Колледж ғимараты күрделі жөндеуден өтуде

751

0

Жаңақорған аграрлық-тех­ника­лық колледжі қаншама жылдан бері ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлап келеді. Оқу ғимаратының пайдалануға берілгеніне алпыс жылға жуық­тады. Осы уақыт аралығында оған ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған.

Енді жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуден өткізіліп, шәкірттерін қабылдайды. Бұл игілікті іс елімізде жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы ая­сында қолға алынған. Бас мердігер «Нұр-талап және К» жа­уапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі құны 500 млн теңге тұратын күрделі жөндеу жұ­мыстарын мамыр айынан бас­тап қолға алған еді. Тамызда қолға алған істі толықтай орындап шығуға бар күшін салып жатыр.

Бүгінде колледжде 500-ден астам студент білім алады. Оқу орнында барлығы 189 адам қызмет атқарады. Олардың 84-ін педагог мамандар құрайды. Барлығы 14 мамандықта 32 біліктілік бойынша тәлім береміз. Ғимарат ескілігіне байланысты кейбір талаптар бо­йынша мүмкіндігіміз шектеулі еді. Енді жаңғыртылған білім ордасында жастар сапалы білімге қол жеткізеді.

Қазір бұрынғы сылақтар тазартылып, қайта жаңғыртылуда. Құрылыс барысында барлығы 126 адам еңбекке тарту жос­парланған. Оның тең жарымына жуығы жергілікті жұ­­мыспен қамту орталығы ар­қылы келеді. Жоба бойынша колледж­дің сыртқы ғи­мараты да жөндеуден өткізіледі. Ол металл-сайдингпен қапталады деп жоспарланған.

Осылайша атаулы бағдар­лама тарихы терең арнаулы оқу орнының тыныс-тір­шілігіне ерекше серпін беріп, материалдық-техникалық базасының жақ­саруы­на үлкен септігін тигізеді.

Жомарт ШӘУЕНОВ,

Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<