Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі: Басты мақсатым – халқыма адал қызмет ету

2790

0

Қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім  кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов KUN.KZ ашық медиа-платформасының «Серпіліс» сараптамалық форумында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен сұхбаттасты.

Жаңа маусымы Сыр өңірінен бастау алған форум өңірдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық өзгерістерді талқылауға бағытталды. Сұхбатта аймақтың қазіргі хал-ахуалы, енгізілген соңғы жаңашылдықтар, алға қойылған мақсат-міндеттер мен нақты қадамдар тілге тиек болды. Эфир барысында облыстың әлеуметтік әлеуеті, жастар жаңалығы, технология тынысы, саясаттағы әйел адамының рөлі, қоғам құндылығы және басқа да облыстың дамуына әсер ететін мәселелер қамтылды.

Мұрат Әбенов: Гүлшара Наушақызы, біреулер саясаткер әйелдерге тән ерекшеліктерді олардың артықшылығы деп санаса, кейбірі оларды кемшіліктерге жатқызады. Мысалы, жұмсақтық пен мейірімділік, бір жағынан, әлсіздік деп саналады, екінші жағынан – бұл қызметте үлкен плюс. Эмоционалдық, кәсібилік, «әйел логикасы» – бұл екіұштылықпен бағаланатын сипаттамалар. Сіздің ойыңызша, саясаткер әйелдердің басты артықшылығы қандай? Гүлшара Әбдіқалықованың саясат­та болуының бес себебін атасаңыз…

Гүлшара Әбдіқалықова: – Біріншіден, әйел әрдайым мәміле­гер, соғысты емес бейбітшілікті қалайды. Биліктегі әйел бүгінгі әлемге жетісе бермейтін  қажет­тілікті енгізе алуы мүмкін, ол – бітімгершілік күш. Кез келген қарапайым әйел бейбітшілік пен тыныштықты сақтау үшін қажетті шаралардың барлығын қолданады және әйел әрқашан келісім орната алатынына сенімдімін.

Екіншіден, әйелдер сыбайлас жемқорлыққа оншалықты бейімделмеген болып есептеледі. Дегенмен, шындығына келгенде, зерттеулерден оқығанымдай, бұл үшін ерлер мен әйелдер арасында тепе-теңдік болуы керек. Егер ұжымдағы әйелдер саны белгілі бір деңгейге жетсе, онда бұл сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін деп саналады.

Үшіншіден, ер азаматтарды сынағым келмейді, алайда, әйел­дердің еңбекқорлығы басымырақ. Әйел әрқашан ортақ игілік үшін артығырақ жұмыс істеуге әзір әрі ер адамдарға қарағанда төзімдірек. Мұны ғылым дәлелдеп қойған. Дүниежүзілік экономикалық форум­­ның есебі бойынша, біз орта есеппен ақы төлен­бейтін үйдегі шаруаны қоса алған­да, ер адамдарға қарағанда күніне 50 минутқа және  жылына 39 күнге артық жұмыс жасайды екенбіз.

Төртіншіден, әйелдер тек үй шаруасындағы әйел ретінде ғана емес, өздерін көрсетуге мүмкіндік алса, олардың өмірінде көп нәрсеге қол жеткізуге деген ынта пайда болады, өзін дәлелдей түседі.

Бесіншіден, әйелдер ер адам­дарға қарағанда әлеуметтік мәсе­лелерді жақсы түсінуге қабілет­тірек. Белгілі бір саланы сеніп тапсырған кез келген әйел, әсіресе, саясатта жүргені оған жоғары жауапкершілікпен қарайды. Егер әйел саясаткер адамдармен кез­десуге барса, онда ол барлық проблеманы  жүрегінен өткізеді. Бұл – табиғатына тән құбылыс. Әйелдер ең өткір, ауыр әлеуметтік проблемаларға назар аударуға мүмкіндік беретін ерекше қасиеттерге ие. Сол себепті де, әйел саясаткерлер өздерін әлеуметтік, мәдени салаларда жүзеге асыруға тырысады, өйткені, қазіргідей айтқанда, «икемді салаларда» олар өздерінің әйелдік, аналық ерекшеліктерін көрсете алады.

Мұрат Әбенов: – Осы тұрғыда Қызылордадағы жағдай қызықты болып тұр. Көптеген адам Қызылорданы отбасылық дәстүрлі құндылықтар дамыған аймақ деп бағалайды. Қалай десек те, әйелдерге көшбасшы рөлі бар деп қарай бермейді. Шын мәнінде, сіз әкімсіз, бұған дейін елордада үлкен лауазымдарды атқардыңыз, жақында сенатор – әйелді сайладыңыз, праймеризде жүздеген қатысушылардың ішінен әйел адам жеңімпаз атанды, ҮЕҰ көшбасшылары да – әйелдер. Бұл жағ­дайлардың тоғысуы ма, әлде стереотиптерге байланысты баға­лан­бай келген нақты әлеует пе?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бұл әлеует екеніне сенімдімін. Әрине, әйелге Ауыл шаруашылығы министрі немесе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болу оңай емес. Бірақ, білікті әйел кез келген саланы игеріп, басқара алады. Мұның бәрі оның кәсіби деңгейіне байланысты. Кез келген адам кез келген саланың қандай да бір мектебінен өтпесе, оны басқара алмайды. Сондықтан, көбінесе әйелдер саясатқа өздерінің еңбек тәжірибесіне сүйеніп, көбіне әлеуметтік саладан келеді.

Кейбіреу әйел көшбасшы бола алмайды деуі мүмкін! Алайда, бұл жерде де адамның жеке қасиеттері үлкен рөл атқарады. Мысалы, Маргарет Тэтчер, өзінің нәзіктігін жұмыста қаталдығымен және табандылығымен тамаша үйлестірді. Ол нағыз көшбасшы болды және жағдайға ерлерге тән прагматикалық көзқарасы болған. Ең алдымен, ол балалар денсаулығын, тамақтану жүйесін қамтамасыз етті. Бұл дені сау британдықтардың жаңа ұрпағын өсіруге мүмкіндік берді.

Бұл таза әйелге тән көзқарас сияқты көрінуі мүмкін, ал, екінші жағынан – келешекті алдын ала стратегиялық тұрғыдан көре білу. Сол себепті де, Мем­лекет басшысы әйелдерді мем­ле­кеттік құрылымдарда ғана емес, биз­нес қауымдастықтарда да басшылық пози­цияларға жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.

Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, Қызылорда облысының әкімін не алаңдатады? Жыл аяқталуға жақын. Алдыңызға қандай мін­деттерді бірінші кезекте қойып отырсыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Ең алдымен – тұрғындардың денсау­лығы, коро­навирустың таралуына жол бермеу шара­ларының тиім­ділігі, пандемияға қарсы тұру үшін тұрғындарды барлық қа­жет­тіліктермен қамтамасыз ету және т. б.

Аймақта жалпы жағдай бүгінде тұрақты және медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істейтініне қарамастан, біз күтілетін екінші толқынға әзірлік үстіндеміз.

Бүгінгі таңда, қажет болған жағдайда, бізде 21 инфекциялық стационар өз жұмысын қайта бастай алады, онда 3200 төсек-орынға дейін орналастыру мүмкіндігіміз бар. Оған қоса, ағымдағы жылдың қараша айының аяғына дейін 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталады. Демеушілердің қолдауымен көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруха­наларының жанынан оттегі станцияларын салуды жоспарлап отырмыз, емдеу мекемелерінде оттегін орталық­тандырылған түрде беру үшін жабдықтар орнатудамыз.

Облыстың медициналық меке­мелерінде бүгінгі таңда 244 өкпені жасанды желдету, 9 ПТР аппараты, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Жазда байқалған дәрі-дәрмекке қатысты қазір мәселе жоқ. Олардың 2 айлық қоры жасалды. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда дәрілік заттарды сатып алуға бюджетте тағы 488 млн теңге қарастырылды. Жыл соңына дейін 40 автокөлік келеді деп күтудеміз.

