Әлем таныған Әбдіжәміл

1479

0

Фото: ашық дереккөз

Арал. Үшкөң. Беларан. Шаңы мен тұзы көкке көтерілген мекен. Тау дейін десең тау жоқ, төбе дейін десең желді күні көзді аштырмайтын жал-жал құмы төмпешік іспетті. Ал, теңіз ше?.. Ол да тартылған. Сырттай қараған адамға тіршілікке қолайсыз, өмір сүруге болмайтын жер сияқты. Бірақ шын түсінген жанға бұл маңнан әсем, бұл мекеннен көркем жер жоқ. Өйткені бүгінде шаңы аспанға көтерілген қатпар-қатпар дала жүз жыл бұрын асау толқыны жағаға ұрған, шағаласы шулаған, балығы тулаған мекен еді.

Балықшы қауым үшін нағыз жұмақ дерсің. Құдды бір ертегі әлем. Дәл осы жұмақ мекенде 1924 жылдың 22 қазанында әлем мойындаған қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті классигі, Қазақстанның халық жазушысы, роман жанрының хас сардары, Еңбек ері Әбдіжәміл Кәрімұлы  Нұрпейісов өмірге келген.

Әбдіжәміл ағамыз – осынау құба дүз, сары жонда балдай тәтті балалық шағын өткізеді. Шаңдақ жолмен жалаңаяқ жүгіріп өсіп, жасынан құйма құлақ зерек болады. Көзін көргендердің айтуынша: күндіз кеудесінен ғана келетін терезенің алдында отырып, түнде май шамның кәрәсіні түгесілгенше кітаптан бас алмайды екен.

Балалық шағы туған ауылында өткен Әбдіжәміл Кәрімұлы Ұлы Отан соғысы басталғанда не бары 17 жаста екен. Буыны қатар-қатпастан әскерге алынған ол қан майдан соғыстың бел ортасында болған. Қаламгер сұрапыл соғыстың сұм бейнесі мен сұрқия келбетін «Курляндия» арқылы суреттейді. Романда алғашқы махаббат, алыстағы ауыл, майдан, от пен оқтың арасы, шым-шытырыққа толы оқиға берілген.

«Курляндиядағы» Есей бейнесінен автордың өзін де көруге болады. Бұл кітапты жазуды бастағанда абыз аға 23 жаста екен. Роман екі жылдан астам уақыт жазылып, баспа бетіне 1950 жылы жарияланады. Бұл – Нұрпейісовтің әдебиет әлеміне қадам басқан тұңғыш шығармасы.

Ұлы Отан соғысының тұтас пано¬ра¬масын адам тағдыры арқылы көкірекке сіңіре баяндап беру, эпикалық кең ты¬ныс, шалқар шабыт, құнарлы тіл – шығарманы шүу дегеннен оқылықты етеді. Роман екі қасиетімен ерекшеленеді. Бірі: түрлі ұлт өкілдерінің шынайы, типтік бейнесі. Соғыстан кейінгі көп әдебиеттер естелік жанрында жазылды. Кеңес жауынгерлерін баяғының батырларынша суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін ержүрек етіп суреттеу бел алды. «Курляндиядағы» қазақ Есей, орыс Долгушев, татар Хиззатулин, латыш Шоцикас, қайсы бірін айтасыз, жанама кейіпкерлер аса мол, кәдуілгі ішіне қан қатып ызаланатын, ажалдан қорқатын, бәзбір түнде елін, отбасын ойлап көз ілмей шығатын – көн қатса қалыбына дегендей, көнтерлі қалпында көрініс табуы шығарманы әрі шынайы, әрі қызықты етеді. Романның екінші ерекшелігі: тіл құнары еді. Әбдіжәміл аға алғашқы шығармасымен-ақ кең тынысты, жағаны өкіріп сүзіп жататын теңіз толқынындай әрі ілкімді, әрі ырғақты, екпіні мол қазақы шұрайлы тілі шығарманың шоқтығын биіктете түсті.

Тілі шұрайлы, оқиғасы да замана үнін дөп басып тұрды. Бұл роман кітап болып басылғаннан-ақ қолдан-қолға тимей оқылған. Сонда Сәбит Мұқанов үлкен алқалы жиында Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында: «Менің қазақ әдебиетіндегі 20 жыл күткен адамым енді келді» деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен.

