Жол апаты неге жиіледі?

318

0

Сурет ашық дереккөзден

Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сенсек, өткен жылы облыста жол-көлік оқиғасынан 128 адам қаза тапқан. Оның 15-і – кәмелетке толмаған бала. Биыл жыл басынан бері аймақта көлік апатынан 7 адам жан тапсырған. Қазірдің өзінде көлік апатының көрсеткіші алаңдатады. Сондықтан аталған мәселенің себебі мен салдарына үңілетін уақыт жеткен секілді.

Есте болса, өткен жылдың соңында сенатор Бибігүл Жексенбай жыл сайын екі мыңға жуық адам жол-көлік апатынан қаза болатынын айтқан. Тіпті, ол осы дерекке сүйеніп, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткіште деп мәлімдеді. Орталық Азияның кей елінің жабық дерекқоры сенатор сөзін растауға мүмкіндік бермегені рас, әйткенмен көлік апатының елішілік көрсеткіші дабыл қағарлықтай жағдайда екенін жасыра алмаймыз. Мысалы, наурыз айына дейін республика көлемінде 4 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал өткен жылғы сәйкес кезең, яғни 2023 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 2,5 мыңға жетпейтін. Ахуалдың ушыққанын осыдан-ақ байқауға болады.

60 мыңға жуық азамат заңсыз жүргізуші куәлігін алған

Алдымен апаттың адами факторынан бастайық. Ел арасында «жүргізуші куәлігін сатып алуға болады екен» деген сыбыс бар. Шамасы сыбыс емес-ау, шындыққа жақын құпия. Олай дейтініміз, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халыққа қызмет көрсету орталықтарын тексеруде 60 мыңға жуық азаматтың заңсыз жүргізуші куәлігін алғанын анықтады. Ресми дерекке сенсек, тиісті мекеме мамандары 3 жыл бойы заңсыз куәлік сатып, 3 мың көлікті жалған құжатпен тіркеген. ХҚКО-ның бірнеше маманы 2011 жылдан бері жаңармаған жүйе арқылы заң шеңберінен тыс әрекеттерін жүзеге асырып келген.

– Компьютерлерге қашықтан қол жеткізу арқылы тұлғаларды ауыстыру және емтихан нәтижелері арқылы жүргізуші куәліктерін беру процесінде жемқорлық анықталды. Мәселен, 2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 млрд теңге жиналды, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 млрд теңге түсті, – деді Антикор мамандары.

Міне, сондықтан жыл өткен сайын куәлік алудың талабы қатаңдап, бақылау күшейді. Мемлекет заңсыз жүргізуші куәлігін алуды тежеу үшін жүйені автоматтандыруды жүзеге асыруда. Қоғамдық бақылау үшін бейнетіркеу енгізіліп, емтихандарды қайта тапсыру ережесі нақтыланды. Жаңа талапқа сәйкес, енді емтиханды қайта тапсыруға екі рет мүмкіндік беріледі. Өте алмасаңыз, 3 айдан кейін қайта бақ сынауға болады. Ал тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айға мүмкіндіктен қағыласыз.

– Оқымай, куәлік сатып алу дегенге қарсымын. Көлік айдауды бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, ережені ескеру керек. Бұл – жүргізушінің амандығына кепіл. Градус, жылдамдық шегі, жол ережесі мен белгілерін жадыда сақтау қауіптің алдын алады. Көлік жүргізуге қабілетті болғанмен, теориялық тұрғыда білімсіздік қателікке ұрындырады.

Жалпы көлік жүргізудің де әдебі мен мәдениеті бар. Тіпті жолда өзге жүргізушілерге де құрмет көрсету соның айғағы. Мәселен, МАИ қызметкерлерінің алдында кінәлі болмас үшін белбеуді таққандай кейіп танытады. Бұл ережеге қырын қарауды көрсетеді. Әйтпесе қауіпсіздік жеке бастың сақтығы үшін қажет емес пе? Жол апаты кезінде ауыр жарақат алуға да осы себеп. Бастысы, автомектеп оқып, көлік жүргізу дағдысын дамытуға кеңес беремін, – деді «Қазақстанның автомектептер қауымдастығы» облыстық филиалының менеджері Әйкерім Шәмшімұратова.

