Түрмеден кейінгі тағдыр: Түзетудің тетігі бар ма?

576

0

Сурет ашық дереккөзден

Елімізде түрме жүйесін рефорламау бағытында ілгері жылжу бар. Алайда көп жағдайда жазасын өтеушілер тиісті мерзімі аяқталып, қамаудан босаған соң қоғам өміріне сіңісіп кете алмай жатады. Соның салдарынан түрмеге бойы үйренген немесе қоғамдық қарым-қатынасты жат санайтын азаматтар қайта қылмысқа барады. Қазақстанда сотталушылардың 33 пайызы – бұрын да қамалып, қайта қылмыс істегендер. Оның себебі көп, бейімдеу ісінің кемшілігі, жұмыссыздық пен сотталғандардың өмірге басқаша көзқараста қарауы.

Жаза – «жазалау» үшін емес

Жалпы, елде ауыр қылмыс жасап, жазасын өтегеннен кейін азаматтардың сотталғаны туралы дерек 8 жыл бойы сақталады. Бұл дерек олардың жұмыссыз қалып, қоғамға сіңісе алмауына әсерін тигізеді. Себебі мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер бұрын сотталғандарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз екені айдан анық.

2012-2018 жылдары Қазақстан аумағындағы 8 түрме жабылды. Бірақ қылмыскерлер азаймады, әлі күнге 30 мыңның ширегінде тұр. 2017 жылы бірнеше қалада сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орталық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік, оның ішінде психологиялық, медициналық көмек пен жұмыспен қамту бағыты бойынша құқықтық қызмет көрсетеді. Ізін ала осы секілді орталықтар барлық аймақта ашылып, жұмысын жүргізе бастаған. Сотталып шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу ісі әр өңірдегі жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жүктелген. Ал осы мәселені тікелей бақылаушы құзырлы орган – Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті. Дегенмен жаңағы айтқан бейімдеу орталықтарына жүгінгендердің саны аз болып шықты, шамамен жыл сайын 500-ге жетпейтін жан көмек алған. Өйткені бостандыққа шыққан азаматтар үшін орталықтың да талабы болды. Оған жазасын өтеп болған соң тұрғылықты жері жоқ және өмірде қиындыққа ұшыраған азаматтар ғана барды. Ал жұмыспен қамту басқармалары сотталғандарға күнкөрісі қиындаған кезде ғана көмек берді. 2017 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған 2 жылдық (2017-2019) кешенді стратегияның нәтижесі осындай. Алайда еркіндікпен қайта қауышқан азаматтарды оңалтуға бір стратегияның көмегі аз болары сөзсіз. Олардың санасын қалыпқа келтіру үшін психолог секілді арнайы мамандар жұмыстанады. Бірақ олардың да айтар өз уәжі бар.

– Сотталғандарды негізі екі топқа бөлуге болады. Біреулері – әртүрлі себептерге байланысты қылмысты әдейі жасағандар, ал екіншісі – заңсыз сотталғандар. Олардың жартысы – заңды құқын білмегендер, тағы бірі – Қазақстанда сотта, прокурор мен тергеушілердің бопсалауымен қамалғандар. Сол себепті көбісі қылмысқа қоғамға деген ашу-ызамен, ақша табудың басқа амалы болмаған соң барады. Заңда жазылған, егер тергеу барысында қандай да бір қылмыстық іс жүргізу талабы бұзылса, онда қылмысқа тартылып жатқан адамға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы керек. Менің айтпағым – қылмыскерлердің азаймай тұрғанына сот жүйесінің де тікелей қатысы бар. Біріншіден, сот процесін өткізетін сот залдары кең және шыныдан болуы керек. Сонда соттың да, прокурордың да, сотталушының да іс-әрекетін кез келген адам (туыстары, журналистер, және т.б.) көре алар еді. Екінші, сотта әр ақталған адамға 10 миллионнан кем емес моральдық төлем берілуі тиіс. Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда мыңдаған полиция қызмет атқарады, бірақ солардан ешқандай пайда болмай, әр мектеп, аурухана, сауда орындары өз адал ақшаларына өздерін күзететін күзетшілер жалдайды. Олай болса елімізге бюджеттен жалақы алатын полиция не үшін керек?! Полиция мүмкіндігінше қылмыс көп жасалатын аудандар мен қоғамдық орындарды жөнді қадағалауы қажет. Бейімдеу орталықтары жайлы айтып, біз тек салдарымен күресіп отырмыз. Бұл – көптеген елдердің бас ауруы. Себебі түрмеден шыққан адамның қоғам өміріне араласуы өте қиын. Сондықтан қылмыстың алдын алу шараларына баса мән берген жөн, – дейді заңгер Асылхан Едресұлы.

