Абайды тағы оқығанда

103

0

Жақында облыстық медицина орталығында ем алдым. Әдетте түскен соң бір-екі күн жан-жағыңа қарай алмайсың. Баса ем аласың, тынығасың, келе-келе қалыпқа түсесің. Сосын уақыт мол. Газет, кітапқа ұмтыласың. Тумбочканың үстіңгі қабатына қол созып едім, шағын, қалтаға сыйып кетердей кітапша ілінді. Атауы – Абай қарасөздері. Бір мерейтойда таратып еді. Көпшілігінде кәмпит, шай, түрлі майда заттар береді. Ендеше, бұл өте дұрыс болған сияқты.

Кітапты аштым. Бұрынырақта сы­дыртып оқитын едік. Бұл жо­лы өйткен жоқпын. Жүрісім шетелдің мәшинесіндей емес, баяғы, бала кезім­дегі өгіз арба аяңындай. Бұрын да оқы­ғанмын. Бұл жолы ондай емес. Міне ғажап! Сонымен…

Үшінші сөзден бастайын. Ұлт да­насы сұрақты тікесінен қойыпты: «Қа­зақтың бірінің-біріне қаскүнем бол­­ма­ғының, бірінің тілеуін бірі ті­лес­­пей­тұғынының, рас сөзі аз бо­ла­тұ­ғынының, өздерінің жалқау бола­тұ­ғынының, себебі не?» деп. Одан әрі осы­ның жауабы ретіндей даныш­пан сөзін былай жалғапты: «Һәмма ға­лам­ға белгілі данышпандар әлде­қа­шан байқаған: әрбір жалқау кісі қор­қақ, қайратсыз тартады; әрбір қай­рат­сыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әр­бір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, на­дан келеді; әрбір ақылсыз надан ар­сыз ке­леді; әрбір арсыз жалқаудан сұрам­сақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге дос­ты­ғы жоқ жандар шығады».

Төртінші сөзінде ұлы Абай: «Жә­не әрбір жаман кісінің қылығына күл­сең, оған рақаттанып күлме, ыза бол­ға­ныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де са­­лынбассың, әрбір жақсы адам­ның жақ­сылық тапқанына рақат­танып күл­сең, оның жақсылықты жақсы­лы­ғынан тапқандығын ғибрат көріп күл». «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» депті. Ұлы ойшылдың осы сөз­дері бүгінгі адами қатынастарға қа­тысы жоқ деп айта алмасымыз анық.

Алтыншы сөзінде данышпан: «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» депті.

Оныншы сөзінде былай депті: «Құ­дай тағала саған еңбек қы­лып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұм­са­майсың. Жұмсамайсың. Ол қуат­ты орнын тауып сарп қыларды бі­лерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ғылымсыз ақирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды». Осы жерде данышпанның ғылымсыз дегені, шамасы, жылы жү­рексіз, адал пейілсіз, ақ көңілсіз дегені шығар.

Он төртінші сөзді оқылық: «Біз­дің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Рақымдылық, мейір­бан­ды­лық, әртүрлі істе адам баласын өз ба­уырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жал­ған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жү­ректісі» мақтауға сыймайды. Айт­қанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаман­шылықтан тез жиып алғыш, көштің со­ңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы бол­маса, қазақтың айтқан батыры – ән­шейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз».

Он бесінші сөзінде дана былай деп­ті: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақи­ретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? Отыз же­тінші сөзінде «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы­ның бірі боласың» депті.

Отыз сегізінші сөзінде: «Мал, мақ­тан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм кө­рік болады. Егерде адам өзі оларға та­­бынып іздесе, тапса да, таппаса да адам­дығы жоғалады. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ни­хаят­лысың, ол жол құдайдың жолы емес. Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, ша­пағат секілді біреулерге жақсылық ти­гіз­бек мақсатың болса, ол жол – құ­даның жолы».

Кемеңгер Абайдың осы сөздерді жаз­ғанына жүз отыз жыл толыпты. Бі­рақ, жағдайымыз сол кездегіден он­ша алыстап ұзамағандаймыз десе де бо­ла­тындай. Бұл қалай сонда? Содан бері қаншама жаңалықтар көрінді. Білім мен ғылым қарыштай қадам басты. Әл­де, соны өзгерістерге жету үшін өткен уақыт аздық ете ме? Онда қан­ша кезең өтуі қажет пенде мінезі мен көз­қарасы түбегейлі өзгеруі үшін? Бес жүз немесе мың жыл ма? Осыған кө­нуге, шыдауға бола ма? Бұған қазақ елі жайбарақат қарап отыра бере ме? Көн­бегенде не істеу керек? Адам мінезі мен құлқын өзгертуге мүмкіншілік бол­ма­ғаны ма? Онда данышпан Абай отыз же­тінші сөзінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дегеніне не жауап айтамыз?!

