Жердің жайын жетік білетін жан

1010

0

Жасы алпыстан асқан сырдариялық Әлібек Емжар – жердің жайын жетік білетін жан. Ол он жылдан астам уақыттан бері бақша шаруашылығын дөңгелентіп келеді.

Әлібек аға құрған шаруа қожалығында отыз шақты адам маусымдық жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Одан бөлек, жаз бойы маңдай тері сіңген жерден ризық-несібесін жинап алады. Жерге еткен жақсылық еселеп қайтады емес пе?! Өлшеусіз еңбек өтеусіз болмайды. Әлбетте.

Кейіпкеріміз аудан орта­лы­ғындағы жолаушы тасы­малдауға арналған автоко­лоннада отыз жылдай техник-механик болып жұмыс істеді. Колонна тарқағаннан кейінгі он жыл шамасында бақша егуге ден қойды. Қазіргі күні шаруа­шылықтың Қараөзек арнасының жағасындағы бес гектар аума­ғында картоп пен қауын өсіп тұр.

– Қостанайдан голландық картоп алдырамын. Екі есе жоғары өнім береді. Жергілікті картопқа да сұраныс жақсы. Қауынның сары ала, қара түрлерін, әсіресе, әмірені жұрт сүйсініп жейді, – дейді Ә.Емжаров.

Соңғы жылдары өзекті бола түскен су тапшылығы аталған шаруашылыққа әзірге салқынын тигізе қойған жоқ. Бұған егін алқабының «Қараөзек» арнасында орналасуы оң әсер етіп отыр.

– Бақша арықтар арқылы суарылады. Үш жылдай бұ­рын тамшылатып суару тех­ноло­гиясын қолданып көрген едік. Тиімсіз болды. Өйткені Қызылорданың аптап ыстығында жер тез кеуіп үлгереді, – дейді ол.

Жердің жаманы жоқ. Бабын таба білсе, жомарттық танытады. Көктем шыға кетпен-күрегін асынып, ала жаздай атыз жаға­лайтын дала еңбеккерлері жылда тәуір өнім жинап алады. Онысын тұрғындарға ұсынады. Ара-тұра аудандық, облыстық жәрмеңкелерге апарып, қол­же­тімді бағаға өткізеді.

Жергілікті халықты көкө­ніс­пен қамтып отырған шаруа­шылық үздіктер қатарынан көрініп те үлгерді. Ә.Емжар – аудан, облыс әкімдерінің алғыс хаттарының иегері. Таңнан кешке дейін тынбай еңбек еткен оның игі ісі көпке үлгі. Ағамыз үйінің алдын да жайнатып қойған. Бақшасында алма, алмұрт, өрік, жиде, жүзім өсіп тұр. Жары Тыныштық апай екеуіне балалары мен немерелері қолғанат.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<