Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүргізуде. Бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші анықталды.
Оқиға Арал ауданының орталық алаңында анықталған. Жүргізуші автокөлікпен қауіпті маневрлер жасап, дрифт ұйымдастырған. Аталған әрекет жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел түрде анықтап, ұстады. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы болмағаны және тиісті құжаттарының жоқ екені белгілі болды.
Құқық бұзған жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше баптары бойынша хаттама ресімделді. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Дрифт жасау, жол қозғалысы ережелерін елемеу және қоғамдық орындарда қауіп төндіретін әрекеттерге жол беру – заң талаптарын өрескел бұзу болып табылады. Мұндай құқық бұзушылықтар полицияның тұрақты бақылауында.