Бүгінде барлық бағыттар бойынша 13 мыңнан астам медицина қызметкері (2780 дәрігер және 10500 бірлік кіші медицина қызметкері) өз қызметінде еңбек етуде, соның ішінде ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына 99 жас маман келді. Сондай-ақ, 3600 меди­цина қызметкерінен кадр­лық резер­в­ қа­лып­тастырдық. Клиникалық сіл­­теме де алдын-ала жұмыс істейді, мы­салы, созылмалы аурулары бар тәуе­­­­кел тобындағы адамдар ерекше бақылауға алынды. Науқастарға кү­тімді қамтамасыз ететін және үйде амбу­­ла­ториялық қызмет көрсететін 138 ме­дициналық мобильді топ жұмыс істейді.

Бұдан басқа, 24 мониторингтік топ жұмыс істейді, оларға халық­тың да, барлық меншік нысанын­дағы кәсіпорындардың да сани­тарлық-эпидемиологиялық нор­ма­лар­дың (маскалық режим, әлеу­меттік қашықтықтың сақталуы, анти­сеп­тикалық құралдардың болуы) сақталуын бақылайтын 337 адам тартылған.

Жалпы алғанда, бәрі дайын, дегенмен, алаңдаушылық жоқ емес. Бүкіл әлемде, соның ішінде біздің елде пневмония мен коронавирус ауруының өсуі байқалды. Себебі, адамдар босаңсып, қарапайым талаптарды орындағысы келмейді. тағы да үйлену тойлары, той-жиындардың саны артып келеді. Шілде айынан бастап 370 той тіркелген. Мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарға тағы да айтқым келеді. Өзімізді және жақын­дарымызды қорғайық. Жеке саулықты, қарапайым ережелерді сақ­тауға тиістіміз. Ойланыңыздар, сіздер тек өз өмірлеріңізге ғана емес, байланыс жасайтын адам­дарыңызға, мейлі ол кездейсоқ болсын, қауіп төндіресіздер. Бар бол­ғаны бірнеше қарапайым ережені ұстансаңыздар болды: маскалық режим, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептикалық заттардың болуы. Бұл адам өміріне тұрарлық па? Еске түсіріңіздер, біз қаншама жақындарымыздан айырылдық, ал, қаншасы аурудан кейін қалпына келе алмай қалды.

Өкінішке қарай, біз ковид-диссиденттермен және адамның ішкі өзімшілдігімен күресуіміз керек. Сондықтан, күн сайын әріп­тес­тері­мізбен бірге жиналып, дайын­дықты, барлық қиындықтарды ескеріп, мүмкін болатын сценарийлерді талқы­лаймыз, шаралар қабылдаймыз.

Екінші мәселе, әрине, эконо­мика­лық ахуал, әсіресе, қазір бизнеске оңай болмай тұрған кезеңде бизнесті дамытуға қажетті жағдай жасау алаңдатады. Өйткені, экономикалық зардаптардан басқа, бизнес проблемалары әлеуметтік проблемаларға – жұмыссыздық пен табыстың төмендеуіне әкеледі.

Осы себепті де біз 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарын әзірледік. оның шеңберінде бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 265 жобаны (271 млрд теңге) іске асыруды жолға қоямыз. Оның ішінде жалпы сомасы 26 млрд теңгеге 2 мың жұмыс орнын  ашуға ниеттіміз. Оның 110-ын іске асыру ағымдағы жылы басталды, 63-і нақты іске асырылды.

Өңірдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ, мемлекеттік бағ­дарламалар мен мемлекеттік емес қаржы институттарының бағдар­ламаларын кешенді пайдалану арқылы аймақтың азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуді басты жоспар ретінде алдық. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарымызды жұмыспен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Мұнай өндірісінің және эко­номикадағы инвестициялар көлемінің төмендеуі бізді алаңдатады. Әрине, объективті себептердің бар екені белгілі. Алайда, бұл бірқа­тар көрсеткіштердің, мысалы, құры­лыс жұмыстары көлемінің төмен­деуіне әкеледі. Бұл – азаматтар жұмыссыз қалады деген сөз.

Мысалы, мұнай саласында бізде 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, олардың әрқайсысының артында отбасы тұр. Егер бізде облыс бойынша отбасының орташа коэффициенті 5,0 екенін ескерсек, бұл кемінде 25 мың адамның әл-ауқаты мұнай саласындағы жағдайға байланысты екенін білдіреді. Бұл салаға қызмет көрсететін бизнесті ескермесек, мұнай сервистік кәсіпорындар, мысалы, бұл тағы 7 мың адам, олардың әрқайсысының артында да отбасы бар. Арнайы киім тігу, тамақпен қамтамасыз ету және т.б. бойынша мұнайға қызмет көрсететін шағын бизнес те бар.

Сондықтан, әрине, жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі эко­но­микаға инвестиция тарту болып көзделіп отыр. Биылғы жылы объективті себептер бойынша үлкен көлемді қамтамасыз ете алмаймыз, дегенмен, келесі жылы экономикаға шамамен 600 млрд теңге тартуды көздеп отырмыз. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды биыл қолға алдық.

Мұрат Әбенов: – Қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді, келешегі зор жоспарлар бары анық. Өкінішке қарай, біз анық көз жеткізетін жобаларды ғана бағалаймыз. Тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде сіз алдағы 5 жылға – орташа шұғыл, ал, кем дегенде 20 жылға – ұзақ мерзімге өңір үшін қандай міндеттерді көрер едіңіз? Өңір қандай бағытта дамуы тиіс, қандай негізгі тәуекелдер бар және оларды қалай жеңуге болады?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бірін­шіден, оны қаласақ та, қаламасақ та мұнай-газ өндіру саласымен айналысуды жалғастыруымыз керек. Себебі, экономикамыздың мұнайға тәуелділігі әлі де жоғары және бірден осы саладан бас тартып, өңдеуші өнеркәсіпке ауыса алмаймыз.

Сондықтан, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылғанын ескере отырып, біз жаңа кен орындарын барлау мәселелері бойынша мем­ле­кеттік органдармен және жер қо­йнауын пайдаланушылармен жұ­мыс істеуді жалғастырудамыз. Осы жылдың өзінде «Шу-Сарысу» бас­­сейнінде геологиялық барлау жұ­мыстары басталды, бұған 700 млн теңге бөлінді. «Оңтүстік Торғай» және «Сырдария» бассейндері де мұнай-газ перспективасы болып саналады. Осы 3 шөгінді бассейнге алдағы 3 жылда 11 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Саутс Ойл» ЖШС қосымша 23 ұңғыма бұрғылау арқылы мұнай өндіруді ұлғайтуды ұйғарды, «Қазгермұнай» БК» ЖШС да осы бағыттағы жұмыстарды бас­тауды жоспарлап отыр. Келесі жылы барлық көздер есебінен мұнай өндіру саласын дамытуға шамамен 150 млрд теңге, оның ішінде жаңа ұңғымаларды бұрғылауға көп қар­жы салу жоспар­ланып отыр. Өңдеу саласымен – ин­дустрияландырумен, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытумен айналысуымыз керек. Міне, мен көріп отырған ең перспективалы ба­ғыт­тар осы. Осылайша, біртіндеп, біз мұнайға тәуелділіктен алыстай аламыз. Бүгінде біз осыған ұмтылып жатырмыз.

Келесі жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында 670 жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 7 индустриялық жобаны іске асыруды аяқтаймыз. Қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақ шыны, жоғары қысымды шыны пластик желілік және сорғы-компрессорлық құбырлар, молибден үшокисін өндіру жөніндегі зауыттар іске қосылады. Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, «Аралтұз» АҚ-да ас тұзын өндіретін 3-ші испан цехы, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру іске асырылады. Ірі қара малды 1200 басқа өсіру жөніндегі кешенді және сүт өңдеу зауытын кеңейту жөніндегі жобаны, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында КБК және кальцийленген сода шығару зауытын салуды бастаймыз. Бұл ірі жобаларға қатысты. Мен шағын және орта бизнесті дамыту жоспарлары туралы айттым.