Әбдіжәміл Нұрпейісов десе көкейге бірден «Қан мен тер» оралады. Себебі, бұл роман-трилогия – қазақ әдебиетіндегі ірі шығарманың бірі. Бүкіл шығармашылық әдістің басым бағыты реализмге табан тіреген. Реализм жазушы шығармасының басты өзегі болды. «Қан мен тер» өмірмен өзектес шығарма. Шығарма тақырыбы бүгінгі күні өзек болған –экология мәселесі. Экологиялық зәрулік қазірде жеке адамның, жергілікті жердің ғана мәселесі емес, әлемдік деңгейдегі сөз болған мәселе. Романды жазушы он бес жыл жазады. «Қан мен тер» – символдық атау. Қан – өмір үшін күресті бейнелесе , тер – сол күрес жолындағы қиындықтар символы. Трилогияда халқымыздың Қазан төңкерісіне дейінгі, кейінгі тыныс-тіршілігі, Азамат соғысының зардаптары, Кеңес үкіметінің орнауы, тарихи бетбұрыстар кезіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынастар кеңінен суреттелген. Шығарманың үш негізгі кейіпкері – Еламан, Ақбала, Тәңірберген. Еламан – кедейліктен көз ашпаған, қарапайым балықшы. Тәңірберген – атақты бай, мырза. Ақбала – өзі сүйген жанды сүйе алмайтын жан. Романдағы жиынтық мінез кейіпкерлері арқылы қазақ халқының тағдыры суреттеледі. «Қан мен терде» ұлтының басына төнген қиын халге аз да болса себім тие ме деп әлеуметтік өшпенділік өртіне араласып, өмірі зая ұрпаққа айналған Еламан мен Қален тірі жүрсе де – тірідей қара жердің астына көміліп, өз көздеріне өздері құм құяды. Біресе ана еркекке, біресе мына еркекке көңілін бұрып бейбақ сергелдеңге түскен ару Ақбала қасіреті – тек әйелдік қасірет емес, бағы ашылмаған қазақтың тағдыр-талайы, пұшайман тіршілігінің куәсі еді.

Кейіпкердің образын даралау жолында жазушы психологиялық тәсілдерді молынан қолданған. Әр сөзі сұрыпталған. Тілі таза, көркем. Автордың ой тамыры айқын. Шығармада образдылықпен қатар, ауыл өміріне тән типтік болмыс жақсы елестейді. Кешкі қоңыржай табиғат, үйді-үйге тараған балықшылардың жаяу-жалпы жүрісі, теңіздің баяу толқыны адам мен табиғат арасындағы үйлесімді көрсетеді. Кейіпкердің жай-күйін теңіз толқынымен байланыстыра отырып, әдебиет әлемінің шеберлігін оқырманға таныта түседі.

Образ жасауда автор кейіпкердің екі жақты-физиологиялық және психологиялық құбылыстарын жете қамтып, адам бейнесін толымды жасаған. Жазушы өз еңбегінде адам мен өмірдің диалектикасын жүзіктің көзінен өткендей бере білген.Ұнамды кейіпкеріміздің диалогтері оның ішкі мінез, қайсар қылық, заңды әрекет болмысын аша түседі. Қазақтың бүтіндей жаңа сипатта дамып келе жатқанын, адам тағдырының болмысын реалистік әдіспен оқырманға жеткізе білген «Қан мен тер» – шындықты бар сырымен ашқан туынды.

Әдебиеттанушы Ербол Шәймерденұлы «Қазақ сөз өнерінің елшісіне айналған роман жанрындағы ірі туынды – М.Әуезовтің өзі көзі тірісінде үлкен үміт артқан санаулы шәкіртінің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы. Қаншама жыл бойы қазақ оқырманының көзайымына айналып келе жатқан, көптеген шетел тілдеріне аударылған бұл шығарма – қазақ романының классикалық үлгілерінің бірі екені даусыз. Ол – ел-жұртымыздың ХХ ғасырдағы кезеңдік болмыс-бітімін көркем кестелеуінің үстіне, халқымыздың эстетикалық-философиялық дүниетанымын әлемдік әдебиет деңгейінде игерудегі із ашарлық дүниенің бірі», – дейді.

Академик Рымғали Нұрғали: «Қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дутов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, «Қан мен терде» басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады», – деп трилогияның көркемдік ерекшелігін сипаттайды.

Аудармашы, сыншы Герольд Бельгер «Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс деп баға береді.

