Жомарт жерге дән түсті

336

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, биылғы алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ерәлиев,  Имамзада Шағыртаев келді.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерімен бірге егін алқабына дән сеуіп, ел қамбасының астыққа толуына, шаруа еңбегінің нәтижелі болуына тілектестік білдірді. Әрі қарай ауыл шаруашылығы техникаларының, тыңайтқыштар мен су үнемдеу технологияларының көрмесімен танысты.

Дән себу рәсімі Н.Ілиясов ауылының егін алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты.

Айта кетейік, биыл өңірде 187,5 мың гектарға егін, оның ішінде 78,3 мың гектарға күріш егу жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егін көлемі 5,8 мың гектарға, ал күріш көлемі 10,8 мың гектарға тұрақтандырылып, суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін арттыру көзделуде.

Аймақта көктемгі дала жұмыстары агротехникалық талаптарға сай мерзімінде жүргізілуде. Қазір 32,2 мың гектар жерге ерте егілетін дақылдар орналастырылды. Кей шаруашылықтар күріш егу мен суға бастыруға 15 сәуірден ішінара кіріскен, енді науқан жаппай басталды.

Қажетті тұқым қоры толық, 63,6 мың тонна тыңайтқыштың 59,7 мың тоннасы әкелінген, қалғаны қажеттілікке сәйкес алынуда.

Сондай-ақ 3799 ауыл шаруашылығы техникасы толығымен жөндеуден өткізіліп, егін егуге қатысуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 12,9 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Шаруашылықтарға егін егуге 26,7 млрд теңге керек болса, бүгінгі күнге 25,6 млрд теңгесі қарастырылды.

Күріштік көлеміне нақтылық қажет

«Дала күні» семинар-кеңесіне ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев арнайы келіп қатысты. Семинар-кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер, шаруа қожалығы иелерінің ұсыныс-пікірлері талқыланды.

– Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі саласының бірі. Күріш – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін алдағы 5 жылда екі есе арттыру жөнінде тапсырма берді. Биыл Үкімет мақұлдаған егілетін егін көлемі – 187 мың гектар. Жыл басында Су ресурстары және ирригация министрлігі күріш көлемін едәуір азайту жөнінде ұсыныс берді. Мұның алдында 2022 жылы 64 мың гектарға дейін қысқарту жөнінде шешім қабылданған. Диқандардың жағдайын ескеріп, Мемлекет басшысына тиісті ұсыныстармен шыққан болатынбыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Қиындықтарға қарамастан күріш көлемін 78 мың 600 гектар етіп сақтап қалуға мүмкіндік жасалды, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі биыл егінді сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтуі болжанғанын айтып, күрішті белгіленген көлемнен асырмай егу керектігін ескертті.

Цифрлық қолданысқа алғашқы қадам

Семинар-кеңесте Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен өңірдің ауыл шаруашылығы саласына робототехниканы енгізу, кадр даярлау, сервистік қызмет көрсету орталығын ашу жөнінде меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі шаруа қожалықтарындағы жұмысты озық технологиялар көмегімен жеңілдетуге мүмкіндік мол екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін атап өтті. Бүгінгі су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу және егінді әртараптандыру өте маңызды. Сондықтан күріш егісінің көлемін тұрақтандырып, атыздарды лазермен тегістеуіміз қажет. Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдеуге, өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, өндіріске жаңа технологияларды, оның ішінде дрон қондырғыларын кеңінен пайдалануда. Егінге тыңайтқыштар мен пестицидтер беруде дрон пайдалану экономикалық тұрғыда тиімді. Сондықтан біздің аймақта да осы тәжірибені енгізуді қолға алу қажет, – деді аймақ басшысы.

Семинар-кеңесте Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай және «Сұңқар Эвижен Интернейшнл ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азат Бетекбаев өзара әріптестік орнатуды көздейтін құжатқа қол қойды. Аталған меморандум – ауыл шаруашылығын цифрландырудағы алғашқы қадам.

Ынталы отбасыларға егіндік жер беріледі

Кейінгі жылдары аймақта жергілікті тұрғындар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз етуі үшін егіндік жер дайындалып, үлестіріліп келді. Сәтті іске асқан жоба биыл да жалғасын таппақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Дала күні» семинар-кеңесінде айтты.

– 2022 жылы егін егуге ынталы отбасыларға 1,8 мың гектар жер берілді. Облыс тұрғындары бұл бастамаға аса жоғары қызығушылық танытып, сұраныс артты. Өткен жылы да 5500 отбасыға ауылдардан 3300 гектар жер дайындалды. Бұл қадам әр үйдің өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету, отбасы бюджетін еселеу мүмкіндігін арттырды. Қажет болса, тұрғындарға арнайы техникалармен атыздарды тазалауға, жеке көкөніс сақтау қоймасын қазуға қолдан келгенше көмектесу қажет. Үлескерлердің жерін пайдаланатын шаруашылықтар да бұл жұмыстарға ынталы болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Бұл ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдеріне жер дайындауға баса мән беріп, жұмысты  ұтымды ұйымдастыруды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<