Ауыл шаруашылығының бола­шағы өте жақсы. Мұндағы әлеует, әсіресе, мал шаруашылығында үлкен. Қазір осы бағытты дамытуға жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірін­ші кезекте, шалғайдағы мал шаруа­шылығы үшін пайдалануға болатын жайылымдық алқаптарды пайдалану тиімділігін арттыру міндеті тұр. Ол үшін бізге бірінші кезеңде пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптардағы 452 су көзін жөндеу қажет. Осылайша, біз шамамен 7 млн гектар жайылымдық жерді іске қосып, мал басын айтарлықтай арт­тыра аламыз. Жалпы, біздің таби­ғи-кли­маттық жағдайымызды ескере отырып, АӨК саласының әлеуеті мал шаруашылығында да, өсім­дік шаруа­шылығында да, балық шаруа­шылығында да, ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін өңдеуде де зор екенін байқаймыз.

Мұрат Әбенов:Гүлшара Наушақызы, сіздің қазір экономиканы дамыту бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысыңыз үшін тиісті мамандар қажет. Бұл мәселені бір жолға қоя алдыңыздар ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, бұл – бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Айна­ламыздағы өзгерістер біз ойла­ғаннан әлдеқайда тез жүруде. Жаһандану процестері еңбек нары­ғына да әсер еткендіктен, білім беру бағдарламаларын уақытылы өзгертуге, жұмыс істейтін халықты неғұрлым сұранысқа ие салаларға қайта даярлауға тырысып жатырмыз. Мен жақында  Мәскеу басқару мектебінің Сколково бағытындағы «Жаңа кәсіптер атласымен» таныстым. Мұнда эко­номиканың басым салаларының негізгі трендтерін, таяудағы онжылдықта еңбек нарығында болуы мүмкін өзгерістерді терең талдайды. Мысалы, аграрлық сектордағы жаңа мамандықтар тізіміне келесі мамандықтар кірді: агроинформатик – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ақпараттандырумен және автоматтандырумен айна­лы­са­тын жоғары білікті маман, авто­мат­тандырылған ауыл шаруа­шы­лығы техникасының операторы – авто­мат­тандырылған технигі, датчик­тер жүйе­лерін, дрондарды басқаратын маман.

Бұдан басқа, қазір шаруашылық жүргізу субъектілер үшін техникалық қайта жарақтандыруды қамтамасыз ету маңызды, бұл да – аграрлық саланың тұрақты дамуының құрамдас бөліктерінің бірі. Мысалы, Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығы «Ақmayasmartfarm» жобасын іске қосты. Технологиялық жүйе ауа райы жағдайлары, топырақтың ыл­ғал­дығы туралы нақты ақпаратты қашықтан хабарлауға, жерді тиімді өңдеуге, комбайндарға арналған отын шығындарын азайтуға және пестицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір өңірдің өзге де шаруашылықтары жаңа жүйені енгізуге ниетті. Жағдайды талдай келе, өңірдегі колледж басшыларына кадрларды даярлау, қайта даярлау, агроинформатик, агроэколог сияқты жаңа мамандықтарды енгізу жөніндегі мәселені зерделеуге тапсырма бердім. Бұл – бір ғана мысал! Қазір біз, тұтастай алғанда, еңбек ресурстарының теңгерім өзектілігін арттырып жатырмыз, содан кейін, HR-бағыты (айчар-бағыты) бо­йынша жұмысты да қайта бағдарлайтын боламыз.

Мұрат Әбенов: – Мен бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды ынталандыруға бағытталған «Серпін» жобасымен айналысып келемін. Бұл жобаға оңтүстік облыстардан 30 мың жас қатысты. Оның ішінде қызылордалық жастар да бар. Мен бұл жоба туралы екі ойлымын. Біріншіден, ел азаматтары жылы орнын суытып, өзге аймаққа көшкісі келмейді. Екіншіден, біз өз өңірімізде еңбек нарығындағы экономикалық бәсекелестікті жоғалтып алмаймыз ба деп қауіптенемін. Сіздің бұл жобаға деген көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз басқарып отырған аймаққа қажетті кадрлардың ынтасын арттыра аласыз ба? Олардың көңіліне қонымды және ең маңызды қандай үш ұсыныс айта аласыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бірін­шіден, экономикада біз бұрыла алатын, бос тұрған тауашалар көп. Мұны біз 2023 жылға дейінгі аймақтың экономикалық даму жоспарын жаса­ған кездегі талдауда анықтадық. Мем­лекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді ескере отырып, өз ісіңізді бастау өте қарапайым, бастысы – мақсат қою. Ал, біз осындай бастамашыл адамдарды әр­дайым қол­даймыз. Екінші, менің ойымша, бұл – тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндігі. Сіз біздің қала­мыздың қаншалықты жылдам салынғанына назар аудардыңыз. Басқа аймақтармен салыстырғанда тұрғын үй құны да қолайлы. Үшін­шісі – біздің адамдарымыз, мента­литетіміз, оңтүстіктіктерге тән қонақ­жайлылығымыз, күнделікті тірші­лігіміз, ежелгі тари­хымыз. Бізде кие­лі жерлер өте көп, бір Қорқыт ата мемориалдық кешенінің өзі неге тұрады?!

Бізде күн жарқырап тұрады, сондықтан, адамдарымыз оптимист, ал, оптимист адамдар әрқашан мейірімді. Сол себепті де, біздің өңіріміз дос пейіл, ашық жарқын. Менің ойымша, мұның бәрі бір-бірімен байланысты, сондықтан да болар, жеріміз көптеген талантты адамдарды, ақындарды, жазушыларды, қоғам және саяси қайраткерлерді, спортшыларды және т.б. дүниеге әкелді. Бізде жайлы өмір сүруге болады. Өз әріптестерімнің көбін білемін, олар мұнда тұрып, қызмет істеген немесе тіпті іссапарға келген уақыттарын да қуана еске алады.

Мұрат Әбенов: – Гүлшара Наушақызы, осы қызметке келгенде сізде басты қандай мақсат болды?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Мен бұл сұраққа ерекше жауап айта алмаймын. Алайда, халықтың материалдық әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту – ең басты мақсатым. Біз мұнайлы-газды аймақпыз. Бізде әлі де елді мекендердің барлығы газбен қамтамасыз етілмеген. Елбасының арқасында, 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасы жүзеге асты, оның 846 шақырымы Қызылорда облысынан өтеді. Осындай ауқымды жобаны іске асыру осы жылдар ішінде Қызылорда, Байқоңыр қалаларын және облыстағы 7 аудан орталығының 4-ін газдандыруға мүмкіндік берді. Осылайша, халықтың 63%-ы табиғи газға қол жеткізді.

Ағымдағы жылы газбен жабдықтау жобаларын іске асыру үшін бюджеттен тағы 5,5 млрд теңге бөлінді және төтенше жағдай режимі мен шектеу шараларына қарамастан осы жылдың шілде айында біз халық саны 5 мыңнан асатын Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ бердік. Жыл соңына дейін газбен қамтылмаған қалған 3 аудан орталығына (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек), Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев, Шиелі ауданының Байсын елді мекендерінің тұрғындарына газ беруді жоспарлап отырмыз. Ондағы тұрғындардың жалпы саны 50 мың адамды құрайды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін халықтың 70%-ы табиғи газбен қамтылатын болады.

Содан кейін ірі елді мекендерді газдандыру жөніндегі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға кірісеміз. Яғни, бірінші кезеңде аудан орталықтарын газбен толық қамтамасыз еттік, ал, екінші кезеңде аудан орталықтарына жақын орналасқан тірек және серіктес елді мекендерді газдандырдық. Осы жылдың қараша айында Қазалы қаласы мен Шиелі ауданы Бекежанов ауылын газбен жабдықтау жобалары іске асырыла бастайды. 2021 жылы Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбет елді мекендерін, Қармақшы ауданының Төретам және Ақай, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая, Қодаманов елді мекендерін газдандыру жоспарлануда.

Қолжетімді тұрғын үймен қамта­масыз ету де – өзекті тақырып. Қызылорда қаласында бұл мәселе жедел шешіліп келеді. Сырдарияның сол жағалауына қала салу арқылы тұрғын үймен қамту қарқын алды. Ал, бұл –  Байқоңыр қаласында тұратын біздің азаматтар үшін – үлкен проблема. Онда тек өткен жылы, 30 жыл ішінде алғаш рет «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі бес тұрғын үй салынды. Нәтижесінде, қазақстандық 250 отбасы баспанамен қамтылды. Жалпы Байқоңыр қаласында 1300-ден астам қазақстандық бас­пана кезегінде тұр. Сондықтан, Байқоңыр қаласында тұрғын үй салу тәжірибесін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Жобалар дайын, 2021 жылы оларды жүзеге асыруды бастаймыз. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру мен жаңғыртуды бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс Кеңес заманынан бері жүргізілген жоқ.

Мұрат Әбенов: – Бұл – сіздің облыс әкімі ретіндегі ұстанымыңыз. Ал, жергілікті тұрғындар сізден осы өңірдің тумасы ретінде өзгеше жаңалық күтетіні рас қой. Ішкі сезіміңіз туған жеріңізде қандай із қалдырсам дейді. Уақыт өтеді, сіз өзге қызметке ауысасыз. Мұндағы күндеріңіз ақырын есіңізден шығуы мүмкін. Ал, жерлестеріңіз ұзақ уақыт істеріңізді еске алып жүреді ғой…

Гүлшара Әбдіқалықова: – Шы­нымды айтсам, бұл мені қатты алаңдатады. Мен мұны өте жақсы түсінемін, өйткені, аймақты басқару жауапкершілігі әйел адамға бірінші рет жүктеліп отыр. Менің Мемлекет басшысы мен жерлестерімнің сенімін ақтамауға қақым жоқ. Басты мақсатым – өз халқыма адал қызмет ету. Сондықтан, жерлестерімнің есінде олардың өмірін жақсартуға тырысқан, тек қалада ғана емес, ауылда да өмір сүру үшін жақсы жағдай жасаған әділ де қарапайым басшы болып қалғым келеді. Бұл – өте жоғары баға және мен бұған лайық болуым керек. Мен тек мемлекеттік органдардың ғана емес, облыс тұрғындарының да қолдауымен қазіргі жағдайды өзгерте аламын деп үміттенемін.

Мұрат Әбенов: – Бүгін менімен бірге ұшып келген әріптесім Қы­зыл­орданың сапалы жолдарына таңданысын білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова: – Рахмет. Қызылорда жолдарының са­пасы үшін қызылордалықтардың өздері де, облыс қонақтары да қатты сынаған кездер болды. Сондықтан, соңғы жылдары бұл мәселені шешуге үлкен күш жұмсалды. Нәтижесінде, облыс орталығы мен аудандардың орталық көшелерін ретке келтіруге мүм­кіндік туды. Биыл аудандық маңызы бар жолдарға және елді мекен­дердің шетіндегі жолдарға, тротуарлар төсеуге ерекше назар аудардық. Қалада жаңа тротуарлар салу бойынша қандай ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аудардыңыз ба? Жалпы, жыл соңына дейін 145 шақырым көше жөнделеді.

Мысалы, тек Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 109 көшені жөндеу қарастырылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Арал ауданында 18 көше жөнделеді, бұл жалпы алғанда 11 шақырым, Сырдария ауданында 9 көше, шамамен 14 шақырым, Жаңақорған ауданында 10 көше, 16,5 шақырым және мұндай жұмыстар бүгінде барлық аудандарда жүргізілуде.

Мұрат Әбенов: – Мені бір нәрсе алаңдатады.  Жылдамдықпен ұйтқитын жақсы жолдар салынып жатыр. Өкінішке қарай, сол жолдарда ірі көлік апаттары жиілеп кетті. Осы ретте сізден сұрағым келетіні, жолдағы қауіпсіздікті қалай күшейтуге болады? Бұған да қатаң жаза керек пе? Қазір қала көшелері тап-таза. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Тұрғындарға тазалықты сақтап қалуды үйрету үшін не істеу керек? Осы кезде Нью-Йорктегі «Сынған терезе» мысалы еске түседі.  Мүмкін адамдарды тәрбиелейтін немесе ынталандыратын қандай да бір тетік қажет шығар?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Біз өз проблемаларымызға кейде Пре­зидентті, Үкіметті, министрді, әкімді, әртүрлі ведомстводан бастап, полиция, ПИК-ті айыптауға әзір тұрамыз. Дегенмен, қарапайым шындықты жиі ұмытып кетеміз, әр адам – өз бақытының ұстасы. Мемлекет сөзсіз сауатты басқаруы және бақылауы тиіс, бірақ, әркім өзі үшін күш-жігер жұмсауға, өз өмірін жақсарту үшін және әл-ауқатын арттыру үшін айналасын өзгертуге күш салуы тиіс. Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын түсінемін. Бұл бір жақты жол емес. Мемлекет естуі керек, бірақ тұжырымдаманың екінші жағы бар – азаматтар да өз мемлекетін тыңдауы керек. Міне, сол кезде тұжырымдама толық күшінде жұмыс істейтін болады. Әр аулада ойын алаңының бұзылмауын қадағалайтын полиция қызметкерін қоюға болмайды. Көше бұзықтарының аялдамаларда әйнекті ұрып-соғып, орындықтарды сындырмауын қада­ғалау мүмкін емес. Әкім жылдар бойы үйдің жанында, жол бойына лақтырған қоқысты сыпырмайды және шығармайды.

Ешқандай Денсаулық сақтау министрі ешкімді шылым шекпеуге мәжбүрлемейді, сіз үшін ешқандай басқарма шағын және орта бизнес ашып бермейді. Әркім өз тағдырына, отбасына, балаларына, үйіне, қаласына, ауданына жеке жауапты болуы керек. Мұны ерте балалық шақтан бастап санаға сіңіру керек. Балаңызды осылай тәрбиелеу керек. Өйткені, сіз айналаңызға қалай қарасаңыз, балаңызда да сондай көзқарас қалыптасады. Бумеранг әсерін әлі ешкім жойған жоқ.

Өмірдегі барлық нәрсеге тек өзіміз үшін емес, балаларымыз үшін де  жауап береміз. Реніш үшін, дөрекі сөз үшін, немқұрайлылық үшін, арамдық үшін, біреудің тағдыры үшін де біз  жауаптымыз. «Тіпті көбелектің қанатын қағуы сияқты ұсақ-түйек әлемнің екінші жағында тайфун тудыруы мүмкін» деген нақыл сөз бар. Яғни, адамның іс-әрекеттерінің тізбегі одан әрі оқиғаларды дамытады. Біз өзіміз жетістікке жетуге және өмірімізді өзгертуге тырысуымыз керек. Біз мұны өзіміз жасауымыз керек және балаларымызды да соған тәрбиелеуіміз керек. Егер біз қауіпсіздік және мәдениет деңгейі жоғары, әдемі, таза елде өмір сүргіміз келсе, өзімізден бастауымыз керек. Бұл – біздің облысымыз, мемлекетіміз. Онда қалай өмір сүретініміз тек билікке ғана емес, әрқайсымызға да байланысты. Өйткені, біз мұнда бөтен емеспіз! Мен барлығын өңірі мен елінің дамуына өз үлесін қосуға шақырамын!