Жазушы қаламынан ұзақ жылдарғы терең толғаныс, табанды ізденістен «Соңғы парыз» дүниеге келді. Бұл құдды бір «Қан мен тердің» жалғасы іспетті. Себебі тағы да Арал, туған өлкенің адамдары жазушы шабытына арқау болған. Кешегі кер замандағы Еламан, Тәңірберген, Ақбала кешкен сергелдең енді келіп, мына теңіз ортайып, көңіл көншіген шақта Жәдігер, Әзім, Бәкизат болып қайта тірілді. «Дәп кешегінің қайта айналып соққан толқыны секілді. Бәз баяғы дұрыс жүріп, жөн сөз ұғып жүрдік дегеніміз бос сергелдең боп шықты. Өз-өзімізден түтіндей бықсып, көзге күйік, көңілге жүк боп жүр екенбіз. Жоқты бар қыламыз деп жүріп, бардың өзінен айырылыппыз. Жасадық дегеніміз – жасампаздық емес, жерге қарағандық болып шықты. Малданып жүргеніміз – махаббат емес, беті жылтыр ұрғашының қойын жылытуы екен. Әділетке жеттік дегеніміз – әлімжеттіктің әуресі ғана. Өзгеден қалған қаңсық – өзегімізді талдырған таңсық. Өзгеріп бара жатқан өзіміз бе, әлде өзегін бермейтін өмір ме? Баққа тойымсыздық, атаққа тойымсыздық, дәулетке тойымсыздық… бәріміздің желкемізден түспей дүние тіршілігін бір уыс қылып қусырып бара жатқан кеселге ұқсады.

    Роман жайлы Әбіш Кекілбаев «Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған «зая ғұмыр әдебиеті» деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді», – деп ойын білдірген еді.

Суреткердің қай шығармасын оқысаңыз да кең көсілген ой ағыны (поток сознания), ішкі сезім пернесі (психологизм), сөз саптауы (диалог), баяндауы (описание) мидай араласып кеп бір арнаға құйғанда – жанрлық бітімі, концепциялық ұстанымы ұлттық әдебиетіміздің оқшау түзілімін құрайды. Жаңа бір тыныс ашылып, тосын баян тағылымы көлденең дейді. Оқып отырып кейіпкердің былайғы ахуалын білуден гөрі Нұрпейісов сөз саптасын сезіне түсу үшін оқисыз. Сөз құлпыртуға келгенде соншалықты тер төгетін қаламгерлігіне әбден риза боласыз. Сөз ұстартудағы сұңғыла сарабдалдығына қарадай қайран боласыз.

     Алаштың Әбесі атанған Әбдәжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» арқылы туған жер алдындағы соңғы парызын өтегендей әсер қалдырады. Өйткені бұл шығарма – бүгінгінің ғана емес, келер ұрпақтың да санасына сәуле ұялатар туынды. Бір байқағанымыз, бұл романды оқыған жанның жадында «Аралға көмектесу керек» деген сөз мәңгі жазылады екен.

Бар ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгершығармаларын оқып отырсаңыз маң далаға тіл бітіп, өлі теңіз өксік атып сайрай жөнеледі. Әр туындысының қатпары қалың, пайымы терең болары да осы ғажап сырында.

Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды.

Сөз сардары әрбір шығармасы арқылы тарихқа үңіліп, өткенді саралап, бүгінді бағамдай білді. Қазақ барда Әбдіжәмілдей жазушының есімі өшпейді. «Таулар алыстаған сайын биіктейді», сол секілді жыл өткен сайын Нұрпейісовтің де есімі бұрынғыдан бетер биіктей түсері хақ. Өйткені ол кісі әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі болып тарих қойнауына енді.

    Әлем әдебиеті қазынасына мол үлес қосқан қаламгер ғасырға жуық өмір сүрген ғажайып тұлға. Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде, оның ішінде Арал топырағында Әбеңдей перзенттің дүниеге келуі бір мақтаныш болса, оның 100 жылдық мерейтойы күллі қазақтың қуанышы.

Бір ғасыр өмір сүріп, өлмес туындылары арқылы ХХ ғасырдың көркем шежіресін хатқа түсіріп кеткен қайталанбас қалам иесінің әдеби және қоғамдық қызметінің маңызды кезеңдерін ашып көрсету және рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттау- біздің азаматтық парызымыз.

Гүлмира Жарылқасынқызы Баялиева,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің

қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<