Абай дәуірінен жетпіс жылдай уақыт ойысқанда, өткен ғасырдың елу тоғызыншы жылы Алматыда Жазушы­лар үйінде алқалы жиын өтіпті. Мәжі­ліс төрінде ұлы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов. Бір кезде мінберге жиырма жасар КазГУ-дің сту­денті сұранып шығыпты. Қазақ әде­биетінің келешегіне қатысты сал­мақ­ты ойларын ортаға салыпты. «Күн­шіл­діктің шабалаңдаған күшігінің әу­пілі алыстан шықса – құлағыңды, жа­қын­нан шықса – балағыңды тістейді, бі­рақ бәрібір жүрегіңді жаралайды» депті сол талапты жас. Осыны айтқан соңғы курс студенті Кекілбаев Әбіш екен. Үзілісте сол жігітті шақырып, ар­қасынан қағып, жолың оңынан тусын деп Мұхтар Әуезов батасын беріпті. Көп азамат ұзақ өмір сүргенімен бол­мыс мағынасына, адами қатынас қы­ры мен сырына түсіне алмай өтетіні шындық. Ендеше, жаңағы сөзді айтқан жас таланттан кемеңгер, абыз жазушы қалай шықпасын? Сол айтқандай күн­шілдіктің шабалаңдаған күшігінің әу­пілі бүгіннің өзінде де қанша адамның жүрегін жаралап жатқанында тіпті есеп жоқ қой деп ойлаймыз.

Пенденің қыршаңқы мінезінің ке­сірі кімге тимей, кімді жаралап қина­май келеді осы уақытқа дейін? Қанша азаматтың жолын бөгеп, кедергі орнат­ты? Осыдан сол азаматтар көңіл-күйі, олардың қоғамға аса қажет биік қабілеті мен іскерлігі ортайып, бәсеңдеді емес пе? Көп азаматтың жүйкесі шаршап, са­насы жараланбады ма? Бұл бір жағы ғана. Ал сол пенделердің өздері бұл бол­мыста түбегейлі жақсылық көре алды ма? Көре алмағаны сол емес пе, соның кесірінен залал шеккен аза­мат­тардан бетер күйзелді емес пе? Ақыр соңында сол күйзеліс қиындыққа жал­ғасты ғой. Осының шет-жағасын бол­мыста көріп-байқаған азаматтар бар­шылық.

Ендеше, осы жарамсыз өнегелер­дің бәрі кімге керек? Шындап келгенде, ешкімге! Онда осы болымсыз құбы­лысты неге тоқтатып доғармасқа?! Ал осы сауапты іс кімнің қолынан келуі мүмкін? Азаматтар мен пенделердің Құдайдан кейінгі иесі қоғамның қо­лынан келер іс болар бұл шамасы! Қа­­лай болғанда да өз адамының теріс мінезі мен құлқын, тар ниеті мен күң­гірт пейілін түзетіп, одан жұртқа, елге пайдасы тиер азаматты тәрбиелеп шы­ғару тек қоғамның қолынан келсе керек. Мектепке барысымен октябрят болдық, одан соң қызыл галстукті пионерге айналдық. Сосын комсомол мүшесі атандық. Кейін партия қатарына ендік әупірімдеп. Сонда бұрынғы тәрбиеміз қайда қалғаны? Олардың ықпалы онша қарымды болмаған сияқты. Әлде, тәр­бие бағыт-бағдары өзгеруі керек пе? Шамасы, солай болар.

Онда жанымыздағы ең болмағанда бір азаматқа, мейлі ол қандай мінезді болсын бәрібір, өз жүрегіміздің жылуын ашып, оған азды-көпті жақсылық жа­сайық, жақындасайық, түсінісейік, ұғы­­ны­са­йық, болысайық, бірігейік. Сон­да, бүгін бәлкім итжығыста жүрген биік және пәс мінезділер айқасы кең мі­нез­ділер пайдасына шешілер, игілік пен жұм­сақтық, жақсылық пен адалдық күш алар, бара-бара сол қуат жинала түсіп ортамызда құдайшылықтың жо­лына түскендер тобы арта түсер, уақыт өткен сайын игілік пен жақсылық ба­сымдыққа ие болар.

«Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, ша­пағат секілді біреулерге жақсылық ти­гізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы» деп ұлы Абай айтқандай, біз адам баласы болғандықтан алдымен қоғам, ел мен жұрт қамын күйттеп, со­­сын ғана өз қамымызды ойлауымыз керек екен. Сонда Құдайшылық жолға түсеміз. Олай болса дүниеміз емес, ма­лымыз емес, болмағанда ақылы­мыз­ды ортаға салып бөлісейік, өзгенің бар­шамызға тиімді игілікті ойы мен ақы­лын мойындап, пайдаланайық, ағайын!

«Жақсылық істесең – өзіңе, жаман­дық істесең – өзіңе» деген баба сөзін біле тұра қалай тиыш, ешнәрсе болмағандай, бәрі тамаша өтіп жатқандай, түк көр­мегендей жүре беруге болады? Егер ол жақсылық себебінен сол мінез-құл­қы пәс жандардың пейілі мен ойы ма­ңыздануы арқылы бүкіл ел пайдасын, рахатын көретін болса ше? Онда бү­гінгідей тиыш жүріп, жай ұйықтай бе­руге болмас шамасы! Әлде, біздің тәр­биеміз қарымсыз ба? Ойлануға тұ­рарлық! Ойланайық! Мүмкін шешімі табылар осы қиын сұрақтың.

Біз де көптің немқұрайдылығына салып, не болсаң ол бол деп, жақындық, жанашырлық білдірмей, көрсетпей, олардың ұнамсыз мінездерінен біздің көмегіміз арқылы айығып, құтылып, қоғамға, елге тигізер мол көмегін жұртқа қимағанымыз болмай ма?! Бі­лімді айтқан емес пе: кез келген қиын­ды-жеңілді мәселенің шешімі болады деп. Бізде соны іздеп көрелік. О баста қолданып жүрген, кең жайылған тә­сілден. Кәдімгі, кәдуілгі жауыр болған тәрбиеден. Шынымен-ақ, мектепте, жо­ғары оқу орнында адам мінезі мен құл­қы турасында ауыз толтырып ай­туға тұрар жөнді сөз естідік пе? Қай­дам! Адамның былайғы өмірін ауызға алмай-ақ қояйық.

Бүгін кез келген адам қоғамдық тәр­тіпті бұзғаны үшін, біреуді біреу жаман сөз айтып балағаттағаны үшін жазаланады, олардың бұдан да со­рақы тәртіпсіздікке баруына тыйым са­лынады, қырсықтың жолы кесі­леді, сондықтан оның келешегіне мық­ты жанашыр­лық көрсетіледі. Онда ру­хани тәртіпті бұзып, өзге жандар жү­регін жаралап, олардың болмысын қиын­­датып, кәсіби мүмкіндіктерін ба­рынша төмендетіп қоғамға мол зиян көрсетушілерге тоқтау айтып, көмек, жәрдем көрсетіп, жанашырлық неге жасамасқа?

Әгәрәки ойдағымыз іске асып жатса, онда баршамыз ұтыста болып, пайдаға кенелер едік. Мінездері бұрыннан ор­нықты азаматтар да өсер еді, одан сайын биіктер еді. Өйткені, олар да адам баласы болғандықтан түрлі көлеңкелі әдет пен ойдан мүлдем ада емес қой. Содан арылар еді. Ал мінез-құлқы пәс­теу адамдар жақсылық ықпалымен зиянды пиғылдарынан құтылып қоғам­ның белсенді мүшелеріне айналар еді. Қандай да болмасын істі атқарғанда орындаушы жан-тәнімен, бар күш-жігерін салып атқарса сол іс жоғары сапалы және айтарлықтай өнімді бо­латынын болмыс дәлелдеген. Мұны талай мәрте көргенбіз. Олай болып жатса әр қазақ азаматы екі адамның ісі мен міндетін атқаруы әбден мүмкін ғой. Сонда еліміздегі он бес миллион қазақ азаматы, жоғарыда айтқандай, отыз миллион адамның жұмысын орын­дайды екен. Ендеше, бұл кере­мет емес пе, ағайын! Бұл барша бауыр­лары­мыздың құдайшылықтың жолына түсіп, ел алдындағы қасиетті парызын орындағаны болмай ма?

Осылай айтып жазуға сүйенер дә­лелім де жоқ емес. Сонау қылшылдап тұрған жас кезімізде тағдыр бізді, елу-алпыс жас ғалымдар мен мамандарды, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда филиалында қо­сып біріктірді. Шағын оқу орнының ашыл­ғанына екі-үш жыл болған екен. Сол кездің бір жағымсыз науқаны ма қайдам, бүкіл ел бойы бұрын ашылған біздей шағын ұжымдар жабылып жатыр. Бізге де қауіп бұлты үйіріліп, төніп тұрды. Содан басшымыз жағдайды түсіндірді, биік талап қойды. Ия, өз алдына жеке күн көре алатын түбегейлі жоғары оқу орнына айналуымыз керек. Ия, тағдырға бас иіп көніп, жойылып, жабылуымыз керек. Алдыңғысын таң­дадық. Содан берекелі жұмыс бас­талсын кеп. Таң ата үйімізден шы­ғып кетеміз. Сан қилы жұмыстар атқара­мыз. Студенттерге сапалы дәріс беру. Оқу зертханаларын жасау, жабдықтау, түрлі қондырғыларды қолдан жасап орнату. Оқу-әдістемелік құралдарды жа­зып дайындау. Оқу ғимараттарын са­луға тікелей қатысу, сол маңайдағы бос жатқан аумақты қарқынды көгал­дандыру. Бір мезгілге ғана үйге ора­ламыз кешкі ас ішуге. Сосын жатақ­ха­надағы жастармен тәрбие ісін жүргізу, оларға негізгі пәндерден қосымша тү­сі­нік көмек беру, кешкілік ойын-са­уыққа солайымен бой беріп, тәртіп бұ­­зу­шылыққа ұрынбау мәселелерін мық­­ты ұғындыру мен сақтандыру. Жатар орынға үйімізге түнгі он екі-бірде ораламыз. Тәулікте бас-аяғы ал­ты-жеті сағат тынығамыз. Міне, осы еңбектің арқасында небәрі он жыл­дан сәл аса жеті жүз елу студенті, елу-ал­пыс оқытушысы ғана бар шағын филиал екі жарым мың студенті, екі жүзден аса оқытушылары бар дербес жоғары оқу орнына айналды ғой. Сол кезде әрқайсымыз екі-үш адамның жұ­мысын атқардық. Бұл рас, еш кү­мәні жоқ! Сенбесеңіз, осыны көрген аза­мат­тардан сұраңыз! Басшымыз, бі­лік­ті ұйымдастырушы, терең білімді ғалым, осы өңір жанашыры Уәлихан Қо­зыке­ұлы үш-төрт азаматтың жұмысын ат­­қарды ғой. Міне, сондықтан осы тұл­­ғалы азаматқа сырбойылықтар әр­да­йым борышты, риза деп ойлаймын. Казір мен сол жетпіс сегіз бен тоқсан алтының арасында алдына биік мақсат қойған, сол маңызды тұғырға жетуде биік адами қалыппен салмақты, бо­лым­ды істер атқарған өнегелі ұжым ішінде болғанымды шүкіршілікпен мақтан етемін.

Ұлы Жаратушы қазаққа әлемнің то­ғызыншы аумағын сыйлапты. Немесе тоғызыншы дәулеті, несібесі мен бай­лығын. Осы үшін Қазақ бабамызға мың сан рақмет! Бұл биік мәртебе, со­нымен бірге салмақты міндет пен жүк те болар. Қазақ даласының кеңдігі, кей­де жүздеген шақырым жүргенмен елді мекеннің кезікпеуі сырт көз сұқ­тануына шалынуы да мүмкін ғой. Мұ­ны болдырмау үшін біз асқан жа­уап­кершілікпен өз міндетімізді атқа­рып, аздығымызды сездірмей, әрқай­сымыз кемінде екі азаматтың жұмысын орын­дауымыз керек сияқты. Онда осыған сай әрбір бауырымыздың борышы мен міндеті жоғары, маңызды, қасиетті. Осы­ған сай болуы керек қазақ азама­тының мінезі. Осыған сай болуы тиіс қазақ азаматының пейілі. Демек, біз алдымен адамның пейілі мен ниетін тәрбиелеп жақсартуымыз қажет. Шын пейіл және ыстық, аппақ көңілмен ат­қарған іс әрқашан биік сапалы аса мол өнімді болатынын болмыс көрсетіп келеді. Өзі онша көп емес қазақ аза­маттары бір-біріне бауырлық ақ пейіл мен достық кең көңіл ақтаруға міндетті-ақ. Сонда бірлігіміз өркендеп, несібеміз өседі, бабалар өсиетін ақтаймыз, Алла разы болады.

Көлеңкелі мінезділерді жазалауды ұсынып жатқанымыз жоқ, қайта ол азаматтарға қоғам көмегі көрсетілуі тиіс деп санаймыз. Өйткені жеке адам ескертпесі бір бөлек те, қоғам ұсыны­сы мен кеңесі тіпті өзгеше. Жеке адам ескертпесіне сол азамат кірпідей шо­шына қараса, қоғам ұсынысын жылы қа­былдайтыны, толық мойындап орын­дайтыны күмән келтірмесе керек. Мақсат қазақ бауырымызға көмек­тесу. Адамның басты парызы да бұл болмыста осы емес пе?! Мақсат – қа­зақ бауырымыздың мейірлі белсен­ді­лігін, өзгеге жанашырлығын, ел бо­ла­шағына деген жеке көзқарасын бү­гінгіге қарағанда өсіру, биіктету, со­ның арқасында ел бірлігін арттыру, дәу­летін еселеу.

Жаңа туған баламен он жастағыны салыстырайық. Екіншісі данадай ғой алдыңғысына қарағанда. Он жастағы бүлдіршінмен жиырмадағы бозбаланы бақылайық. Бозбала әкесіндей. Өйт­кені оның шамалы көргені бар. Жиыр­мадағы жігіт пен елудегі жігіт ағасын шамалайық. Салыстыруға кел­мейді ғой. Соңғысын, ұтқанын жетпіс­тегі ақ­са­қалмен жарыстырайық енді. Ақса­қал алдырмайды, өйткені көрге­ні ұшан-теңіз. Бабалар айтыпты: «Үлкеннің айт­­қаны бұрыс болса да дұрыс» деп. Қандай терең мағыналы сөз! Осыны енді түсініп жатырмыз ғой. Үлкеннің айтқанын кезінде тыңдамай, даурығып, едірейгендер уақыт өткесін өз қатесін тауып, түсініп, көріп мойындайды, ой­ланады, өкінеді. Біз бұл жерде адамның оқып иеленген білімі мен ғылымына таласып, тиісіп отырған жоқпыз. Біз­дің айтып отырғанымыз тек өмірлік тә­жірибе. Олай болса осы күрделі іске – азаматтарды тәрбиелеу ісіне неге ұжымның, ауылдың, өңірдің ақсақал-үлкендеріне салмақты жүк артып, олар­дың өмірде ұзақ көріп жинаған мол, құн­ды, қатесіз тәжірибесін мықты пай­­да­ланбасқа?

Біреуді сыртынан жақсылаудан гө­рі, жамандауға жақын тұра­мыз. Абай заманынан онша алыста­ма­ған сияқ­тымыз. Бүгін пәс мінезділер итжы­ғыс­та шығар. Итжығыс па, әлде мол­жы­ғыс па оны бір Алла білетін бо­лар. Терең ойлап қарайықшы осыны! Біз жақсыны көре алмаймыз, қолда­май­мыз. Жаманды көріп, жерден жеті қоян тапқандай боламыз. Сонда бұл жа­­манды сыртынан күліп мазақ етіп, қол­дап дәріптегеніміз емес пе? Жа­манды қолдап қайда келеміз, қайда бара­мыз, қайда жетеміз? Оның орнына жақ­сыны көрелік алдымен, жақсыны бұрын қолдайық, сөйтіп жақсыларды көбей­тейік! Сонда жаман өз-өзінен жоғалады.

