Ақмойнақтың ашуы

321

0

Ауылға жаңадан келген колхоз төрағасы Сайынның Дәмешке көз салып қырын­дағанына көп болған. Аудан­дағы жиын-жиналысқа қасы­нан қалдырмай алып жүруді әдетке айналдырған. Диқан келіншек звено жетекшісі, соңғы бірер жыл бойы өзіне бекітілген бидайдан жоғары өнім алып жүр. Осы жағын ескерген Сайынның ішкі есебінде көп құпия сыр жатқанын жұртшылық әртүрлі әңгімеге жорушы еді. «Колхоз бастық Дәмешті бір үй етіп қоймақшы. Қолын қақпауға шықты. Авансқа деп пұл, көмек деп ұн, майды жиі бергізеді, жиын-жиналысқа барғанда қасынан қалдырмайтын болды» деушілердің әңгімесі желдей есті. Мұны елейтін Сайын жоқ.

Дәмеш соғыс басталар жылы Жарылқапқа қосылған еді. Отау құрғандарына ай болмай жатып, ері әскерге аттанып кетті. Биыл бесінші жыл. Жарылқаптан былтыр «қара қағаз» келген. Мұның бәрін колхоз бастық жұрттан біліп алған. Дәмеш жесір. Биыл отызға шығады. Құлын денесінде бір мін жоқ. Қою шашы иығына төгіліп тұр. Ботаның көзіндей сүп-сүйкімді бет әлпетіне Сайын өлердей ғашық. Күйіп-жанып талай сыр ағытқан, буынына түскен.

– Бүгін кешке үйіңе соғармын, Дәмеш. Жақсылап шай әзірле. Сырласайық, – деп Сайын ағынан жарылды. – Есік алдындағы Ақмойнағың үйге кіргізбей жүрмесін. Байлап қой.

Дәмеш үнсіз ғана сыпайылық танытты. Бастық кет әрі емесін сезді.

Сайын жаяулатып келеді. Ешкім сезбесе екен дейді. Түн мезгілінде былғары плащ киіп алған колхоз бастық есік қақты. Байлаулы Ақмойнақ шынжырды үзердей жұлқынып, шаңды бұрқыратып тұр.

– Кет әрі! – деді Сайын қатқыл үнмен.

– Жат, жағың қарысқыр! – деді Дәмеш.

Ақмойнақ одан сайын өр­шеленді. Шынжыр үзілсе был­ға­ры плащтың тоз-тозын шы­ға­рар екпін бар. Дә­мешке де ызалы ма, қалай?!

– Осы ит бүгін күн бойы дамылсыз үрумен, үй маңайын иіскеумен болды. Бей­таныстың күні бұрын келетінін білетін пәле өзі, – деп Дәмеш сылқ-сылқ күлді.

Сайын үйге кірді, есік ілінді. Дас­тарқан жаюлы, шай бастықтың терін бұрқыратты. Көп сырласты. Түннің біраз уақыты болды. Итте бағанағы дыбыс жоқ, шаршаған болар.

– Жақсы, Дәмеш! Кездес­кенше күн жақсы болғай.

– Жақсы, Сайын! – деп Дәмеш нұрланған жүзімен бастықтың қолтығынан демеді.

Кенет терезе сатыр-сұтыр етті. Ақмойнақ шынжырын үзіп төргі бөлмедегі Сайынның жағасынан ала кетті. Терезе сынығынан үсті-басы қан болған иттің ызасы қайтар емес. Келіншек ішкі бөлмеден оқтау ала шығып ұрды. Ит қатты таяқтан белі бүктетіле терезеден шықты. Далада әлі ырылдап тұр. Аузында Сайынның былғары  плащінің   жыртылған  жаға­сын тістеп алған, көзі қып-қызыл.

Дәмеш сыртқа шығып, Ақмой­наққа оқтауды құ­лаштай лақтырды. Сайын мазасыз күйге түсті. Жағасы жұлынған плащті қолтығына қысып, үйіне жеткенше асықты. Киімді қорадағы машинаға лақтырды. Зайыбы сұрап еді, «ыстықтадым, машинада» деп жауап қатты.

Содан Сайын бірер апта жұмысқа шықпай қалды. Бет-аузы жара. «Колхоз бастық итке таланыпты, плащінің былғары жағасын жұлған ит кімдікі болды екен?» деген өсек ел ішінде гу-гу етті. Көп ұзамай есеп беретін сайлауға қатыспағаны үшін орнынан босап, басқа бір азамат төраға болып сайланды.

Күшік кезінен сүйікті жары Жарылқап асыраған Ақмойнақ жоғалды. Дәмеш ауыл үйді кезіп шықты. Жәңгір атаның үйген шөмелесі бар болатын. Жол-жөнекей жүргіншілер қарауытқан бір нәрсені көріп қалып, үстіне шықса керек. Сөйтсе аузына былғары плащтің жыртылған жағасын тістеген өлі ит жатыр.

– Ой, мынау Дәмештің Ақмойнағы ғой!

– Иә, жыртылған былғары плащтің жағасы кімдікі екен?

– Ауылда жалғыз ғана былғары плащ Сайында бар еді. Ой, мына жаға колхоз бастық Сайынның жағасы, – деді екінші біреу.

– Иә, бастықтың жағасы. Былғары жаға колхоз бастықта ғана емес пе? Дәмешке хабар жетті. «Ақмойнағың шөмеле үстінде өліп жатыр»

Әңгіме рас бо­лып шықты. Жа­­зықсыз таяқ­қа жығылған Ақ­мой­­­нақ ызаланып өлгенін кім білсін. Дәмеш өксігін баса алмай, итті бір жиденің түбіне көмді. Құданың құдіреті аузындағы был­ғары плащтің жағасын жұлып алу мүмкін болмады, тісімен жабысып қатып қалғанын көріп, Дәмеш аң-таң күйге түсті. Мұны ешкім естімесін деп үйде жатып алды.

Ел ішінде гу-гу әңгіме өрбіді. «Дәмештің иті былғары плащтің жағасын тістеп өліпті».

О, Құдірет, бұған қалай таңыр­қамассың?!

Қайырбек Мырзахметұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз