цифрлық жүйе жұмыс істейді, оның ішінде ақауларды автоматты анықтау кешені өнім сапасын тұрақты бақылайды. Үдерістер толық басқарылатын цифрлық ортада жүзеге асырылуда.
Кәсіпорын аумағында 1000 шаршы метрлік шоурум мен көрме орталығы, 4000 шаршы метр өндірістік цех және заманауи жабдықталған қойма орналасқан. Нысан кең әрі мұнтаздай таза. Мұнда жұмысшы үшін де барлық жағдай қарастырылған.
Қазіргі таңда өнімдері негізінен ішкі нарыққа бағытталған. Дегенмен, алдағы екі жыл ішінде компания Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарына шығуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты халықаралық сертификаттау рәсімдері басталып, логистикалық тізбектерді қалыптастыру және серіктестік байланыстар орнату бағытында келіссөздер жүргізілуде.
Фабриканың бас технолог маманы Серік Байзақов цех ашылғалы жұмыс істеп келеді. Ол мұндағы жұмыс процесіне тоқталып, шикізаттың қалай дайын өнімге айналатынын айтып берді.
– Цех толық автоматтандырылған. Әр станок арнайы бағдарламамен жұмыс істейді. Алдымен ағаш материалды көлеміне қарай кеседі. Одан әрі тесу станогына жіберіледі. Келесі кезекте жапсырма жапсырылып, құрастырылады. Бұл құрылғылар күніне 200-ден астам жиһаз дайындайды. Егер тапсырыс көбейсе, екі есеге дейін орындауға күші жетеді. Техника болғаннан кейін әр деталь қатесіз орындалады. Жиһаздың үлгісін дизайн маманы дайындап, бізге әкеледі. Оны технолог мамандар іске асырады. Шикізат, яғни ағаш Ресейден тасымалданады. Фурнитураны Қытайдан, Еуропадан және өзге де елдерден алдырамыз. Шыны – жергілікті кәсіпкерлердің өнімі. Темірге Ресей мен Қарағанды, Шымкент, Алматы сынды қалаларға тапсырыс береміз.
Сондай-ақ көрме залын жасадық, өзімізден шығатын барлық жиһаздың үлгісін шығарып қойдық. Түрі, түсі мен материалы, сәніне байланысты каталог жасадық. Тұтынушы келіп, түсін таңдап, қалауын айта алады. Сол бойынша жасап береміз, – дейді бас технолог.
Байқасақ, қазір ірі өндіріс орындарының барлығы дерлік заманауи технологиялардың игілігін көруде. Нәтижесінде жұмысы өнімді әрі сапалы. Адамның қол еңбегі аса қажет етілмейді. Тек технология тілін меңгеріп, бағдарламаларды дұрыс басқара білсе болғаны. Бұрын дайын өнімге қол жеткізу үшін ұзақ уақыт пен қайта-қайта өңдеу керек болса, қазір заманауи технологияның арқасында шикізат лезде дайын өнімге айналады. Бұл бір жағынан жұмыс өнімділігін арттырса, екінші жағынан уақытты үнемдеуге жол ашты.

– Қазіргі станоктар автоматтандырылғандықтан, бұрынғыдай бірнеше құрылғыдан өтпейді. Әрі кетсе 3-4 станок жеткілікті. Мысалы ағаш кесетін болса, арнайы құрылғыға келіп түседі. Оның тиімділігі көп, тапсырыс түскенде бір ретінде 5 тақтаға дейін, яғни күніне 200-250 тақта кеседі. Сосын тесетін станокқа жіберіледі. Күніне 3000 деталь теседі. Екінші металл бөлікте лазермен кесіледі. Баяғыдай қол жұмыс жоқ. Тіпті болт салынатын жерін де тесіп береді. Бұл құрылғы да күніне 300 деталь теседі. Қайыруға арналған станок та бар. Ең бастысы, мұнда жұмысты өндіретін дәнекерлеуші робот бар. Ол 7-8 адамның жұмысын бір мезетте атқарады. Тек темірді салып беріп тұрса болды, күніне шамамен 200 партаны дәнекерлейді. Одан әрі дайын болған жиһазға бояу жағылады. Құрылғы күніне 150 жиһазға жағады. Боялған зат он минуттың ішінде кептіріліп, дайын өнімге айналады. Кептіруге арналған пеш 200 градуста қыздырылады, – дейді ол.
Жалпы елімізде жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Ірілі-ұсақты кәсіпорын көптеп ашылып, отандық нарықта бәсеке артуда. Құрылыстың белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Осы ретте «Панабек» ЖШС жоғары сапалы өнімдерімен өңір тұрғындарының сеніміне ие болып, экономиканың дамуына тұрақты үлес қосып келеді.
Өңірде кәсіпкерлік саласында серпін бар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының дерегінше, былтыр өңдеу өнеркәсібі 6,4, сауда айналымы 7, шағын және орта кәсіпкерліктің өнім шығару көлемі 30,5 пайызға артып, экономикадағы үлесі 20,5 пайызға жетіп, салық түсімі 2,5 есеге ұлғайды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 10,6 пайызға артты.Өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгенің өнімі өндірілді, 55 пайызы тау-кен өнеркәсібі, мұнай өндіру үлесі 77 пайыз.
Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Өткен жылы 27 инвестициялық жоба жүзеге асты. «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің толық автоматтандырылған кірпіш зауыты ашылып, жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етуде. «Қызылорда Нан» серіктестігінің нан өнімдері кешені, айна шығару, өнімі экспортқа бағытталған түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары және шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылды.
Бұдан бөлек, 14 ірі жобаның құрылысы басталуда. Жақын арада «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, «Севен Риверс» компаниясының шыны бөтелке шығаратын зауыт құрылысы басталады. «Арал сода» серіктестігінің кальцийленген сода өндіретін зауыты жобасының құрылысын бастау бойынша EPC-шарттың негізгі талаптарына қол қойылды. Былтыр кореялық «Уиз Ю» компаниясы тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптау кешенін, «Риксос» қонақүйінің құрылысын бастады.
«Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауытын іске қосады. Испандық «Рока групп» компаниясы жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды. Биыл тиісті құрылыс жұмыстары басталады.

Облыста кәсіпкерліктің даму қарқыны белсенді, бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20,5 пайыздан асты. Аймақта 65 мыңнан астам кәсіпкер болса, онда экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі (32,9%) еңбек етеді. Өткен жылдың 9 айында тұрақты жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындардың өнім шығару көлемі артып, өсім 30,5 пайыз болды.
Мемлекеттік қолдау шараларының аймақта жүйелі әрі тиімді жүзеге асырылуы кәсіпкерлік саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етті. Былтыр жеке кәсіпкерліктің 2929 жобасына 61,1 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Шағын және орта бизнестің жалпы несие портфелі 16,1 млрд теңге 210 жобасы субсидияланып, 145 жобаға кепілдік берілді.
Еліміздегі қаржы институттары өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасын жүзеге асырып, бизнестің 49 жобасын қаржыландырды.
Ауылдық жерде микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 388 жоба, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 86 жоба несиелендірілді.
Аймақта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағытында жүйеленген шаралар жалғасады. Биыл жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында субсидиялау, кепілдендіру, жеңілдікпен несие беруге бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылды, 543 жобаны қаржылай қолдау жоспарланған.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