Бұл тұрғыда құзырлы органдардың да айтар уәжі бар. Мәселен, жыл басында Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мамандары сотталғандар арасында қылмыс әлемінің субмәдениетіне бой ұсынғандардың мәселесі өзекті екенін растады.

– Көмекті қабылдауды былай қойып, қылмыстық атқару жүйесінің қызметіне белсенді түрде кедергі келтіріп бағатындар бар. Үкім мен жаза адамдарды өзгерте алмайды. Кесілген мерзімді өтеп шыққан соң қайталап қылмысқа ұрынады. Әдетте ондай адамдар 1-2 рет емес, бірнеше рет сотталған болып шығады. Оларды заңды сақтайтын өмір жолына салу іс жүзінде мүмкін емес. Жататын орны бар, қажет деген дүниенің бәрін абақты қамтамасыз етеді. Осының бәрін ескерсек, сотталған адам жаза мерзімі біткеннен кейін айлап қана бостандықта жүріп, қайта оралады. Осылайша өмірінің көбі түрмеде өтеді. Мұның бәрі сотталған адамның өмірге масылдық түсінікпен қарауын тудырады, – деп мәлімдеген комитет.

Осы тұста бір сөзге зер салған абзал. «Үкім мен жаза адамдарды өзгерте алмайды» дейді. Ал қоғамда қылмыстың ауырлығын түрмедегі жылдармен өлшейтін дағды қалыптасқан. Заңгер Серік Рамазанов болса, осындай жалаң қағидалар мен түрмелер қылмыскерді түзетудің орнына кері әсер етіп жатқанын айтады.

– Бір жансақ қағида бар, адамдар қылмысына қарай жаза өлшеуге бейімделген. Қылмыскерге жаза оны қинауға емес, түзету үшін қолданылады. Аңғарсақ, бұл – қылмыскердің «жаза кезеңінен» кейінгі өмірін ойлау. Түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл түрмеде отыру жеткілікті. Бір нәрсені айта кету керек, түрмеде көп жыл отырған адам түзелмейді, керісінше бұзыла түседі. Қамауда 10 жыл немесе одан артық уақыт отырған адамға мерзімінің ұзақтығы кері әсер береді. Осылайша, «өшіктіру» қылмыстан аластатпайды. 10 жыл бойы қамауда отырған адам, әрине қоғаммен түсініспейді. Бұған түрменің ішіндегі жағдайды қосу керек. Көбіне түрмелер жазалаушының міндетін атқарып жатқандай, – деді.

Кәсіпорындардың көмегі мол

Түрмеде де тіршілік бар, әсіресе олардың бос уақытын еңбекке бағыттау маңызды. Есесіне жазасын өтеп жүріп, табыс та табады, түзелуіне әсер етеді. Былтырғы дерек бойынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі 282 кәсіпорын 12 мыңнан астам жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отыр екен. Қазақстанда барлығы 63 түзеу мекемесі бар. Онда 30 мың сотталушы жазасын өтеуде. Соның 20 мыңын еңбекке жарамды жастағылар құрайды, яғни, олардың 60 пайызын қамти алдық. Қалған 8 мыңына «екі қолға бір күрек» табылмай жүр. Себебі, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың кемшін тұстары бар. Сондықтан кәсіпкерлердің көбі тәуекелге бара бермейді.

