Жарты ғасырдан кейін иесін тапқан орден

2230

0

Кеңес өкіметі кезінде республикалық «Казпищестрой» тресінің Шымкентте құрылыс басқармасы болатын. Соған қарасты құрылыс учаскесінде соғыс ардагері Әуез Әлібеков жұмыс істеді. Күнделікті тынымсыз еңбектің ара-арасында «перекур» дегені болады. Кейде «раствор» уақытылы келмей, күтіп қалатын кездер де ұшырасатын. Сол кезде жастар тобы жасы алпыстан асып кеткен ардагер ақсақалды орталарына алып, оның жас кезінде басынан өткен қызықты уақиғаларын айтуды өтініп, қасына жинала қалатын.

Әуекеңнің әңгімелері өте қызықты еді. Әсіресе сонау 1929-1932 жылдардағы ашар­шы­лық кезеңді көзімен көріп, ондағы қиыншылықтарды басынан өткерген жанның баяндаулары тартымды-тын. Бір жасында әкесінен айырылған Әуез шешесі мен Камал ағасының қолында қалады.

Ашаршылықтан аман құтылу үшін Камал ағасы отбасын алып, туған ауылы Жаңақорған ауданы Қожамберді елді мекенінен Самарқан облысындағы Галла-Арал кентіне көшіп барады. Сол жерде есейген Әуез Совет Армиясы қатарына шақырылып, Моңғолстанда әскери борышын өтейді. Бұл өзі бір төбе әңгіме.

Әуез қария көбінесе соғыс туралы айтатын. Әңгіме­лер­дің арасында, өзінің «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсыныл­ға­нын газет бетінен оқығанын, бірақ сол орден әліге дейін бұ­ған табысталмағанын да айтып берген. Тыңдаушылар да әртүрлі ғой. Біреулері сенеді, енді бі­реулері сенбейді. Жай төсбелгі емес, «Қызыл Жұлдыз» орденін кез келген адам ала бермейтіні шындық.

«Анықтап көру керек екен» деген ойға келген сол жер­дегі комсомолы, белсендісі, кәсіп­одағы бар, бұл әңгімеге сенгені-сенбегені бар – барлығы алқа-қотан отыра қап Мәскеудегі КСРО Қорғаныс министрлігіне хат жолдаған.

Ол хатта Ұлы Отан соғысы­на қатысушы Әуез Әлібековтің Харьков үшін шайқаста ерен ерлік көрсеткені оның «Қы­­зыл Жұлдыз» орденімен наград­талғаны туралы, бірақ сол ор­деннің әліге дейін егесін тап­пағаны туралы жазылған.

Немістер 1941 жылы Қы­зыл Армияны қуып Харьков­тан бері өткенде де, 1943 жылы енді сол Қызыл Армия­дан тырақайлап қашып әрі өт­кен­де де, сол фашистердің аяғына тапталып, әбден қорлық көрген Украинаның ескі астанасы – Харьков отқа оранып жатты. Қаракөк қою түтін. Ар­тиллерияның күркіреген, танк­­тердің гүрсілдеген, мино­мет­тердің ысқырған оқтарының дыбыстарынан құлақ тұнып, естуден қалдырар шақ еді. Әрбір көше, үй үшін жан берісіп, жан алысқан, айқас жүріп жатты. Әуез Әлібеков қызметте болған рота біресе алға жылжып, біресе кейін шегініп, бір жерге тұрақтай алмай жатқан. Әуез қасындағы оншақты жігітпен алға кетіп бес қабатты үйдің ішінде соғысады. Бірінші қабат алынып, одан екінші қабат, сосын үшінші қабат алынып, содан барлық қабаттар тазартылып, енді төмен түскенде, бірінші қабаттан жаудың әскерлері кіріп келген еді. Демек, сырттағы рота кейін шегінгені. Әуез жау­ды көріп қалғасын пулеметтен оларға оқ жаудырып, жа­уды жайпай бастайды. Пулемет оғы таусылып, ол енді қол қаруынан оқ атып жоғарыға шегіне, аты­сын жалғастыра береді. Үшінші қабатқа келгенде есігі ашық қалған пәтерде неміс пулеметін көріп қалады да соған асығады. Ол өліп қалған неміс пулеметшісінің қарысып қалған саусақтарын пулеметтен ажырата салып атысты жалғастырды. Неміс пулеметшісі атысты бас­тамай жатып оққа ұшқан болуы керек және Әуезге Алланың өзі жәрдем берген шығар, себебі пулеметтің қасында оққа толы қораптар мол екен. Ол пулеметті багі бензинге толы мәшинедей басқарып, өй бір жүйткітті-ай! Жау шалғымен орылған баудай түсіп жатты. Екінші қабатқа түссе, бұл жер немістерден таза екен. Одан бірінші қабатқа түсті. Мұнда да  ешкім көрінбейді.

Бұл енді бұқпантайлап бас шығарып, сыртқа көз салса, қырғын атыс болып жатыр. Құм салынған қаптарға жасырынып алып, жиырма шақты фашист совет әскерлерін бері өткізер емес. Әуез пулеметін сақылдатты. Оқтан бас көтере алмай жатқан совет әскерлері алға ұмтылған. Пулеметін арқа тұсына бұрып, шабуылға шығып келе жатқан өз әскерлеріне жол ашуға кірісті. Қалың әскер қатарына келгенде солармен бірге «уралай» алға шықты. Он-он бес қадамнан соң тағы да көпқабатты үй үшін шайқас басталып, әскер қайтадан қорғаныс позициясына көшті. Енді пулеметті қойып, қасындағы өлген әскердің автоматын алып, аз-кем атысқаннан соң, әскерлердің рухын көтеру үшін: «Сталин үшін, Отан үшін, украин бауырларымыз үшін, алға!» деп, орнынан ұшып тұ­рып, автоматтан оқ жаудыра алға ұмтылған. Оншақты қадам аттағанында аяғынан оқ тиді. Ол құлап бара жатып, өзінің соңынан Қызыл әскерлердің өре түрегеліп, «уралап» шабуылға шығып келе жатқанын көрді. Тұсынан өтіп бара жатқан роталастарымен бірге шабуылға шыға алмай, құ­лап жатқанына өкіне, есінен танып қалды. Оқ аяғынан оң­дырмай тиіпті.

Әуезді дереу Кисловодск ку­рортына әкеліп емдеген. Бір­неше айдан соң комиссия «әскерге жарамсыз» деп танып, елге қайтарды. Баку шаһарынан пароммен Красноводскіге же­тіп, одан Галла-Аралдағы туыстарына аман келді.

Елге келген соң «Красная Звезда» әскери газетінен өзі­нің Харьков үшін шайқаста 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын оқы­ған. Алғашқыда орденін күтіп жүрді де, кейін Ұлы Же­ңіс­тің қуанышымен бе, әлде со­ғыстан соңғы қалпына келтірудің машақаты көп жұмыстарына араласып кеткеннен бе, әйтеуір сол орден естен шыққандай бол­ды. Тәжікстандағы «Алтын тапқанда» карьер жұмысының құрылысына араласты. Тау арасы, жаңа кен орны коммуникация­дан ада еді. Автокөлік, техника, қазу машиналары, жабдықтау көлігі жүре алатын жол тіпті жоқ. Бұл қиындықты жеңу үшін Әуез Мақтаралдағы Славянкада (қазіргі Мырзакент) тұратын туыстарынан түйе жинады. Түйе дегенің нағыз «внедорожник», яғни, түйе керуенімен мем­лекетке өте маңызды «Алтын тапқан» кенішін жаб­дық­­тауға үлкен үлесін қосты. Кейін Шымкенттегі «Казпище­торг­тің» құрылыс учаскесіне ауысқан.

КСРО Қорғаныс министр­лігіне жіберген хатқа жауап 1994 жылы келді. Сол жауаппен бірге «Қызыл Жұлдыз» ордені де жүзін көрсетті. Арада аттай елу жыл өтіпті. 1944 жылы марапаттау туралы Жарлық шықса, ол орден егесіне 1994 жылы тапсырылды. Бұл – «Каз­пищестройдағы» «перекур» ке­зіндегі айтылған өте мәнді де, мағыналы да маңызды әңгі­ме­нің арқасы еді…

Әбдінағым КӨШЕР,

Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі.

Шымкент қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<