Әке жолын жалғаған әулет

4

0

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы қызмет. Осындай жауапты міндетті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан отбасылардың бірі – Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Оразалы әулеті.

Бұл шаңырақтың тірегі, ішкі істер органдарының ардагері Алмас Оразалыұлы Сармантаев құқық қорғау саласында 25 жылдан астам уақыт табанды еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқарды. Тергеу саласында мол тәжірибе жинақтап, әріптестері мен тұрғындардың құрметіне бөленген ол бүгінде зейнеткерлік демалыста болғанымен, оның еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы кейінгі буынға үлгі болып келеді.

Әке тәрбиесін көріп өскен ұлы Бақыт Оразалиев құқық қорғау саласына бала кезінен қызығушылық танытқан. Әкесінің қызметтік бас киімін киіп, бір күні өзі де ел қорғайтын азамат болуды армандаған ол сол мақсатына табандылығының арқасында қол жеткізді.

– Біздің отбасымызда үш ағайындымыз. Әкем 25 жыл бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тергеу саласында халқына адал қызмет етіп, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Мен әкемнің жұмыс орнын көріп өстім. Оның қызметіне қызығып, өзім де дәл сондай азамат болуды армандадым. Мектепті тәмамдаған соң 2013 жылы Қызылорда қаласындағы  қазақ гуманитарлық-техникалық заң және техникалық колледжді бітірдім. Кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, оны 2021 жылы аяқтадым. Бүгінде бала күнгі арманым орындалып, халқым мен мемлекетіме қызмет етіп келемін. Әкемнің «Ешкімнің ала жібін аттама, еліңе адал қызмет ет, сонда абыройлы боласың» деген өсиеті жадымда мәңгі сақталған, – дейді Бақыт.

Қазіргі таңда Бақыт Оразалиев Шиелі аудандық пробация қызметінде еңбек етеді. Оның айтуынша, арнайы контингентпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Сотталған азаматтармен жұмыс жасау оңай емес. Олардың мінез-құлқы да әртүрлі болады. Біз заң талаптарын түсіндіріп, қателік басқан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеміз. Негізгі мақсатымыз – олардың түзеліп, дұрыс өмір жолына түсуіне көмектесу, – дейді ол.

Отбасындағы игі дәстүр мұнымен шектелмейді. Бақыттың жұбайы Назым да құқық қорғау саласында қызмет атқарады. Ол Шиелі аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы ретінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында аянбай еңбек етіп келеді.

Бір мақсат жолында еңбек етіп жүрген ерлі-зайыптылар қызметтің жауапкершілігін жақсы түсінеді әрі бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді.

– Жұбайым екеуміз бір саланың маманымыз. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз, қолдап, көмектесіп отырамыз. Қызметтің оңайы жоқ. Әр азаматтың тағдырына жауапкершілікпен қарап, қоғам тыныштығы үшін еңбек ету – басты міндетіміз, – дейді Бақыт.

Бүгінде Оразалы әулеті адал еңбек пен отансүйгіштіктің, кәсібіне деген беріктіктің жарқын үлгісіне айналып отыр. Әкеден балаға жалғасқан қызмет жолы мен өмірлік құндылықтар бұл отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мақтанышы. Осындай қызметтік әулеттер ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы еңбек етіп, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.