Бас бостандығынан айырылғандар көбіне тоқыма өнімдерін, жиһаздар, ағаш пен темірден бұйымдар істейді. Істі болғандар құрылыс нысандарына, фермалар мен жылыжайларға да жұмысқа тартылады. Еңбегі үшін заңға сәйкес ақы алады. Еңбекақы ең төменгі жалақыдан, яғни 85 мың теңгеден кем болмайды. Көбіне кәсіпкерлер темір торда отырғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы төлейді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың екі әдісі бар. Біріншісі – колонияның ішінде өндіріс орнын құру. Бұл әдіс тұтқындарға түрме аумағынан шығуға рұқсат етілмеген мекемелер үшін қолжетімді. Екінші әдіс –  түрмеге жақын жерде өндіріс ашып, сотталғандарды жалдау. Бұл әдіспен кәсіп ашу жеңіл баптармен сотталғандар отырған жалпы ұстау режиміндегі түзеу мекемелеріне тиімді. Ол жақта жазасын өтеушілер түрменің жолақты киімін кимейді, түрменің аумағынан шығуға және колониядан тыс жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеуге құқылы.

Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкерлер бұл жұмыстарға құлықты емес. Әйтпесе кәрі құрлық елдерінде, әсіресе Германияда сотталғандардың түгелге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылады. Оның үстіне олардың қолынан шыққан бұйымдар қоғамында сұранысқа ие. Еңбекпен күні өткен сотталушылардың қылмыс немесе өткен өмірі жайлы ойлауға уақыты болмайды.

Жекеменшік түрмелер кімді жарылқайды?

Көбі біле бермес, кейінгі ширек ғасырда әлемнің кей елдері жекеменшік түрмелерді аша бастады. Бюджет үшін тиімді деп саналатын мемлекеттік-жекеменшік негіздегі түрмелер жазасын өтеушілерді қоғам өміріне бейімдеуімен ерекшеленеді. 2015 жылы Қазақстанда да салынады деп жоспарланған. Бірақ қарсылық көп болғаннан соң аталған жоспар аяқсыз қалды. Жақтаушылары да, даттаушылары да көп жекеменшік түрмелердің ең басты пайдасы – үнем мен тиімділік. Мұнда түрмелерді ашуға көбіне кәсіпкерлер ықылас танытады. Жазасын өтеушілердің азық-түлігін, басқа да қажеттіліктерді кәсіпкер өз есебінен береді. Ал түрме ішіндегі қауіпсіздікті сақтайтын қызметкерлер мемлекеттік инспекторлар болады. Тиісінше, кәсіпкер жазасын өтеушілерді түрлі салаға оқытып, қоғамдық өмірге бейімдейді, өзінің өндіріс орнынан жұмыс тауып береді. Дегенмен түрмеге иелік ететін жеке компания ауыр дертке шалдыққан, науқастанған сотталушыларды өз кәсібіне жұмысқа тартуға жарамайтынын білсе, келісім-шарттық шектеулерді сылтау етіп, мемлекеттік түрме жүйесіне қайта жіберетін оқиғалар да кезіккен. Еуропа елдерінің бейімдеу тәжірибесінде түрмелер бекітілген режим арқылы жұмыс істейді. Тәртіп бойынша сотталушылардың жұмысқа қабілеттілігі ескеріліп, спорт пен кітап оқуға қосымша уақыт белгіленген. Бұл жүйені көбіне біз айтып отырған жекеменшік түрмелер қолданады. Ұлыбританияда алғашқы жеке түрме 1992 жылы ашылған. 2012 жылы Англия мен Уэльстегі 14 жеке қамау орнында 13 500 адам жазасын өтеген. Дегенмен 2013 жылдан бастап жеке түрмелер мемлекет басқаруына біртіндеп қайтарылды. Ал Израильде 2004 жылы жеке түрмелерді салуға рұқсат беретін заң Парламентте мақұлданған еді. Тіпті AFI Group компаниясы 2000 адамға арнап жеке түрме ғимаратын тұрғызған. Алайда 2009 жылы Израильдің жоғарғы соты мұндай тәжірибені ел конституциясына қайшы деп біліп, жеке түрмелер мәселесі тоқтады.

Міне, сотталушылардың қайта қылмыс жасауына бірнеше себеп барын білдік. Қылмыс әлемінің субмәдениеті, жұмыссыздық, айналаның жатырқай қарауы – осының бәрі қоғамнан алшақтататын дүниелер. Әлем елдері адам құқықтары дегенде жазалау тәсілдерін, қамау мерзімін көп сарапқа салуда. Ал біз үшін бірінші кезекте сотталушылардың жұмыспен түгел қамтылуын ретке келтірген жөн секілді.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<