Қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов KUN.KZ ашық медиа-платформасының «Серпіліс» сараптамалық форумында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен сұхбаттасты.
Жаңа маусымы Сыр өңірінен бастау алған форум өңірдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық өзгерістерді талқылауға бағытталды. Сұхбатта аймақтың қазіргі хал-ахуалы, енгізілген соңғы жаңашылдықтар, алға қойылған мақсат-міндеттер мен нақты қадамдар тілге тиек болды. Эфир барысында облыстың әлеуметтік әлеуеті, жастар жаңалығы, технология тынысы, саясаттағы әйел адамының рөлі, қоғам құндылығы және басқа да облыстың дамуына әсер ететін мәселелер қамтылды.
Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, біреулер саясаткер әйелдерге тән ерекшеліктерді олардың артықшылығы деп санаса, кейбірі оларды кемшіліктерге жатқызады. Мысалы, жұмсақтық пен мейірімділік, бір жағынан, әлсіздік деп саналады, екінші жағынан – бұл қызметте үлкен плюс. Эмоционалдық, кәсібилік, «әйел логикасы» – бұл екіұштылықпен бағаланатын сипаттамалар. Сіздің ойыңызша, саясаткер әйелдердің басты артықшылығы қандай? Гүлшара Әбдіқалықованың саясатта болуының бес себебін атасаңыз…
Гүлшара Әбдіқалықова: – Біріншіден, әйел әрдайым мәмілегер, соғысты емес бейбітшілікті қалайды. Биліктегі әйел бүгінгі әлемге жетісе бермейтін қажеттілікті енгізе алуы мүмкін, ол – бітімгершілік күш. Кез келген қарапайым әйел бейбітшілік пен тыныштықты сақтау үшін қажетті шаралардың барлығын қолданады және әйел әрқашан келісім орната алатынына сенімдімін.
Екіншіден, әйелдер сыбайлас жемқорлыққа оншалықты бейімделмеген болып есептеледі. Дегенмен, шындығына келгенде, зерттеулерден оқығанымдай, бұл үшін ерлер мен әйелдер арасында тепе-теңдік болуы керек. Егер ұжымдағы әйелдер саны белгілі бір деңгейге жетсе, онда бұл сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін деп саналады.
Үшіншіден, ер азаматтарды сынағым келмейді, алайда, әйелдердің еңбекқорлығы басымырақ. Әйел әрқашан ортақ игілік үшін артығырақ жұмыс істеуге әзір әрі ер адамдарға қарағанда төзімдірек. Мұны ғылым дәлелдеп қойған. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі бойынша, біз орта есеппен ақы төленбейтін үйдегі шаруаны қоса алғанда, ер адамдарға қарағанда күніне 50 минутқа және жылына 39 күнге артық жұмыс жасайды екенбіз.
Төртіншіден, әйелдер тек үй шаруасындағы әйел ретінде ғана емес, өздерін көрсетуге мүмкіндік алса, олардың өмірінде көп нәрсеге қол жеткізуге деген ынта пайда болады, өзін дәлелдей түседі.
Бесіншіден, әйелдер ер адамдарға қарағанда әлеуметтік мәселелерді жақсы түсінуге қабілеттірек. Белгілі бір саланы сеніп тапсырған кез келген әйел, әсіресе, саясатта жүргені оған жоғары жауапкершілікпен қарайды. Егер әйел саясаткер адамдармен кездесуге барса, онда ол барлық проблеманы жүрегінен өткізеді. Бұл – табиғатына тән құбылыс. Әйелдер ең өткір, ауыр әлеуметтік проблемаларға назар аударуға мүмкіндік беретін ерекше қасиеттерге ие. Сол себепті де, әйел саясаткерлер өздерін әлеуметтік, мәдени салаларда жүзеге асыруға тырысады, өйткені, қазіргідей айтқанда, «икемді салаларда» олар өздерінің әйелдік, аналық ерекшеліктерін көрсете алады.
Мұрат Әбенов: – Осы тұрғыда Қызылордадағы жағдай қызықты болып тұр. Көптеген адам Қызылорданы отбасылық дәстүрлі құндылықтар дамыған аймақ деп бағалайды. Қалай десек те, әйелдерге көшбасшы рөлі бар деп қарай бермейді. Шын мәнінде, сіз әкімсіз, бұған дейін елордада үлкен лауазымдарды атқардыңыз, жақында сенатор – әйелді сайладыңыз, праймеризде жүздеген қатысушылардың ішінен әйел адам жеңімпаз атанды, ҮЕҰ көшбасшылары да – әйелдер. Бұл жағдайлардың тоғысуы ма, әлде стереотиптерге байланысты бағаланбай келген нақты әлеует пе?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Бұл әлеует екеніне сенімдімін. Әрине, әйелге Ауыл шаруашылығы министрі немесе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болу оңай емес. Бірақ, білікті әйел кез келген саланы игеріп, басқара алады. Мұның бәрі оның кәсіби деңгейіне байланысты. Кез келген адам кез келген саланың қандай да бір мектебінен өтпесе, оны басқара алмайды. Сондықтан, көбінесе әйелдер саясатқа өздерінің еңбек тәжірибесіне сүйеніп, көбіне әлеуметтік саладан келеді.
Кейбіреу әйел көшбасшы бола алмайды деуі мүмкін! Алайда, бұл жерде де адамның жеке қасиеттері үлкен рөл атқарады. Мысалы, Маргарет Тэтчер, өзінің нәзіктігін жұмыста қаталдығымен және табандылығымен тамаша үйлестірді. Ол нағыз көшбасшы болды және жағдайға ерлерге тән прагматикалық көзқарасы болған. Ең алдымен, ол балалар денсаулығын, тамақтану жүйесін қамтамасыз етті. Бұл дені сау британдықтардың жаңа ұрпағын өсіруге мүмкіндік берді.
Бұл таза әйелге тән көзқарас сияқты көрінуі мүмкін, ал, екінші жағынан – келешекті алдын ала стратегиялық тұрғыдан көре білу. Сол себепті де, Мемлекет басшысы әйелдерді мемлекеттік құрылымдарда ғана емес, бизнес қауымдастықтарда да басшылық позицияларға жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.
Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, Қызылорда облысының әкімін не алаңдатады? Жыл аяқталуға жақын. Алдыңызға қандай міндеттерді бірінші кезекте қойып отырсыз?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Ең алдымен – тұрғындардың денсаулығы, коронавирустың таралуына жол бермеу шараларының тиімділігі, пандемияға қарсы тұру үшін тұрғындарды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету және т. б.
Аймақта жалпы жағдай бүгінде тұрақты және медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істейтініне қарамастан, біз күтілетін екінші толқынға әзірлік үстіндеміз.
Бүгінгі таңда, қажет болған жағдайда, бізде 21 инфекциялық стационар өз жұмысын қайта бастай алады, онда 3200 төсек-орынға дейін орналастыру мүмкіндігіміз бар. Оған қоса, ағымдағы жылдың қараша айының аяғына дейін 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталады. Демеушілердің қолдауымен көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларының жанынан оттегі станцияларын салуды жоспарлап отырмыз, емдеу мекемелерінде оттегін орталықтандырылған түрде беру үшін жабдықтар орнатудамыз.
Облыстың медициналық мекемелерінде бүгінгі таңда 244 өкпені жасанды желдету, 9 ПТР аппараты, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Жазда байқалған дәрі-дәрмекке қатысты қазір мәселе жоқ. Олардың 2 айлық қоры жасалды. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда дәрілік заттарды сатып алуға бюджетте тағы 488 млн теңге қарастырылды. Жыл соңына дейін 40 автокөлік келеді деп күтудеміз.
