Болат жолдың Қараөзек бойында

5

0

«Орынбор-Ташкент» теміржолы 1901-1905 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 шақырым, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 шақырым. Теміржолды салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Басты мақсат Орталық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды.

Құрылыс Орынбор жағынан 1901 жылдың 10 мамырында, ал Ташкент жа­ғы­нан 9 қарашада басталды. Бұ­­ған 70 млн сом қаржы жұм­сал­­ды, 40-50 мың жергілікті тұр­­­ғын жұмыс істеді.

1904 жылы 1 қаңтарда «Орынбор-Ташкент» темір­жо­­­лы бойынша пойыздардың уақыт­­ша жүрісі ашылды. Сол­түс­тік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бө­лігі 1906 жылы 1 сәуірде пай­дала­нуға берілді.

Жалпы қазақ даласына те­міржол дәлізінің бірі Сыр бо­йымен өткен. Бұл станция ма­­ңын­дағы қазіргі тарихи ғима­рат­­тар­дың (вокзал, су құбыр стан­­циясы, көпірлер және т.б.) салы­нуына негіз қалады. Қара жұмысқа адамдар тарты­лып, кір­піш зауыттары салын­ған.

Мысалы осы дәлізге жақын ауылдардағы мешіттер мен кө­не ғимараттар, Қалжан ахун ме­шіт медресесінің бір бөлігі кір­піш зауыттарының күйдіріл­ген кесегімен салынған. Зауыт­тардан шыққан кірпішпен сол заманда салынған ғи­ма­­рат­­тарға бір ғасырдан ас­ты. Ашы­ғын ай­татын болсақ, Ре­сей пат­ша­лығының 2000 ша­қы­­рымдық сауда дәлізін салу тап­сыр­ма­сы­ның қазақ даласына тиген пай­дасы орасан зор.

«Орынбор-Ташкент» темір­жолы салынуы біздің өлкемізге өзгерістер әкелді. Өнеркәсіп орындары пайда болып, жұмыс­шы кадрлар қалыптаса бастады. 1901 жылдың жазы мен күзінде құрылыста 4 мың адам, 1902 жылдың мамыр-маусым айла­рында 17 мыңнан аса адам, ал 1902-1904 жылдары 30 мыңға жуық адам жұмыс істеді.

Осы теміржолдың бойында 1905 жылы Тереңөзек станциясы салынып, сонда қызмет ететін аз ғана жұмысшыдан басқа, 30-40 жеке шаруа тұрды. Бұл аймақта ешқандай құрылыс, өн­діріс орындары болмаған. Же­ке шаруалар өзбек, татар сау­дагерлеріне жалданып жұмыс істеп, өз нәпақаларын тапқан.

Осы тұста Қараөзек ма­ңын­дағы Сауранбай көпірі жай­лы деректерді ұсынамын. Сау­ран­бай Құл­­манов ұзақ уақыт болыс бо­лып, кеңесшілерімен ақыл­даса, ауқатты адамдар және жер­гілікті тұрғындардың көме­гімен Николай ІІ патшаға 300 түйе беріп, салынып жат­қан теміржол көпіріне өз қаража­тынан үлес етіп қосқан деседі.

Қазіргі Қараөзек маңында Аталық деген кісінің үлкен бақ­шасы болған және оның айна­ласында 10-15 үй туыс­қан­дары отырған. Бұдан бөлек болыс­тықта 50-60 үй болған. Кейбір деректерде Сыр өлкесінің ма­ңында 90 үйлі жа­лайырлар тұ­рақтағаны және 9-10-буынға де­йін ұрпақтары та­рағаны жай­лы айтылады.

Сауранбай Құлманов бел­гі­лі би, болыс, бұрынғы Перовск уезіне қарасты Қараөзек болыс­тығында дүниеге келген.

Жас кезінде Аббас бидің қа­рамағында көмекші болып өз заманының әділ, от ауызды, орақ тілді бидің тәлім-тәрбиесін кө­р­ген. Ел арасындағы дау-шар­­ларды шешу кезінде билік айтып, өткір тілімен, білікті­лі­гімен көзге түскен, әкімшілік жұмыстарына белсене аралас­қан. Перовск уезіне қарасты Қа­ра­өзектің болысы болып 30 жыл­дай ел басқарған.

1870 жылы Сауранбай Құл­ман­овтың бастамасымен қа­зылған арық «Сауранбай ары­ғы», одан өтетін темір­жол кө­­пірі 1904 жылдан «Сауран­бай кө­­пірі» аталған. Ол – темір­жолдың осы күнгі жерден өтуіне ықпал еткен тұлғалардың бірі. Құрылыс басшыларын қонақ етіп, құрметтеп өз ұсыныс-пі­кірлерін өткізіпті деседі. Канал­ды бөгемей, үстінен көпір салу­ды мақұлдайды. Үстінен 30 са­­жындық ағаш көпір салынып, ке­йін 1930 жылы бұзылып, осы күнгі темір көпір салынған.

Қазір Сауранбай көпірі Қа­ра­өзек ауылының маңында ор­наласқан. Сондай-ақ тарихи-мә­дени мұра объектілерінің ал­дын ала тізіміне енгізілген. Көпірдің ұзындығы – 78 метр, биіктігі – 5,3 метр. Металдан жасалған, салмағы – 222,47 тонна. Пойыз өтетін қуысы екі бас фермнен тұрады. Көпір жол бағытында және көлденең балкалардан тұ­­рады, бут тастарына отыр­ғы­зылған. Өтпелі қуысы бар екі негізгі балкадан тұрады. Конструкция көлденең және тігінен қойылған темірлермен бекітілген. Көлденең байла­ны­сы көпірдің жоғарғы және тө­мен­гі белдіктері арқылы қаңқа бекітілген.

Сауранбай Құлманов «Орын­бор-Ташкент» теміржо­лы­ның салынуына үлес қо­сып, күміс медальмен және Ста­ни­славский лентасымен мара­пат­талған. Сауранбай болыс жай­лы деректер көбіне Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Жарылқап ақындардың жырларында кез­деседі.

Сондай-ақ Қазақстан Жазу­шылар және Журналистер ода­ғының мүшесі Т.Дайрабайдың зерттеулерінде де бар.

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында Сау­ранбай болыстың бір қой­дың еті сыятын ағаш астауы мен өзі тұтынған өрнектелген ке­бе­жесі сақтаулы.

Жалпы осы кезеңде Сыр өңіріндегі Сауранбай Құлман­овтан бөлек, басқа аймақтар­дағы болыс, би, басшылық еткен тұлғалар осы құрылыстағы қа­ра жұмысқа адам тартып, ба­рынша демеушілік жасаған. Се­бебі бұл дәліз тек Ресей им­периясына ғана емес, жалпы қазақ даласына да қажет болды.

Сол замандағы ескерткіш­тердің көбі болыс, би, ауқатты тұлғалар мен жергілікті тұрғын­дардың арқасында тұрғызылып, білім беру жүйесі де қалыптасты. Кейбір дереккөздерде уездер мен ауыл аймақтардағы әр би-болыстың 5-7 немесе одан да көп кеңесшісі болған деседі.

Жалпы 1906 жылдың аяғын­да «Орынбор-Ташкент» темір­жолында 14693 жұмысшы мен қызметкер, шеберханалар мен деполарда 4071 адам, оның ішінде Орынборда 317, Қаза­лыда 151, Перовскіде 159, ал ша­ғын Тереңөзек станциясына қарасты жолда 60-70-тей адам жұмыс істеді.

Әкімжан ӘЖІКЕНОВ,

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері