«Сыр саңлақтары» сериясының алғашқы кітабы

1225

0

Жаңа жылдың алдында ғалым-тарихшы, өлкетанушы, қоғамтанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, өңірдің руханият саласында өзіндік орны бар Нұрлыбек Мыңжастың «Сыр саңлақтары» сериясы аясында жарық көрген «Алғашқы» атты кітабы қолыма тиді. Аталған серияның ұстанымы  қазір арамызда жүрген, облысымыздың дамуына өзіндік елеулі үлесін қосып келе жатқан тұғырлы тұлғалардың өмір және еңбек жолын насихаттау десек, оның бірінші шығарылымы мұнай өндірісінің майталманы Ғалым Дүйсенбайұлы Баймановқа арналуы да заңды.

Автордың баяндауындағы аймақтағы мұнай-газ саласының тарихнамасы, оның қалыптасып, дамуына қатысты бір ізге түсірілген деректер мен дәйектердің құндылығы өте зор. Осынау стратегиялық саланы іргелендіру және ауқымын кеңейту жұмыстарының басы-қасында жүрген кейіпкердің портретін жасап, сөзбен жазылған туындыны сарабдал ой-толғамдары арқылы шеберлікпен әдіптеген. Бұны автордың негізгі жүлгені дөп басатын сезімталдық қырын, шығармашылық қарым-қабілетін айқындайтын биіктік өлшемі десек қателеспейміз.

Кезінде өңір экономикасын өркендеткен саланың аяққа тұруы мен кейінгі тыныс-тіршілігіне тікелей куәгер болған әріптес-замандастарының және Ғ.Баймановтың естеліктері, пікірлері, мақалалары мен сұхбаттарының да портреттің бояуын қанықтыра түскенін айту ләзім. Көлемі 200 беттей кітапты қызыға, тұшынып оқып шығуға осылайша жеңіл жол ашылған.

Кейіпкердің өмір және еңбек жолындағы өткен күндер оқиғаларының бүгінмен сабақтастыра баяндалуы да ұтымды тәсіл. Өткенсіз бүгін жоқ десек, біз білетін кейіпкердің тұлғасы тақыр жерде пайда болмағаны хақ. Тамырын тереңнен тартқан тектілік, өскен және оқыған ортасы, таңдаған кәсібі оның қалыптасуының баспалдақтары ғана емес, асқаралы белестерді сәтті бағындыруының біртұтас кепілі екенін уақыт көрсетті. Тағдырының сыйына айналған мұнай өндірісінде өсті, өнді, қоғамға белгілі болды.

Кейіпкерді жетістікке жетелеген осы тақілеттес факторларды анықтауға автордың көп тер төккені менмұндалап тұр. Өте ашық, әсерлі айтылған дүниеде оның күш-жігері, үйренуге деген ұмтылысы, өзін-өзі тәрбиелеуі, басқаларды ынталандыруы және тиімді қарым-қатынас жасауы, т.б. адами сипаттары жан-жақты суреттелген. Кейіпкердің өміршең өнегесі мен тағылымды тәжірибесін зерделеген жас буын өзінің не істеп жатқанын, өмірін қалай өткізетінін және онда не маңызды екенін ойлайтыны біз үшін күмәнсіз.

Тағы бір ерекшелігі – «Сыр саңлақтары» сериясының бұрын-соңды кездеспегені болса, соған сай тақырыпқа таңдалған атаудың кейіпкердің ғұмыр кешіп жатқан ортасымен үндесуі. Автордың туған жер тағдыры, ел болашағы туралы тұжырымдарын Торғай иіні, «Құмкөл» кеніші, «Қызылқұм», өңір экономикасына қомақты үлес қосып келген мұнайшыларды тілге тиек ету арқылы жеткізген ерекше еңбегін атап айтуға тиіспіз.

Жоғарыда атап өтілген жайттарды басшылыққа ала отыра, өңірдегі мұнай саласының даму тарихына қысқаша хронологиялық шолу жасау артық болмайды деп санаймын.

1927 жылы ел астанасы Қызылордада Қазақстанның алғашқы геологиялық органы ҚазАКСР Үкіметі жанындағы КСРО Геология комитетінің өкілдігі ашылады. КСРО ҒА академигі И.Губкин Аралдың теріскей-шығысындағы Оңтүстік Торғай иінінде мұнай болу мүмкіндігін болжаған (1928 ж.) тұңғыш ғалым. Өткен ғасырдың ортасынан бастап Сырдарияның төменгі жағындағы оңжағалық жерлерге бұрғылау жұмыстары жүргізіле бастайды. Арал аймағын кең көлемде зерттеу үшін Қазақстанда 1979 жылы екі барлаушы топ құрылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде табылған мұнайдың басым бөлігі Торғай даласында орналасқандықтан, аймақ  Оңтүстік Торғай иіні деген атауға ие болады. «Южказгеология» және «Казгеофизика» өндірістік геологиялық бірлестіктері, ҚазКСР ҒА Геология және мұнай институты Оңтүстік Торғай ойпатындағы кешенді геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын жасайды (1982 ж.).

Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясы 1983 жылы «Құмкөлде» алғашқы терең ұңғыманы бұрғылауды бастап, келесі жылдың қысында алғашқы мұнай бұрқағын шапшытады.

КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің «Қазақ КСР-індегі «Құмкөл» кен орнын игеруге және пайдалануға беруге дайындық жұмыстарын ұйымдастыру туралы» 1985 жылғы 6 маусымда шыққан бұйрығы негізінде «КазНИПИнефть» және «Южгипронефтепровод» институттары «Тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезінде «Құмкөл» кен орнын орналастыру» жобасын әзірлеуді қолға алады.

