Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектіні (ЖИ) кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды. Президент бұл елдің заманауи технологияларды енгізуін одан әрі күшейтетін стратегиялық шешім екендігін атап өтті. Озық технологиялар еліміздің барлық салаларындағы әлеуетті арттыруға жол ашады. Бұл бағытта Сыр өңірінде байыпты бастамалар жүзеге асып келеді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры бойынша БАҚ өкілдері «Aksa Energy» және «Абзал және К» компанияларының жұмысымен танысты.
Өңірге тартылған ең ірі инвестиция ретінде қазір қуаттылығы 240 МВт және жылу энергиясын өндіру көлемі 277 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғысында (БГҚ) іске қосу-реттеу жұмыстарының белсенді кезеңі жүргізілуде. Түркиялық «Aksa Energy» компаниясының тікелей жеке инвестициясы есебінен жүзеге асып жатқан жоба аймақтың электр және жылу энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге бағытталған.
Қазіргі уақытта екі газ турбиналы қондырғы тәулік бойы жұмыс істеп, біртұтас энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп отыр. Ол еліміздің оңтүстік аймағы үшін қосымша генерацияны қамтамасыз етуге жол ашты. Жақын арада тағы бір бу турбинасын пайдалануға беру жоспарланған, бұл станцияны жобалық көрсеткіштерге шығаруға мүмкіндік береді.
Қызылорда БГҚ-сын іске асыру – Энергетика министрлігінің елімізде энергетикалық негізді жаңарту бойынша ауқымды жоспарының бірі. Биыл республикада дәстүрлі және жаңартылатын энергияның рекордтық 2,64 ГВт қуатын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жылдық жоспарға төрт бу-газ қондырғысын, екі жел және төрт күн-электр станциясын іске қосу, сондай-ақ екі нысанның қуаттылығын кеңейту жұмыстары енгізілген.
Жаңа энергия нысандары жылына шамамен 16 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл шаралар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығын толық жоюға, ал 2029 жылға қарай қуаттардың тұрақты профицитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғыртудың негізгі бағыты ретінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу айрықша атап өтілген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар өңдеу өнеркәсібінде нақты нәтиже беріп, соның бір айқын мысалы ретінде «Абзал және К» компаниясы толық автоматтандырылған жаңа күріш өңдеу зауытын іске қосты.
Өткен жылы аймақ басшысының бизнес өкілдерімен бірлесіп Қытайға жасаған іссапары аясында компания қытайлық серіктеспен келіссөз жүргізіп, құны 1 млрд теңгені құрайтын күріш өңдеу зауытын іске қосты. Нәтижесінде өндірістік қуаттылық 2,5 есеге ұлғайып, күрішті өңдеу барысында пайда болатын қалдық көлемі 3-4 пайызға дейін қысқарды. Зауыт сағатына 12 тонна күріш өңдейді және толық цифрлық басқару жүйесі мен қалдықсыз технологияға негізделген.
Сонымен қатар, кәсіпорын күн-электр станциясы арқылы энергиямен қамтамасыз етіліп, «Green Rice Complex» жобасын іске асыруда. Заманауи зертхана күріш сапасын 60 секунд ішінде автоматты түрде анықтап, ақаулы және сынған дәндерді дәл айқындайды.
– Серіктестік өз өнімдерін экспортқа және еліміздің өзге өңірлеріне шығарады. Олардың тарапынан түскен сұранысқа сай жұмыс істейміз. Мәселен, тұтынушылар «Янтарь» және «Лидер» сорттарына қызығушылық танытады. Сондай-ақ біз қазір өнімдерді күнбағыс майымен өңдеуге мән беріп отырмыз. Бұл палау тағамын дайындағанда шашыраңқы болып пісуіне септігін тигізді. Өндіріс орны заманауи талаптарға толықтай сай келеді. Мамандар автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Сондай-ақ компания жаңа сорттарды тәжірибеден өткізіп жатыр, – деді серіктестіктің сауда және логистика жөніндегі орынбасары Айгүл Қосмұратова.
Жалпы компанияның жаңа өндірістік жобасы – цифрландыру мен инновациялық технологияларды тиімді енгізудің жарқын үлгісі. Бұл өз кезегінде отандық өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





