Этнодизайнер: Кәсібімді 3 қамзолдан бастадым

434

0

Жеңіл өнеркәсіп саласы, оның ішінде киім өндірісі тұралап қалғаны туралы жиі айтылады. Шын мәнінде, бізде бұл салада істің көзін тауып жүргендер жоқ емес. Жоқтан бар жасап, отандық бренд қалыптастыруға күш салып жүргендердің қатары көбейе бастады. Соның бірі – «Aiman Abdi» брендін қалыптастырып жүрген Айман Сүйінтаева. Соңғы кезде ұлттық киім үлгілерін жасап, ел ықыласына бөленіп жүрген этнодизайнердің өнімдері қазіргі уақытта республика бойынша сұранысқа ие…

«Бір ғана тігін машинасымен бастадық»

«Aiman Abdi Qazaqbrand» бренді 2019 жылды заманауи, қазақи нақыштағы балаларға киім үлгілерін тігіп, халыққа ұсына бастады. Айман Сүйінтаева кәсібін бар жоғы 3 қамзолдан бастаған.

Қазір 300-350 астам киім үлгілерін ұсына аламыз. Әр қазақтың жүрегінде өз ұлтының салт-дәстүріне, мәдениеті мен әдет-ғұрыпына деген махаббаты мен сыйластығы ерекше. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміз. Сол мәдениетімізді дәріптеуді тігін шеберханамызда 2019 жылы бір ғана тігін машинасымен бастағанбыз, – дейді дизайнер.

Өкінішке қарай, 2020 жылы пандемия басталып, шағын бизнес шектеулер жағдайында қиындықпен бетпе-бет келді. Соған қарамастан жаңа мүмкіндіктерді қарастырды. Пандемия кезінде онлайн уақытты тиімді пайдаланып, дизайнерлік оқу курстарында білімін шыңдады. 2020 жылы алғаш рет «Дүние кілті сұлулықта» іскер әйелдер басқосуы кезінде дефиле көрсетіп, ұлттық қамзолдарын жұртшылыққа паш еткен. Сол уақыттан бері көптеген сән көрсетіліміне қатысып, қазақтың ұлттық киімдерін халыққа дәріптеуде.

Тұтынушы болса, тігінші де табылады

Жалпы, қазақтың ұлттық киiмi кім-кімге де жарасады. Ғасырлар бойы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен бiте қайнасқан, талай мәрте сұрыпталып, талқыдан өтiп, тұрмысымызға енген ұлттық киiмдер қазақтың кейпін жарқыратып ашып, тал бойына жараса кетедi.

Қазір ұлттық киiмдер жеке тапсырыспен iсмер жандардың дайындайтын бұйымына айналды. Қарап отырсақ, той-думанда, ұлттың мереке мен кештерде, мәдени-көпшілік шараларда, көп жерде ұлттық нақышта тігілген киім салтанатты рәсімнің бір бөлшегі деуге болады. Бұл қуанарлық жағдай. Тұтынушы табылса, кез келген ұлттық киімді тігетін тігінші де болады. Бәрі де халықтың сұранысы мен ниетіне байланысты. Дейтұрғанмен, бұл өте қиын іс. Кәсіби тігінші қазақ киімінің көптеген қыр-сырын білуі, ою-өрнек пен ұлттық кестені түсінуі керек, – дейді Айман Сүйінтаева.

Бүгінде кәсіпкер жоғары сапалы эксклюзивті ұлттық киімдер, шығармашылық топтардың қойылымдарына арналған костюмдер, заманауи стильдегі ерлер, әйелдер және балаларға арнап әртүрлі киімдер, сондай-ақ этникалық стильде бомберлер тігеді.

Бомбер – велюр матадан тігіліп, жібекпен астарланған әйелдер мен ерлерге арналған сырт киім. Қазақи нақыштағы, той-томалақта киiп қоймай, күнделікті өмірде сұранысқа ие болатын бомберлерді халық жақсы қабылдады. Тіпті, 2021 жылы 3 дүркін әлем чемпионы Илья Ильинге бомберiмiздi сыйға тартқан едік, – дейді дизайнер.

Кәсіп ашсаң, қолдау бар

Айман – 2022 жылдан бері Қызылорда қаласы бойынша «Қазақстан іскер әйелдер қауымының» мүшесі. Кәсіпкер өткен жыл өзінің бренді үшін өте сәтті жыл болғанын айтады.

2022 жылы заманауи технологиялармен жабдықталған тігін машиналар алдық. Жоғары сападағы мата фурнитуралардан тігіліп шыққан дүние халықтың көңілінен шықты. 2019 жылы 30-40 киім үлгісі сатылса 2022 жылы көрсеткіш 7 есе өсті. Жұмысшылар саны да көбейіп, СММ маманы, сатушы-консультанттармен толықты, – дейді ол.

Айман Сүйінтаева былтыр Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында субсидиялар мен кепілдіктерді пайдалана отырып, бизнес үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға «Даму» Қорының қолдауымен «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы несие алған. Қор қолдауының арқасында несиенің жылдық мөлшерлемесі 6%-ті құрады.

Кәсіпкер қазіргі кезде кәсіп ашып, шағын бизнесмен атану аса бір қиын шаруа емес екенін айтады. Кәсіп көзін тауып, еңбек еткісі келетіндерді банктер, түрлі қаржы институттары қолдауға дайын.

Мемлекеттен кәсіпкерлерге берілетін көмек те жоқ емес. Ең бастысы – талпыныс, еңбек пен табандылық керек. Былтыр «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы төмендетілген пайызбен несие алып, техникалық базамызды жақсарттық. Енді оны одан әрі табысты жүргізуге қазіргі интернет желісінің де мүмкіндіктерін мол пайдаланып отырмын. Инстаграм желісіндегі парақшамда 100 мыңнан астам оқырманымыз бар. Брендіміздің барлық жаңалығымен парақшада таныстырып отырамын. «Aiman Abdi Qazaqbrand» дамуы мен көркеюіне көмек беріп демеу болған ЦентрКредит Банкіне және Даму қорына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Айман Сүйінтаева.

Мақсат – қазақ ұлттық киімдерін дәріптеу

Бүгінде «Aiman Abdi Qazaqbrand» өнімі түрлі сән конкурстарында бой көрсетіп, әрдайым жаңа коллекциялар мен ерекше қолөнер бұйымдарымен халықты қуанттып отырады. Айталық, Айман Сүйінтаева өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме байқауының облыстық кезеңінде «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында жеңіске жетіп, байқаудың республикалық кезеңіне Сыр елінің атынан қатысып келді.

Сондай-ақ, Алматы қаласында өткен «Summer fashion Boom» сәнкөрсетілімі, «Даму» Қорыұйымдастыруыменөткен «Ұлттық өнім» көрмесінде де дизайнердің қолынан шыққан жұмыстар жоғары бағасын алды.

Айман есеп және аудит мамандығы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірген. Мамандығы басқа болса да өнерге жақын кәсіпкердің бүгінде арманы орындалып, жетістікке жетіп отырғаны – өзінің таланты мен шынайы еңбегінің нәтижесі.

«Aiman Abdi Qazaqbrand» жобасының ең басты ұстанымы – қазақ ұлттық киімдерін дәріптеу. Сол қағида бойынша қазіргі заман талабына сай өз жұртымызды қазақи нақышта киіндіріп, бала кезден өз ұлтының киіміне деген сүйіспеншілігін нығайту – «Aiman Abdi Qazaqbrand-тің» ең басты миссияның бірі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<