Адам мінезі мен құлқын мектеп пен өзге оқу орындары айтарлықтай өз­герте алмайтыны белгілі болды. Әйт­песе осы кезге дейін оң нәтижелер кө­рінуі тиіс еді. Соны көре алмай келеміз. Сондықтан осы өте мәнді, маңызды іске қоғам кірісуі тиіс деп ойлаймыз, бұл іс тек қоғамның қолынан келері анық сияқты. Батыстың бір елінде адам мінезі мен құлқы жөнінде министрлік бар деген әңгіме де бар. Егер біз ойлағандай осы игілікті бастама адамның мейірімді белсенділігін арттырып, оның жеке қабілетін өсіріп, барша қазақ бауыры­мыздың еңбек өнімділігін бір жарым, екі есеге жоғарылатып жатса, онда сол министрлік өте қажет-ақ! Осы ми­нистрлікті қазақ бауырым басына көте­ретін шығар.

Қазақ бауырымыздың көлеңкелі істерге кеткен қуаты мен қабілетін қо­ғам­ға пайдалы істер жасауға бағыттау­мен оларға жанашырлық жасап, мол адами көмек көрсету арқылы қоғам мүд­десін үдетіп көбейтуге болады. Осылай болып жатса барша азамат­тар да, қа­зақ қоғамы да мол пайдаға кенеледі. Ойы­мыздағы болып жатса қазағымның, бауырымның жүрегі жылып, өкпесі тарап, бауыры жібиді емес пе? Керегі де, қажеті де сол! Солай болып жатса ой­ларымыз тереңдеп, көңіліміз көтері­ліп, шығармашылығымыз өсер ме еді? Мүмкін. Жалғыз біздің емес ау!

Сөз жоқ, адамның кәсіби білігі жоғары болуы тиіс. Бірақ, ол аздық қы­лады. Кейде азамат мұндайда жүрдім-бардымға салынып, салғырттыққа ұры­­нады. Бір сағат істеген жұмысы жар­­­ты сағатқа тұрарлық қана. Егер оның жүрегі ыстық, ынтасы биік, пе­йілі жа­­рық, жігерінен от шығып, кө­ңілі дар­­қан қазақ даласындай кең бол­са ше? Онда оның бір сағаттық ісі екі-үш са­ғатқа татиды! Бізге керегі де осы! Қия­­лымыз да, арманымыз да осы! Егер барша бауырымыз жүрегіне жол тауып мінез-құлқын адамсүйгіштік, елін­­­сүй­гіштік арнасына аудара білсек, онда, бірін­шіден, әрбір адамның кө­ңіл-күйі жай тауып орнығады, оның аза­маттық міндетін барынша биік дең­гейде орындауға жол ашылады; екін­шіден, кәсіби білім мен рухани құн­­­ды­лықтарымыздың азды-көпті ал­шақ­­­тығы жойылады; үшіншіден, аза­мат­­тар бірлі­гі шын мағынасында нығая­­­ды, олар­дың еңбек өнімділігі күрт жоға­­ры­лай­ды, ел несібесі мен ыры­сы артады.

Біразымыз болмыс бас мәнін өз­геге игілік пен жақсылық жасау мақ­сатын алыс, оралмас ауылға аттанар алдында ғана түсініп, өкінеді екенбіз. Кеш түсінеміз. Ұзақ жолға аттанарда жолсерігіміз тек өкініш болады екен. Ендеше бұл дұрыс емес. Бұл біздің, қоғамның олқылығы. Мұны мен ай­тып отқан жоқпын, ұлы Абай айтып кеткен. Данышпан отыз жетінші сөзі­нің тоғызыншы қатарында: «Адам ба­ла­сын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі ви­новат» деп. Шындығында бар­лық нә­ресте туғанда пәк. Өсе келе қо­лай­сыз тәрбиеге кезігеді. Соны көріп бай­қаған айналасы ескертіп, тоқтату­дың орны­на көпшілігінде төмен қарап «Қойшы со­ны, бәледен аулақ. Жақсы болса өзі үшін, жаман болса өзі үшін» деп отыра береді ғой тып-тиыш. Сон­дықтан көзінің тірі­сінде, күш-қуаты мол кезеңде барша бауырла­ры­мызға қолымыздан келген жәрдем-көме­гі­міз­ді көрсетіп, олардың өзгеге тек жақ­сылық жасауына себепші болып, ел алдындағы қасиетті міндеті мен борышын абыроймен атқарып, өмірін өзіне де, өзгеге де, қоғамға да, мол қанағаттанарлық сезіммен қоры­тын­дылауға болымды ықпал жасау бар­шамыздың басты борышымыз!

 Серікбай ҚОШҚАРОВ,

 профессор,

Қазақстан Жазушылар

 одағының мүшесі