Жаһандық үдерісінің жоғары жауапкершілігі

5

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.

Мемлекет басшысы Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.

– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтар­лықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөнінде де ой-пікірімен бөлісті.

– Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да – шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйы­мын реформалау, ең алдымен, Қауіп­сіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойын­дауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі көшбас­шылардың бойынан табылуға тиіс қасиет­терге тоқталды.

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетек­­шілері, ең алдымен, халықаралық қауіп­­сіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауап­­кершілікпен қарауы қажет деп санай­мын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстам­дылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шие­леністердің түйінін тар­қату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік таны­тып, сабырлы болу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Прези­дент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.

– Әлемде орын алған жағдайларға ба­йып­пен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілек­тестігін біл­дірді. Біз тараптарды стратегия­лық ұстам­ды­лыққа және әскери іс-қимыл­ды тоқ­татуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі эко­номика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұға­зында кеме­лердің еркін жүзуіне қойылған тос­қауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дә­ліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жа­сауға ашық болғанын ескеру қажет. Сон­дықтан мәселенің мәніне үңіл­геніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек.

Бірақ қазір жаһандық сауда мәсе­лесін талқылауға көшіп кеттік. Қиын­дық­тарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік сауда­дағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіп­сіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстаны­мын Ұйымдағы дағдарыстың басты себеп­терінің бірі ретінде атады.

– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһан­дық, өңірлік кездесулер, конферен­циялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақ­стан және Түркия сияқты орта дер­жавалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары дең­гейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсе­тіп отыр. Сондықтан жаһан­дық мәсе­ле­лердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі держа­валардан гөрі орта державалардың жауап­кершілігі жоғары десек, артық болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.

– Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мын өте жақсы білетін әлемдік көш­бас­шылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хат­шы­сының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төр­ағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауыр­лас Қазақстан халқының игілігі жо­лында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, – деді модератор.

Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.

– Біз өңірлік және жаһандық қақты­ғыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түр­кия­­ның бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аң­ғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл – ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма? – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интел­лектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.

– Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті ха­лық­аралық мәселелердің шешілуіне Қауіп­сіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл – оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясат­керлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы был­тыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблея­сының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан!» деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйы­мында және басқа да халықаралық құры­лымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипло­матия­ның жақтаушысымын. Бейбіт­шілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет.

– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбіт­шілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиім­ділігін арттыру, – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пре­вен­тивті дипломатияның қақтығыс­тарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһан­дық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Пре­вен­тивті дипломатия дегеніміз – осы. Соны­мен қатар біз көпжақты тиімді дип­ломатияға қолдау көрсету үшін күш-жіге­рімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында пре­вентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшы­рады. Неліктен бұлай болды? Өйткені пре­вентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипло­матия жайында айтты. Саяси шешімдер қабыл­дауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, – деді Солтүстік Македония Президенті.

Сондай-ақ панелдік пікірталасқа Грузия Премьер-министрі Ираклий Коба­хид­зе қатысты.