Мұрат Әбенов: Өміріңіздің көп бөлігін халықты әлеуметтік қор­ғау саласына арнадыңыз. Қы­зылорда облысында, бірінші ке­зекте, аз қамтылған және көпбала­лы отбасыларды әлеуметтік қол­­дау мәселесі маңызды. Барлық мәсе­лелерді бір уақытта шешу мүмкін емес екені түсінікті. Дегенмен, осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатыр?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Шы­нында да, біз көпбалалы отбасылар саны көп өңірлердің қатарына кіреміз. Бізде ондай 25 мың 644 отбасы бар. Олардың әрқайсысымен жұмыс істейміз. Тек әлеуметтік көмектер мен әлеуметтік төлемдерге тәуелді болмай, оларды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Қазір бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар, олардың шеңберінде өз кәсібін ашуға грант немесе несие алуға болады. Ең алдымен оларға қандай бағдарлама бойынша қандай қолдау алуға бола­тынын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, егер қажет болса, оқытамыз, қайта даярлаймыз. Бұл тек көпбалалы отбасыларға ғана емес, жұмыссыздарға да, азаматтардың әлеуметтік осал санат­тарына да қатысты. Дегенмен, көпбалалы отба­сылардың өзге санаттарға қарағанда кейбір артықшылықтары бар. Атап айтқанда, олар үшін өз ісін құруға және дамытуға арналған кредит басқа санаттарға қарағанда (6%) неғұрлым төмен пайызбен (4%), немесе басым негізде өтеусіз гранттармен беріледі. Олардың үйінде отырып-ақ жұмыс жасауына мүмкіндік бар.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылы ғана аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 1 мың 229 мүшесі жаңа идея ұсынып, өз бизнестеріне грант ұтып алды. Бұл мақсатта бөлінген грант жалпы шағын және орта бизнес­ке арналған гранттар санының 30% құрайды.

Жұмыспен қамтуға жәрдем­десу­ден басқа, біз осындай отбасылар­дан шыққан балаларға спорт кешен­дерінде, спорт секцияларында және т. б. тегін қызмет көрсетуге тырысамыз.

Бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы мыңнан астам студент өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты негізінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл облыс әкімінің грантын алған 150 студенттің 69-ы – көпбалалы отбасылардың балалары. Жалпы, облыс бойынша 30 мыңнан астам аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде, олардың 25 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар. Әрине, ешкім өмірдің қиындығынан сақтандырылмаған.  Ал, біреулер көп жылдан соң ғана өз отбасындағы қиындықтарды еңсере алады. Кейбір кісілер мұндай жағдайда қайда бару керектігін білмейді немесе олардың шешуге көмектесетініне сенбейді. Сондықтан, біздің міндетіміз – осындай адамдар мен отбасыларға оларды қиын жағдайдан шығару үшін қажетті қолдау көрсету.

Ендігі міндетіміз – азаматтардың өтініштері негізінде ғана жұмыс жасамай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды өзіміз іздеп табу.  Бұл мақсатта қазір «Е-Халық» ақпараттық жүйесі іске қосылды, шамамен 807,5 мың адамға (257 мың отбасы) арналған электрондық әлеуметтік карталар қалыптастырылды. Бұл әр отбасының өмір сүру деңгейін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Осы жүйенің арқасында жыл басында біз қиын жағдайға тап болған 949 отбасын анықтадық. Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылдарының арқасында бүгінде қиын жағдайдағы 2 отбасы ғана қалды. Бұл ретте, мұқтаж жандарға мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын көрсету үшін Қызылорда қаласында «Бақытты отбасы» әлеу­меттік орталығы жұмысын бастады. Оның негізгі қызметі – өмірлік қиын жағдайдан толық шыққанға дейін отбасын сүйемелдеу. Біреуге атаулы көмек қажет, біреуге психологиялық көмек, біреуге жұмысқа орналастыру және т.б. Бұл тәжірибені келесі жылы Байқоңыр қаласы мен облыстың барлық аудан­дарына таратуды жоспарлап отырмыз.

Мұрат Әбенов: Балық берме, қармақ бер деген қағида бар. Сіз осыған жиі жүгінесіз бе?

Гүлшара Әбдіқалықова:Қармақ беру – мемлекеттің міндеті. Дегенмен, кей жағдайларда балық ұсынуға тура келеді. Бірақ, бұл бірреттік көмек болу керек, масылдық көзқарастан арылу маңызды. Әрине, мемлекет көмектесетін белгілі бір санаттар бар –  мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар және т. б. Алайда, бұл әлеуметтік осал топтағы азаматтар да жақсы тұрақты табысқа құқылы. Сондықтан, біз кез келген адам өз ісін бастап, тұрақты табыс алуы үшін білімге, қайта оқытуға және микрокредит беруге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз.

Мысалы, ерлер жейдесін тігумен айналысатын және өз өнімін экспортқа шығарған «Далатекс» ЖШС қызықты жоба іске асыруда. Қазіргі уақытта 120 әйелді «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда тігін шеберлігіне оқытып жатырмыз. Содан кейін, оларға тігін машиналары мен басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуға 555 мың теңгеден грант беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан соң олар жеке кәсіп ашып, «Далатекс» фирмасымен келісімшартқа отырады. Осылайша, компаниядан көлем ала отырып, олар мерзімін сәйкестендіріп, үйде жұмыс істеп, кіріс ала алады.

Менің ойымша, өмірге еніп жатқан ғұмыр бойы үздіксіз оқудың фин моделін қоғамның өмірлік қағидасына айналдыруымыз қажет.

Мұрат Әбенов: Мен жақында бір ауданда болдым. Сонда ауылдық бір аурухананың дәрігері маған сіз­дің сол аурухананың қарапайым дәрі­геріне таңертеңгілік хабарласып, аурухананың мәселесі мен меди­­­циналық көмек көрсету кезін­дегі қиындықтар жайлы сұра­ға­ныңыз­ды таңғалып айтты. Содан соң ол аурухананың мәселесі көп өт­­пей шешілген. Сізге сол ауыл­дың тұрғындары алғысын жаудыруда. Өңірдегі медицина саласы туралы не айтасыз? Денсаулық сақ­тау саласындағы соңғы реформа ауыл­дық ауруханалар мен ондағы білікті мамандарды азайтты. бұл саладағы алдағы жоспарыңыз қандай? 

Гүлшара Әбдіқалықова:Денсаулық сақтау саласы әрдайым ерекше назар аударуды талап етті және солай жалғасады. Шұғыл шешімді керек ететін көптеген мәселелер де бар.

Қазір, мысалы, сырқат пен өлім-жітімді талдау нәтижесі бізде бірінші орынды  қан айналымы жүйесінің аурулары алып отырғанын көрсетеді. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш біршама төмендегенімен, аталған санаттағы аурулар бойынша өлім-жітім осы уақыт ішінде өсті.

Төмендеу үрдісіне қарамастан, қа­терлі ісіктерден болатын аурулар мен өлім-жітім өте жиі кездеседі. Тыныс алу жүйесінің аурушаңдығы артты.

Ана мен бала өлімінің көрсет­кіштері ерекше назар аударуды талап етеді. Облыста жүкті әйелдердің денсаулық индексі (51,3%) респуб­ликалық көрсеткіштен (70,5%) едәуір төмен. Әйелдер мен жас­өспірімдерде қан және қан өндіру органдары ауру­ларының жоғары деңгейі байқалады.

Эндокриндік жүйе, тамақтану­дың бұзылуы және зат алмасуының бұзылуы аурушаңдығының көр­сет­кіштері республикалық көрсет­кіштен 2 есе жоғары.

Сондықтан, өсу үрдісі бар немесе ауру құрылымында үлесі жоғары әрбір ауру бойынша біз тиісті Жол кар­таларын әзірлейтін боламыз, яғни, біз әр ауруды егжей-тегжейлі зерт­теп, осы мәселені шешу үшін нені қан­­ша мөлшерде сатып алу және қан­­дай шаралар қабылдау керектігін зерттейміз.

Сонымен қатар, жоғарыда атал­ған нозологиялар бойынша сыр­­қат­тану­шылықты төмендету мақ­са­тын­да жабдықтармен қамта­масыз етуді толықтыру және меди­циналық мекемелердің мамандарын даяр­лау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бүгінде медициналық ұйымдар­дың медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі рес­публика бойынша орташа деңгейден біршама жоғары болса да (КЗО-88,5%, ҚР-77,5%), тоқтауға болмайды. Бұл көр­сеткішті бүгінгі 88,5%-дан 100%-ға дейін жеткізу керек. Биыл осы мақсаттарға біз 638 млн теңге қарастырдық.

