ҚАНАЗДЫҚ

1259

0

Қаназдық (анемия) – қан құрамындағы эритроцит деп аталатын қызыл қан түйіршіктерінің азайып кетуі кезінде пайда болатын ауру. Оның пайда болуының түрлі себептері бар. Ол көбінесе басқа аурулармен қосарланып келеді немесе сол аурулардың симптомы (белгісі) болып табылады. Қаназдықтың диагнозы қан талдауының нәтижесінде ғана белгілі болады. Ал себептерін білу үшін бірнеше рет қосымша анализ тапсыру керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының критерийі бойынша қаназдық көрсеткіші 40% деңгейден асып кетсе, елдегі жағдай аса қауіпті деген сөз. Қазақстанда шамамен 6,5 миллионға жуық адам (41%) қаназдық ауруымен ауырады екен. Әсіресе, бүгінде бала туатын жастағы қыз-келіншектердің 45%-ы, жүкті келіншектердің 80%-ы аталмыш кеселге шалдыққан.

Мамандардың пiкiрiнше, ауру негiзiнен құрамы үйлесiмсiз  және микроэлементтерi аз тағамдарды тұтыну салдарынан болып отыр.

Терi мен шырышты қабықтардың қуқыл  тартып бозаруы, ал қан азаю деңгейi күрт төмендеп кеткенде талып қалу, демiгу пайда болуы мүмкiн. Қабақ үстi терiсiнiң өңi кетiп бозарады. Тiс қызыл етi қаны қашып ағарады. Тырнақ ағарып кетедi. Науқас тез әлсiреп, шаршағыш келедi.

Қан көп кеткенде немесе аз-аздап, бiрақ жиi-жиi аға берген жағдайда, жарақаттанғанда, мұрыннан, асқазаннан, жатырдан, тiк iшектен қан кеткенде, сондай-ақ дұрыс тамақтанбағанда темiр құрамының аздығы, тағамда дәрумендердiң жетiспеуiнен болады. Ағза әлсiрететiн созылмалы сырқатқа шалдыққанда құрт ауруы, iш ауруы және тағы басқа аурулармен ауырғанда, уланғанда (саңырауқұлақтан, кейбiр дәрiлерден) қан аздық болады.

Ауыр түрi болса аяқ iсiнiп, жүрек соғысы жиiлейдi, топырақ, бор жеуге әуестенедi. Қан аздық тұқым қуалауы да мүмкiн. Сидоропеникалық синдром тәбеттің төмендеуі, белгілі бір тамаққа қалыптан тыс әуес болушылық түрінде көрінеді (мәселен, бор, балшық, құрғақ макарон жеуге, т.б). Циркуляторлық – гипоксиялық синдромның белгілері – бас айналу, талып қалу, есте сақтау қабілетінің төмендеуі. Қан аздықпен ауырған адамның қаны сұйылып кетедi. Бұл аурудың сипаты — адам денесi қан деңгейiн қалыпқа түсiрiп үлгергенше, қанның азайып немесе жойыла бастауымен байланысты айқындалады

Күнделiктi тамақ құрамында темiр тектес заттардың болмауы да ауруды ушықтыра түседi. Емделу және сақтану шаралары: Құрамы темiрге бай тағамдармен тамақтану қажет. Әдетте, ет, балық және тауық етi құрамында темiр мөлшерi көп. Көкбұршақ, асбұршақ, жасымық (чечевица), көкөнiстерінде де темiр бар. Сондай-ақ, тағамды шойын ыдыстарға пiсiргеннiң де пайдасы зор. Денеге темiрдi сiңiрiп қабылдауы үшiн негiзгi тағамға қоса көкөнiс пен жемiс-жидек жеген дұрыс. Қан аздықтың қалыпты және ауыр түрiмен ауырғанда темiр қоспалы дәрi-дәрмектер қабылдау қажет. Мәселен, темiр сульфатты дәрiлер. Мұны, әсiресе, қан аздықпен зардап шегетiн жүктi әйелдер iшуi керек.

Қан аздық ауруынан емделуге болады. Ол үшiн ауру адамға қан құяды, қажеттi дәрi-дәрмек бередi. Дұрыс тамақтану мен ұйықтау мерзiмдерiн сақтау, таза ауада көбiрек демалған дұрыс.Ауру белгiлерi байқалысымен оны анықтау және тиiсiнше ем қабылдау үшiн дереу дәрiгерге қаралу керек.Қан аздығына шалдығудың алдын алу үшiн қансыраудың нелiктен болатынын анықтап алып, дәруменге бай тамақ iшудiң, режимдi дұрыс сақтаудың, дене шынықтырумен, спортпен шұғылданудың, демалысты жақсы ұйымдастырудың маңызы зор.

Искакова Ляззат Ибрагимқызы

Көпбейінді қалалық аурухана,

мейірбике

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<