Салауаттылық салтқа айналса

606

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Әкімдердің жұмысы балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттай алғанына қарап бағаланатынын баса айтқан.

Осыған орай, Мемлекет басшысының «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беріп, барлық жағдайды жасау керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деген ұстанымын толық қолдаймын.

Мен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «Ағаш өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша 2013 жылы бітіріп шыққанмын. Кейін біршама уақыт, кәсіптік-техникалық колледжде «Арнайы технология», оның ішінде «Ағаш бұйымдарын жасау» пәнінен дәріс бердім. 2018 жылы қосымша «Болашақ» университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетін тәмамдадым. Бүгінде жаңа ашылған №282 мектеп-лицейде осы пән бойынша 5-8 сынып оқушыларына сабақ жүргізіп келемін.

Жастайымнан түрлі спорт ойындарына әуес болдым. Волейбол, футбол және баскетболға қызығушылығым басым еді. Ойын техникаларын түсіндіріп, әдістерін ұғындырған мектептегі алғашқы ұстазым Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ардақ Алмағамбетов болатын. Ол бар білгенін жаттығуларда, тәжірибе жүзінде, тікелей көрсетіп жүріп үйретті.

Өздеріңізге белгілі, қашықтан оқыту жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертті әрі тиімсіздігін көрсетті. Әсіресе, дене шынықтыру сабағын онлайн платформада өткізу тіпті қиынға соқты. Сондықтан, балалардың сапалы білім алуы үшін дәстүрлі тәсілге қайта көшудің, олардың әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдерімен және сыныптастарымен араласуының орны бөлек деп есептеймін. 

Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі ұстаздардың жалақысын көтеру жыл санап шешімін тауып келеді. Педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант саны да едәуір артты. Осы орайда, дене шынықтыру және спорт факультеттеріне де тегін оқуға түсуге гранттар көбірек бөлінсе, сондай-ақ  дарынды спортшы оқушылар мен олардың бапкерлеріне қаржылай қолдау  көрсетілсе деген ұсынысымды жеткізгім келеді.  

– Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, – деген Президент сөзі, әрине, көңілге қуаныш ұялатады.

Біз соған лайықты еңбек етіп, артылған сенімді толық ақтап шығуымыз керек.

 Асқар ЕРАЛИЕВ,

№282 мектеп-лицейдің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<