Мойындауымыз керек, рес­пуб­­лика бойынша бізде де дәрігер тапшылығы бар. Ауыл­дық жерлермен қатар, облыс ор­та­лығында орналасқан маман­дан­дырылған, көпбейінді ста­цио­­нарларда да тапшылық байқа­лады, бұл – неонатологтар, инфек­ционистер және басқа да бірқатар мамандар.Өңірде дәрігер кадрларының тап­­шы­лығын азайту мақсатында 2016 жылдан бастап медициналық жо­ғары оқу орындарының түлек­терін рези­дентурада тапшы мамандықтар бойынша оқытуға гранттар бөлу прак­тикасы енгізілді. Осы уақыт ішінде 91 грант бөлінді, бүгінгі таңда еліміздің 9 жоғары оқу орны мен ұлттық орта­лықтарында 62 резидент білім алуда.

Бұдан басқа, алғашқы меди­ци­налық-әлеуметтік көмек (БМСК) ұйым­­дарында кадр тапшылығын қыс­­қарту, учаскелік желіні дәрі­гер­­лер­мен қамтамасыз ету және ауыл­да білікті медициналық кө­мек­тің қолжетімділігін жақсарту үшін жалпы білім беретін мектептер мен меди­ци­налық колледждердің 100 үздік түлегі Батыс Қазақстанда орна­ласқан М.Оспанов атындағы медицина университетінде облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.

Бұл ретте, жас мамандарды қызықтыру, оларды ауылға бекіту үшін биыл біз ауылға жіберілген 39 жас маманға 500 АЕК – 1 млн 389 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік пакет беруге жергілікті бюджеттен 54 млн  теңгеден астам қаржы қарастырдық. Денсаулық сақтау инфрақұры­лымын дамытуға келетін болсақ, орталық аудандық ауруханалар салу мәселесін шештік, соңғы мәселе, Жалағаш ауданында ағымдағы жылдың соңына дейін салынатын болады. Енді біздің алдымызда ал­ғашқы медициналық-әлеуметтік кө­мек нысандары мәселесін шешу мін­деті тұр. 2024 жылға дейін біз меди­циналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің 62 объектісін жаңартуды жоспарлап отырмыз, осылайша, бас­тап­қы медициналық-санитарлық көмек объектілері бойынша да мәсе­лені толығымен шешеміз.

Сонымен қатар, облыстық қан орталығына ғимарат жалдауға мәж­бүрміз. Ол ғимарат санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан, облыс­тық бюджет есебінен Қызыл­орда қала­сында облыстық қан орталығын салу жөніндегі жобаны әзірлеуді бастадық және оны салу мәселесін 2022 жылдан кешіктірмей шешетін боламыз.

Мұрат Әбенов: Күріш шаруа­­шылығы бойынша бөлек сұрақ қойғым келеді. Бұл – біз үшін эконо­микалық және әлеу­меттік мәселе. Мен Экология ми­нистрлігінің Қоғамдық кеңесінің құрамындамын, суармалы егіс­тікке қатысты қиындықтардан хабар­дармын. Болжамдар жыл сайын суармалы егіс көлемнің қыс­қаратынын, алдағы уақытта да судың тапшылығы болатындығын көрсетеді. Біз қазірден бастап үнемдеу туралы ойлануымыз керек. Бұл – Қызылорда өңірі үшін үлкен қауіп. Мәселені қалай шешуге болады? Күріш алқабын қысқартамыз ба? Суды үнемдейтін жаңа технологияларға көшу керек пе немесе ауыл шаруашылығын әртараптандырған жөн бе?

Гүлшара Әбдіқалықова: Суар­малы су мәселесі аграрлық өңір үшін өзекті. Сырдария өзені бас­сейніндегі негізгі ағындар, өкі­нішке қарай, Қазақстаннан тыс жер­лерде қалыптасқан. Бұл ретте климаттық өзгерістер, өзен бассейні жаға­лауын­дағы елдерде халықтың өсуі, тиісінше, азық-түлік тауарларына қа­жет­тіліктің өсуі су мәселесін қиындатады.

Осы жылы өңірде суармалы судың тапшылығы ерекше сезілді. Бірақ, суармалы суды тиімді пайдалану бойынша уақытылы қабыл­данған шаралар залалды азайтуға мүмкіндік берді. Биыл жақсы өнім жинап қана қоймай, күріштің жалпы түсімі (551 мың тонна) мен түсімділігі (61,8 ц/га) бойынша да жетістікке жеттік.

Бірақ, сіз дұрыс айтасыз, суар­малы сумен байланысты жыл сайын­ғы проблемаларды ескере оты­рып, қысқа мерзімде егіншілікті әр­тарап­тандыруымыз қажет. Бұл жағ­дайды түсінеміз. Сондықтан, ауыл шаруашылығы басқармасына ғылыми институттармен бірлесіп, ылғал шы­ғыны көп дақылдардың, атап айтқанда, күріштің егіс алқаптарын 80-85 мың гектарға дейін төмендету және оны ылғал шығынын аз талап ететін дақылдарға – сояға, жүгеріге және басқа дақылдарға ауыстыруға жұ­мыс жүргізу тапсырылды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерге дәстүрлі күріштің көлемін азайта отырып, тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді.

Маған ұнайтын жақсы мысал бар. Бүгінде 1 гектар күріш егуге ор­таша есеппен 33 мың текше метр су жұмсалады, бұл ретте шаруаға 600 мың теңге кіріс кіреді. Бірақ, сол су көле­мін пайдалана отырып, 26 млн теңге та­быс тауып, 10 гектар қызанақ отыр­ғызу­ға болады. Су – өте құнды ресурс, сон­­дықтан, оны тиімді пайдалану керек.

Сырдария өзеніне келіп түсетін судың 70%-ы қысқы кезеңге келе­тінін ескере отырып, вегетация кезеңін­де суды сақтау үшін суар­малы жерлерді қалпына келтіру бойынша жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қысқы тасқын суларды жинақтау көлемі 2,3 млрд текше метр болатын 6 су қоймасы салынады. Бұл өз кезегінде тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін толық шешуге мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде сумен қам­тамасыз етуді жақсарту мақса­тында ірі инфрақұрылымдық жо­ба­ларды – «Қызылорда» су тора­бын, «Әйтек» су торабын қайта жаңарту, «Жиделі» су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауда­нындағы ирригациялық дренаж жүйе­лерін жетілдіру жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, 158 мың гектар ал­қаптағы ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді қалпына келтіру, 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жөнін­дегі жоба­ларды іске асыру көзделеді.

Жаңа заманауи суару жүйелерін – тамшылатып суару жүйелерін, аквагельдерді, жаңбырлатып суару жүйелерін пайдалана оты­рып, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіруге ерекше назар аударамыз. Жаңақорған ауданында аквагельдерді қолдану бойынша жақсы тәжірибеміз бар. Осылайша, күздік бидай егілген 80 гектардан 18 центнер өнім алдық. Бұл тәжірибе әрі қарай басқа шаруа­шылықтарға да таратылатын болады.

Мұрат Әбенов: Қызылорда облысы әлемдік деңгейдегі спортшыларымен танымал. Бүгінгі күні бұқаралық спорттың дамуы қалай?

Гүлшара Әбдіқалықова: Біздің облыста, шын мәнінде, спорт саласы дамыған деуге болады. Өзіңізге бел­гілі, Илья Ильин, Марат Сатыбал­диев, Тұрсынбай Құлахмет, Әсел Серік­­бай, Назерке Нұрғали, Рахат Бек­­бо­лат секілді біраз спортшылар тәр­бие­­ленген. Тек 2019 жылы бізден 68 Азия және Әлем чемпионы шықты, 578 спорт­­шымыз ұлттық құрамаларға енді.

Бүгінде Токиодағы кезекті Олимпиада ойындарына еркін күрестен (Дәулет Ниязбеков) және бокстан (Қамшыбек Қоңқабаев) 2 лицензия бар.

Спортқа барынша көп адамды тарту үшін басты назарды спорттық инфрақұрылымды дамытуға аударудамыз. Бүгінгі күні облыста 2241 спорттық ғимарат бар. Атап айтсақ, 12 стадион, 34 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 425 спорт залы, жеңіл атлетика манежі, хоккей және 17 теннис корты, 74 атыс тирі, 7 бассейн, 3 ипподром, 1400-ден астам спорт алаңы, оның ішінде бүгінгі таңда танымал спорт – воркаут алаңдары, 10 мыңнан астам түрлі секциясы жұмыс істейді.

Инфрақұрылымдардың қолже­тім­ділігі 250 мыңға жуық адамды бұқаралық спортпен қамтуға мүм­кіндік берді – бұл облыс хал­қының 30%-дан астамын құрайды. Осы жыл­ға арналған индикаторды – 30%-ды, жыл аяқтал­май-ақ қажетті көр­сеткіштен асырып орындадық.

Қазір сабақтан тыс спорттық жұмыстарды кеңейту бойынша, мектеп спорт клубтарын құруға қатысты шаралар қабылдап жатырмыз. Бұқаралық спортты дамыта отырып, өз азаматтарымыздың денсаулығы үшін күресіп қана қоймай, жас­тардың көшеде бос жүруіне әсер етеміз, бұл өз кезегінде жастар­дың қатысуымен жасалған қылмыс­тардың санын азайтуға ықпал етеді.

Айта кету керек, қазір спорт инфрақұрылымын дамытуға бизнес те белсенді қатысуда. Биылғы жылдың өзінде мемлекеттік-жеке­меншік әріп­тестік аясында спорт кешендерінің құрылысы бойынша 5 жоба іске асырылуда, онда 720 адамды қамтитын 60 спорт секциясы ашылады. Бұл  – жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Осы жылдың соңына дейін Қы­­зыл­орда қаласында байдарка мен каноэде есу базасының құры­лысын аяқ­таймыз, 2021 жылы облыс бюджеті есебінен тағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мемле­кеттік жекеменшік әріп­тестік аясында 7 кешеннің құры­лысын бастауды жос­парлап отырмыз. Міне, бұл бағытта осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мұрат Әбенов: – Илья Ильин аймаққа келгелі белсенділік танытып, жаңа идеялар ұсынуда. Спорттың шыңында тұрған кезінде оны өзге аймақтар мен тіпті елдердің атынан өнер көрсетуге шақырды. Бірақ, Илья бас тартты. Ал, енді туған жерінде қызмет етуде. Бұл – үлгі болатындай дүние. Менің ойымша, еңбегі сіңген азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды. Менің сұрағым, сіз спорттық легионерлерге қалай қарайсыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Біз қалаймыз ба, жоқ па, легионерлер спортқа қатысады, өйткені, өмір парадигмасы өзгерді, соның ішінде спорт та бар.

Менің ойымша, легионерлер қа­жет, бірақ, команданың қалып­та­суы­ның алғашқы кезеңдерінде спорт деңгейін көтеру, дамыту үшін. Олар жоғары білікті мамандар мен спортшылар болуы керек. Шетелден келген жұлдызды ойыншылар біздің жастарға сабақ бере алады, алайда, командаларымызда олардың саны аз болуы тиіс. Отандық спортшыларға, ең алдымен, салауатты амбицияларды дамытып, жеңістер мен жетістіктерге жетіп, виртуоз және көшбасшы болу үшін көп жаттығу қажет. Әйтпесе, бұл қандай спорт?!

Бізге жаттықтырушыларды үйрету, ең жақсы заманауи тәжіри­бені, ең жақсы әдістерді үйрену керек және дайын, көбінесе жас немесе есептен шығарылған спортшыларды сатып алмау керек. Егер легионерлер көп болса, оларға қалай жанкүйерлік етуге болады? Елестетіп көріңізші.

Мұрат Әбенов: Қазіргі мә­дениет саласындағы жаһандану менің ойымша ұлттық мәдениетті дамытуға кедергі келтіретін сияқты, мұның соңы ұлттық ерек­шеліктің жоғалуына әкелуі мүмкін. Қызылорда облысы салт-дәстүрді сақтаған аймақ болып саналғанымен, жаһанданудың салдары айналып өтпейтіні белгілі. Ұлттық дәстүрді сақтау және дәріптеу, рухани жаңғыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

Гүлшара Әбдіқалықова: Иә, жаһанданудың артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Теріс фактор­лардың бірі – тұтыну мәдениетін кеңейту ар­қы­лы ұлттық мәдениеттің жоғалуы. Сондықтан, әрине, мәде­ниетті, салт-дәстүрді кеңінен наси­хат­тауға тырысамыз. Бірінші кезекте, бұл процеске балаларды, жас­өспірімдерді, жас буынды тартамыз.

Биыл бүкіл әлем үшін өте қиын, рухани дамуымыздың және халықты мәдениетке баулудың негізгі мақсаты, өкінішке қарай, онлайн-сервистер арқылы жүзеге асырылуда. Сон­­дықтан, біз мүм­кіндігінше көп адам­ды қамтуға тырысамыз, себебі, мә­дениет   бұл прогресті құрудың негізі.

Биыл елімізде орасан зор тарихи-мәдени даталар атап өтіледі. Математика, физика, астрономия, философия, лингвистика және тіпті музыка сияқты білімнің түрлі салаларын қамтитын, әлем­дік өркениеттің игілігіне айналған, өзінен кейін бай ғылыми мұра қалдырған, әлемнің екінші ұс­тазы, Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Қазақ халқының қалыптасуының құрамдас бөлігі Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы маңызды оқиға болды. Биылғы жылдың айтулы оқиғасы – Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығын мерекелеу, Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан бренді болды.

Осы күндерді мерекелеу аясында облыста әртүрлі форматтағы бірқатар мәдени іс-шаралар ұйым­дастырылды: дөңгелек үстел, ақын­дар айтысы, кітап көрмелері, спектакльдер және т.б. Сыр өңірінде алғаш рет Н.Бекежанов атын­дағы облыстық музыкалық-драма театры­ның сахнасында А.Жұ­банов пен Л.Хамидидің «Абай» опе­­­ра­сының премьерасы қойылды. Қо­йы­лымға облыстық театрдың, облыс­­­­тық филармонияның 100-ден ас­там қатысушы-артистері, сондай-ақ, Қа­­занғап атындағы Қызылорда музы­­­­­ка­лық колледжінің аралас хоры қатысты.

Алайда, рухани мұраны жаң­ғырту тек мерекелік іс-шаралармен ғана шектелмейді. Бұл дегеніміз, сонымен бірге,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс, оның басым­дықтарының бірі – тарихи ізде­ністер мен археологиялық зерттеулер.

Оның үстіне, Арал өңірінде мем­лекеттіліктің қалыптасу тари­хы­ның көптеген айғақтары сақталған. Біздің облыс аумағында әр дәуірде Сақ мемлекетінің астанасы – Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, қыпшақтардың астанасы және Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ болғандығы белгілі. Сондықтан биыл алты ежелгі тарихи ескерткішке – Бәбіш мола, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала және Асанас қалаларына археологиялық зерттеулер жүргізуді жалғастырдық. Қазба жұмыстары барысында археологтар қалалардың қор­ғандары мен мұнараларын, тұрғын үй-жайларды және басқа да құры­лыстарды тапты. Материалдық мә­дениет заттарының тамаша кешені алынды. Орта ғасырларға жататын алтын әшекейлер, моншақтар, қыш ыдыстар, монеталар, сүйектен жасалған бұйымдар және басқалары табылды.

Сыр өңірі аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған бар­лық экспонаттар музейлерде көпшілік назарына ұсынылуда, ал, кейбірі музей қорларында сақ­талады.

Әрине, барлық жұмыс жал­ғасады. Ұлттық дәстүрлерді сақтау – тек рухани мұра ғана емес, сонымен қатар, экономикалық табыс. Өйткені, ұлттық бірегейлік туристер үшін үлкен қызығушылық тудырады, яғни, этнотуризмді дамыту үшін бізде барлық алғышарттар бар.