Бүгінде барлық бағыттар бойынша 13 мыңнан астам медицина қызметкері (2780 дәрігер және 10500 бірлік кіші медицина қызметкері) өз қызметінде еңбек етуде, соның ішінде ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына 99 жас маман келді. Сондай-ақ, 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырдық. Клиникалық сілтеме де алдын-ала жұмыс істейді, мысалы, созылмалы аурулары бар тәуекел тобындағы адамдар ерекше бақылауға алынды. Науқастарға күтімді қамтамасыз ететін және үйде амбулаториялық қызмет көрсететін 138 медициналық мобильді топ жұмыс істейді.
Бұдан басқа, 24 мониторингтік топ жұмыс істейді, оларға халықтың да, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардың да санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың (маскалық режим, әлеуметтік қашықтықтың сақталуы, антисептикалық құралдардың болуы) сақталуын бақылайтын 337 адам тартылған.
Жалпы алғанда, бәрі дайын, дегенмен, алаңдаушылық жоқ емес. Бүкіл әлемде, соның ішінде біздің елде пневмония мен коронавирус ауруының өсуі байқалды. Себебі, адамдар босаңсып, қарапайым талаптарды орындағысы келмейді. тағы да үйлену тойлары, той-жиындардың саны артып келеді. Шілде айынан бастап 370 той тіркелген. Мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарға тағы да айтқым келеді. Өзімізді және жақындарымызды қорғайық. Жеке саулықты, қарапайым ережелерді сақтауға тиістіміз. Ойланыңыздар, сіздер тек өз өмірлеріңізге ғана емес, байланыс жасайтын адамдарыңызға, мейлі ол кездейсоқ болсын, қауіп төндіресіздер. Бар болғаны бірнеше қарапайым ережені ұстансаңыздар болды: маскалық режим, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептикалық заттардың болуы. Бұл адам өміріне тұрарлық па? Еске түсіріңіздер, біз қаншама жақындарымыздан айырылдық, ал, қаншасы аурудан кейін қалпына келе алмай қалды.
Өкінішке қарай, біз ковид-диссиденттермен және адамның ішкі өзімшілдігімен күресуіміз керек. Сондықтан, күн сайын әріптестерімізбен бірге жиналып, дайындықты, барлық қиындықтарды ескеріп, мүмкін болатын сценарийлерді талқылаймыз, шаралар қабылдаймыз.
Екінші мәселе, әрине, экономикалық ахуал, әсіресе, қазір бизнеске оңай болмай тұрған кезеңде бизнесті дамытуға қажетті жағдай жасау алаңдатады. Өйткені, экономикалық зардаптардан басқа, бизнес проблемалары әлеуметтік проблемаларға – жұмыссыздық пен табыстың төмендеуіне әкеледі.
Осы себепті де біз 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарын әзірледік. оның шеңберінде бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 265 жобаны (271 млрд теңге) іске асыруды жолға қоямыз. Оның ішінде жалпы сомасы 26 млрд теңгеге 2 мың жұмыс орнын ашуға ниеттіміз. Оның 110-ын іске асыру ағымдағы жылы басталды, 63-і нақты іске асырылды.
Өңірдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік емес қаржы институттарының бағдарламаларын кешенді пайдалану арқылы аймақтың азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуді басты жоспар ретінде алдық. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарымызды жұмыспен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Мұнай өндірісінің және экономикадағы инвестициялар көлемінің төмендеуі бізді алаңдатады. Әрине, объективті себептердің бар екені белгілі. Алайда, бұл бірқатар көрсеткіштердің, мысалы, құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне әкеледі. Бұл – азаматтар жұмыссыз қалады деген сөз.
Мысалы, мұнай саласында бізде 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, олардың әрқайсысының артында отбасы тұр. Егер бізде облыс бойынша отбасының орташа коэффициенті 5,0 екенін ескерсек, бұл кемінде 25 мың адамның әл-ауқаты мұнай саласындағы жағдайға байланысты екенін білдіреді. Бұл салаға қызмет көрсететін бизнесті ескермесек, мұнай сервистік кәсіпорындар, мысалы, бұл тағы 7 мың адам, олардың әрқайсысының артында да отбасы бар. Арнайы киім тігу, тамақпен қамтамасыз ету және т.б. бойынша мұнайға қызмет көрсететін шағын бизнес те бар.
Сондықтан, әрине, жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі экономикаға инвестиция тарту болып көзделіп отыр. Биылғы жылы объективті себептер бойынша үлкен көлемді қамтамасыз ете алмаймыз, дегенмен, келесі жылы экономикаға шамамен 600 млрд теңге тартуды көздеп отырмыз. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды биыл қолға алдық.
Мұрат Әбенов: – Қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді, келешегі зор жоспарлар бары анық. Өкінішке қарай, біз анық көз жеткізетін жобаларды ғана бағалаймыз. Тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде сіз алдағы 5 жылға – орташа шұғыл, ал, кем дегенде 20 жылға – ұзақ мерзімге өңір үшін қандай міндеттерді көрер едіңіз? Өңір қандай бағытта дамуы тиіс, қандай негізгі тәуекелдер бар және оларды қалай жеңуге болады?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Біріншіден, оны қаласақ та, қаламасақ та мұнай-газ өндіру саласымен айналысуды жалғастыруымыз керек. Себебі, экономикамыздың мұнайға тәуелділігі әлі де жоғары және бірден осы саладан бас тартып, өңдеуші өнеркәсіпке ауыса алмаймыз.
Сондықтан, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылғанын ескере отырып, біз жаңа кен орындарын барлау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Осы жылдың өзінде «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық барлау жұмыстары басталды, бұған 700 млн теңге бөлінді. «Оңтүстік Торғай» және «Сырдария» бассейндері де мұнай-газ перспективасы болып саналады. Осы 3 шөгінді бассейнге алдағы 3 жылда 11 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Саутс Ойл» ЖШС қосымша 23 ұңғыма бұрғылау арқылы мұнай өндіруді ұлғайтуды ұйғарды, «Қазгермұнай» БК» ЖШС да осы бағыттағы жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Келесі жылы барлық көздер есебінен мұнай өндіру саласын дамытуға шамамен 150 млрд теңге, оның ішінде жаңа ұңғымаларды бұрғылауға көп қаржы салу жоспарланып отыр. Өңдеу саласымен – индустрияландырумен, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытумен айналысуымыз керек. Міне, мен көріп отырған ең перспективалы бағыттар осы. Осылайша, біртіндеп, біз мұнайға тәуелділіктен алыстай аламыз. Бүгінде біз осыған ұмтылып жатырмыз.
Келесі жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында 670 жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 7 индустриялық жобаны іске асыруды аяқтаймыз. Қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақ шыны, жоғары қысымды шыны пластик желілік және сорғы-компрессорлық құбырлар, молибден үшокисін өндіру жөніндегі зауыттар іске қосылады. Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, «Аралтұз» АҚ-да ас тұзын өндіретін 3-ші испан цехы, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру іске асырылады. Ірі қара малды 1200 басқа өсіру жөніндегі кешенді және сүт өңдеу зауытын кеңейту жөніндегі жобаны, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында КБК және кальцийленген сода шығару зауытын салуды бастаймыз. Бұл ірі жобаларға қатысты. Мен шағын және орта бизнесті дамыту жоспарлары туралы айттым.
