Лобода мен Қайрат Нұртастың жаңа клипі желіні таңғалдырды

4

0

Фото: instagram.com/lobodaofficial

Украиналық орындаушы Светлана Лобода мен қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың бірлескен жаңа жұмысы көпшіліктің назарын аударды. Өнер иелері “Sen meni küt” әніне түсірілген бейнебаянды көрерменге ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Клиптің визуалдық шешімі әдеттегіден бөлек. Бейнебаянда Лобода су перісі бейнесінде көрініп, Қайрат Нұртастың айналасында жүзеді. Мұндай тосын образ бен ерекше атмосфера әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды.

Әнші өз жазбасында бұл жобаны шығармашылық ізденіс ретінде сипаттаған. Оның айтуынша, бейнебаян қарама-қайшы образдарды біріктіріп, жаңа көркемдік тіл табуға бағытталған тәжірибе болған.

“Осы күнді қаншама уақыт күттім десеңізші! Нағыз шығармашылық қарама-қайшылықтар тоғысқанда туады. Сол кезде ештеңе әдеттегідей бола салмайды, бәрі тек шынайы талант пен махаббаттан жаралады. Қазақстанда клипімізді дәл осындай көңіл-күймен түсірдік. Бұл үлкен, әдемі әрі жарқын тәжірибе болды”, – деп жазды өнер иесі.

Дегенмен желідегі реакция біркелкі емес. Бірі қос өнерпаздың батыл қадамын жоғары бағаласа, енді бірі клиптің мағынасы мен визуалдық стилін түсінбегенін жазған. Пікір қалдырғандар арасында “ерекше жұмыс”, “күтпеген дуэт” деген жылы лебіздер де, “түсініксіз клип”, “тым оғаш шешім” деген сын да бар.

Қалай болғанда да, Лобода мен Қайрат Нұртастың жаңа бейнебаяны көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Бейнебаян әлеуметтік желіде кеңінен тарап, өнер иелерінің тың шығармашылық тәжірибесі ретінде қызу талқыланып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Нұртас пен украиналық әнші Лобода жаңа әнін ұсынатыны хабарланған еді. Олар тыңдармандарын ерекше дуэт күтіп тұрғанын айтқан. Ал жаңа әннің тұсаукесері 24 мамырда Қайрат Нұртастың Алматыда жеке ән кешінде кесілді.

Орындаушылардың жаңа әні қазақ тілінде жазылған.

“Бізді тым керемет дүние күтіп тұрған сияқты. Кешіріңіздер, біз басқаша істей алмаймыз. 24 мамырда тректің тұсаукесері Қайрат Нұртастың Алматы Аренадағы жеке концертінде өтеді”, – делінген жазбада.