Заманауи Қазақстанда кейбір өмір салтының өзгеруінен, сондай-ақ, қоғамдық-экономикалық фактор­лардың әсерінен әдет-ғұрыптар өзек­тілігін жоғалтса да, біздің аймақта көп­теген ұмыт болған салт-дәстүрлер жаңаруда. Мысалы, үйлену тойы. Қазір үйлену тойының негізгі кезеңдерін сақтай отырып, қалыңдық пен күйеу жігіттің ұлттық үйлену киімінде қазақтың дәстүрлі үйлену тойын өткізу жақсы үрдіске айналды. Жүн түту, былғары өңдеу, музыкалық аспаптар жасау, зергерлік бұйымдар жасау және т. б. сияқты ұлттық қол­өнер жандануда. Мұның бәрі, ең алдымен, жас ұрпақтың өз халқының тарихына, оның мәдениеті мен дәс­түр­­­леріне деген қызығушылығын көрсетеді.

Мұрат Әбенов:   2006 жылы біз «Қор­қыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фес­тивалін ұйымдастырғанымыз есім­­де, әлемнің 18 елінен қонақтар келді. Бүкіл әлем бойынша түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызықты шоу және көптеген ақпарат болды. Біздің шығармашылықтың қай түрі сырттан қонақтарды тартып, қызықтыруы мүмкін? Соның ішінде туризмді дамыту үшін…

Гүлшара Әбдіқалықова: Сыр елі – ұлы тарихы бар өлке, ежелгі уақытта Шығыс өркениетінің орталықтарының бірі орналасқан қасиетті орын. Мұнда ұлы Қорқыт өмір сүрген. Бұл – түркі әлемінің жүрегі, әндер мен әңгі­мелердің, эпостар мен аңыздардың мекені!

Біздің жерімізде мәдениеттер қалыптасып, дамыды, әскери одақтар мен мемлекеттер құрылып, ыдырады, атап айтқанда, біздің жер, жоғарыда айтқанымдай, төрт астананың (Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Қызылорда қаласы) өлкесіне айналды.

Сол себепті, әрине, бізде көр­сететін дүниелер көп. Айта кетейік, келесі халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалін 2022 жылы өңірде өткізетін боламыз, өңір бұл тәжірибеден бас тартқан жоқ, ол үш жылда бір рет өткізіледі.

Сонымен қатар, соңғы жылдары шығармашылық ұжымдарымыз түрлі фести­вальдарға қатысып, шақыру бойынша шетелге шығуды жақсы тәжірибеге айналдырды. Мысалы, 2018 жылы  облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театры Эдинбург қаласында өткен халықаралық өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» қойы­лымымен қатысты. Бұл – 1947 жылдан бастап жыл сайын Эдинбургте (Шотландия) өтетін және әлемдегі ең үлкен театр өнері фес­тивалі, театр қауымдастығында өте беделді және танымал фестиваль. Ал, 2019 жылы Өзбек ұлттық ака­де­миялық драма театрының сахна­сында Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасы қойылды.

Біздің шығармашылық ұжым­­дар Түркия, Әзербайжан, Қара­қалпақстан, Ресей, Татарстан, Ұлы­бри­танияға өз өмірін, тұрмысы мен әдет-ғұрпын сипаттайтын клас­­сикалық шы­ғармаларымен, пьеса­­ларымен үлкен гастрольдік турлар­мен барған. Барлық жерде бізді жақсы қарсы алады. Ұлттық билеріміз, ойындарымыз бен спорт­тық жарыстарымыз –  асық ату, көкпар, арқан тарту, сондай-ақ, ұлттық костюмдер арқылы шетелдік көрермендерді ұлттық нақышпен және қазақ мәдениетімен таныстырдық.

Қазір, алдында айтқанымыздай, жаһандануға байланысты ұлт­тық мәдениеттердің жоғалуы байқа­луда, сондықтан, салт-дәс­түр сақ­талған елдер шетелде өте қызықты. Менің ойымша, бұл – біздің артық­шылығымыз. Бізде дәс­түрлі өнер сақталған. Биыл қобызшылар ансамблін құрдық. Осының бәрін көрсете аламыз, бұл туризм – этнотуризмді дамытудағы біздің фишкамыз, бұл – біздің брендіміз. Бұл  басқаларда жоқ дүние және бізді неғұрлым қызықты етеді. 

Өкінішке қарай, белгілі себеп­термен биыл ешқайда шыға алмадық. Бірақ, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде, тәжіри­бені қайта бастаймыз деп ойлаймын.

Мұрат Әбенов:  Демалыс күндерін қалай өткізесіз? Үй шаруасын жұмыспен қалай үйлестіресіз?

Гүлшара Әбдіқалықова: Өкінішке қарай, демалыс күндерім жоқ десе де болады. Өте сирек болады. Наурыз айынан бастап бірнеше рет демалуға мүмкіндік болған шығар.

Жұмыс көлемі өте үлкен, көптеген салалар, бағыттар бар. Қазір уақыт тыныш емес, өзіңіз білетіндей, бүкіл әлем пандемиямен күресіп жатыр. Жедел әрекет ету керек, ол үшін әрдайым импульста болу қажет. Сондықтан, белсенді ырғақта өмір сүруіміз керек. Уақыттың көп бөлігі жұмысқа, іскерлік кездесулерге, сапарларға арналады.

Егер уақыт таба алсам, теледидардан түрлі жаңалықтар көремін, не болып жатқанын біліп отырамын. Біздің қазақстандық кинематографты өте жақсы көремін. Отандық фильмдерді қуана көремін, олар маған жайлы көңіл сыйлайды.

Уақытым бола қалса, кітап оқи­­мын. Көркем және саяси әде­биет­­терді ұнатамын. Абайды қайта-қайта оқимын. Оның шығар­малары – терең фило­софия­лық, дана­­лыққа толы және әрқашан өзекті. Қазір оның сөз­дері маған жұмыста көп көмек­теседі. Әсіресе қазір коро­навирус дағ­да­ры­сы­ның қиын кезеңінде адамдардың бол­мысы мен барлық қасиеті білінуде.

Менің ойымша, Абай шы­ғар­ма­ларында мың жылдан кейін де өзекті болатын даналық бар. Мен оның өлеңдерін және қара сөздерін оқып, оның нұсқауларын орындауға тырысамын. Әр адам Абай­дың шы­ғар­маларынан өзіне жақын, жан дүние­сіне әсер ететін нәрсе табады. Мемлекет басшысы Ұлы Абайды еліміздің бренді деп атағаны бекер емес!

Саяси әдебиеттерден маған сая­си ойдың патриархы, Нобель сыйлығының лауреаты Генри Кис­синд­жердің «Дипломатия» кітабы өте ұнайды. Киссинджер өзінің кіта­бында 1648 жылдан бастап ХХ ғасырдың соңына дейін мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қаты­настардың тарихын талдауға тырысады. ХХ ғасырдағы оқиғалар мен Киссинджердің өзі дипломат болған кезеңдердің сипаттамалары ерекше қызықты. Негізгі тарихи және саяси оқиғаларымен танысқысы келе­тіндерге арналған керемет кітап. Саяси тарихқа қызы­ғушылық танытқандар үшін ол саяси және экономикалық ықпалдың ішкі саясатқа әсерін, АҚШ басшылығы алға қойған ұзақ мерзімді жоспарлардың мәнін және саясаткерлер мен дипломаттар қолданатын мақсаттарға жету әдістерін ашады. Жалпы оқуға кеңес беремін.

Мұрат Әбенов:   Гүлшара Науша­қызы, сіздің өмірлік ұста­нымыңыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: Менің өмірлік ұстанымым – кез келген мәселенің шешімі табылады. Мүмкін емес деген дүние жоқ деп есептеймін.

Әрине, мен де кемшіліктер жіберемін, өйткені, адаммын.Кейде өзіме қарама-қайшы боламын, егер жаңа фактілер мен идеяларды білсем, пікірімді өзгертемін. Кейде бекерге ашуланамын.Жақын адамдарыма эмоцияларымды көрсетіп, кейде мұңаямын. Бұл  – қалыпты жағдай. Біз кейде қателіктер жібереміз. Олардан сабақ аламыз –  бұл ғаламның заңы. Сол себепті өмірді сүйіп, адамдарды жақсы көру керек. Алдағы уақытқа орындалуы қиын болса да, мақсаттар қоюымыз қажет.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<