Ауыл шаруашылығының болашағы өте жақсы. Мұндағы әлеует, әсіресе, мал шаруашылығында үлкен. Қазір осы бағытты дамытуға жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезекте, шалғайдағы мал шаруашылығы үшін пайдалануға болатын жайылымдық алқаптарды пайдалану тиімділігін арттыру міндеті тұр. Ол үшін бізге бірінші кезеңде пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптардағы 452 су көзін жөндеу қажет. Осылайша, біз шамамен 7 млн гектар жайылымдық жерді іске қосып, мал басын айтарлықтай арттыра аламыз. Жалпы, біздің табиғи-климаттық жағдайымызды ескере отырып, АӨК саласының әлеуеті мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да, балық шаруашылығында да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде де зор екенін байқаймыз.
Мұрат Әбенов:– Гүлшара Наушақызы, сіздің қазір экономиканы дамыту бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысыңыз үшін тиісті мамандар қажет. Бұл мәселені бір жолға қоя алдыңыздар ма?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, бұл – бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Айналамыздағы өзгерістер біз ойлағаннан әлдеқайда тез жүруде. Жаһандану процестері еңбек нарығына да әсер еткендіктен, білім беру бағдарламаларын уақытылы өзгертуге, жұмыс істейтін халықты неғұрлым сұранысқа ие салаларға қайта даярлауға тырысып жатырмыз. Мен жақында Мәскеу басқару мектебінің Сколково бағытындағы «Жаңа кәсіптер атласымен» таныстым. Мұнда экономиканың басым салаларының негізгі трендтерін, таяудағы онжылдықта еңбек нарығында болуы мүмкін өзгерістерді терең талдайды. Мысалы, аграрлық сектордағы жаңа мамандықтар тізіміне келесі мамандықтар кірді: агроинформатик – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ақпараттандырумен және автоматтандырумен айналысатын жоғары білікті маман, автоматтандырылған ауыл шаруашылығы техникасының операторы – автоматтандырылған технигі, датчиктер жүйелерін, дрондарды басқаратын маман.
Бұдан басқа, қазір шаруашылық жүргізу субъектілер үшін техникалық қайта жарақтандыруды қамтамасыз ету маңызды, бұл да – аграрлық саланың тұрақты дамуының құрамдас бөліктерінің бірі. Мысалы, Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығы «Ақmayasmartfarm» жобасын іске қосты. Технологиялық жүйе ауа райы жағдайлары, топырақтың ылғалдығы туралы нақты ақпаратты қашықтан хабарлауға, жерді тиімді өңдеуге, комбайндарға арналған отын шығындарын азайтуға және пестицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір өңірдің өзге де шаруашылықтары жаңа жүйені енгізуге ниетті. Жағдайды талдай келе, өңірдегі колледж басшыларына кадрларды даярлау, қайта даярлау, агроинформатик, агроэколог сияқты жаңа мамандықтарды енгізу жөніндегі мәселені зерделеуге тапсырма бердім. Бұл – бір ғана мысал! Қазір біз, тұтастай алғанда, еңбек ресурстарының теңгерім өзектілігін арттырып жатырмыз, содан кейін, HR-бағыты (айчар-бағыты) бойынша жұмысты да қайта бағдарлайтын боламыз.
Мұрат Әбенов: – Мен бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды ынталандыруға бағытталған «Серпін» жобасымен айналысып келемін. Бұл жобаға оңтүстік облыстардан 30 мың жас қатысты. Оның ішінде қызылордалық жастар да бар. Мен бұл жоба туралы екі ойлымын. Біріншіден, ел азаматтары жылы орнын суытып, өзге аймаққа көшкісі келмейді. Екіншіден, біз өз өңірімізде еңбек нарығындағы экономикалық бәсекелестікті жоғалтып алмаймыз ба деп қауіптенемін. Сіздің бұл жобаға деген көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз басқарып отырған аймаққа қажетті кадрлардың ынтасын арттыра аласыз ба? Олардың көңіліне қонымды және ең маңызды қандай үш ұсыныс айта аласыз?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Біріншіден, экономикада біз бұрыла алатын, бос тұрған тауашалар көп. Мұны біз 2023 жылға дейінгі аймақтың экономикалық даму жоспарын жасаған кездегі талдауда анықтадық. Мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді ескере отырып, өз ісіңізді бастау өте қарапайым, бастысы – мақсат қою. Ал, біз осындай бастамашыл адамдарды әрдайым қолдаймыз. Екінші, менің ойымша, бұл – тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндігі. Сіз біздің қаламыздың қаншалықты жылдам салынғанына назар аудардыңыз. Басқа аймақтармен салыстырғанда тұрғын үй құны да қолайлы. Үшіншісі – біздің адамдарымыз, менталитетіміз, оңтүстіктіктерге тән қонақжайлылығымыз, күнделікті тіршілігіміз, ежелгі тарихымыз. Бізде киелі жерлер өте көп, бір Қорқыт ата мемориалдық кешенінің өзі неге тұрады?!
Бізде күн жарқырап тұрады, сондықтан, адамдарымыз оптимист, ал, оптимист адамдар әрқашан мейірімді. Сол себепті де, біздің өңіріміз дос пейіл, ашық жарқын. Менің ойымша, мұның бәрі бір-бірімен байланысты, сондықтан да болар, жеріміз көптеген талантты адамдарды, ақындарды, жазушыларды, қоғам және саяси қайраткерлерді, спортшыларды және т.б. дүниеге әкелді. Бізде жайлы өмір сүруге болады. Өз әріптестерімнің көбін білемін, олар мұнда тұрып, қызмет істеген немесе тіпті іссапарға келген уақыттарын да қуана еске алады.
Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, осы қызметке келгенде сізде басты қандай мақсат болды?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Мен бұл сұраққа ерекше жауап айта алмаймын. Алайда, халықтың материалдық әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту – ең басты мақсатым. Біз мұнайлы-газды аймақпыз. Бізде әлі де елді мекендердің барлығы газбен қамтамасыз етілмеген. Елбасының арқасында, 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасы жүзеге асты, оның 846 шақырымы Қызылорда облысынан өтеді. Осындай ауқымды жобаны іске асыру осы жылдар ішінде Қызылорда, Байқоңыр қалаларын және облыстағы 7 аудан орталығының 4-ін газдандыруға мүмкіндік берді. Осылайша, халықтың 63%-ы табиғи газға қол жеткізді.
Ағымдағы жылы газбен жабдықтау жобаларын іске асыру үшін бюджеттен тағы 5,5 млрд теңге бөлінді және төтенше жағдай режимі мен шектеу шараларына қарамастан осы жылдың шілде айында біз халық саны 5 мыңнан асатын Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ бердік. Жыл соңына дейін газбен қамтылмаған қалған 3 аудан орталығына (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек), Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев, Шиелі ауданының Байсын елді мекендерінің тұрғындарына газ беруді жоспарлап отырмыз. Ондағы тұрғындардың жалпы саны 50 мың адамды құрайды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін халықтың 70%-ы табиғи газбен қамтылатын болады.
Содан кейін ірі елді мекендерді газдандыру жөніндегі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға кірісеміз. Яғни, бірінші кезеңде аудан орталықтарын газбен толық қамтамасыз еттік, ал, екінші кезеңде аудан орталықтарына жақын орналасқан тірек және серіктес елді мекендерді газдандырдық. Осы жылдың қараша айында Қазалы қаласы мен Шиелі ауданы Бекежанов ауылын газбен жабдықтау жобалары іске асырыла бастайды. 2021 жылы Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбет елді мекендерін, Қармақшы ауданының Төретам және Ақай, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая, Қодаманов елді мекендерін газдандыру жоспарлануда.
Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету де – өзекті тақырып. Қызылорда қаласында бұл мәселе жедел шешіліп келеді. Сырдарияның сол жағалауына қала салу арқылы тұрғын үймен қамту қарқын алды. Ал, бұл – Байқоңыр қаласында тұратын біздің азаматтар үшін – үлкен проблема. Онда тек өткен жылы, 30 жыл ішінде алғаш рет «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі бес тұрғын үй салынды. Нәтижесінде, қазақстандық 250 отбасы баспанамен қамтылды. Жалпы Байқоңыр қаласында 1300-ден астам қазақстандық баспана кезегінде тұр. Сондықтан, Байқоңыр қаласында тұрғын үй салу тәжірибесін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Жобалар дайын, 2021 жылы оларды жүзеге асыруды бастаймыз. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру мен жаңғыртуды бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс Кеңес заманынан бері жүргізілген жоқ.
Мұрат Әбенов: – Бұл – сіздің облыс әкімі ретіндегі ұстанымыңыз. Ал, жергілікті тұрғындар сізден осы өңірдің тумасы ретінде өзгеше жаңалық күтетіні рас қой. Ішкі сезіміңіз туған жеріңізде қандай із қалдырсам дейді. Уақыт өтеді, сіз өзге қызметке ауысасыз. Мұндағы күндеріңіз ақырын есіңізден шығуы мүмкін. Ал, жерлестеріңіз ұзақ уақыт істеріңізді еске алып жүреді ғой…
Гүлшара Әбдіқалықова: – Шынымды айтсам, бұл мені қатты алаңдатады. Мен мұны өте жақсы түсінемін, өйткені, аймақты басқару жауапкершілігі әйел адамға бірінші рет жүктеліп отыр. Менің Мемлекет басшысы мен жерлестерімнің сенімін ақтамауға қақым жоқ. Басты мақсатым – өз халқыма адал қызмет ету. Сондықтан, жерлестерімнің есінде олардың өмірін жақсартуға тырысқан, тек қалада ғана емес, ауылда да өмір сүру үшін жақсы жағдай жасаған әділ де қарапайым басшы болып қалғым келеді. Бұл – өте жоғары баға және мен бұған лайық болуым керек. Мен тек мемлекеттік органдардың ғана емес, облыс тұрғындарының да қолдауымен қазіргі жағдайды өзгерте аламын деп үміттенемін.
Мұрат Әбенов: – Бүгін менімен бірге ұшып келген әріптесім Қызылорданың сапалы жолдарына таңданысын білдірді.
Гүлшара Әбдіқалықова: – Рахмет. Қызылорда жолдарының сапасы үшін қызылордалықтардың өздері де, облыс қонақтары да қатты сынаған кездер болды. Сондықтан, соңғы жылдары бұл мәселені шешуге үлкен күш жұмсалды. Нәтижесінде, облыс орталығы мен аудандардың орталық көшелерін ретке келтіруге мүмкіндік туды. Биыл аудандық маңызы бар жолдарға және елді мекендердің шетіндегі жолдарға, тротуарлар төсеуге ерекше назар аудардық. Қалада жаңа тротуарлар салу бойынша қандай ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аудардыңыз ба? Жалпы, жыл соңына дейін 145 шақырым көше жөнделеді.
Мысалы, тек Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 109 көшені жөндеу қарастырылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Арал ауданында 18 көше жөнделеді, бұл жалпы алғанда 11 шақырым, Сырдария ауданында 9 көше, шамамен 14 шақырым, Жаңақорған ауданында 10 көше, 16,5 шақырым және мұндай жұмыстар бүгінде барлық аудандарда жүргізілуде.
Мұрат Әбенов: – Мені бір нәрсе алаңдатады. Жылдамдықпен ұйтқитын жақсы жолдар салынып жатыр. Өкінішке қарай, сол жолдарда ірі көлік апаттары жиілеп кетті. Осы ретте сізден сұрағым келетіні, жолдағы қауіпсіздікті қалай күшейтуге болады? Бұған да қатаң жаза керек пе? Қазір қала көшелері тап-таза. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Тұрғындарға тазалықты сақтап қалуды үйрету үшін не істеу керек? Осы кезде Нью-Йорктегі «Сынған терезе» мысалы еске түседі. Мүмкін адамдарды тәрбиелейтін немесе ынталандыратын қандай да бір тетік қажет шығар?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Біз өз проблемаларымызға кейде Президентті, Үкіметті, министрді, әкімді, әртүрлі ведомстводан бастап, полиция, ПИК-ті айыптауға әзір тұрамыз. Дегенмен, қарапайым шындықты жиі ұмытып кетеміз, әр адам – өз бақытының ұстасы. Мемлекет сөзсіз сауатты басқаруы және бақылауы тиіс, бірақ, әркім өзі үшін күш-жігер жұмсауға, өз өмірін жақсарту үшін және әл-ауқатын арттыру үшін айналасын өзгертуге күш салуы тиіс. Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын түсінемін. Бұл бір жақты жол емес. Мемлекет естуі керек, бірақ тұжырымдаманың екінші жағы бар – азаматтар да өз мемлекетін тыңдауы керек. Міне, сол кезде тұжырымдама толық күшінде жұмыс істейтін болады. Әр аулада ойын алаңының бұзылмауын қадағалайтын полиция қызметкерін қоюға болмайды. Көше бұзықтарының аялдамаларда әйнекті ұрып-соғып, орындықтарды сындырмауын қадағалау мүмкін емес. Әкім жылдар бойы үйдің жанында, жол бойына лақтырған қоқысты сыпырмайды және шығармайды.
Ешқандай Денсаулық сақтау министрі ешкімді шылым шекпеуге мәжбүрлемейді, сіз үшін ешқандай басқарма шағын және орта бизнес ашып бермейді. Әркім өз тағдырына, отбасына, балаларына, үйіне, қаласына, ауданына жеке жауапты болуы керек. Мұны ерте балалық шақтан бастап санаға сіңіру керек. Балаңызды осылай тәрбиелеу керек. Өйткені, сіз айналаңызға қалай қарасаңыз, балаңызда да сондай көзқарас қалыптасады. Бумеранг әсерін әлі ешкім жойған жоқ.
Өмірдегі барлық нәрсеге тек өзіміз үшін емес, балаларымыз үшін де жауап береміз. Реніш үшін, дөрекі сөз үшін, немқұрайлылық үшін, арамдық үшін, біреудің тағдыры үшін де біз жауаптымыз. «Тіпті көбелектің қанатын қағуы сияқты ұсақ-түйек әлемнің екінші жағында тайфун тудыруы мүмкін» деген нақыл сөз бар. Яғни, адамның іс-әрекеттерінің тізбегі одан әрі оқиғаларды дамытады. Біз өзіміз жетістікке жетуге және өмірімізді өзгертуге тырысуымыз керек. Біз мұны өзіміз жасауымыз керек және балаларымызды да соған тәрбиелеуіміз керек. Егер біз қауіпсіздік және мәдениет деңгейі жоғары, әдемі, таза елде өмір сүргіміз келсе, өзімізден бастауымыз керек. Бұл – біздің облысымыз, мемлекетіміз. Онда қалай өмір сүретініміз тек билікке ғана емес, әрқайсымызға да байланысты. Өйткені, біз мұнда бөтен емеспіз! Мен барлығын өңірі мен елінің дамуына өз үлесін қосуға шақырамын!