Қазақстан КП ОК және Үкіметінің 1985 жылғы 1 қазандағы қаулысымен «Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік дамуын тездету шаралары» қабылданып, өңірде мұнай өндірісін дамытуға серпін беріледі.

1986 жылдың 1 шілдесі «Құмкөлдің» өнеркәсіптік игерілуінің бастауы саналады. Бұл – «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінде Сыр өңіріндегі кен орнын игеруге жауапты «Құмкөл» күрделі құрылыс басқармасы құрылған күн (тұңғыш басшысы М.Саламатов).

Кен орнын игеруге дайындық мәселелері 1986 жылғы 17 желтоқсанда Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің төрағалығымен өткен жиналыста қаралады. Келесі жылдың маусым айында бірінші мұнай қондырғысы көтеріледі.

«Қазақ КСР-дағы «Құмкөл» мұнай кенішін жеделдетіп игеру туралы» бұйрығы шығады (23.07.1987 ж.). Қызылордада 1987 жылдың 24 желтоқсанында «Құмкөлмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасы құрылады.

1990 жылдың 9 мамыры – «Құмкөлдің» алғашқы мұнайы Шымкент мұнай өңдеу зауытына тасымалдана бастаған күн. Бұл үдеріс «Құмкөл-Қарақайың» құбырымен «Омск-Павлодар-Шымкент» мұнай құбыры арқылы жүзеге асты.

«Құмкөлмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасы 1991 жылғы 21 наурызда «Оңтүстікқазмұнай» ӨБ болып қайта құрылады. Осы жылы маусым айында алғашқы миллион тонна мұнай өндірілсе, бұл көрсеткіш 1996 жылы 10 миллионға жеткізілді.

Кітаптың кейіпкері Ғалым Байманов – өңірдегі мұнай және газ өндіру саласын дамытуға елеулі үлес қосқан талантты ұйымдастырушы, бірегей ғалым, қабырғалы қайраткер.

Ол «Құмкөл» кенішін игеру жұмыстарының басталуына байланысты 1988 жылы наурызда «Маңғышлақмұнай» ӨБ-ның «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына алғашқылардың (М.Саламатов, Е.Бергенбаев, т.б.) қатарында жұмысқа ауысып, «Құмкөл терең бұрғылау» экспедициясының бұрғылау шеберінен басталған еңбек жолында «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-ның вице-президенті (1995ж.) лауазымына көтеріліп, 2016-2022 жылдары «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2022-2023 жылдары «Джепетто» (ҚХР) компаниясы бас директорының орынбасары, «КазДобМунай» ЖШС бас директоры лауазымдарын абыроймен атқарды. Қандай қызметте де ел мүддесін ту еткен азамат қазіргі күні «Кежуй мұнайгаз жабдықтары» ААҚ Қазақстандағы филиалы бас директорының кеңесшісі.

Әр жылдары Қызылорда облысының аумағында тереңдігі 3500 метрлік ең бірінші «Оңтүстік Ақшабұлақ» ұңғымасын бұрғылауға, кейін «Блиновский», «Ащысай» кеніштеріндегі жұмыстарға атсалысты. Баймановтың басқаруымен «Құмкөл-Арысқұм-Жосалы» жоғары қысымдағы құбырды пайдалану, «Қызылқия», «Арысқұм», «Құмкөл», «Майбұлақ» кеніштеріндегі газды пайдалану жобалары іске асты. 2009 жылдан бастап жаңадан ашылған «Батыс Тұзкөл», «Тұзкөл», «Кетеқазған» мұнай-газ кеніштерінің үйлестіру және іске қосу жұмыстарына басшылық жасап, «Көлжан» ЖШС директоры орынбасарының міндетін қоса атқарды. «Өзен» кен орнын қайта жандандыру жобасын, Оңтүстік Торғай ойпатындағы жаңа кен орындарын ашып, күрделі жобаларды басқару және іске қосу барысында шет ел мамандарымен қоса үлкен ұжымдарға жетекшілік жасап, жас инженерлерді Батыс стандарттарына үйретіп, елімізде мұнай-газ саласын дамытуға өзінің ерен еңбегін сіңірді. Қорқыт ата университетінің мұнай мамандықтарының оқу-зертханалық, материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға қосқан үлесі ерекше. Бүгінде университеттің құрметті профессоры ретінде мұнай-газ саласы кадрларын даярлау сапасын арттыру ісіне белсенді араласып келеді.

Мемлекет және қоғам алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» және «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгілерімен, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ республика бойынша «2015 жылдың үздік инженері», Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты.

Аптал азаматтың болмысында ұлт перзенттеріне тән қадір-қасиет пен сыр-сипаттың бәрі бар. Өзінен кейінгілерге салмақты ой, салиқалы сөзімен жөн сілтеп, көпшілікпен ағайындай араласуы да – өмір өнегесі. Еліміздің мәдениеті мен руханиятына, білімі мен ғылымына жанашырлығы да зиялы қауымға жақсы танымал.

Өңірдегі мұнай-газ саласын игерудің бастауында тұрғандардың бірі Ғалым Дүйсенбайұлының өмiрi мен еңбек жолын жан-жақты қамтып көрсеткен бұл кітап – руханиятқа олжа салған, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтiн құнды еңбек. Автордың қаламгерлік қарымының, табиғи дарынының, ой-орамының жемісі іспеттес жанрлық-хронологиялық жинақтың оқырман көзайымына айналары сөзсіз.

Қали ОМАРОВ,

публицист-жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<