Ережені елемеу ерлік емес

Жол ережесін сақтамауды абырой санайтындар бар. Қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдық асыру, қарама-қарсы бетке өту, бағдаршамда басып озу бәсекеге айналғандай. Өкініштісі көбі тек жол апаты орын алғанда ағат қылығын түсініп, бармақ тістеп жатады. Ал ол кез – кеш. Қанша өмірді қыршын қиып, шығындап алған мүлкін күл-талқан ету мәңгі сабақ болып қалмақ.

Сондықтан көлік жүргізу мәдениеті мен жол ережесін сақтау идеясы жиі көтерілуде. Жуырда Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ережені сақтамауды жүгенсіздікке балап, тәртіп қатаң бақылауда болатынын жеткізген еді. Құқықтық мәдениет деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері екенін баса айтты.

– Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар, – деді Президент.

Заң бары рас. Жол тәртібіне бағынбағандардың жаза арқалағанын көріп жүрміз. Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 95 азамат масаң күйде көлік айдап, істі болған. Өкініштісі, оның ішінде 5-уі кәмелетке толмаған балалар екен. Бұл – қылмыстық құқықбұзушылық.

Әкімшілік айып та қалыспайды. Тақырыпқа қатысты арнайы ақпарат берген облыстық полиция департаментінің мамандары биыл көрсеткіш көтерілмесе, төмендемейтінін болжап отыр.

– Есепті мерзімде жол-көлік оқиғалары 85,5 пайызға артты. Жыл басынан бері масаң күйде көлік басқару бойынша 150, қарсы бағытқа шығу бойынша 28, жылдамдық асыру бойынша 14 184, ұялы телефон қолдану бойынша 1 112, жаяу жүргіншіге жол бермеу бойынша 1 026 құқықбұзушылық анықталды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған 2 932 жолаушы, ереже бұзған 1526 жаяу жүргінші жауапқа тартылды. Көбі жылдамдықты шамадан тыс асыру, авариялық ахуал туғызу, жолда жүру ережелерін өрескел бұзуы салдарынан орын алған, – дейді ЖПҚБ бастығы Дәурен Майрихов.

Апатқа себеп болудың салдары ауыр. Жеңіл құтылудың өзі айыппұлдан басталады. Жол жүру қағидаларын бұзған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады. Материалдық шығын келтірген болса, 6 айға дейінгі мерзімде көлік құралын басқарудан шектеледі немесе 20 АЕК мөлшерінде ақша төлеу міндеттеледі. Егер де апат барысында адамды жарақаттап, денсаулығына жеңіл зиян тигізсе, 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, болмаса 9 ай көлемінде көлік айдау құқығынан айырылады. Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жағдайда 10 АЕК арқаласа, құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 15 АЕК-ке өседі. Мұның барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте нақты көрсетілген.

Құқық қорғау органдары мәселенің салдарымен емес, себебімен де күресуге бет алған. Мысалы, облыста жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жылдамдық өлшеудің автоматтандырылған жүйелері орнатылған. 10 «Ekin Patrol G2» жүйесі және 21 «VUEWO» бейнебақылау жүйелері қалт жібермей қадағалауға септесуде.

– «Ekin Patrol G2» жылдамдық өлшеу құрылғысының 5-уі қала, кент орталықтарында қызмет атқарса, қалғаны республикалық маңызы бар автожолдарда тұр. Бұдан өзге жол апатының алдын алу бағытында «Қауіпсіз жол-1», «Бала сіздің жолаушыңыз-1», «Автобус-1», «Тасымалдаушы-1» және «Мотоцикл-1» акциясы өткізілуде, – дейді департамент маманы.

Әрине, жалғыз кінәлі тарап жүргізуші десек, бұрыс болар. Жол апатына себеп болатын жаяу жүргінші баршылық. Рұқсат етілмеген тұстан жолды кесіп өту арқылы апатқа итермелеген жайттарды көріп жүрміз. Мәселен, Қызылорда қаласында жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 900-ге жуық жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылған.

– Арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, жол ережесін бұзған азаматтар азаймай тұр. Сол себепті бейнекамера және патрульдік полиция қызметкерлері арқылы бақылау күшейтуге тура келеді. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережесін бұзған 890 азамат анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен жауапкершілікке тартылады, – делінген Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінде.