Мұрат Әбенов:– Өміріңіздің көп бөлігін халықты әлеуметтік қорғау саласына арнадыңыз. Қызылорда облысында, бірінші кезекте, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі маңызды. Барлық мәселелерді бір уақытта шешу мүмкін емес екені түсінікті. Дегенмен, осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатыр?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Шынында да, біз көпбалалы отбасылар саны көп өңірлердің қатарына кіреміз. Бізде ондай 25 мың 644 отбасы бар. Олардың әрқайсысымен жұмыс істейміз. Тек әлеуметтік көмектер мен әлеуметтік төлемдерге тәуелді болмай, оларды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Қазір бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар, олардың шеңберінде өз кәсібін ашуға грант немесе несие алуға болады. Ең алдымен оларға қандай бағдарлама бойынша қандай қолдау алуға болатынын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, егер қажет болса, оқытамыз, қайта даярлаймыз. Бұл тек көпбалалы отбасыларға ғана емес, жұмыссыздарға да, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына да қатысты. Дегенмен, көпбалалы отбасылардың өзге санаттарға қарағанда кейбір артықшылықтары бар. Атап айтқанда, олар үшін өз ісін құруға және дамытуға арналған кредит басқа санаттарға қарағанда (6%) неғұрлым төмен пайызбен (4%), немесе басым негізде өтеусіз гранттармен беріледі. Олардың үйінде отырып-ақ жұмыс жасауына мүмкіндік бар.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылы ғана аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 1 мың 229 мүшесі жаңа идея ұсынып, өз бизнестеріне грант ұтып алды. Бұл мақсатта бөлінген грант жалпы шағын және орта бизнеске арналған гранттар санының 30% құрайды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден басқа, біз осындай отбасылардан шыққан балаларға спорт кешендерінде, спорт секцияларында және т. б. тегін қызмет көрсетуге тырысамыз.
Бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы мыңнан астам студент өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты негізінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл облыс әкімінің грантын алған 150 студенттің 69-ы – көпбалалы отбасылардың балалары. Жалпы, облыс бойынша 30 мыңнан астам аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде, олардың 25 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар. Әрине, ешкім өмірдің қиындығынан сақтандырылмаған. Ал, біреулер көп жылдан соң ғана өз отбасындағы қиындықтарды еңсере алады. Кейбір кісілер мұндай жағдайда қайда бару керектігін білмейді немесе олардың шешуге көмектесетініне сенбейді. Сондықтан, біздің міндетіміз – осындай адамдар мен отбасыларға оларды қиын жағдайдан шығару үшін қажетті қолдау көрсету.
Ендігі міндетіміз – азаматтардың өтініштері негізінде ғана жұмыс жасамай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды өзіміз іздеп табу. Бұл мақсатта қазір «Е-Халық» ақпараттық жүйесі іске қосылды, шамамен 807,5 мың адамға (257 мың отбасы) арналған электрондық әлеуметтік карталар қалыптастырылды. Бұл әр отбасының өмір сүру деңгейін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Осы жүйенің арқасында жыл басында біз қиын жағдайға тап болған 949 отбасын анықтадық. Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылдарының арқасында бүгінде қиын жағдайдағы 2 отбасы ғана қалды. Бұл ретте, мұқтаж жандарға мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын көрсету үшін Қызылорда қаласында «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы жұмысын бастады. Оның негізгі қызметі – өмірлік қиын жағдайдан толық шыққанға дейін отбасын сүйемелдеу. Біреуге атаулы көмек қажет, біреуге психологиялық көмек, біреуге жұмысқа орналастыру және т.б. Бұл тәжірибені келесі жылы Байқоңыр қаласы мен облыстың барлық аудандарына таратуды жоспарлап отырмыз.
Мұрат Әбенов: – Балық берме, қармақ бер деген қағида бар. Сіз осыған жиі жүгінесіз бе?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Қармақ беру – мемлекеттің міндеті. Дегенмен, кей жағдайларда балық ұсынуға тура келеді. Бірақ, бұл бірреттік көмек болу керек, масылдық көзқарастан арылу маңызды. Әрине, мемлекет көмектесетін белгілі бір санаттар бар – мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар және т. б. Алайда, бұл әлеуметтік осал топтағы азаматтар да жақсы тұрақты табысқа құқылы. Сондықтан, біз кез келген адам өз ісін бастап, тұрақты табыс алуы үшін білімге, қайта оқытуға және микрокредит беруге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз.
Мысалы, ерлер жейдесін тігумен айналысатын және өз өнімін экспортқа шығарған «Далатекс» ЖШС қызықты жоба іске асыруда. Қазіргі уақытта 120 әйелді «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда тігін шеберлігіне оқытып жатырмыз. Содан кейін, оларға тігін машиналары мен басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуға 555 мың теңгеден грант беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан соң олар жеке кәсіп ашып, «Далатекс» фирмасымен келісімшартқа отырады. Осылайша, компаниядан көлем ала отырып, олар мерзімін сәйкестендіріп, үйде жұмыс істеп, кіріс ала алады.
Менің ойымша, өмірге еніп жатқан ғұмыр бойы үздіксіз оқудың фин моделін қоғамның өмірлік қағидасына айналдыруымыз қажет.
Мұрат Әбенов: – Мен жақында бір ауданда болдым. Сонда ауылдық бір аурухананың дәрігері маған сіздің сол аурухананың қарапайым дәрігеріне таңертеңгілік хабарласып, аурухананың мәселесі мен медициналық көмек көрсету кезіндегі қиындықтар жайлы сұрағаныңызды таңғалып айтты. Содан соң ол аурухананың мәселесі көп өтпей шешілген. Сізге сол ауылдың тұрғындары алғысын жаудыруда. Өңірдегі медицина саласы туралы не айтасыз? Денсаулық сақтау саласындағы соңғы реформа ауылдық ауруханалар мен ондағы білікті мамандарды азайтты. бұл саладағы алдағы жоспарыңыз қандай?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Денсаулық сақтау саласы әрдайым ерекше назар аударуды талап етті және солай жалғасады. Шұғыл шешімді керек ететін көптеген мәселелер де бар.
Қазір, мысалы, сырқат пен өлім-жітімді талдау нәтижесі бізде бірінші орынды қан айналымы жүйесінің аурулары алып отырғанын көрсетеді. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш біршама төмендегенімен, аталған санаттағы аурулар бойынша өлім-жітім осы уақыт ішінде өсті.
Төмендеу үрдісіне қарамастан, қатерлі ісіктерден болатын аурулар мен өлім-жітім өте жиі кездеседі. Тыныс алу жүйесінің аурушаңдығы артты.
Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері ерекше назар аударуды талап етеді. Облыста жүкті әйелдердің денсаулық индексі (51,3%) республикалық көрсеткіштен (70,5%) едәуір төмен. Әйелдер мен жасөспірімдерде қан және қан өндіру органдары ауруларының жоғары деңгейі байқалады.
Эндокриндік жүйе, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасуының бұзылуы аурушаңдығының көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары.
