Бір донор үш адамның өмірін арашалайды

4

0

Қала тұрғыны Айгүл Алпысбаева көп жылдан бері архив саласында қызмет атқарады, 2007 жылы  қалалық архивте, 2009 жылы облыстық мемлекеттік архивінде  архивист, 2015 жылы бөлім басшысы болып еңбек еткен ол 2023 жылдан бері қалалық архив  филиалының басшысы. Донор болуды 2014 жылы бастаған. Алғашында денсаулығына байланысты қан тапсырған, содан кейін тұрақты донор қатарына енген.

– Донор боламын деген ой, мақсат  бол­ған жоқ. Басым жиі ауыратын, содан «қан алдырсаң жақсарады» дегесін алғаш 2014 жылы тапсырдым. Содан кейін тұ­рақты түрде жылына төрт-бес рет қан ор­талығына барып тұрамын, – дейді Айгүл Амангелдіқызы.

Кейіпкеріміздің айтуынша, донорлық – әр адамның қалауы мен ниетіне қарай атқарылатын шаруа.

–  Қан беру әр кімнің жүрек қалауына байланысты. Одан соң адамның денсау­лығы мықты болуы керек. Қан тапсырғанда оны ала сала пайдаланбайды, бірқатар сараптамадан өткізіп, тексереді. Жарамды болса ғана пайдаланады. «Бір тамшы қан өмірді құтқарады» деп жатады ғой, ол рас. Осы уақытқа дейін қанша қан бергенімді де білмеймін. Ең бастысы – мұқтаж жанға септігіміз тисе, өлімге араша түссек  бол­ғаны. Ол үшін марапат та, сый-сияпат та күтпеймін. Қан тапсырудың пайдасы  бар. Қан қысымының қалыпты болуына, қан айналысының реттелуіне көмектеседі, – дейді ол.

Донор болып, ажал аузындағы адам­ға екінші өмір сыйлау үшін ниеттен, жү­рек қалауынан бөлек, адам бойында ме­йірімділік, адамгершілік деген асыл қа­сиеттер болуы қажет-ау деген ойға қал­дық.  Әйтпесе кейіпкеріміз бұл  игі істі он жылдан астам уақыт негізгі міндетіндей атқарар ма еді?! Айгүл Амангелдіқызының бойындағы мейірімділік, жанашырлық, қа­йырымдылық секілді асыл қасиеттер оны донор болып, өзгелерге өмір сыйлауға итермелеп жүрген. 

Аймақта медицина ұйымдарын сапалы және қауіпсіз қан өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында облыстық қан орталығы қызмет атқарады. Мекеме қаладағы және 7 аудандағы барлығы 17 медицина ұйымын қан өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Мамандардың мәліметінше, жылына орта есеппен 13000-нан астам облыс тұр­ғыны қан тапсыруға ниеттенеді. 3500-дей  тұрақты донор бар. Солардың ішінен 10000-нан астам адам қан тапсырады, қал­ғандары денсаулығына байланысты және әртүрлі себептермен қан тапсырудан шет­тетіледі.

Былтыр донация саны 10634 болып,  8948,2 литр қан дайындалған. Осы қан­нан дайындалған құрамдас бөліктері ем­деу мекемелерінің сұранысы бойынша жі­беріліп отырады. Атап айтқанда, былтыр 7803 доза құрамында эритроциттері бар ор­талар, 4792 доза жаңа мұздатылған плаз­маның барлық түрі, 3306 доза тром­боцит, 187  доза криопреципитат, 82  доза лей­ко­циттік масса берілген.

2024 жылға дейін облыстық қан орта­лығы көпбейінді облыстық аурухананың қан құю бөлімшесіне арналған бөлмелерде орналасып келді.  Бұл санитарлық ереже мен норма талаптарына сәйкес келмеді. Мәселен, инфекцияларды диагностикалау зертханасы, қанды тестілеу, сапаны ба­қылау, зарарсыздандыру бөлімшелері бір бөлмеден тұрды. Қалған бөлімшелер, ме­ди­циналық жабдықтар да өте тығыз ор­наласты. Бүгінде  Сырдария өзенінің сол жағалауынан  2,7 млрд теңгеге са­лын­ған  жалпы алаңы 2,4 гектар жаңа ғи­маратта. Орталықтың құрылымдық бө­лім­шелері санитарлық ереже мен норма та­лаптарына сәйкестендірілді,  913 млн теңгеге  заманауи медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілді.

Жаңа ғимаратқа көшу трансфузиялық терапияның сапасын және халықаралық тәжірибеге сай облыстық қан қызметін құру, науқасқа құйылатын қан және оның компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.

14 маусым – Дүниежүзілік донор күні. Бір рет қан тапсырған донор орта есеппен үш адамның өмірін арашалайды екен. Жалпы өңірдегі донорлардың жасы әртүрлі. Былтыр 57 пайызы ер адам, 43 пайызы әйелдер болған. Мамандардың айтуынша, қан тапсырудың еш зияны жоқ, керісінше, денсаулыққа пайдалы. Біріншіден, донор тұрақты түрде медициналық бақылауда болады, екіншіден қан жасушалары жаңа­рып, иммунитеті көтеріледі.

Бір тамшы қаны арқылы талай адамды ажалдан арашалап,  екінші өмір сыйлайтын донорлар қандай құрметке де лайық.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»