Инфрақұрылымда ағаттық бар

Аңғарсақ, апаттың бір себебі жол жайына тәуелді екен. Сапасыз салынған автожол жүргізушіні әбігерге салып, ойдым жолдан қашамын деп от басқан оқиға да аз емес. Болмашы себеп көрмеңіз, негізгі кемшілік те осы бағытта орын алатындай. Себебі кей сарапшы жолдың сапасы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді деген пікірде.

Бұл ойға қосылмасқа шара жоқ. Мысалы, сапалы жолдар рейтингінде көш бастап тұрған Сингапур елінде апаттан қаза болатындар саны аз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, бұл мемлекет адам өлімі бойынша 179 елдің ішінде 174 орында тұр. Демек адам қауіпсіздігі алдыңғы орында, қаза көрсеткіші жоқтың қасы.

Ал Қазақстан ше? Жол сапасы мен қауіпсіздік қай деңгейде? Осы мәндес сауал көтерілсе, көбінің сын айта жөнелері белгілі. Бұл орында да. Неге десеңіз, елдегі жол сапасы адам аярлық күйде. Инфрақұрылым нашарлығы, жолдағы қауіпсіздік деңгейінің төмендігі салдарынан апат ұлғаюы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, барлық жол-көлік оқиғаларының 73 пайызы елді мекендерде орын алады, яғни маңызды магистральда кемшілік бар деген сөз.

Олқылықты маманның өз аузынан естімекке елордалық транспорт инженері Мақсұт Өтембердиевке хабарластық. Сарапшы жол-көлік оқиғаларының жол инфрақұрылымына қатысы барын растады.

– Жол-көлік оқиғасының себебі көп. Маңыздысына тоқталайын. Алдымен жаяу жүргіншілер жолағы мен белгілердің дұрыс құрылмауын баса айтқым келеді. Сондай-ақ белгілерді жаңартпау, негізсіз орнату, жолдағы ықтимал оқыс оқиғаларды елемеу де мәселені күрделендіре түсуде. Бұл жерде ескеретін жайт, оқиға кезінде жаяу жүргінші көп зардап шегеді. Мысалы, елдегі жол-көлік оқиғаларының 25 пайызында жаяу жүргінші зардап шегеді. Осыны қаперге алсақ, автожолдағы жаяу жүргіншіге арналған белгілерді қайта қарауға тура келетіндей, – деді маман.

Әрине, Үкіметтің де өз есебі, бақылауы бар. Апаттың белгілі бөлігі жол инфрақұрылымына байланысты екенін ескеріп, құрылыс пен жаңарту жоспарын жүйелі жүргізіп келеді. Кезең-кезеңімен мемлекеттік маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін жаңарту, көліктердің қарама-қарсы соғысуын болдырмау үшін үш мың шақырым жолды I техникалық санатқа ауыстыру, бөлу жолақтары мен тосқауылдарды орнату жұмыстары жүруде.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Қызылорда облысы аумағындағы батыс бөлігін 4 жолаққа кеңейту ұсынылды. Бүгінде аталған мәселе пысықталып, бірнеше жылда нәтижеге қол жетпек.

Сондай-ақ жыл басында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев жаңа автожол туралы мәлімет таратқанын білеміз. Үкімет отырысында сөйлеген ол «Ақтөбе-Қызылорда» жолы салынатынын жеткізген.

– Кейінгі жылдары республика автожолдарының апаттық-қауіпті учаскелерінде бес мың шаршы метрден астам шу жолақтары, 450-ге жуық жарықдиодты белгі және кедергілерге соғылудан қорғайтын 500 жол буфері орнатылған. Жануарлар салдарынан болатын көлік апаттарын азайту үшін 1,5 мың шақырымға жуық қоршау орнатылған. Жаяу жүргіншілерді елді мекендер маңындағы соққыдан қорғау үшін 52 айналма жол ашылып, жаяу жүргіншілерге арналған 32 жерүсті көпірі салынған.

Қозғалыс қарқынына қарамастан, қалалар арасында төрт жолақты төрт мың шақырымнан асатын республикалық автожол салу жоспарланған. Бұл – «Жезқазған-Қарағанды», «Атырау-Орал», «Ақтөбе-Қызылорда» жолдары, – деді Талғат Ластаев.