Сондықтан, өсу үрдісі бар немесе ауру құрылымында үлесі жоғары әрбір ауру бойынша біз тиісті Жол карталарын әзірлейтін боламыз, яғни, біз әр ауруды егжей-тегжейлі зерттеп, осы мәселені шешу үшін нені қанша мөлшерде сатып алу және қандай шаралар қабылдау керектігін зерттейміз.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған нозологиялар бойынша сырқаттанушылықты төмендету мақсатында жабдықтармен қамтамасыз етуді толықтыру және медициналық мекемелердің мамандарын даярлау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бүгінде медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі республика бойынша орташа деңгейден біршама жоғары болса да (КЗО-88,5%, ҚР-77,5%), тоқтауға болмайды. Бұл көрсеткішті бүгінгі 88,5%-дан 100%-ға дейін жеткізу керек. Биыл осы мақсаттарға біз 638 млн теңге қарастырдық.
Мойындауымыз керек, республика бойынша бізде де дәрігер тапшылығы бар. Ауылдық жерлермен қатар, облыс орталығында орналасқан мамандандырылған, көпбейінді стационарларда да тапшылық байқалады, бұл – неонатологтар, инфекционистер және басқа да бірқатар мамандар.Өңірде дәрігер кадрларының тапшылығын азайту мақсатында 2016 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін резидентурада тапшы мамандықтар бойынша оқытуға гранттар бөлу практикасы енгізілді. Осы уақыт ішінде 91 грант бөлінді, бүгінгі таңда еліміздің 9 жоғары оқу орны мен ұлттық орталықтарында 62 резидент білім алуда.
Бұдан басқа, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек (БМСК) ұйымдарында кадр тапшылығын қысқарту, учаскелік желіні дәрігерлермен қамтамасыз ету және ауылда білікті медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін жалпы білім беретін мектептер мен медициналық колледждердің 100 үздік түлегі Батыс Қазақстанда орналасқан М.Оспанов атындағы медицина университетінде облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.
Бұл ретте, жас мамандарды қызықтыру, оларды ауылға бекіту үшін биыл біз ауылға жіберілген 39 жас маманға 500 АЕК – 1 млн 389 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік пакет беруге жергілікті бюджеттен 54 млн теңгеден астам қаржы қарастырдық. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға келетін болсақ, орталық аудандық ауруханалар салу мәселесін шештік, соңғы мәселе, Жалағаш ауданында ағымдағы жылдың соңына дейін салынатын болады. Енді біздің алдымызда алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек нысандары мәселесін шешу міндеті тұр. 2024 жылға дейін біз медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің 62 объектісін жаңартуды жоспарлап отырмыз, осылайша, бастапқы медициналық-санитарлық көмек объектілері бойынша да мәселені толығымен шешеміз.
Сонымен қатар, облыстық қан орталығына ғимарат жалдауға мәжбүрміз. Ол ғимарат санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан, облыстық бюджет есебінен Қызылорда қаласында облыстық қан орталығын салу жөніндегі жобаны әзірлеуді бастадық және оны салу мәселесін 2022 жылдан кешіктірмей шешетін боламыз.
Мұрат Әбенов: – Күріш шаруашылығы бойынша бөлек сұрақ қойғым келеді. Бұл – біз үшін экономикалық және әлеуметтік мәселе. Мен Экология министрлігінің Қоғамдық кеңесінің құрамындамын, суармалы егістікке қатысты қиындықтардан хабардармын. Болжамдар жыл сайын суармалы егіс көлемнің қысқаратынын, алдағы уақытта да судың тапшылығы болатындығын көрсетеді. Біз қазірден бастап үнемдеу туралы ойлануымыз керек. Бұл – Қызылорда өңірі үшін үлкен қауіп. Мәселені қалай шешуге болады? Күріш алқабын қысқартамыз ба? Суды үнемдейтін жаңа технологияларға көшу керек пе немесе ауыл шаруашылығын әртараптандырған жөн бе?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Суармалы су мәселесі аграрлық өңір үшін өзекті. Сырдария өзені бассейніндегі негізгі ағындар, өкінішке қарай, Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасқан. Бұл ретте климаттық өзгерістер, өзен бассейні жағалауындағы елдерде халықтың өсуі, тиісінше, азық-түлік тауарларына қажеттіліктің өсуі су мәселесін қиындатады.
Осы жылы өңірде суармалы судың тапшылығы ерекше сезілді. Бірақ, суармалы суды тиімді пайдалану бойынша уақытылы қабылданған шаралар залалды азайтуға мүмкіндік берді. Биыл жақсы өнім жинап қана қоймай, күріштің жалпы түсімі (551 мың тонна) мен түсімділігі (61,8 ц/га) бойынша да жетістікке жеттік.
Бірақ, сіз дұрыс айтасыз, суармалы сумен байланысты жыл сайынғы проблемаларды ескере отырып, қысқа мерзімде егіншілікті әртараптандыруымыз қажет. Бұл жағдайды түсінеміз. Сондықтан, ауыл шаруашылығы басқармасына ғылыми институттармен бірлесіп, ылғал шығыны көп дақылдардың, атап айтқанда, күріштің егіс алқаптарын 80-85 мың гектарға дейін төмендету және оны ылғал шығынын аз талап ететін дақылдарға – сояға, жүгеріге және басқа дақылдарға ауыстыруға жұмыс жүргізу тапсырылды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерге дәстүрлі күріштің көлемін азайта отырып, тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді.
Маған ұнайтын жақсы мысал бар. Бүгінде 1 гектар күріш егуге орташа есеппен 33 мың текше метр су жұмсалады, бұл ретте шаруаға 600 мың теңге кіріс кіреді. Бірақ, сол су көлемін пайдалана отырып, 26 млн теңге табыс тауып, 10 гектар қызанақ отырғызуға болады. Су – өте құнды ресурс, сондықтан, оны тиімді пайдалану керек.
Сырдария өзеніне келіп түсетін судың 70%-ы қысқы кезеңге келетінін ескере отырып, вегетация кезеңінде суды сақтау үшін суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қысқы тасқын суларды жинақтау көлемі 2,3 млрд текше метр болатын 6 су қоймасы салынады. Бұл өз кезегінде тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін толық шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобаларды – «Қызылорда» су торабын, «Әйтек» су торабын қайта жаңарту, «Жиделі» су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, 158 мың гектар алқаптағы ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделеді.
Жаңа заманауи суару жүйелерін – тамшылатып суару жүйелерін, аквагельдерді, жаңбырлатып суару жүйелерін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге ерекше назар аударамыз. Жаңақорған ауданында аквагельдерді қолдану бойынша жақсы тәжірибеміз бар. Осылайша, күздік бидай егілген 80 гектардан 18 центнер өнім алдық. Бұл тәжірибе әрі қарай басқа шаруашылықтарға да таратылатын болады.
Мұрат Әбенов: – Қызылорда облысы әлемдік деңгейдегі спортшыларымен танымал. Бүгінгі күні бұқаралық спорттың дамуы қалай?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Біздің облыста, шын мәнінде, спорт саласы дамыған деуге болады. Өзіңізге белгілі, Илья Ильин, Марат Сатыбалдиев, Тұрсынбай Құлахмет, Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали, Рахат Бекболат секілді біраз спортшылар тәрбиеленген. Тек 2019 жылы бізден 68 Азия және Әлем чемпионы шықты, 578 спортшымыз ұлттық құрамаларға енді.
Бүгінде Токиодағы кезекті Олимпиада ойындарына еркін күрестен (Дәулет Ниязбеков) және бокстан (Қамшыбек Қоңқабаев) 2 лицензия бар.
Спортқа барынша көп адамды тарту үшін басты назарды спорттық инфрақұрылымды дамытуға аударудамыз. Бүгінгі күні облыста 2241 спорттық ғимарат бар. Атап айтсақ, 12 стадион, 34 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 425 спорт залы, жеңіл атлетика манежі, хоккей және 17 теннис корты, 74 атыс тирі, 7 бассейн, 3 ипподром, 1400-ден астам спорт алаңы, оның ішінде бүгінгі таңда танымал спорт – воркаут алаңдары, 10 мыңнан астам түрлі секциясы жұмыс істейді.
Инфрақұрылымдардың қолжетімділігі 250 мыңға жуық адамды бұқаралық спортпен қамтуға мүмкіндік берді – бұл облыс халқының 30%-дан астамын құрайды. Осы жылға арналған индикаторды – 30%-ды, жыл аяқталмай-ақ қажетті көрсеткіштен асырып орындадық.
Қазір сабақтан тыс спорттық жұмыстарды кеңейту бойынша, мектеп спорт клубтарын құруға қатысты шаралар қабылдап жатырмыз. Бұқаралық спортты дамыта отырып, өз азаматтарымыздың денсаулығы үшін күресіп қана қоймай, жастардың көшеде бос жүруіне әсер етеміз, бұл өз кезегінде жастардың қатысуымен жасалған қылмыстардың санын азайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, қазір спорт инфрақұрылымын дамытуға бизнес те белсенді қатысуда. Биылғы жылдың өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт кешендерінің құрылысы бойынша 5 жоба іске асырылуда, онда 720 адамды қамтитын 60 спорт секциясы ашылады. Бұл – жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Осы жылдың соңына дейін Қызылорда қаласында байдарка мен каноэде есу базасының құрылысын аяқтаймыз, 2021 жылы облыс бюджеті есебінен тағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 7 кешеннің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Міне, бұл бағытта осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мұрат Әбенов: – Илья Ильин аймаққа келгелі белсенділік танытып, жаңа идеялар ұсынуда. Спорттың шыңында тұрған кезінде оны өзге аймақтар мен тіпті елдердің атынан өнер көрсетуге шақырды. Бірақ, Илья бас тартты. Ал, енді туған жерінде қызмет етуде. Бұл – үлгі болатындай дүние. Менің ойымша, еңбегі сіңген азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды. Менің сұрағым, сіз спорттық легионерлерге қалай қарайсыз?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Біз қалаймыз ба, жоқ па, легионерлер спортқа қатысады, өйткені, өмір парадигмасы өзгерді, соның ішінде спорт та бар.
Менің ойымша, легионерлер қажет, бірақ, команданың қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде спорт деңгейін көтеру, дамыту үшін. Олар жоғары білікті мамандар мен спортшылар болуы керек. Шетелден келген жұлдызды ойыншылар біздің жастарға сабақ бере алады, алайда, командаларымызда олардың саны аз болуы тиіс. Отандық спортшыларға, ең алдымен, салауатты амбицияларды дамытып, жеңістер мен жетістіктерге жетіп, виртуоз және көшбасшы болу үшін көп жаттығу қажет. Әйтпесе, бұл қандай спорт?!
Бізге жаттықтырушыларды үйрету, ең жақсы заманауи тәжірибені, ең жақсы әдістерді үйрену керек және дайын, көбінесе жас немесе есептен шығарылған спортшыларды сатып алмау керек. Егер легионерлер көп болса, оларға қалай жанкүйерлік етуге болады? Елестетіп көріңізші.
Мұрат Әбенов: – Қазіргі мәдениет саласындағы жаһандану менің ойымша ұлттық мәдениетті дамытуға кедергі келтіретін сияқты, мұның соңы ұлттық ерекшеліктің жоғалуына әкелуі мүмкін. Қызылорда облысы салт-дәстүрді сақтаған аймақ болып саналғанымен, жаһанданудың салдары айналып өтпейтіні белгілі. Ұлттық дәстүрді сақтау және дәріптеу, рухани жаңғыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, жаһанданудың артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Теріс факторлардың бірі – тұтыну мәдениетін кеңейту арқылы ұлттық мәдениеттің жоғалуы. Сондықтан, әрине, мәдениетті, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға тырысамыз. Бірінші кезекте, бұл процеске балаларды, жасөспірімдерді, жас буынды тартамыз.
Биыл бүкіл әлем үшін өте қиын, рухани дамуымыздың және халықты мәдениетке баулудың негізгі мақсаты, өкінішке қарай, онлайн-сервистер арқылы жүзеге асырылуда. Сондықтан, біз мүмкіндігінше көп адамды қамтуға тырысамыз, себебі, мәдениет – бұл прогресті құрудың негізі.
Биыл елімізде орасан зор тарихи-мәдени даталар атап өтіледі. Математика, физика, астрономия, философия, лингвистика және тіпті музыка сияқты білімнің түрлі салаларын қамтитын, әлемдік өркениеттің игілігіне айналған, өзінен кейін бай ғылыми мұра қалдырған, әлемнің екінші ұстазы, Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Қазақ халқының қалыптасуының құрамдас бөлігі – Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы маңызды оқиға болды. Биылғы жылдың айтулы оқиғасы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу, Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан бренді болды.
Осы күндерді мерекелеу аясында облыста әртүрлі форматтағы бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды: дөңгелек үстел, ақындар айтысы, кітап көрмелері, спектакльдер және т.б. Сыр өңірінде алғаш рет Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының сахнасында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының премьерасы қойылды. Қойылымға облыстық театрдың, облыстық филармонияның 100-ден астам қатысушы-артистері, сондай-ақ, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің аралас хоры қатысты.
Алайда, рухани мұраны жаңғырту тек мерекелік іс-шаралармен ғана шектелмейді. Бұл дегеніміз, сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс, оның басымдықтарының бірі – тарихи ізденістер мен археологиялық зерттеулер.
Оның үстіне, Арал өңірінде мемлекеттіліктің қалыптасу тарихының көптеген айғақтары сақталған. Біздің облыс аумағында әр дәуірде Сақ мемлекетінің астанасы – Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, қыпшақтардың астанасы және Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ болғандығы белгілі. Сондықтан биыл алты ежелгі тарихи ескерткішке – Бәбіш мола, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала және Асанас қалаларына археологиялық зерттеулер жүргізуді жалғастырдық. Қазба жұмыстары барысында археологтар қалалардың қорғандары мен мұнараларын, тұрғын үй-жайларды және басқа да құрылыстарды тапты. Материалдық мәдениет заттарының тамаша кешені алынды. Орта ғасырларға жататын алтын әшекейлер, моншақтар, қыш ыдыстар, монеталар, сүйектен жасалған бұйымдар және басқалары табылды.
Сыр өңірі аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған барлық экспонаттар музейлерде көпшілік назарына ұсынылуда, ал, кейбірі музей қорларында сақталады.
Әрине, барлық жұмыс жалғасады. Ұлттық дәстүрлерді сақтау – тек рухани мұра ғана емес, сонымен қатар, экономикалық табыс. Өйткені, ұлттық бірегейлік туристер үшін үлкен қызығушылық тудырады, яғни, этнотуризмді дамыту үшін бізде барлық алғышарттар бар.
Заманауи Қазақстанда кейбір өмір салтының өзгеруінен, сондай-ақ, қоғамдық-экономикалық факторлардың әсерінен әдет-ғұрыптар өзектілігін жоғалтса да, біздің аймақта көптеген ұмыт болған салт-дәстүрлер жаңаруда. Мысалы, үйлену тойы. Қазір үйлену тойының негізгі кезеңдерін сақтай отырып, қалыңдық пен күйеу жігіттің ұлттық үйлену киімінде қазақтың дәстүрлі үйлену тойын өткізу жақсы үрдіске айналды. Жүн түту, былғары өңдеу, музыкалық аспаптар жасау, зергерлік бұйымдар жасау және т. б. сияқты ұлттық қолөнер жандануда. Мұның бәрі, ең алдымен, жас ұрпақтың өз халқының тарихына, оның мәдениеті мен дәстүрлеріне деген қызығушылығын көрсетеді.