Жедел құтқару жанталасы

Тақырып аясында облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергеновпен байланысқан болатынбыз. Өйткені апаттың себебін айту оңай, ал салдарын көзбен көру, жан тапсырған жандардың шарасыз көзқарасын бақылау мәселеге басқа мазмұн беретіндей. Құтқару жасағындағылар – көлік апаты кезінде көмекке келетін алғашқылардың бірі. Бүгінде құрамында 77 маманды топтастырған жасақ нәтижелі жұмыс істеуде.

– Жол-көлік оқиғалары кезінде түрлі төтенше жағдай орын алады. Жолаушылар көлікте қыстырылып, жараланғандарды арнайы техника көмегінсіз шығара алмайтын сәт туындауы мүмкін. Сондай төтенше жағдай кезінде жедел-құтқару жасағы жолға шығады. Өткен жылы жол-көлік оқиғаларына байланысты 9 рет көмекке барсақ, биыл жыл басынан бері құтқарушылар 4 ірі жол-көлік оқиғасында қызмет істеді, – деді Бақыт Ембергенов.

Құтқарушылар өткен жылы 4 адамды құтқарып, 8 адамның денесін шығаруға жәрдемдескен. Биыл жол-көлік оқиғасында зардап шеккен 1 адам құтқарылып, көз жұмған 4 азаматтың денесі шығарылды.

Орайы келгенде жасақ басшысына ел көкейіндегі сауалды қойдық. Жол-көлік апатында жиі кездесетін себепті атауын сұрағанымызда, маман қарапайым қағиданы қайталады.

– Жол-көлік оқиғаларына түрлі себеп итермелейді. Оның ішінде темір тұлпар тізгіндегендер жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бетке шығу, ережені сақтамаудың әсері басым. Сондай-ақ жол бойына жайылып жүрген мал шығып, қозғалысқа кедергі келтіретін дерек те көп. Қаншалықты тәжірибелі жүргізуші болса да техника кез келген уақытта істен шығуы мүмкін екенін ескеру қажет, – дейді ол.

Vision Zero қауіпсіз әдіс пе?

Қазір Vision Zero жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесі танымал. 1997 жылы Швецияда пайда болған жүйе апаттың алдын алуға бағытталған озық технология саналады. Мақсаты да айқын. Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолын жақсарту, қиылыстарда қауіпсіздік жүйелерін орнату және жол жарығын ұлғайтуды басым бағытқа айналдырған. Қысқаша айтқанда, қауіпсіз инфрақұрылымдық жол қозғалысын қамтамасыз етеді.

Қазақстанда 2019 жылы Vision Zero-ны қолданысқа енгізді. Бүгінде айтарлықтай нәтиже бермесе де бұл бағыттағы ізденіске жол ашқан болатын. Инженерлік, архитектуралық және технологиялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру арқылы көліктегі өлім мен ауыр жарақаттарды азайту негізгі меже саналады.

– Жүйе ұсынатын инженерлік, архитектуралық және технологиялық шешімдер көліктегі жол апаты мен жарақаттарды азайтуға көмегі көп. Vision Zero-ның жол қауіпсіздігін ұйымдастырудың әдеттегі тәсілінен басты айырмашылығы мәселелерді шешуде пәнаралық тәсілді алға тартады. Мысалы, дәстүрлі тәсілде негізінен көлік инженерлері мен жол полициясы ұсынған шаралар ескерілсе, Vision Zero жоғарыда аталған мамандардың ғана емес, денсаулық сақтау мамандарының, саясаткерлердің және басқа да мүдделі тұлғалардың пікірлерін топтастырады, – деді транспорт инженері Мақсұт Өтембердиев.

Түсінгеніміз, Vision Zero – жолды жобалаудың жаңа әдісі. Мұнда сала мамандары ғана емес, жанама қатысы бар бағыттағы сарапшылар пікірімен де санасады. Жүйенің қауіпсіздікке қатысты бірнеше ережесін мысалға алайық.

Vision Zero жолаушы жолағынан кемі алты метр қашыққа стоп-сызық белгілеу, қаладағы барлық қиылысқа бағдаршам орнату, жаяу жүргінші өткелдерін көбейту секілді ереже ұсынады. Сондай-ақ көлік ағынынан қоршап тұратын өткел жай сызық күйінде емес, қоршау күйінде жасалуы керек деген талап та жүйе шешіміне кіреді. Демек жол-көлік қозғалысын барынша қауіпсіз қылу үшін Vision Zero-ны жетілдіріп, қолданысқа енгізу маңызды.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<