Мұрат Әбенов: – 2006 жылы біз «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалін ұйымдастырғанымыз есімде, әлемнің 18 елінен қонақтар келді. Бүкіл әлем бойынша түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызықты шоу және көптеген ақпарат болды. Біздің шығармашылықтың қай түрі сырттан қонақтарды тартып, қызықтыруы мүмкін? Соның ішінде туризмді дамыту үшін…
Гүлшара Әбдіқалықова: – Сыр елі – ұлы тарихы бар өлке, ежелгі уақытта Шығыс өркениетінің орталықтарының бірі орналасқан қасиетті орын. Мұнда ұлы Қорқыт өмір сүрген. Бұл – түркі әлемінің жүрегі, әндер мен әңгімелердің, эпостар мен аңыздардың мекені!
Біздің жерімізде мәдениеттер қалыптасып, дамыды, әскери одақтар мен мемлекеттер құрылып, ыдырады, атап айтқанда, біздің жер, жоғарыда айтқанымдай, төрт астананың (Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Қызылорда қаласы) өлкесіне айналды.
Сол себепті, әрине, бізде көрсететін дүниелер көп. Айта кетейік, келесі халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалін 2022 жылы өңірде өткізетін боламыз, өңір бұл тәжірибеден бас тартқан жоқ, ол үш жылда бір рет өткізіледі.
Сонымен қатар, соңғы жылдары шығармашылық ұжымдарымыз түрлі фестивальдарға қатысып, шақыру бойынша шетелге шығуды жақсы тәжірибеге айналдырды. Мысалы, 2018 жылы облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театры Эдинбург қаласында өткен халықаралық өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» қойылымымен қатысты. Бұл – 1947 жылдан бастап жыл сайын Эдинбургте (Шотландия) өтетін және әлемдегі ең үлкен театр өнері фестивалі, театр қауымдастығында өте беделді және танымал фестиваль. Ал, 2019 жылы Өзбек ұлттық академиялық драма театрының сахнасында Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасы қойылды.
Біздің шығармашылық ұжымдар Түркия, Әзербайжан, Қарақалпақстан, Ресей, Татарстан, Ұлыбританияға өз өмірін, тұрмысы мен әдет-ғұрпын сипаттайтын классикалық шығармаларымен, пьесаларымен үлкен гастрольдік турлармен барған. Барлық жерде бізді жақсы қарсы алады. Ұлттық билеріміз, ойындарымыз бен спорттық жарыстарымыз – асық ату, көкпар, арқан тарту, сондай-ақ, ұлттық костюмдер арқылы шетелдік көрермендерді ұлттық нақышпен және қазақ мәдениетімен таныстырдық.
Қазір, алдында айтқанымыздай, жаһандануға байланысты ұлттық мәдениеттердің жоғалуы байқалуда, сондықтан, салт-дәстүр сақталған елдер шетелде өте қызықты. Менің ойымша, бұл – біздің артықшылығымыз. Бізде дәстүрлі өнер сақталған. Биыл қобызшылар ансамблін құрдық. Осының бәрін көрсете аламыз, бұл туризм – этнотуризмді дамытудағы біздің фишкамыз, бұл – біздің брендіміз. Бұл басқаларда жоқ дүние және бізді неғұрлым қызықты етеді.
Өкінішке қарай, белгілі себептермен биыл ешқайда шыға алмадық. Бірақ, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде, тәжірибені қайта бастаймыз деп ойлаймын.
Мұрат Әбенов: – Демалыс күндерін қалай өткізесіз? Үй шаруасын жұмыспен қалай үйлестіресіз?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Өкінішке қарай, демалыс күндерім жоқ десе де болады. Өте сирек болады. Наурыз айынан бастап бірнеше рет демалуға мүмкіндік болған шығар.
Жұмыс көлемі өте үлкен, көптеген салалар, бағыттар бар. Қазір уақыт тыныш емес, өзіңіз білетіндей, бүкіл әлем пандемиямен күресіп жатыр. Жедел әрекет ету керек, ол үшін әрдайым импульста болу қажет. Сондықтан, белсенді ырғақта өмір сүруіміз керек. Уақыттың көп бөлігі жұмысқа, іскерлік кездесулерге, сапарларға арналады.
Егер уақыт таба алсам, теледидардан түрлі жаңалықтар көремін, не болып жатқанын біліп отырамын. Біздің қазақстандық кинематографты өте жақсы көремін. Отандық фильмдерді қуана көремін, олар маған жайлы көңіл сыйлайды.
Уақытым бола қалса, кітап оқимын. Көркем және саяси әдебиеттерді ұнатамын. Абайды қайта-қайта оқимын. Оның шығармалары – терең философиялық, даналыққа толы және әрқашан өзекті. Қазір оның сөздері маған жұмыста көп көмектеседі. Әсіресе қазір коронавирус дағдарысының қиын кезеңінде адамдардың болмысы мен барлық қасиеті білінуде.
Менің ойымша, Абай шығармаларында мың жылдан кейін де өзекті болатын даналық бар. Мен оның өлеңдерін және қара сөздерін оқып, оның нұсқауларын орындауға тырысамын. Әр адам Абайдың шығармаларынан өзіне жақын, жан дүниесіне әсер ететін нәрсе табады. Мемлекет басшысы Ұлы Абайды еліміздің бренді деп атағаны бекер емес!
Саяси әдебиеттерден маған саяси ойдың патриархы, Нобель сыйлығының лауреаты Генри Киссинджердің «Дипломатия» кітабы өте ұнайды. Киссинджер өзінің кітабында 1648 жылдан бастап ХХ ғасырдың соңына дейін мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастардың тарихын талдауға тырысады. ХХ ғасырдағы оқиғалар мен Киссинджердің өзі дипломат болған кезеңдердің сипаттамалары ерекше қызықты. Негізгі тарихи және саяси оқиғаларымен танысқысы келетіндерге арналған керемет кітап. Саяси тарихқа қызығушылық танытқандар үшін ол саяси және экономикалық ықпалдың ішкі саясатқа әсерін, АҚШ басшылығы алға қойған ұзақ мерзімді жоспарлардың мәнін және саясаткерлер мен дипломаттар қолданатын мақсаттарға жету әдістерін ашады. Жалпы оқуға кеңес беремін.
Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, сіздің өмірлік ұстанымыңыз?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Менің өмірлік ұстанымым – кез келген мәселенің шешімі табылады. Мүмкін емес деген дүние жоқ деп есептеймін.
Әрине, мен де кемшіліктер жіберемін, өйткені, адаммын.Кейде өзіме қарама-қайшы боламын, егер жаңа фактілер мен идеяларды білсем, пікірімді өзгертемін. Кейде бекерге ашуланамын.Жақын адамдарыма эмоцияларымды көрсетіп, кейде мұңаямын. Бұл – қалыпты жағдай. Біз кейде қателіктер жібереміз. Олардан сабақ аламыз – бұл ғаламның заңы. Сол себепті өмірді сүйіп, адамдарды жақсы көру керек. Алдағы уақытқа орындалуы қиын болса да, мақсаттар қоюымыз қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<